• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 16:02:08
Алматы
+35°

24 Ақпан, 2018 Сұхбат

«Болашақпен» оқыған менеджер: Шетелге оқуға түсу емес, шетелде оқу қиын

Шетелдік оқу орындарының оқытудағы талаптары бөлек. Бұл талаптарға үйренгенше біршама уақыт кетеді.

Шетелде оқып, білімін толықтырып жатқан Қазақстан азаматтары көп. Соның бірі – Азат Төкенұлы. Ол «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританиядағы Лондон университетінің Менеджмент және ұйымдық инновация бойынша магистратурасын аяқтаған. Азат Назарбаев зияткерлік мектебі ДББҰ филиалы «Педагогикалық өлшеулер орталығының» аға менеджері болып қызмет атқарады. Жас маманның айтуынша, Еуропада студент өз бетімен ізденіп оқиды.

Еуропа мен Қазақстан

Шетел көрген отандасымыздан бірінші Еуропаның емес, Қазақстанның ерекшелігін сұрадық.

- Меніңше, бұл – тым ауқымды сұрақ, себебі ерекшелік көп. Бұл ерекшеліктер бізді дүниежүзіне танытып жүргені де анық. Бұған ЮНЕСКО-ның бейматериалдық мәдени мұралар тізіміне домбырада күй тарту өнері мен киіз үйдің енуі дәлел бола алады, - дейді Азат.

«Болашақтан – басшылыққа»

 «Еуропада білім алған қазақстандықтар елге оралған соң бір жерге басшы болып келгісі келеді» деген пікір бар. Ол қаншалықты рас?

Азаттың ойынша, «Болашақ» халықаралық степендиясы бойынша оқығандар елімізде жетістікке жетіп жүр. Бірақ шетелде білім алғандар тек басшы болғысы келеді деу – қате түсінік.

«Өз басым білім саласында менеджер болып жұмыс істеймін», - деген Азат аталмыш пікірді жоққа шығарды.

 - Егер басшы болғысы келетіндерге тоқталсақ, меніңше, олар шетелден көрген немесе үйренген жаңа дүниені өз елімізге енгізгісі келеді. Осы жолда олар көп қиындықпен бетпе-бет келеді. Ал басшы болса, ойларын жүзеге асыру жеңілірек болады деп ойлайтын шығар, - дейді НЗМ ДББҰ филиалы «Педагогикалық өлшеулер орталығында» аға менеджері.

студент

Теория ма, практика ма?

- Барлық Еуропа елдері үшін жауап бере алмаймын, ал мен оқыған Ұлыбританияда теория мен практика қатар жүреді. Мысалы, біз оқудың бір бөлігі ретінде бірнеше компанияның мамандарымен кездесіп, кеңселеріне барып, олардың жұмысымен таныстық, - деп өз басынан өткен оқиғасын да айтып берді.

Шетел және қиындық

- Отандастарымыз шетелге оқуға түсуде емес, оқу барысында қиналады. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, шетелдік оқу орындарының оқытудағы талаптары бөлек. Бұл талаптарға үйренгенше біршама уақыт кетеді. Сондықтан магистратураны бастар алдында, жергілікті тілді қаншалықты жақсы білсе де, кемінде бір семестр тіл курстарын оқыған абзал. Осы уақыт ішінде жергілікті адамдарға да, мәдениетке де, оқу талаптарына да бейімделуге мүмкіндік болады.

Екіншіден, аптасына 8-10 сағат лекцияны санамағанда, Ұлыбританияда студент толығымен өз бетімен оқиды. Бұл адамнан өзінің апталық, айлық және жылдық жоспарын дұрыс құра білуді талап етеді. Бір сөзбен айтқанда, «тайм менеджмент» сақтамаған студент жақсы бағадан үмітін үзеді.

Үшіншіден, шетелдік оқу орындары студентке ақпарат жинауға барлық мүмкіндігін ұсынады. Мысалы, кітапханалары күніне 24 сағат жұмыс істейді. Сол себепті олар студенттің жұмысындағы ақпараттың сапасына үлкен көңіл бөледі. Кішігірім зерттеу жүргізу үшін көптеген кітап мен мақала оқуға тура келгендіктен, кітапханада таңғы 6-ға дейін оқу үйреншікті нәрсеге айналады, - дейді «Болашақ» бағдарламасымен білім алған отандасымыз.

Азаттың айтуынша, шетелдік оқу жүйенің тағы бір ерекшелігі бар,  ол – плагиатқа қарсылық. Сондықтан оқыған ақпаратыңды ойланып, саралап, қорытып жеткізуді үйренесің. Сонымен қатар ақпарат алған дереккөзді міндетті түрде көрсетуің қажет. Бұл талаптарды орындамасаң, жұмысың мүлдем қабылданбайды. Қысқасы, авторлық құқық сақталған.

студент

«Ағылшынша ойлау»

- «Ағылшынша ойлау» дегенді өз басым кез келген ақпаратты сынға алу деп түсінемін. Себебі қазіргі заманда жалған ақпарат жиі кездеседі және бір оймен шектелмеген дұрыс, - дейді Азат Төкенұлы.  

Оның сөзінше, шетелде жүрген студент дәстүрден алыстамайды. Керісінше, барлық құндылықтарды мейлінше қайта саралайды  Оған себеп – қалыпты өмірдің өзгеруі.

- Әрине, өзіміз шыққан жердің мәдениеті мен дәстүрін білгеніміз абзал, алайда өткен ғасырдың құндылықтарымен шектелсек, алға жылжу болмайды. Сондықтан көш басында болғымыз келсе, өткенге байланып қалмауымыз қажет, - деп ойын қорытындылады Азат Төкенұлы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір