• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:08:25
Алматы
+35°

06 Наурыз, 2017 NEWS

Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне

 апарып тастағаны дұрыс, әйтпеген де, болашақ

ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз...

Әлихан Бөкейханов

 

“Пішіні шар тәрізді домалақ жер қазақтың ата-мекені”- деп Әлихан Бөкейханов айтқандай домаланған доптай замана бір кездері Алаш орданы мүлде тарих сахнасынан құртуды ойлап, оның атын ауызға алуға тыйым салған болса, міне, біздің заманымызда алаш арыстарын ардақтайтын болдық. Домаланған доптай тағдыр тас бауырына басып, күн көзінен тасада ұстап келген алаш рухы көкжиектен көтерілген күндей біртіндеп көтеріліп, биіктеп келеді, әлі күллі қазақ даласының рухани аспанына да айналар... 

Қазір Алаш туралы жазу мен  айту бір түрлі қоғамдық сипат алғандай белең алып барады. Әрине бұл құптарлық құбылыс. Өшкенің жанып, өлгенің тірілді -деген осындай-ақ болар. Себебі, Алаш рухы - ол қазақтың санасы мен намысын, экономикасы мен білімін, тілі мен дінін, ерлігі мен елдігін ең биікке көтеретін, ең сенімді әрі жанына жақын құдірет. Былайғы көз-қарақты алаш баласына Алаш Орданың өмірге келуі, мақсаты мен міндеті, сол жолдағы тар-жол тайғақ кешуі, ең соңында арыстардың аянышты, алайда, өнеге, үлгіге толы тағдырлары белгілі.

Алаш үкіметінің алға қойған басты ұстанымдарынан-ақ олардың ұлы мақсат-мүддесін түсінеміз. Бұл ұстанымдар мыналар:  Халықтың бай, кедей, орташа тап болып бөлінуін қолдамаған; Жерді сатуға үзілді-кесілді қарсы болған; Жердің асты мен үстіндегі байлықтарды қазақтың төл меншігі деп таныған; Қазақты индустриялды ел етіп, қолындағы барын өз пайдасына жаратуын көрсеткен; Қазақ тілі мемлекеттік тіл -деп білген;  Мемлекет құруда ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып Жапонияның үлгісіндегі ел болуды көздеген.

Амал нешік, арада бір ғасыр, егеменді ел болғанымызға ширек ғасыр өтседе, осы мәселелер әлі де күн тәртібінде тұр. Бұл не сонда, бір ғасырда шешілмейтін не қылған күрмеуі көп мәселе еді? Бұл мәселе енді қанша ғасырға жалғасар екен? Оны шешудің жолы сірә бар ма? Өз дәуірінің кілең жүрегінде иманы, санасында білімі, бойында қайрат, ойында отаншылдығы бар жақсылары мен жайсаңдарының жанын алған мәселе екенін ескергенде 100 жылға жүк болар салмағы бек ауыр, жауапкершілігі мың батпан дүние болып тұр ғой.

Алаштың арыстары осы мәселелерді шешудің жолын қарастырған және иек артуға болатын жолын да анықтаған. Ол жолдың бірі - бірлік пен елдіктің туын асқақтату. Мұндағы бірлік - төрткүл дүниедегі исі қазақтың басының қосылуы болса, елдік - сол елдің ауыз біршілігі. Оған Алаш үкіметінің тек, Қазақстандағы қазақтардың ғана мүддесін ғана емес, күллі қазақ елінің қамын жеген істері дәлел болады. Мысалы, 1918 жылы жазда Қытайға құрамында Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Садық Аманжолов, Райымжан Мәрсековтер бар бір топ адамның сапарлап барғаны белгілі. Әлде қашан сарғайып, сартап болып қалған 1913-1921 жылдары шыққан Алаш Орда қайраткерлері бас болып шығарған «Сарыарқа», «Айқап», «Қазақ» гезеттерінең Алтай-Тарбағатайдың Керей-Наймандары жат елдің қарауында отырса да Алаш үкіметіне, оның құрылуына тілектес ниеттерін білдіріп хат жазғанын көруге болады. Демек, Ахаңдар барудан ілгері арғы бетпен бергі бет арасында хат-хабар алмасып, газеттер жеткізіліп тұрған. Тіпті, абақ керейдің бетке ұстар дәулетті адамдары осы игі істің жебеушісі ретінде қаржылай көмек бергені де сол газеттер де жазылған. Ол бұл күндері белгілі жағдай.  

Сол тұстары Алаш арыстарының Қытай қазақтарымен арадағы байланысты нығайтуда көздегені екі мақсат болса керек, біріншісі іргелес отырса да, оты басқа, ошағы бөлек болып жүрген ағайынды ұлы істің басына тартып, бауырына алу болса, екіншіден солардан мүмкіндігінше түрлі көмек алу болды. Қытай қармағында ол кезде қараған қазақ аз емес еді әрі мал мен басы қатар өсіп отырған болатын. Бұған Құнанбай аға сұлтан болып тұрған (1849-1852) жылдары үкімет ісімен Қытайдың Алтай аймағындағы абақ керейдің ішіне барғандағы: Қытайға қараған Абақ керей баласы он бес мың түтіннен асып, дәулеті шалқып, елі өсіп, кегін жоқтар ер туып, дауын сөйлер би туып, бақ қонған елге айналған екен. Түбі біздің қазақтың бір тиянағы солар болар, – деген сөзі дәлел болады. Алайда Құнанбай қажының бір реткі сапарында тұтас Алтай аясын аралап шықпағаны анық. Сондықтан бұл сан өте аз көрсетілген. Себебі, 1864 жылғы “Қытай-Ресей батыс-солтүстік шекара келісімінде” абақ керей тайпасында 30 мың түтін барын анықтаған. Бұл дегеніміз кемінде 120-150 мың адам бар екенін түсіндіреді. Ал жалпы Қытай бойынша 1953 жылы жүргізілген санақта 509 мың 375 қазақ бар делінген. Бұл сан шындыққа келеді, себебі 1911 жылы Қытайда 225 мың қазақ бар деген мәлімет бар, оның үстіне 1916 жылы ұлтазаттық көтеріліс себебінен патша үкметінің қудалауынан 300 мыңға жуық қазақ Қытай асқан. Сонда Қытайда 1950 жылдары 500 мыңнан астам қазақтың бары рас. 

Патшалық Ресей тұсында Қазақстандағы халық санағы 1830 жылы жүргізілген, жалпы  1,5 млн, болса, қазақтар 1,3 млн. болған. 1850 жылы 1,7 млн адам болып, оның 1,5 млн. қазақтар еді. 1870 жылы  3,6 млн. адам болып, оның 2,4 млн-ын қазақтар құраған.  1897-жылғы санақта Қазақстанда 3 млн. 392 мың 751қазақ бар делінсе, 1926 - жылы ол сан 3 млн. 627 мың 612 адамға көбейген. Демек Ахаңдар сапарлайтын кезде Қазақстанда жалпы 3,5 млн. жуық қазақ болған деп межелеуге болады. Сондықтан Қытайдағы жарты млн. қазақтың алар орны мен салмағы айрықша болған.

Қалай айтсақта, 100 жылдың алдында Алаш арасытарының басты ұстаным болған қадау-қадау мәселелер біздің заманымызда да өз мәнін жоймастан тек басқа қырынан көрініс беріп отыр. “Басына күн туғанда әркім жақынын табар” -дегендей ел басына зобалаң келген, халық тағдыры қыл үстінде тұрған шақта елі үшін еңіреген ерлер алыс-жақын жанашыр қандастарына қара тартып, қарым-қатынас орнатуы ол заңды да, қажеттілік болған. “Көп қорқытады, терең батырады”-дейді халық даналығы. Осы өзекті мәселелер, егер қазақтың саны көбеймесе, әлі талай уақытқа дейін көкей кестілігін жоғалтпасы анық. Сол үшін шетелдердегі 5 млн.-нан артық қазақтың басын бір шаңырақ астына жинау аса маңызды әрі кезек күттірмес заман талабы.

Еліміз егемендігін алған жылдардан бері ата-жұртқа бір млн. нан астам қазақ көшіп келді. Бұл дегеніміз Қазақстан халқының кем дегенде 5 жылдық табиғи өсіміне тең. Бірақ мынау ұшқан құстың қанаты таларлық шетсіз далада әлемдегі барлық 18 млн. қазақты жинасақта тұтқа бола алмайтынымыз анық. Енді не істеу керек? Қазақтың санын жуық арада 70-80 млн.ға жеткізу мүмкін емес. Міне сан мен сапа мәселесі осы жерде туындайды. “Аз болса да саз”-дегендейін, әр қазақтың сапасы өте жоғары деңгейде болуы тиіс. Ағылшындарда: ағылшындар мақсаты биік, бірақ саны аз халық қой-деген ұлағатты сөз бар. Жер ауданы 243 809 км², халық саны 63 млн.-нан артық ел осылай деп айтса, жері одан он еседей үлкен, ал халқы саны керісінше одан әлде неше есе аз қазақтардың мақсаты ағылшындық мақсаттан сонша есе биік тұруы керек. Осындай биік өре мен кемелдікке кезінде Алаш арыстары жеткені даусыз, оған олардың барлығының сол кездегі ең жақсы оқу орындарын бітіргенін, түрлі саланың маманы екенін айтпаған күннің өзінде, жүректері иманға толы жандар екенін  Мұстафа Шоқайдың «Менің әріптестерім бұл дүниеде жасаған күнәсінің о дүниеде алдынан шығатынын біледі. Осындай адамдардың бар екеніне қуанамын» деп жазғаны айғақтайды. Яғни, сол заманның саяси тұлғалары иман мен ардың, обал мен сауаптың бар екендігін білген. Егер олай болмағанда, олар алаш партиясының: “«Алаш» бағытынан таймайтын, өтірік айтпайтын, жақындық туысқа бүйрегі бұрмайтын, дүниеге қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді” - деген қатал да, әділ екшеуінен өте алмас еді.

Осындай ұлы мұрат пен елін сүюдің асқақ үлгісін көрсеткен Алаш арыстары “Пішіні шар тәрізді домалақ жер қазақтың ата-мекені”- деп жанқиярлықпен сол кездегі Кеңес басшыларына қазақ даласының тұтастығын дәлелдеп, сақтап қалмағанда, Қазақстан Республикасы автономиялы республика болып құрыла алмас еді, олай болғанда, 1991 жылы өз тәуелсіздігін алуы мүмкін емес еді. Алаш үкіметі не бәрі 3 жылға жетер-жетпес өмір сүрсе де, үш ғасырға бергісіз ұлы істі тындырып кетті.

“Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс береді,”-деген Әлихан Бөкейхановтың айтқан сөзі тұтас Алаш арыстарының жүрек сөзі деп білгеніміз дұрыс. Олар өздеріне жүктелген тарих алдындағы ұлт тағдырының салмақты да, жауапты жұмысын жетер жеріне апарып тастады. Сол үшін де біз, Алаш рухын дәріптеп, құдіретіне бас иіп, алғысымызды айтып отырмыз. Ал тарих бізге жүктеп отырған ұлт мүддесіне қатысты кезекті жұмысты біз қалай жетер жеріне жеткізе аламыз? Кейінгі ұрпақ бізге алғыс айта ма әлде қарғыс айта ма? Міне, 100 жылдық мәселенің өзекті тұсы да осында жатыр.   

 

Қастер Сарқытқан

Абай атындағы ҚазҰПУ,

Елтану және туризм кафедрасының доценті

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір