• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 12:04:41
Алматы
+35°

17 Қыркүйек, 2018 Айтты-ей, бауырың!

Бізді баяғыдан бері әлем таниды

«Бізді пәленше әлемге танытып жатыр, түгенше батыр болмаса, қазақтың кім екенін дүниежүзі білмей қалар еді» дегендей дауырықпа сөз қазір желдей есіп тұр.

«Бізді пәленше әлемге танытып жатыр, түгенше батыр болмаса, қазақтың кім екенін дүниежүзі білмей қалар еді» дегендей дауырықпа сөз қазір желдей есіп тұр. Мұның бәрі бос байбалам һәм білместік.
Ата-бабаларымыз жылқыны қолға үйретіп, ат жалында құйғытып шаба бастаған тұста-ақ әлемге танылып қойған. Кейін ер-тоқымға үзеңгі таққан кезде бүкіләлем таңдай қаққан. Бұл сол тұстағы озық технология болғанын әлем ғалымдары бүгінге дейін тамсана еске алады. Атилланы айтып арыға бармай-ақ қояйын. 
Көшпенді тайпалардың біріккен одағы немесе алып империясы сарбаздарының 25 жылға созылған жорықтарында жаулап алған елдері мен халықтарының саны римдіктердің 400 жылдағы көрсеткішінен әлде неше есеге асып түскен. Шыңғыс ханнан кейінгі тақ мұрагерлері ХІІІ ғасырда халық жиі орналасқан, ең көп тұрғындары бар елдердің санымен де, жер көлемімен де өзге жорықшылар мен жаулап алушыларды шаң қаптырып кетті.
Тынық мұхиттан Жерорта теңізі аралығындағы барлық өзен, судан көшпенді тайпаларының сарбаздары аттарын суарды. Көшпенділер жаулап алып билік жүргізген жердің көлемін 11-12 миллион шаршы метр деп мәлімдеген американдық ғалымдар оны қазіргі Африка құрлығымен салыстырады да, Кариб теңізі аралдары елдері, Орталық Америка, Канада, Мексика, АҚШ-ты қосқандағы Оңтүстік Америка жерінің көлемінен де асып түсті деп мәлімдейді. Қар төсеніп, мұз жастанған Сібірден бастап ауа райы жұмсақ Үнді өңірі, Пәкістанның күріш алқабынан Мажардың бидай егістігіне, Корей жерінен Балқан түбегіне дейінгі өлкені мекендейтін үш миллиардқа жуық адамнан тұратын 30-дан астам елді көшпенділер империясы бағындырды.
Сол тұста көшпенді рулардың өз азаматтарының саны бір миллионға жетер жетпес ғана болған көрінеді. Қазіргі американдық бір ірі компанияның қызметкерлерінің саны бұдан әлдеқайда көп. Ал, біздің жауынгер сарбаздарымыздың саны жүз мыңнан аспаған. Мәселе санда емес, сапада.
Көшпенділер ел билеген тұста шипагерлерді, ұстаздарды, діндарларды, ағартушылық қызметтерді салықтан толықтай босатты. Санақ, есеп-қисап, тізім жұмыстарын жүргізетін болып, тұңғыш рет еларалық пошта қызметі - лау ісін ұйымдастырды. Көшпенділер империясы дүние-мүлік, құнды заттар мен байлықты жинап қою үшін ғана емес, оны сауда айналымына түсіру үшін көп мөлшерде тарату, бөлу жұмыстарын жасаған. Ол әлемде тұңғыш рет халықаралық заңды қабылдатып, барлық адамның мәңгілік көк аспан Тәңірдің жарлығына ғана бағынуын міндеттеді. Көптеген диктаторлар өздерін заң-зәкүн атаулыдан жоғары қойса, Шыңғыс хан қабылдаған заңы мен жарлығына алдымен өзі сөзсіз бағынып, оның алдында биік дәрежелі қолбасшыларды, ел бастаған нояндарын қараша халықпен, қатардағы малшымен тең деңгейде ұстады. Дәл сондай талапты барлық деңгейде қатал қойып, қадағалай білді.
Түрлі ұлттарды тегіне, дініне қарап алалаудан аулақ болды. Әділеттікті бәрінен бірдей тең талап ете отырып, жалпыхалықтық жарғы, ережелерге бағындырды және жерін, елін қастерлеуді тапсырды, дінге сену еркіндікті иеленуіне кедергі жасамады. Заң мен жарлықты құрметтеуді орнықтырды, адамның тәні мен жанын қинауға қарсы болды. Расында, Шыңғыс ханның сатқындықты кешпейтіні, соғыс кезінде де елшіге, ара ағайынға, бітімгерге тиіспегені, оларға дипломатиялық ерекше мәртебе бергені тарихи шындық.
Шыңғыс хан көшпенділер құрған ұлы империяның іргетасын мықтап қалағандықтан өзінен кейін 150 жыл бойы күшті мемлекет ретінде әлемге кең құлаш жайды. Келесі ғасырларда ыдырап тарай бастағанымен оның үрім-бұтағы, мұрагерлері бірнеше елге бөлінген мемлекеттерді - Ресейді, Түркі елдерін, Үндістанды, Қытайды басқарып келгені белгілі. Олар әр елде «император», «хан», «сұлтан», «шах», «әмір» және «далай лама» деген атаулармен билік жүргізген. Жалпы Шыңғыс мұрагерлері ұлы держава ошағының алаулы отын жеті ғасыр бойы өшірмеген. Британдықтар Баһадүр Шах II-ні жаулап, екі ұлы мен немересінің басын алғанға дейін «Моғолдар» деген атаумен Үндістанды басқарған да біздің ата-бабаларымыз емес пе еді?
Шыңғыс ұрпақтарының Қазақ хандығы мұрагерлерін, төрелерді айтпағанның өзінде кешегі Бұхара әмірі Әлім ханның өзі 1920 жылы большевиктік қызыл армия жендеттерінің салдарынан биліктен айырылғанға дейін Өзбекстанды биледі. 
Шыңғыс ұрпағы Әлихан Бөкейханов та большевиктердің қанды қырғыны болмағанда «Алаш туы астында күн сөнбесе сөнбес» еді.
Олай болса, қазақты бүгін ғана емес, әлемнің көзі ашық жандары баяғыдан бері таниды. 

Қуандық Шамахайдың фейсбук парақшасынан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір