• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 09:11:22
Алматы
+35°

25 Қаңтар, 2019 Аймақтар

Біздің қыз-жігіттер ойлы да бойлы

Ерболат ҚАСЫМОВ, «ҚР Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасын қолдау» қоғамдық қорының президенті, Алматы қалалық мәслихатының депутаты:

Ерболат ҚАСЫМОВ, «ҚР Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасын қолдау» қоғамдық қорының президенті, Алматы қалалық мәслихатының депутаты:

            Кеше Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылу жиынында  Қазақстанның болашағын жастарға сеніп тапсыруға болатынын айтты. Жалпы, қашан да біздің Президент барлық Жолдауында, бағдарламалық мақалаларында жастарға сенім, үміт арта сөйлеуден жалыққан емес. Мен де өкшемізден келе жатқан іні-қарындастарыма сенемін, олардың істеп жатқан үлкен тірліктеріне қарап сүйсінемін. Сол жастар біздің мемлекетті жақын болашақта алдыңғы қатарлы озық 30 елдің қатарына қосатынына да сенемін. Ол үшін біздің тараптан, әрине, көмек, қолдау ауадай қажет.

         Мен кәсіпкер ретінде де, өз елімнің патриот ұлы ретінде де жастардың білімді, сергек, ойлы болғанын қалаймын. Сол үшін Алматыдағы көлемі 1000 шаршы метрден асып жығылатын Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасын алты айдың ішінде заманауи үлгіде жөндеп, жабдықтап бердік. 145 млн. теңгеден астам қаражат құйылған бұл кітапханаға бұған дейін күніне 100-ге жуық адам келген болса, қазіргі таңда олардың саны бірден 5-6 есеге артқан.

         Қабырғалары өзіміздің ұлы Абайдың, Жамбыл бабамыздың, Мұхтар Әуезовтің, тағы басқа да қазақ зиялыларының нақыл сөздерімен өрнектелген кітапхана бүгінде қаланың айнасы десек те болады. Әрине, қазір үлкен-кішінің бәрінің қолында ұялы телефон бар. Іздеген ақпаратын алысқа ұзамай-ақ үйде отырып ғаламторға кіре берсе болады. Ал сол адам үйінде жалғыздан-жалғыз қамалып отырмай, сыртқа шығып, кітапханаға келетін болса, жан-жағына үңіліп, екінші біреумен ой қосып, пікір жарыстырып, кітаптан алған-түйгенін, білгенін өзгелермен бөлісіп жатса, онда біздің мақсатымызға жеткеніміз.

         Мен депутат болып сайланған аймақта алты мектеп бар екен, бәрін де аралап шықтым, директорларымен сөйлестім, бірінші кезекте не қажет екендігін сұрап білдім. Бәрі де бір ауыздан мектеп ауласына спорт алаңдары керек екендігін айтқан болатын. Әрине, алты мектепке түгел бір мезетте спорт кешендерін салып беру мүмкін емес. Сондықтан мектеп директорларын, аудандық білім бөлімі басшыларын, «Нұр Отан» өкілдерінің басын қосып, алдағы ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған мектепке спорт кешенін салып береміз деген шешімге келген болатынбыз. Сөйтіп бұл талап бойынша №126 мектеп-лицейдің бағы жанып, қазіргі уақытта осы білім ошағының ауласына екі үлкен алаң салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бірі – футбол, екіншісі баскетбол алаңы болмақ. Бұл ірі жобаны алдымыздағы көктемде бітіреміз деп отырмыз.

         Айтпақшы, бұл біз салған үшінші спорт алаңы. Оның алдында шаһардағы К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінің футбол және баскетбол алаңдарын біріктірген, еуропалық талаптарға жауап беретін үлкен кешен салып бердік. Біз «мінекей, спорт кешендеріңізді салып бердік, болды, енді ары қарай не істесеңіздер де өз еріктеріңізде» деп қарап отырмаймыз. Алматыдағы әр ауданда 30 мектептен болса, келешекте солардан 30 команда жасақтасақ, бұл дегеніңіз үлкен күш. Сөйтіп футболдан, баскетболдан мектепаралық, ауданаралық жарыстар, турнирлер ұйымдастырып, оның барлық шығынын өзіміз көтеріп отырсақ, ол да болса бүгінгі ұрпағымыздың ойлы, бойлы азамат болып өсуіне қосқан үлесіміз болар еді. Бәлкім, сол жеткіншектердің арасынан болашақта тәуелсіз еліміздің темірдей мығым қазығы болар жалынды жастар өсіп шығар. Мен жақсы күндерден үміттімін.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір