• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 06:36:31
Алматы
+35°

16 Қаңтар, 2017 NEWS

БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЛАР БІРІНШІНІҢ ОРНЫН БАСУҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ДАЙЫН?

Қазіргі күні Президенттің шешімімен құрылған Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелесі күн тәртібінде.

Қазіргі күні Президенттің шешімімен құрылған Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелесі күн тәртібінде.

«Билік өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу барысында жинақталған отандық және шетелдік тәжірибе, қолданыстағы заңнаманың және Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын қолдану практикасы зерделеніп, талдау жасалады. Жұмыс тобының қызметіне заңгер, ғылыми-сараптамалық қауымдастығы, сондай-ақ қалың жұртшылық белсене тартылатын болады», делінген Ақорда таратқан хабарда.

Иә, соңғы кездері билік мәселесі қатты талқыланып жатыр. Қайта бөлу мәселесі дегеніңіздің өзі алдағы уақытта көптеген ауыс-түйіс пен қысқарту-таратудың, тағайындау мен сайлаудың хабаршысы болса керек.

Қоғамда Парламент таратылуы мүмкін екені айтыла бастады. Парламент таратылса үкімет те қайта жасақталады. Парламенттің құзыреті артуы да мүмкін. Біз болжамаймыз, саясаттың самалы солай еседі.

Хош, осынау өкілеттіліктің қайта бөліну мәселесі қылаң берсе, елдің де ертең ел тізгінін ұстар азаматтар кім деп елеңдері анық. Жоғарғы билікте қандай орын ауыстырулар болатынын қоя тұрып, бұл мақаланы облыстарға арнайық. Қазақстанда Парламенттегі депутаттар сияқты облыс әкімдері де шетінен зейнет жасына тола бастаған. Ертең билік ауысса Өзбекстандағы әкімді сайлау реформасын енгізе қоярымыз неғайбыл. Десе де, билік буыны жасарары анық.

Сонымен, облыс әкімдерінің бірінші орынбасарларын шолып шығайық, кім мықты? Кімнің бағы жанайын деп тұр? Мақаланың мақсаты мінеп-сынау емес. Әдетте әкімдердің тасасында қалып, көп айтыла бермейтін азаматтарды алқау деп түсініңіз, оқырман!

Тұрлашов Ләззат Махатұлы – Алматы облысы

1960 жылы туған. Алматы темір жол транспорты инженерлері институтын құрылыс инженері мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Қаскелең ауданы «Жетісу» кеңшарында құрылыс цехының жұмысшысы болып бастаған.

Әр жылдарда бригадир, шебер, бас прораб, құрылыс учаскесінің бастығы, кооператив төрағасы, «Алматыагрохим» АҚ бөлім бастығы, Талғар ауданы «Красное поле», «Горный садовод», «Гүлдала» ауылдық округтерінің әкімі, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары, Жамбыл, Қарасай аудандарының әкімі қызметтерін атқарған. 2011-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды.

2016 жылдың сәуір айынан – Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары. Ол бұл қызметке келе сала, Алматы облысының Іле, Еңбекшіқазақ және Көксу аудандарына «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған үш жаңа мектеп ашылды. Мектептердің ашылу салтанатында болған Ол сондай-ақ, жыл аяғына дейін тағы 9 мектеп ашылатынын айтқан. Ашылды да.

Тұрлашев елде экономикалық дағдарыс орын алған кезде де Сенатор ретінде халықты сабырға шақырып, дағдарыстан шығу үшін мемлекеттік өзіндік сценарийі бар екенін баян еткен еді. Ол спорттың да белгілі деңгейдегі жанкүйері.

Ол, «Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі деп жырлайтын Есенқұл ақын өмірден озғанда былай деп қабырғасы қайысқан: ««Тазқара құстың тағдыры» атты кітабы жарық көргенде «Теңдессіз дүние. Бұл жинаққа пара-пар келетін жыр жинағы жоқ» деген едім. Бір ғасырда біртуар ғажап ақын Есенқұл бауырымыздың нағыз тұлпардай көсілетін, қырандай самғайтын кезде үзіліп кеткені өкінішті-ақ». Бұдан Ләззат Махатұлының тек әкімшілік жұмыстармен ғана шұғылданбай, ел ішімен, өнер кенішімен етене таныс екенін де аңғарасыз. Екі ұл мен екі қызға әке болған Ләззат Махатұлының Майқы би есімін ұлына қоюының өзі даналығынан хабар берсек керек.

Ләззат Махатұлы  ең әуелі Алматы облысының тумасы. Ол, аудан әкімі қызметінен сенаторлыққа дейін көтерілген санаулы шенділердің бірі. Алматы облысын жақсы білетін, бірнеше ауданда әкім қызметін атқарған азамат.

Алматы облысы орынбасар сөзінің шынымен орын бастырар қызмет екенін дәлелдеген облыс. Бұған дейін Аңсар Мұсақановтың орнын 13 жыл орынбасар облыс әкімі болған Амандық Батталов басқан еді. Кім білер, бір күні оның да орынбасары орнын басып жүрер.

***

Бекболат Серікбекұлы Орынбеков – Жамбыл облысы

2013 жылғы 28 желтоқсан Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Бекболат Серікбекұлы Орынбеков тағайындалды.

Бекболат Серікбекұлы 1957 жылы туған, білімі жоғары, Алматы энергетикалық институтын «инженер-электрик» және Қаратау қаласындағы Агротехникалық институтты «экономист-бухгалтер» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1979 жылы Талас ауданындағы №110 Қаратау кәсіптік техникалық училищесінің оқытушысы болып бастаған. 1980-1992 жылдары Талас ауданындағы №110 Қаратау кәсіптік техникалық училищесінің шебері, оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі директорының орынбасары, 1992-1993 жылдары «Қаратау» ассоциациясының бас директоры, 1994-1997 жылдары «Бірлік» шағын жекеменшік кәсіпорнының директоры, 1997-1998 жылдары «Жамбыл автодор» қазыналық кәсіпорнының жетекші маманы, 1999-2003 жылдары Талас ауданы Қаратау қаласы әкімінің орынбасары, 2003-2010 жылдары Талас ауданы Қаратау қаласының әкімі, 2010 жылдың ақпаны мен қарашасы аралығында Сарысу ауданының әкімі, 2010 жылдың қараша айынан бастап Тараз қаласының әкімі қызметтерін атқарған.

Бекболат Орынбеков биыл алпысқа толады. Ол жастардың арасынан орын алмаса да өңірдегі мәдени-әдеби шаралардың басы-қасында жүреді. Дегенмен де Бекболат Серікбекұлын көп көзге түсе бермейтін, дұрысы газет-журналға көп шыға бермейтін тұлғалардың қатарына жатқызуға болады. Ол қоғамдағы руханият, діни сауат туралы көп айтады.

Ол Елбасы Назарбаевтың еңбек жолын үлгі еткен. Бір сұхбатында «Жамбыл жері ежелден Мәңгілік ел идеясынан туындап отырған ұлттық бірлікті санада сақтаған, татулықтың  ордасы болған өңір. Отандастарымыздың береке-бірлігінің темір қазығы болатын  идеяны одан әрмен дамытуға міндеттіміз. Көпұлтты қазақ даласында бейбітшілік пен тұрақтылықтың салтанат құруы – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясаты арқасында жүзеге асуда», - деген еді.

***

Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды – Оңтүстік Қазақстан облысы

Дархан Амангелдіұлы бірінші орынбасарлар арасындағы ҰҚК-де, Президент Әкімшілігінде де қызмет еткен жалғыз тұлға.

Облыс басшылығына келгенге дейін 2 жылдан астам қала әкімі болып жұмыс істеп келген Сатыбалды Дархан Амангелдіұлы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне 2015 жылы тамыз айында тағайындалды. Ал, Шымкентке басқалар сияқты аудандардан өсіп барған жоқ, Астанадан келді.

1974 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша экономист-менеджер, заңгер, экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1991 жылы Келес ауданы Келес кеңшары Коммунизм бөлімшесінің жұмысшысы болып бастаған. 1996-1999 жылдары Келес ауданы «Келес» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының аға экономисті, Ақмола қаласы «Кураков и Ко» ЖШС-нің бас бухгалтері, 1999-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы бақылау комитеті Мемлекеттік мекемелердегі бюджеттік рәсімдерінің орындалуын бақылау басқармасының Мәдениет және спорт ұйымдарында бюджеттік қаражаттардың пайдаланылуын бақылау бөлімінің жетекші бақылаушы-ревизоры, Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ұйымдарында бюджеттік қаражаттардың пайдаланылуын бақылау бөлімінің бас маманы-бас бақылаушы-ревизоры, Қазақстан Республикасы Президентінің Істер басқармасы Қаржы-экономикалық бөлімінің экономикалық талдау және бақылау секторының референті, консультанты, бас сарапшысы, Бюджеттік жоспарлау және қаржылық бақылау бөлімінің мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастыру секторының меңгерушісі, Астана қаласының тұрғын үй департаменті «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы сот әкімшілігі жөніндегі комитетінің сот орындаушысы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Бюджеттік, Қаржы департаменттері директорының орынбасары, Ғылым комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті департаментінің бастығы, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңсесі Әлеуметтік-экономикалық бөлім меңгерушісінің орынбасары,  Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының әкімі қызметтерін атқарған. 2015 жылғы тамыздан - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары.

Ол халыққа Шымкент әкімі кезінде танылды. Шымкентті «миллионер қала» етушілердің бірі болды. Ол әкім болып келген соң Шымкент кеңейе түскен. Көшелерді де жарқыратты. Ол жастарды ылғи ғылым білім алуға үндеп жүрді. Ол, облысқа Түркияда елшілік қызмет атқарған Жансейіт Түймебаев әкім болып келген де орнында қалды

***

Ысқақов Қуанышбек Досмайылұлы – Қызылорда облысы

Қызылорда әкімдігі сайтында бірінші орынбасар қызметі айтылмаған. Дегенмен, Қуанышбек Досмайылұлы облысқа әкімнің бірінші орынбасары ретінде 2011-2015 жылдары қызмет етті.

Қуанышбек Ысқақов 1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын - инженер-құрылысшы, Қызылорда политехникалық институтын - бухгалтер-экономист, Қазақстандық инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін - заңгер мамандықтары бойынша бітірген.

1986-1988 жылдары Ауғанстанда Кеңес жауынгерлерінің Шектеулі құрамында әскери борышын өтеген. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Еңбек жолын 1985 жылы Қызылорда жиһаз фабрикасында 1-ші разрядты станокшы ретінде бастаған. 1993-2003 жылдары Қызылорда облысы бойынша салық комитетінде маман, инспектор, сектор меңгерушісі, төраға орынбасары қызметтерін атқарған. 2003-2011 жылдары - Батыс-Қазақстан облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, Қызылорда облысы бойынша салық департаментінің бастығы, 2011-2015 жылдары - Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары, Қызылорда облысының қаржы басқармасының бастығы, Маңғыстау облысы бойынша салық департаментінің басшысы, Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.                        

2015 жылдың шілде айынан желтоқсан айына дейін Қызылорда облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының басшысы  лауазымында болған.

2015 жылдың желтоқсан айынан бастап Қызылорда облысы әкімінің орынбасары. Ол басқа тұлғалар сияқты туған өңірінен ұзап алысқа кетпеген. Өз облысының жайын жақсы білетін азаматтың бірі.

***

Алдашев Сүйіндік Тасеменұлы – Маңғыстау облысы

Сүйіндік Тасеменұлы әкімдік сайтындағы қызметі бойынша Облыс әкімінің көлік және құрылыс бойынша бірінші орынбасары. Ол 1963 жылы 25 маусымда дүниеге келген. 1986 жылы И. М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ институтын және 2008 жылы Орталық Азия университетін тәмамдаған. Мамандығы бойынша біліктілігі – тау-кен инженері және экономист.

Еңбек жолын 1979 жылы Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында токарь болып бастап, бұрғышының көмекшісі, бұрғылау шеберінің көмекшісі, өндірістік қызмет көрсету базасының инженері, бұрғылау шебері, технологиялық бөлім бастығының орынбасары қызметтерінде болды.

1994-1996 жылдары – «ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары Оңтүстік басқармасының «Өзен» ЖӨДС бастығы. 1996-1998 жылдары - «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының Маңғыстау мұнай құбырлары басқармасының ТКБ бойынша бастығының орынбасары. 1998-1999 жылдары – «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының «Ақтау» ЖӨДС бастығы. 1999-2000 жылдары – «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы пайдалану бөлімінің бастығы. 2000-2004 жылдары – «ҚазТрансОйл» ЖАҚ Ақтөбе филиалының бас инженері – директордың бірінші орынбасары, директоры. 2004-2010 жылдары – «ҚазТрансОйл» Батыс филиалының Маңғыстау мұнай құбырлары басқармасының магистралдық құбырларды пайдалану қызметінің бастығы. 2010 жылдан бастап - «ҚазТрансОйл» Батыс филиалы Маңғыстау мұнай құбырлары басқармасының бас инженері. 2012 жылдың қазан айында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
«Магистралды құбыр көлігінің құрметті қызметкері» (2010 ж.) құрметті атағына ие.

Мұнайлы өлкенің шаруашылық жұмыстарын бір кісідей білетін азамат.

***

Дүйсембаев Ғұмар Исламұлы – Атырау облысы

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Дүйсембаев Ғұмар Исламұлы 1956 жылы туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын және Орал еңбек және әлеуметтік қатынастар заң академиясын механик, заңгер мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1978 жылы Ақтөбе облысының Калинин атындағы колхозының техника қауіпсіздігі жөніндегі инженері болып бастады. Кейін БҚО Бөрлі ауданындағы Орал ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумында оқытушы, комсомол комитетінің хатшысы, Бөрлі ауданы «Победа» колхозының бас инженері, Бөрлі ауданындағы «40 лет Октября» колхозы төрағасының орынбасары, партия комитетінің хатшысы, «Красный маяк» колхозының басқарма төрағасы, Бөрлі аудандық ауыл шаруашылығы ассоциациясының төрағасы, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары, әкімі, Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты құрылыс және отын-энергетика кешені бөлімінің меңгерушісі, БҚО Өнеркәсіп және энергетика кешені басқармасының бастығы, БҚО Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры, БҚО Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы, Батыс Қазақтан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2012 жылғы қаңтардан бастап Батыс Қазақтан облысы әкімінің бірінші орынбасары.

2012 жылғы тамыз айынан бастап Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары.

Ғұмар Исламұлының есімі Атыраудың іскер әкімі Нұрлан Ноғаевтың қасында көп айтыла бермегенмен, ол батыстағы бірнеше облыста қызмет еткен тәжірибелі адам.

***

Өтеғұлов Арман Кәрімұлы – Батыс Қазақстан облысы

Батыс Қазақстан Облысы әкімінің бірінші орынбасары - Өтеғұлов Арман Кәрімұлы.

А.К.Өтеғұлов 1964 жылы туған, білімі жоғары, 1989 жылы Саратов зоотехниктік-малдәрігерлік институтын ветеринар-дәрігер, 2007 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін экономист мамандығы бойынша бітірген.

1989-1996 жылдар кезеңінде Фурманов ауданындағы «Ақкөл» кеңшарында аға, бас ветеринарлық дәрігер болып жұмыс істеді. 1996-1998 жылдарда – Қазталов ауданындағы «Талдыапан» ұжымдық ауыл шаруашылығы кәсіпорнының директоры. 1998-2002 жылдарда – Қазталов ауданы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының агроөнеркәсіптік кешені мәселелері жөніндегі бас инспекторы.

2002-2010 жылдары – Қаратөбе ауданының әкімі.

2010-2013 жылдары – Теректі ауданының әкімі.

2013-2014 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

2014-2015 жылдары облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2015 жылдың қаңтарынан бері облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Арман Кәрімұлы да өз облысының шаруашылығын бес саусағындай білетін, басқа облыстарға қызметпен кете қоймаған тұлға. Арман Өтеғұлов Елбасының «ұлт жоспары, 100 нақты қадам» жобаларын іске асырушылардың бірі.

Оның атап айтуға болатын ерекше тұсы бір жыл бұрын жер дауына байланысты митинг өткен тұтса халықпен диалогқа шыға білгендігі.  

***

Шериязданов Асқар Тұрарұлы – Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысының да әкімдік сайтында Сапарбаевтың қайсы орынбасары бірінші орынбасар екені жазылмаған.

Дегенмен, әкімдікте қолына ең көп басқарманы ұстаған сол өңірдің тумасы Шериязданов Асқар Тұрарұлы.

Асқар Тұрарұлы 1968 жылы дүниеге келді. Ол Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын «орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі» мамандығы бойынша тамамдаса, Алматы экономика және статистика институтында есепші-экономист кәсібінің қыр-сырын меңгерді.

1992 жылы алғашқы еңбек жолы №7 КТУ-дің қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы ретінде басталған. Ол түрлі жылдары тілдер бойынша облыстық басқарманың бас маманы, Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы, кеңесшісі, орынбасары, кейін ішкі саясат департаментінің директоры, орынбасары әрі туризм және спорт басқармасының бастығы міндеттерін атқарды.

Бөлімнің, департаменттің бастығы, «Батыс ӘКК»ҰҚ» АҚ-ның Астана қаласындағы өкілі, елордадағы «Алтын Қыран» топтық компаниясы бас директорының орынбасары, Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының жетекшісі қызметтерінде болды.

2013 жылдың желтоқсанынан осы тағайындауға дейін Алға ауданының әкімі болды. Сапарбаев өңірге басшы болып келгеннен кейін оны өзінің орынбасары етіп тағайындады. Ол өңірдің ішкі саясат басқармасын да қолында ұстайды. Облыста туындап жататын діни мәселелерді де бақылауында ұстап отырған шенді десе болады. Сондай-ақ ол өткен жылы тамыз айында Сапарбаевсіз-ақ бірнеше басқарманың басшысын ауыстырып, қолында билігі бар екенін көрсетіп қалған болатын.

***

Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов – Қостанай облысы

Қостанай обылысы әкімдігінің сайты басқа облыстар сияқты емес алдымен орысша ашылады. Әрине, қазақша нұсқасы жоқ емес. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов.

Ғауез Торсанұлы 1968 жылғы 11 шілдеде Қостанай облысы Қарасу ауданының Майский кентінде туды.
1992 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «ғалым агроном» мамандығы бойынша, 2002 жылы Челябі мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша, 2008 жылы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін «экономика бакалавры» мамандығы бойынша бітірді.
Ғауез Торсанұлы өзінің еңбек жолын 1992 жылы Торғай облысының Октябрь ауданы Вильямс атындағы кеңшарының бас агрономдығынан бастады. Ғауез Нұрмұхамбетов 2002 жылғы қазаннан 2008 жылғы қаңтарға дейін – Қостанай облысы Қарабалық ауданының әкімі. 2008 жылғы қаңтардан 2009 жылғы ақпанға дейін - Қостанай облысы Қостанай қаласының әкімі. 2009 жылғы сәуірден 2011 жылғы маусымға дейін Қостанай қаласында «ПТК «Содружество» ЖШС бас директорының орынбасары болып жұмыс істеді.  2011 жылғы маусымнан 2012 жылғы ақпанға дейін – Қостанай облысы Әулиекөл ауданының әкімі. 2012 жылғы ақпанда Қостанай қаласының әкім болып қайта тағайындалған болатын. 2014 жылдың шілде айында Президент әкімшілігіне инспектор қызметіне келген. 2015 жылдың мамырынан Қостанай облысы әкімінің орынбасары. 50-ге жасы жақындап қалған ол өз қатарымен салыстырғанда Астанада қызмет етіп көрген тағы бір тұлға.

***

Сапаров Айдарбек Сейпелұлы – Солтүстік Қазақстан облысы

СҚО әкімінің басқа облыстардан ерекшелігі бес емес төрт орынбасары бар.

Сапаров Айдарбек Сейпелұлы 1966 жылы 12 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы Красный c. туған. Үйленген. Үш баласы бар (ұлы — Нұрсұлтан, қызы — Сұлушаш, ұлы — Айсұлтан). Омбы ауылшаруашылығы институтын (1992 ж.), Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін (2006 ж.) бітірген. Зооинженер, мемлекеттік басқару бакалавры мамандықтарына ие.

Институтты аяқатған соң Булаев ауданының ауылшаруашылығы кәсіпорындарында мамандығы бойынша жұмыс істеген.

1995–2003 жж. — Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы «Ноғайбай» ЖШС директоры, бас директоры.

2003–2005 жж. — Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы «Продкорпорация» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігі директорының орынбасары.

2005–2006 жж. — Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы «Продкорпорация» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігі директорының бірінші орынбасары.

2006–2006 жж. — Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы бойынша Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстық аумақтық инспекциясының бастығы.

2006–2008 жж. — Солтүстік Қазақстан облысы Шал, ақын ауданының әкімі, Сергеевка қаласы.

2008 жылдың наурыз айынан 2010 жылдың сәуіріне дейін Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі, Булаев қаласы.

2010 жылдың сәуір айынан 2011 жылдың қыркүйегіне дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары.

2011 жылдың қыркүйегінен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары.

Айдарбек Сейпелұлы бірінші орынбасар қызметінде ұзақ уақыт отырған тұлға. Өңірдің басты ерекшелігі астық шаруашылығы мәселелерімен БАҚ бетіне жиі шығады.

***

Қадырхан Махмұтұлы Отаров – Ақмола облысы

Әкімі өзге ұлт өкілі болып тұрған жалғыз облыс Ақмола облысы. Сайты орысша ашылатын екінші әкімдік осы облысқа тиесілі. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Махмұтұлы Отаров.

Қадырхан Махмұтұлы 1953 жылы туған, білімі жоғары, Батыс-Қазақстан ауыл шаруашылық институтын бітірген. Ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1975 жылы Ақтөбе облысы «Хлебодаровский» кеңшарының зоотехник-селекционері болып бастады. Бас зоотехник лауазымынан бастап облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы лауазымына дейінгі еңбек жолын өтті. 1994 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Вице-министрі болып тағайындалды. 1999 жылғы қарашадан бастап Ақмола облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін Қазақстан Республикасы жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы лауазымдарын атқарды. 2014 жылғы маусымнан облыс әкімінің орынбасары болып қызмет атқарады.

«Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен, мерейтой медальдарымен наградталған.

Қадырхан Отаров басқа әріптестеріне қарағанда бірқатар лауазымды қызметтер атқарған. Ол да ұзақ жылдар бірінші орынбасар болған. Шындығында Ақмола облысының шаруашылығы осы кісінің қолында десе де болады. Әкім аты Кулагинде болғанымен, астық егу науқанында да, астық ору науқанында да, жәрмеңке ұйымдастыруда да белсеніп жұмыс істейтін осы Қадырхан Отаров.

***

Асылбек Жексенбайұлы Дүйсебаев – Қарағанды облысы

Асылбек Жексенбайұлы Дүйсебаев. Бірінші орынбасарлар арасындағы ең жасы. Жас болса да вице министрлік қызметке дейін жеткен. Өз әріптестері арасындағы Президент әкімшілігінде қызмет еткен тағы бір тұлға.

Облыс әкімінің қаржы-экономикалық мәселелер, құрылыс, спорт және денсаулық жөніндегі бірінші орынбасары.

1979 жылы туған. Білімі жоғары. 2001 жылы С.Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін «Экономист-менеджер» мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын 1998 жылы «Агроцентр-Астана» ЖШС-да тексеруші ревизор болып бастады.
2002 жылы Астана қаласы әкімдігі аппаратының Сыртқы экономикалық байланыс комитетінде бас маман қызметін атқарды.

2003 жылғы мамыр - шілде аралығында Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Байланыс және ақпарат комитетінің бас маманы болды. 
2003 жылғы шілдеден бастап - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары және инфрақұрылымдық кешені құрылысы комитетінде бас маман, бөлім бастығы болды.

2004 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадр саясаты басқармасы Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы болып тағайындалды.
2006-2007 жылдар аралығында Қарағанды қаласы және Қарағанды облысы әкімдіктерінде әртүрлі қызметтер атқарды. 

2007 жылы аппарат басшысы, 2009 жылы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
2010 жылдан бастап - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметіне тағайындалды. 
2011 жылғы қыркүйектен бастап ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі болып қызмет атқарды.
2012 жылы ақпанынан бастап - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары.
2014 жылы 25 маусымынан бастап Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет етеді

***

Дүйсенбай Нұрбайұлы Тұрғанов – Павлодар облысы

Облыс әкімінің бірінші орынбасарлары арасындағы министрліктерде қызмет еткен тағы бір тұлға Дүйсенбай Нұрбайұлы Тұрғанов.

Дүйсенбай Нұрбайұлы 1959 жылы Гурьев облысы Мақат ауданы Байчунас кентінде туды. Алма-Ата энергетика институтын және Мәскеудегі Бүкілодақтық қаржы-экономикалық институтын тәмамдады. Инженер-электрик және экономист мамандықтары бар, техника ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын электржөндеуші болып бастап, одан кейін шебер, электр-жөндеу цехінің бастығы, цех бастығының орынбасары, «Оңтүстік-Шығыс» кенішінің бас энергетигі, «Қаратау» өндірістік бірлестігінің электрмен қамту цехінің бастығы, жылумен қамту басқармасының бастығы, Жамбыл облысындағы «Қаратау» АҚ бас энергетигі қызметінде болды.

1993-1994 жылдар аралығында - Қаратау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорын бірлестігінің бас директоры.

1993-1994 жылдар аралығында – Қаратау қалалық әкімшілік басшысының орынбасары, Қаратау қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Жамбыл облысы Сарысу ауданының әкімі.

1999-2002 жылдар аралығында – Атырау қаласының әкімі.

2002 жылдан 2007 жыл аралығында - «Каспийқұрылыссервис» ЖШС президенті, «КЕГОК» ААҚ вице-президенті.

2007 жылдан 2011 жыл аралығында – Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің вице-министрі, кейін Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі.

2011 жылдан 2012 жылға дейін «Самрұқ-Энерго» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымында қызмет етті.

2012 жылғы 15 ақпаннан бастап - Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары.

 ***

Сақтағанов Нұрымбет Аманұлы – Шығыс Қазақстан облысы

Сақтағанов Нұрымбет Аманұлы 1970 жылы 6 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ұлты-қазақ, білімі жоғары. Қызылорда педогогикалық институтын, Қызылорда аграрлық-техникалық колледжін, МЭСА дистанциялық білім беру институтын, МЭСА Қызылорда экономика, статистика және ақпарат институтын мұғалім, бухгалтер, заңгер мамандықтары бойынша аяқтаған.

Еңбек қызметін институт бітіргеннен кейін 1992 жылы Қызылорда қ. № 172 орта мектебінде мұғалым болып бастаған. 1993-1994 жылдары ҚР ҚК қатарында болып, әскерден кейін Қызылорда қ. № 9 орта мектебінде жұмысын жалғастырды.

1995-2001 жылдары Қызылорда облысы бойынша Кеден басқармасының инспекторы, аға инспекторы, бас инспекторы, бөлім бастығы, бөлім бастығының орынбасары  болып жұмыс істеді.

2001-2006 жылдары – ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігі Кеден комитетінде бас инспектор, Төрағаның көмекшісі, бөлім бастығы (ҚР Қаржы министрлігінің Кеден комитеті, Кеден бақылау агенттігі)

2006-2007 жылдары – ҚР Парламентіндегі Үкімет Өкілдігінің бас инспекторы, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде бөлім бастығы, Министрдің кеңесшісі.

2007-2010 жылдары – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті Төрағасының орынбасары.

2010-2012 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы  

2012-2015 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары

2015 жылғы 31 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Нұрымбет Аманұлы облыстың әкімі Даниял Ахметов сияқты БАҚ бетінен көп көріне бермейді. 

***

Біз санамалап отырған бірінші орынбасар әкімдердің халық арасындағы танымалдығы әрине әртүрлі. Бірін өз ауылына ғана танылса, бірін тұтас Қазақстан танып жатуы мүмкін. Бұған бола атқа мінген азаматтар халықты сөкпес. Сіздер әкім болып, басқарып отырған халық кейде сіздер түгілі Парламенттегі депутаттарды танымай жатады. Саси сауатының төмендегінен емес, жоғарыда отырғандардың көп көріне бермейтіндігінен. Қазақ елу жылда елдің жаңаратынын, жүз жылда қазанның жаңаратынын айтады. Қазақстанның іргетасын қалап кеткен Алаш арыстары құрған Алашорда мемлекетіне міне биыл жүз жыл толып отыр. Біз сіздерді санамалау арқылы чемпиондық атақ бермесек те, ел сүйерлік қызмет күтеміз.

Нұрғали НҰРТАЙ

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір