• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 05:23:36
Алматы
+35°

28 Қаңтар, 2019 Экономика

Біз неге Африка құрлы мал өсіре алмай отырмыз?

Еуропа елдерінде малдың эмбриондарын мұздатып қатырып сақтау түрі 100 пайызға дейін жетсе, малдың жеке басын сақтау 60 пайызға жеткен

БҰҰ-на қарасты мал шаруашылығы саласын зерттеуші ФАО (федеральды аграрлық бірлестік) орталығының мәліметінше, ветеринариясы жақсы дамыған АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Алмания, Италия тәрізді елдерде әр түрлі індеттің себебінен бір жылда  мал басының 7  пайызы  шығынға ұшырайды. Ал бұл көрсеткіш Қазақстанда 30 пайыздан асып  жығылады.

Елімізде  жалпы саны 27 миллион мал басы тіркелген.  Олардың 6,5 миллионын  ірі қара малы құрайды.  Былтырғы жылы республика бойынша  мал індетіне байланысты аса қауіпті деп 20 эпизотикалық ошақ  тіркелген.  Сондай-ақ, былтыр мал басы ауруына қатысты  1000-ға  жуық инфекциялық дерт анықталыпты.

Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов ауру малдың етін бәсекеге сала алмайтынымызды, бұл ретте халықаралық талаптардың ерекше қатаң екенін ашып айтып отыр.  Ғалымның пайымдауынша,  осыған қатысты тек бір бағытта емес, кешенді жұмыстар жүргізілуі керек.

-«Ол үшін бірінші кезекте ветеринария саласындағы мемлекеттік үлесті көбейту қажет. Себебі6 бұл салада  сауатты мамандар жоқтың қасы. Қазір ветеринар мамандар ауылдық жерлерде жетіспейді. Тіпті осы салада білім алғысы келетін жастар аз. Ауыл,аймақтарға олар барғысы келмейді. Сондықтан сауатты мамандар легі болуы үшін ветеринар мамандықтарының маңыздылығын әлеуметтік сала мамандарымен теңестіру керек.  Бұдан кейін профилактика ісін жетілдіру керек. Дамыған және дамушы елдердің тәжірибесіне сүйенсек, олардың ветеринариясы нормативтік базаға сай материалдық және техникалық қормен қамтамасыз етіліп отыр. Мал басына заманауи тәсілмен диагностика жасау, асыл тұқымды малдың тұқымын мұздатып сақтау, зерттеу жұмыстарын жүргізу өзге елдерде жетілген. Ал бізде осы жағы өте кенжелеп қалға»,- дейді экономит-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Жалпы, деректерге жүгінсек, біздің елде малдың ұрығын мұздатып сақтау және өзге елден сатып алу үрдісі 1998 жылдан бастап қолданысқа ене бастады. Сол жылдары ең алғаш Австралиядан асыл тұқымды малдардың эмбриондары әкеліне бастағанда «бұл жобаның келешегі кемел болады» дестік. Әттеген-айы, ол кезеңдерде бастау алған іс бүгінде санаулы шаруашылықтардың ғана қызығушылығын арттырып отыр. Өкініштісі сол, мал тұқымын мұздатып өсіру ісінде біз статистика бойынша оқ бойы озық шыға алмаппыз. 

Мысалы, Еуропа елдерінде малдың эмбриондарын мұздатып қатырып сақтау түрі 100 пайызға дейін жетсе, малдың жеке басын сақтау 60 пайызға жеткен. Тіпті «ғылымы кенжелеп қалды» деп біз мұрын шүйіретін Африканың өзінде мал басын сақтау 40 пайызға жетсе, малдың тұқымын мұздатып қатырып сақтау 20 пайызға жеткен. Ал Қазақстанда малдың тек жеке басын сақтаудың өзі 20 пайызға жетер жетпес болса, эмбриондарын мұздатып қатыру жағы мүлде есепке алынбаған.

-Бізде малдың өз басын сақтау көрсеткіші 20 пайыздың айналасында ғана болып отырғанда, малдың эмбриондарын мұздатып қатырып сақтауды қайтіп сөз етеміз? Сондықтан бұл істі жаппай қолға алуға әлі дайын емеспіз. Рас, біздің әзірге халықаралық стандартқа сай мал басын сақтауға, асыл тұқымды мал алуға қарым-қабілетіміздің төмендігін бұған дейін де бірқатар халықаралық сарапшылар сөз етті. Жалпы, мал шаруашылығына қатысты деректерге сүйенсек, елде 1993 жылы 34 миллион мал басы бар еді. Бұл көрсеткіш 2007 жылы 13 миллионға дейін төмен түсіпті. Осы жылдарда қазақ 61,5 пайыз малын жоғалтқан (!) Бұған қоса тағы бір қыжыл,  кезінде қазақта 21 түрлі асыл тұқымды мал басы болса, қазір жалғыз Еділбай қойымен ғана мақтана аламыз. Рас осы уақытқа дейін атқарушы биліктегілер мал шаруашылығына қатысты біраз шаруаларды атқарды. Тіпті мал басын асылдандыруға қатысты арнайы бағдарлама да қабылданып, шетелдіктермен келісімшарт жасасып, олардың асыл тұқымды малдарына мал тұқымын тектендірмек те болдық. Алайда мұндай істердің дені өз жемісін бермегені де жасырын емес,-дейді мал шаруашылығы ғылымының докторы, Айтжан Оспанов.

Сөйтіп, ғалымдарымыз мал басын асылдандыруда, өзге елден асыл тұқымды малдың эмбриондарын сатып алуда әлі де сол науқаншылдыққа бой алдырып отырғанымызды жасырмайды. Егер осы істі нақты шеше алғанымызда көптеген мәселелердің алдын алар едік деседі мамандар.

-Еуропа ғалымдары малдың өзін емес, мұздатылған эмбирондарын сақтап, оны өз малдарының жатырына салып мал тұқымын алудың шеберіне айналған. Егер біз мал басын сақтаудың оның ішінде малдың эмбирондарын мұздатып қатыру жайын меңгерсек біріншіден, елге шетелден асыл тұқымды мал тасудың машақатынан арылатын едік. Қаншама қаржы желге ұшпайтын еді. Өйткені шетелден асыл тұқымды малдың өз басын әкелгеннен гөрі, оның эмбриондарын әкелу арзанға түседі. Екіншіден, шетелден әкелінген асыл текті малдың қатырылған эмбрионын өзіміздің жергілікті мал басының жатырына салып оның өсіп-өнуіне жағдай жасай алсақ, онда біз бастысы өзіміздің климатымызға бейімделген мал тұқымын аламыз. Алған төліміз суыққа төзімді, ортаға тез бейімделгіш болады. Бұл дегеніңіз, малдың өсіп-өнуіне кепілдік бар екенін білдіреді. Сондықтан біздегі мал өсіруші кәсіпорындарды мемлекет қуатты технологиямен жабдықтап, технологиялық жағынан қарымды болуына жағдай жасауы тиіс. Сосын арнайы мамандармен жасақталған зертханалар легі ашылса, бұл іс өз бағытымен жылжыр еді,-дейді Айтжан Оспанов.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір