• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 23:56:08
Алматы
+35°

06 Қыркүйек, 2017 Әлеумет

Бірнеше рет талақ болған жүкті әйел баласының әкесі кім екенін білмейді

Кәмелетке толмаған қыздармен «неке қию» фактілері ҚМДБ тарапынан реттелді

Отбасы – мүшелері некелік және туыстық қатынастармен байланысқан, тұрмыс-тіршілік және жауапкершілік ортақтығы бар кіші әлеуметтік топ.

Отбасының ішінде әлеуметтік қарым-қатынастың екі түрі айқындалады: ерлі-зайыптылық (ері мен әйелінің арасындағы) және туыстық (ата-ана мен балалар, туыстар арасындағы).

Отбасы кез келген қоғамның басты құндылықтарының бірі. Оның құндылығы әлеуметтік маңызы жоғары негізгі функцияларды атқаруымен байланысты.

Отбасы экономикалық қызмет атқарады. Оның аясында ерлі-зайыптылардың ортақ дүние-мүлік қалыптастыруы, өздерін және балаларын материалдық қамтамасыз етуі жүзеге асады.

Репродуктивтілік қызмет негізінде отбасылар дүниеге сәби әкеліп, қоғам тұрғындарының санын арттыруға үлес қосады. Сол балаларын тәрбиелеп, білім мен тәжірибе беріп, мәдени-рухани дамытып, қоғам қатарына қосу үшін әлеуметтендіруші функциясы іске қосылады.

Дегенмен, мұндай функциялардың тиісті деңгейде жүзеге асуы үшін қажетті негізгі механизм – неке. Неке – ер мен әйел арасындағы отбасын құруға негізделген және мемлекет тарапынан мақұлданған қарым-қатынас түрі. Ол ерлі-зайыптылардың бір-біріне және балаларына қатысты жеке және мүліктік құқықтары мен міндеттерін анықтайды. Неке отбасын заңды ететін институт.

Некенің негізгі екі түрі бар: азаматтық неке (мемлекеттік органда тіркелген) және діни неке. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, діни наным-сенім негізінде қиылған некені ресми неке ретінде қарастырмайды.

Қазақстандық қоғамның діншілдік деңгейінің артуы жағдайында мұсылман жамағатының арасында некелерін мешіттерде қидырып, мемлекеттік тіркемеген азаматтар да болды. Дін саласындағы мемлекеттік уәкілетті органның кеңесімен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) бұл олқылықты реттеді. Ендігі аралықта мешіттерде діни «неке қию» жорасы отбасын құрушылардың некелерінің мемлекеттік тіркелгендігін растайтын куәліктерін көрсеткен кезде ғана қиылатын болды.

Сондай-ақ ислам діні аясында некеге отыру жасы «балиғат жасы» ұғымымен беріледі. «Балиғат» сөзі араб тілінде «толысу», «жету» деген мағынаны білдіреді. Адам өміріндегі балалық шақтың аяқталып, есею кезеңінің басталғанын сипаттайды. Алайда «балиғат» кезеңінің жастық мөлшері нақты анықталмаған. Негізінен, ол адамның жыныстық-физиологиялық жетілуін басшылыққа алады.

Еліміздің заңнамасы бойынша азаматтар некелерін он сегіз жастан бастап рәсімдей алады. Жекелеген жағдайларда (жүкті болуы, ортақ балаларының болуы) некелесу жасы екі жылдан аспайтын мөлшерде төмендетілуі де мүмкін (ҚР 26.12.2011 ж. № 518-ІV «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі, 10-бап).

Дегенмен, діни сенімді жамылып, «балиғат» жасына толды деген желеумен кәмелетке толмаған қыздармен мемлекеттік тіркеусіз, діни «неке қию» фактілері болмады деп айта алмаймыз. Мешіттердегі мұндай олқылықтар ҚМДБ тарапынан реттелді. Дегенмен, бұл мәселенің қайталануын болдырмас үшін заңнамада діни мекеме қызметшілері мен жекелеген адамдардың діни «неке қию» рәсімдерін заңсыз жүргізгені (немесе қайталап жүргізгені) үшін жауаптылығын бекіту қажет.

Сондай-ақ елімізде етек жайып бара жатқан псевдоисламдық ағымдардың тәжірибесінде жасөспірім қыздармен діни неке қию және көп әйел алу жағдайлары жиі кездеседі. Діни жоралғыларды жамылған педофилия құбылысы орнығып келеді.

Псевдоисламдық ағым өкілдері ажырасу кезінде де діни ұстанымдарын алға тартады. «Талақ» (ажырасу, тастау) деп үш рет айтып, әйелі мен балаларынан бас тартқан псевдомұсылмандар шынайы исламда отбасы құндылығы ерекше маңызды екендігін жоққа шығарады. Балаларының келешек тағдыры үшін мүлде алаңдамайды. Талақ еткен әйелдерінің сол жамағаттарының мүшесі болып табылатын басқа «бауырларына» мүлік сияқты сыйға беріліп жатуы да әйел затына деген құрметтің жоқтығын дәлелдейді. Тіпті, бір айда бірнеше мәрте талақ болған жүкті әйелдің өз ішіндегі баланың әкесі кім екендігін білмеген жағдайлары да бар.

Псевдомұсылмандардың арасында кәмелетке толмаған қыздарын өз жамағаттары өкілдеріне тұрмысқа беріп жатқандары да аз емес. Олар үшін әйел – көбеюдің, қоғамдағы өз үлестерін арттырудың құралы ғана. Көбеюдегі мақсат – сол қоғамда ықпалды күшке ие болу.

Зайырлылық аясында отбасы мен неке институттарын жетілдіру, оның құндылықтарын қорғау мақсатында осы аталған мәселелерді де заңнамалық негізде шешу қажеттілігі айқындалады.

Отбасындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге де сұраныс жоғары. Ата-аналарының діни көзқарастары мен ұстанымдары отбасындағы балалардың әлеуметтік дамуына зиян келтіріп отырғандығын дәлелдейтін жағдайлар саны артып келеді. Балаларын дінді ұстануға мәжбүрлеу, қысым көрсету, медициналық қызметтен, әсіресе, вакцинациялаудан бас тарту, білімі мен шығармашылық дамуын шектеу, қоғамнан оқшаулау, т.б. радикалды әрекеттер де мемлекеттің отбасы институтын бақылау функциясын заңнамалық тұрғыдан жетілдіру керектігін түсіндіреді.

Жақиянов Т. Ж.,

«Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» РММ

Талдау бөлімінің бас сарапшысы, ә.ғ.к.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір