• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 15:50:08
Алматы
+35°

20 Шілде, 2018 Әлеумет

Бір қазақ бүкіл қазаққа тіл тигізді. Қазақтар өзін кемсітуін қашан қояды?

Желі қолданушылардың тарапынан қатаң сынға ұшырағаннан кейін Тоғжан Қожалиева келесі күні тікелей эфирге шығып жазбасына қатысты түсініктеме берді.

Тоғжан Қожалиева есімді ҚБТУ ректорының кеңесшісі Қарағандыда орналасқан кафеде таңғы ас ішуге келіп, оның интерьеріне тәнті болады. Facebook парақшасына тамаша көңіл күймен орыс ұлтының дизайнерлерінің талғамының жоғары екенін жазады. Сонымен шектелсе жақсы ғой, жазбасында қазақтарды да қоса кетеді. Одан бүтін бір қазақ ұлтын менсінбеушілік байқалады.

кафе

«Кешірім өтінемін, қазақтар...Қарағандыда орыстар көп тұратыны байқалады... Қай жағынан байқалады? Олардың стилі, дизаины әлде қайда жақсы. Терең әрі қазақтардың дарақылығынан ада! Кішігірім кафеде таңғы ас ішіп отырмыз. Мұнда барлығы ұнайды. «Барлығынан асып түскім келеді» деген бос мақтаншақтық жоқ. Егер Қазақстанда тек қазақтар ғана тұратын болса, өзіміздің ұлттық қажеттілігіміз бен қазақи дарақылығымызға тұншығушы едік» деп жазыпты Тоғжан Қалиева өзінің Facebook парақшасында.

ҚБТУ ректорының кеңесшісі кафенің фотоларында қоса жариялаған екен. Оны желі қолданушысының «Қазақтар да мұндайды жасай алады» деген пікіріне, «Еуропада оқығандар. Әдетте солай. Ал Қарағандыдағы дизайнерлердің көбі өз бетінше үйренгендер» деп жауап берген екен.

Тоғжан Қожалиеваның жазбасын сынға алғандардың бірі «Ситуативный Казахский» атты еңбектің авторы Қанат Тасыбеков. Ол жауап ретінде әлеуметтік желіде өз пікірін жариялады.

«Сіздің жазбаңыздан расистік мазмұнды байқаймын. Өмірдегі жетістіктеріңіз - өзіңізді бүтін бір ұлттан, барлық қазақтардан жоғары қоюға, оларға ақыл үйретіп, бүкіл халықпен бетпе-бет келетіндей дәрежеге жеткізді деген ойға неліктен келдіңіз? «Кешірім сұраймын, қазақтар...». Сосын  тұншығу туралы. Иіс тек жеке адамда ғана емес, иіс барлық этноста бар. Менімше, орыстарда өзіне тән иісі бар. Корейліктер де, қазақтарда да иіс бар. Бізден бәлкім қойдың, киіздің иісі шығатын шығар. Білмеймін, мен өз иісімді сезбеймін. Ол биологиялық қалыптасқан жағдай және одан арылу мүмкін емес» - деп жазды Қанат Тасыбеков.

Желі қолданушылардың тарапынан қатаң сынға ұшырағаннан кейін Тоғжан Қожалиева келесі күні тікелей эфирге шығып жазбасына қатысты түсініктеме берді.

«Менің кешегі орыс дизайнерлерінің қазақстандық дизайнерлерден жақсы деген жазбам қызу талқыланды. Менің олай жазған себебім, өзге ұлттың дизайнерлері қазақтар секілді алтын емес арзан материалдарды қолдана береді. Мәселен, бетон, ағаш секілді. Ал қазақтарда біреуге бірдеңе дәлелдеу керектей көрінеді» дейді Тоғжан ханым.

Қазақтардың өз ұлтына менсінбеушілікпен қарауы, өзін өзге ұлттан төмен санауы қалыпты жағдайға айналды. Мұндайды «құлдық сана» дейді. Тәуелсіз Қазақстанда отырып өзін өзгеден төмен санаудан қазақ ұлты гүлденбейтіні анық. «Қазақ қазаққа ғана керек» деген сөз осыдан шықса керек. Қазақтың кемшілігін айту бір бөлек те, кемсіту бір бөлек. Қазаққа тән дендеген мәселелерді көтеру, түзеуді қажет ететін тұстарын айту мен оны шешу жолдарын бірігіп іздеу құптарлық іс. Ал «қазақ жаман», «қазақтың қолынан ештеңе келмейді» деу сын емес, кемсітушілік. Ең сорақысы, мұны өзге ұлт емес, қазақтардың өз ұлтына мұрнын шүйіре қарауында. Әрине қазақта мәселе шаш етектен. Дамыту, жетілдіру, көркейту қажет дүниелер баршылық. Әлі күнге дейін шешілмеген, осал тұстар да бар екені жасырын емес. Алайда өзімізді кемсіте бергеннен деградацияға ұшырайтынымыз анық. Өспейміз.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір