• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:59:42
Алматы
+35°

05 Ақпан, 2018 Әлеумет

Бір сайға сиыспаған бір әкенің ұлдары бір төбеде көрші болып томпиды

Мәйіт көмілді, топырақ үйілді, молда Құран оқып жұрт бетін сипап дүр етіп қозғалды...

Ерлі-зайыпты екеуі жастары елуден асқанша ата-бабасының қонысынан табанын аудармай ескі жұртта отырды. Әке-шешесін бағып күтті, соңғы деміне дейін ас-суын беріп ардақтады. Оларда мәужіреп тұрған кісілер емес, дилы, өз ортасының беделді қарттары санатында соңғы сағаттарына жетіп, бақиға аттанған еді. Жазы салқын жанында ағып жатқан өзені бар, қысы жәйлі ықтасын сайдың іші болатын. Малын өсіріп, қалаға барып келіп бала-шағасын оқытып оңаша өмір сүріп жатыр еді.

Дәл сол кезде ертерекете оқу іздеп қалаға кеткен әулеттің үлкен ұлы  пайда болды. Мықты жұмыстар атқарып іші майланып қоңды болып ауылына оралды. Зейнетке шығыпты, баласы қалада қызметте, күйеубаласы ақшаны бірталдап  санауды білмейтін үстелдің үстінде үйіліп жатқан жерінен бумасымен қолымен сырғытып әкеліп мөшекке дүкірлетіп түсіретін бір жұмыста екен... не керек, олар келіп тып-тыныш тіршілік етіп жатқан бауырын отбасымен бір айдың ішінде басқа жаққа «көшіп кетуін» айтады. Әңгіме сотқа түседі, топқа түседі... Бұл әулеттің тұңғышы екені рас, жұрттың бәрі біледі. Ағайынды ықтырып, бұқтырып сөйлегендіктен ешкім алдынан шыға алмады. Жоғары-төменнің аузын жапқан өктем аға шынында айдан асырмай інісін ауылдан айдап шығады. Мынау кең дүниеден басқа жер құрып қалғандай «қара шаңырақтың иесі менің әулетім болу керек»  деген менмендік бауырын сырғытып тынады.

Көптен көздеген қарақшы ма, әлде тосыннан келген кесапат қырсық па кім біледі бай аға шабуылға ұшырайды. Түн қараңғысын жамылып келген топты жендеттер отағасын қинап өлтіріп, жұбайын өлміші етіп қол-аяғын байлап үйдегі бар дүние, қымбат бағалы заттар, цеифтегі ақшаны түгін қалдырмай үптеп кетеді. Тартып алған қоныстың, жиған дүниенің қайыры болмай жантүршігерлік өліммен бір-ақ түнде адуын аға пәниден озады.

Одан беріде көп жыл өтті, қара шаңырақтан күштеп көшірілген іні басқа ауылға барып қоныс теуіп ел қатарлы өмір сүріп, ақ-ажал өлімімен күні кеше ажалы жетіп ақ босағасында арадан озды.

Көптен танитын кісі еді, отбасына көңіл айтып намазына тұрайық деп таң ата асығып жеттік. Жаназа намазы оқылған соң қаралы топ ауылдан шығып көш-керуенін түзеді. Қайда апаратынын білмесекте жүздеген жеңіл көліктің бірі болып ілестік. Ақ қар көк мұзда тоқтамай ұзақ жүрді. Бір кезде тақтақ жолдан қиыс өрге салып жота басындағы үркердей зиратқа келіп тірелдік. Анау сайда осы кісілердің байырғы қонысы суықтан ағаштары ақ бұйраланып сайдағы судың буы бұрқырайды.

Мәйіт көмілді, топырақ үйілді, молда Құран оқып жұрт бетін сипап дүр етіп қозғалды. Осы кезде қасындағы ескі молаға көзім түсіп құлпытастағы жазуды оқыдым. Ой, дүние-ай!.. Баяғы «мына жердің иесі мен!»-деген  ағасы жатыр, міне оның қатарына ағасынан қуылған інісі келіп жайласыпты. Бір сайға сиыспаған бір әкенің ұлдары бір төбеде көрші болып томпиды. 

Дәулетбек Байтұрсынұлы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір