• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:49:16
Алматы
+35°

07 Қыркүйек, 2018 Айтты-ей, бауырың!

Бір стақан су– 40 000 теңге!

Дұрысы, шипажай сыртына «Сарыағаштағыдай» крантпен сылдырата шүмек шығарып, әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың бірер тиын тастап су ішіп кетуіне жағдай жасау.

Әлеуметтік желілерде Түркістан қаласындағы асқазан, ішек жолдарын шайып-тазалайтын артезиан емдік суына иелік етіп отырған «Шипа су» шипажайына қатысты наразылық білдірген жазбалар пайда бола бастады. Бұған жуырда ғана кіре беріс қақпасында «тек жатып ем алмасаңыз, сырттан келген азаматтарға қызмет көрсетілмейді» деген мазмұнда ілініп қойған хабарлама әсер еткен сыңайлы. Бұрын таңертеңгісін 100-200 теңге төлеп, сарқырап жатқан судан бірер орта кесе сіміріп алып, жұмысқа жөнелетін қала қазағы мына тосын шешімге таң қалған болуы мүмкін. 
Шынында да, қақпа алдында күзетші күркесі пайда болып, бейсауыт адам кіре алмайтындай айналасы әсем шарбақтармен қоршалып қапты. Жөн-ақ. Ем алушылар келіп демалатын орынның талапқа сай таза әрі көз қызығарлықтай стандартты болғаны дұрыс. Ол жөнінде біраз оңды жұмыстар атқарылған екен. Алайда қалтамнан ақша шықты деп, қара судан қаймақ жалап, Табиғат-Ана игілігін тұтастай меншіктеп алғанымыз қалай болар екен? Мәселен, атышулы «Сарыағаш» шипажайында, Үкаша ата құдығында, Арыстанбаб кесенесінде, Жылаған ата сарқырамасында су тегін – халық игілігінде. «Сарыағаш» шипажайының аумағында бірнеше жерден күндіз-түні келіп емдік судан ұрттап кете беретін кранттар орнатылып, жергілікті халық үшін арнайы әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Үкаша ата құдығында да сайын даланың салқын суын шелегіңізбен қалқып алып, қалауыңызша іше беріңіз. Ал мына қақпадағы хабарландыруға сенсек, бір стақан су ішу үшін барлық шаруаңды тастап, кемінде 5 күн, асықпасаң 10 күнге жолдама алып, шалқая жатуың керек сияқты. Күндігі 8 мың теңгеден болғанда, шипажай аумағына кіріп, бір стақан су ішіп шығу үшін 40 мың теңге жұмсайды екенсің. Жарайды, сондағы ғимараттар мен жер телімі «Шипа су» қожайындарының иелігінде шығар. Ал ықылым заманнан бері тереңнен атқылап жатқан суға қожайындық жасау жергілікті билікті ойлантатын-ақ мәселе. Мұндайға көз жұма қарау ертеңгі күні әр кәсіпкердің кез-келген бұлақ маңын қоршап алып, стақандап су сатуына әкеліп жүрмесін.
Қазір ас-тағам таза емес, жартылай фабрикаттарыңыз да – химикат, содан да болар, ішкі құрылысы ауырмайтын адам жоқ. Шипажайда ем қабылдап, демалуға екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан да жергілікті тұрғындар, алыстан келген ағайын бірер күн таныстарының үйінде жатып, бес-он теңгеге су ішіп, асқазандарын, ішектерін шайдырғысы келеді. Мына тәртіп соған тосқауыл болып тұр. 
Дұрысы, шипажай сыртына «Сарыағаштағыдай» крантпен сылдырата шүмек шығарып, әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың бірер тиын тастап су ішіп кетуіне жағдай жасау.

Бекжігіт Сердәлі

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір