• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 20:18:09
Алматы
+35°

16 Қараша, 2016 NEWS

Ботагөз Көпбаева, Түркияда тұратын экс-шенеунік: Қазақ әйелдерінің көпшілігі бақытсыз

Қазіргі қазақ қоғамында әйел құқы, әйел міндеті, әйел жауапкершілігі, қаза қыздарының ар-ұяты туралы тақырыптар өте үлкен актуалдылыққа ие. Соңғы кезде өзге...

Қазіргі қазақ қоғамында әйел құқы, әйел міндеті, әйел жауапкершілігі, қаза қыздарының ар-ұяты туралы тақырыптар өте үлкен актуалдылыққа ие. Соңғы кезде өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып жүрген қаракөздеріміздің саны күрт көбейіп кетті.  Көпшілік саяси астар іздейтін бұл мәселеге  бір кездері Президент әкімшілігінде ҚР экономика және бюджет жоспарын басқарған,  «Фур» Қазына Басқармасының директоры қызметін атқарған, «Қазпочта» АҚ төрағасының орынбасары болған, бүгінгі таңда Түркия елінде өмір сүріп жатқан   Ботакөз Көпбаеваның « Трудное счастье казахских женщин» атты материалын «Қамшы» порталы қазақ тіліне аударып, ұсынады.

 

Мен бүгін әйелдер жайлы жазбақпын, соның ішінде қазақ әйелдері туралы.

Мен әлемнің үш мемлекетінде тұрдым және қай елде тұрмайын сол елдің өмір сүру ұстанымдары, дәстүрлері мен әдеттерін, сол халықтың кей мінезін түсінуге тырысатынмын. Мен бақылауды жақсы көретін және білгенімді аяусыз сараптайтын адаммын. Осы уақытқа дейінгі өмірімде біраз нәрсе білдім.  Осылардың ішінде мені қызықтыратыны «әйел бақытының» әр ел түсінігінде түрліше болуы.  

 Бірден айтайын –  біз қазақ әйелдері, ресей мен түрік әйелдерінен ерекшеленіп тұрамыз. Біз – басқамыз.  

«Мен өз практикамда ешқашан әйелдер тарапынан осыншалық құрбандықты көрген емеспін. Сіздердің әйелдеріңіз өздерін мүлдем ойламайды. Сіздердің бар армандарыңыз балаларыңыз бен ата-аналарыңыздың, туған-туыстарыңыздың бақыты, бірақ өз бақыттарыңыз емес»- бұл Мәскеуден Астанаға бұдан 10 жыл бұрын келген тренер Татьяна Погосваның айтқан сөзі. Ол өзім қатысқан тұлғалық өсу тренингінде айтылды.  

Тренинге қатысушылар оның сөздеріне қарсы шықпақ болдық, бірақ бізде ешқандай аргумент болмады. Нәтижесінде әркім өз ойымен қалды. Біз өзіміздікін дұрыс санадық. Татьянаның бізге үйреткендері тым революцияшыл, көпшілігімізге жат болып көрінді.  

 Сенің құндылықтарыңды бөлісетін адамдар ішінде өмір сүрген кезде  көзқарасыңның дұрыс болуы жеңіл.  Кем дегенде өзгермейтін бір қағидаң бар: елдің бәрі осылай өмір сүруде. Бірақ, өз илеуіңнен шыға қалсаң, елдің бәрінің олай тұрмайтынына көзің жетеді.

2009 жылы мен ресейлікке тұрмысқа шығып, Мәскеуге кеттім. Менің күйеуім орыс болды. Тұрмысқа шыққанда мен ешқандай проблема көрмедім. Бірақ, жұмсақтап айтар болсам, қателескен екенмін.  

Біз әртүрліміз. Ресейде тұратын орыстар «қазақстандағы» орыстардан басқаша.

Қысқасын айтсам, біздің отбасылық кемеміз мәдениет айырмашылығынан екіге бөлінді. Бұл кедергілер бітпестей болатын және ең үлкен қиындық менің туыстарыма қатысты болды.  Яғни, ата-анама, бауырларым мен әпкелеріме көмектескенім. Ресейліктерде әркім өз отбасымен өмір сүреді- күйеуі, әйелі, балалары. Әрине, ата-аналарымен араласады, бірақ арақашықтық сақтауға тырысады.

Бір кездері маған ең жақсы туыс – өлі туыс дегенде, бүкіл бойымдағы қазақылығыммен оларға өз ойымды тықпаламақ болдым. Әрине, менің ол әрекетім нәтижесіз болды.

Мәскеулік құрбыларым күйеуіме үй жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік бермейтінімді көргенде мені  жынды деп атайтын. «Неге сен оны еркелетесің, ол мойныңа мініп алады ғой!»,- дейтін. Және туыстарыма не үшін көмектесетінімді түсіне алмайтын.

Ресей қалаларының ішінде мен тек Мәскеуде тұрдым, бірақ байқағаным ресейлік әйелдер өздеріне бізге қарағанда сыйластықпен қарайды. Алыс туыстарын айтпағанда, өз ата-аналарының проблемасына да қатты алаңдай қоймайды.

Күйеуіммен ажырасқан кезде, мәскеулік құрбыларым: «Өзің кінәлісің, жұрттың бәрін жарылқағанша, өз отбасыңды ойлауың керек еді» деп айтса, қазақтар: «Өзің кінәлісің, күйеуіңе бәрін айтып нең бар. Үндемей –ақ көмектесуің керек еді!» деді. Екеуі де қолыңнан келмесе не істеу керек?

Негізінен, сенім мәселесі өзінше бір үлкен тақырып. Маған қазақ құрбыларымның көпшілігі күйеуімнен ақша тығып, оған айтпай жинау жайлы кеңес беретін. Бұл мен үшін дұрыс әрекет емес, сенім жоқ жерде, ештеңе де болмайды. Осылай күйеуімнің қарсылығына қарамастан, мен өз туғандарыма көмектестім. Жоғарыда жазғанымдай, көптеген туыстарымды Түркияға көшіруіммен, күйеуімнің «төзімін» тауыстым. Аяғында біз ажырасып тындық. Осыдан кейін күйеуім Мәскеуге кетті, ал туғандарым менімен бірге Түркияда қалды.  

 Шет елде ақша табу өте қиын, әсіресе әйелдер үшін Түркияда. Маған отбасымды асырау керек болғандықтан, өте қымбат, көп нәрсені талап ететін жобаларға кірісіп кеттім.  Әрине, бұл жүкті өзім алып алдым, ешкім менен мұны өтініп сұрамады. Бірақ, алған жауапкершілігімді толықтай атқара алмады, енді өз активтерімді шығарумен айналысып жатырмын. Отбасым толықтай Қазақстанға оралды. Сөйтіп «көмегімнің түбіне жеттім» десем де болады.

Бүгін бәрін сарапқа салып, өз өміріме басқа қырынан қарап отыра, мен сенімді түрде  ешкімге көмектесудің керегі жоқ деп айта аламын. Тіпті, ең жақын адамдарымызға көмектесе отырып, біз олардың өздігінен қадам жасауына, дамуына мүмкіндік бермейміз.

Біраз адамдар үшін өзінің қолы жетпеген нәрсесін мойындау өліммен тең. Әсіресе, қазақ қоғамында. Біз көп жағдайда бар нәрсені асыра, әсемдеп, өтірік қосып, жақсы көріну үшін барымызды саламыз. Шындап ойланатын болсақ, адамдардың сен жайлы не ойлайтынының маңызы қанша?  Және біз ойларын қымбат көретін туыстарымыздың  дәл бізікіндей  масса проблемасы бар, оларда өзінше бәрін жылы жауып, жасыруға тырысады.

Жұрт не ойлайды деп бас қатырмау жағын ресейліктерден үйрендім. Бұл өте пайдалы пофигизм, нәтижесінде әркім өз өмірін сүреді.

Түріктің әйелдері мүлдем басқаша. Олардың көпшілігі отбасындағы рөлдің классикалық түрін ұстанады: еркек түзде, әйел –үйде. Бұл елде әйелдердің ұлтына қарамастан  әрдайым айналысатын жұмыстары бар. Көпшілік түрік әйелдері ақша табу жайында бас қатырмайды, олар өздерін толықтай отбасына арнайды.

Ал, біз қазақ әйелдері...

«Бәрін басқаратын» қазақ ақсақалдары мен тәтелердің ашуына тиетінімді білемін, бірақ кей фактіні мойындауымыз керек. Әсіресе, оның аса қарқынды қаупін есепке ала отырып. Ол шын нәрсе, оның қауіптілігі сонда біздің әйелдеріміз әйел болудан қалып, отбасының тірегіне айналып барады. Бақытты болу үшін біз құдіретті болу керекпіз.

90-шы жылдары мен Қытаймен шекарада жұмыс істедім, сол кездері Достық станциясына автоөткел ашылды және алып-сатарлар сол кезде жұмыс істеуге көптеп келді. Олардың барлығы Ресей мен Қазақстаннан болды. Ресейліктердің 100% ерлерден болса, қазақтардан   98%  әйелдер болды. Әлі есімде, ресейліктер қатты таңданып, былай деген: «Сіздердің еркектеріңіз қандай адамдар, бұл өте қиын бизнес, қаншама қауіп бар, қанша ауыр зат көтеру керек!».

 Біздің әйелдердің зорыға  ала сөмкелерді  сүйреп, перрондардан қинала тасығандарын ұмытпаймын. Жалғыз, сондай нәзік, сондай күшті, менің туған, батыр қазақ қаракөздерім.

 Менің анам Көк базарда бір кездері қытай киімдерін сатқан. Сол үшін де мен бұл жұмыстың бар қиындығын білемін. Бұл өте ауыр, қиын және әйелдерге арналмаған бизнес. Солардың әрқайсысы туған-туыстары, әпке, бауырларын сүйреп жүргендер.

Менің «қобдишамда» көптеген әйелдердің түрлі оқиғалары бар, соның көпшілігі бақытсыздық туралы. Оларды тыңдай отырып, мен үнемі мынандай ойда боламын «Неге біздің әйелдер өздеріне көп жауапкершілік алып алады, неге біз үнемі туғандарымыздың проблемасымен жүреміз? Бұл бізге қайдан жұққан?  Кешірерсіздер, неге біз осылай бейшара  болып өсеміз?  Шыныменде, неге өзімізді ойламаймыз? Осыншалық жеңілдікпен өзімізді құрбан ете саламыз?»  

Менің ше, мұның бәрі жеке бақытымызды ойламағанымыздан. Оның үстіне,  біз жеке бақыттың не екенін мүлдем түсінбейтін сияқтымыз. Біздің бар қуанышымыз жақындарымыздың бақытына байланған. Анамыз, балаларымыз бақытты болса –бізде бақыттымыз.  

Және менің ше, біз туылғаннан екінші сортты  екенімізді сезініп өсетін сияқтымыз, себебі біздің әке-шешелеріміз үшін ұл бала әрдайым бірінші кезекте.  Біз өзіміздің гендерлігімізді ақтап жүргендейміз.  Бізді жасытатын нәрсе – өзімізді кінәлі сезінуіміз, қыз болып туылғанымыз үшін айыпты болуымыз.  Және осы комплекс бізде өзінен-өзі пайда болады. Ешкім саған ұлдан кемсің деп айтпайды, бірақ өмірдің барлық образы, әңгімелер, іс-әрекеттер бала күнімізден бізге  соны сезіндіріп тұрады. Осының нәтижесінен бізде өзімізді сүйе алмау пайда болған. Біз үнемі ер баладан кем емес екенімізді дәлелдегіміз келіп, олардың махаббаттарын иеленуге тырысамыз, міне, осы кезден бастап  біздің құрбандық басталады.  

Менің араласатын ортам өте ауқымды, оның үстіне (әлеуметтік статус жағынан) диапазоны кең.   Мен халықтың ішінен шыққан адаммын, ешқандай парасыз, таныссыз өзіме мансап жасадым, менің таныстарымның арасында министрлер болатын болса, олардың аяғы Көк базармен аяқталады.  Және мен қандай керемет вип –залда жүрмейін, Астананың ең қымбат мейрамханасында болмайын  өзінің бақытсыздығын жасыратын  қазақ әйелдерін жиі кездестіремін.

Мінсіз маникюр, сәнді фитнес-клуб абоненттері, жұма сайын караоке, сенбі күні сән салондары, жексенбі  «Хан Шатырға» баратын астаналық құрбыларым және алматылық сән қуып, базар аралайтын, қызметте жетістікке жетіп жүргендері – бақытсыз өмірлеріне шағым айтады. Тұрмыстағылары күйеулеріне, тұрмыста еместері оның жоқтығына, екеуі қосылғанда бір уақытта ана, әйел, отбасын асыраушы жан, келін болудың қандай қиын екеніне шағым айтады.    

Біздің елде психологқа бару қабылданбаған, ішіміздегіні айту үшін біз достарымызға барамыз.  Бір қызығы олардан ешқандай көмек күтпейміз, тек ішіміздегіні айтып, жеңілдеп алуымыз қажет. Ол ертесі кезекті бақытты адамның күлкісін киіп, өзімізді қоғамға бақытты етіп көрсетуді қайта бастауға шағын дайындық. Біздің әйелдер –  әмбебап. Олар ең нашар ойынның өзінде,  бет –әлпеттеріне күлкі ұялата алады.   

Соңғы кездері адамдардың аайырмашылығы алдау өнерін меңгергендіктерінде ғана ма дегенді жиі ойлаймын. Бәрі жалған. Бізде бәрі жақсы деп алдаймыз, өз қалауымызбен еркіндікті таңдадық деп алдаймыз, біздің күйеулеріміз табысыты және бізді сүйеді, бізде оларды сүйеміз, бақыттымыз деп алдаймыз. Өтірік айтамыз, себебі мойындауға қорқамыз. Тіпті, өзімізге де...

 Бақытты қазақ әйелдері бар екеніне сенімдімін, бірақ олар өте аз және бақытты екендерін айтуға асықпайды.  Бақыт, білетініміздей тыныштықты сүйеді.  Бұл шындық әсіресе қазақ қоғамы үшін өте актуалды, себебі мұнда басты рөлді «өсек» ойнайды.  

Біздің мәдениет –өте қызық.  Мүмкін, жалғыз менің жолым болмаған болар.   Бірақ, біздің қазақтар жиналатын отырысқа барыңызшы, айтар әңгіме бір. Айтыңызшы, қазақ тойлары мен өлімдеріндегі әңгіме сізге қызық болды ма?  Олар не жайлы айтады? Саясат па, мәдениет пе, әдебиет жайлы естисіз ба немесе жастар проблемасы? ЖОҚ!  Бәрі туған-туыс, көрші-қолаң, бәленшенің  тұрмысқа шыққан қызы, түгеншенің «дөкей» күйеу баласы...

Мен үлкен қызметте істеген кезде баламды жұмысқа тұрғыз дейтін өтініштер көп түсетін. Олардың көбі біраз жасқа келген.  Мен әйел бола тұра, өмірде өз орнымды таптым, ал олар ер азамат емес пе деп таңданатынмын.   Қазақ аналары өз балаларын соншалық ақтап, еркелететіні де  таң қаларлықтай.

 Мен тура айтатын адаммын және оларға былай деп сұрақ қоятынмын: сіздің 35 жастағы балаңыз ешқай жерде бір жылдан артық жұмыс істемесе, одан қандай маман шығады? Сондағы аналар: «Менің балам жақсы, бастығы жынды ғой»,- деген жауаптарымен ештеңеге жетпеген «балаларының» резюмелерін тықпалайтын.

Балам, ұлым, мұрагерім, ұрпағымның жалғасы... «Балам, шаршадың ғой, жата бер!», «Ой, балам, керек емес, мен өзім істей саламын»- міне біздің аналар ұлдарын осылай мәпелейді.

Ұл бала туғаннан көп махаббаты иеленеді. Ол бар үміті мен тірегі. Бірақ, сол болашақ тірегіңді соншалық еркелетудің не керегі бар екенін түсінбеймін?  Осыдан кейін мұндай ерке ұлға қандай үмітпен қарауға болады?!

Мойындаймын, шет елдегі өмірден кейін өзіміздің қазақ азаматына тұрмысқа шыққым келді.  Бір қырық жастағы еркекке бес қыздан келетін заманда, маған құда түсушілер көп болды. Ұсынылған күйеу жігіттердің ішінде жөні түзуі алыс бір құдаларымыздың «арақтан емделіп жүрген», институт бітірген, бірақ қазір күзетші болып жүрген  ұлы болды. Осы үшін сонда институт бітіру керек пе еді?

Қырыққа келген мен ол үшін лайық партия болдым.  Күлкілі жағдай.

Қаншалық көп нәрсе жасаймыз, бірақ есесіне қаншалық аз дүние аламыз. Және осы тепе-теңдік біздің аналарымыздан келе жатыр.  Қазақ әйелдері бақытсыз, өзгеге арналған өмірдің  эстафетасын бір-біріне беріп, жалғастыратын  сияқты.

Мен туғанда анам әкеме ұл туып,  жаға алмай қалғаны үшін  қатты жылаған. Інім дүниеге келгенде нағыз той болды. Қазір ше?  Мен өмірде көп нәрсеге қол жеткіздім, менің бауырым ештеңе жарыта алмады.  Оның мұнда кінәсі жоқ. Ол біздің қоғамдағы ерлер культінің құрбаны болды.

Біздің аналарымыз балаларының бақыты үшін шыр-пыр болады, ал қыздарына «Сен өлмейсің!»-дейді. Шынында да, біз өлмейміз. Керісінше, біз оқу оқып, қызмет істеп, үй алып, бала тауып, жолы болмаған бауырларымыздың жағдайын шешуге көмектесеміз. Біз көпшілігіміз бір ғана  – шынайы бақытты болуға үлгермейміз.

Сіз жан-жағыңызға қараңызшы, кімді көресіз? Баласын жалғыз бағып, солардың болашағын ғана ойлап, өз бақытын ұмытқан жалғыз басты әйелді көресіз. Сіз жолдасынан тығылып, туыстарына ақша беретін әйелді көресіз. Сіз өзіне масыл болып, арасында таяқтайтын күйеуіне отбасын сақтау үшін төзіп жүрген бақытсыз жанды  көресіз.

Олардың әрқайсысы біреудің жасқаншақ қызы. Олардың әрбірі өз сұлулығымен, ерекшелігін, күшін  тани алмаған әйел.  Және олардың әрбірі өзін ойламаған, өзін сүйе алмайтын әйел.

Мен «біздің» әйелдердің түрік «күйеу балалармен» қарым-қатынасы қалай пайда болатыны жайлы мақала жазып жүрдім. Сонда түріктің жігітіне шыққысы келетін қазақ қыздарынан өтініштер  көп түсетін. Менен көмек сұрайтындардың көбі ақылды, табысты, өз пәтерлері бар жандар. Сондағы әр әйел «шаршадым» деп шағым айтады.    

Ол жалғыздықтан шаршаған, жұрттың бәріне көмектесуден шаршаған, жұмыста, үйде өзін пайдаланушылардан шаршаған.  Өз ханзадасын күтуден,   жынысына қатысты ашық дискриминациядан, «авторитеті» бар  аға, тәтелерінің, көршілерінің пікірлерінен шаршаған.

Біздің көп жігіттер қазақ қыздарының түрікке шығуына қарсы және олардың адресіне қатысты қатты сыни пікірлер айтады. Дегенмен, әйел ретінде мен өз отандастарымды түсінемін. Олар көп нәрседен қашуға ұмтылады. Және ол  қазақ қорасынан қашу... 

Орыс тілінен аударған: Айжан Бақдәулетқызы 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір