• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 18:11:17
Алматы
+35°

(Басы)

V.  Нақты жағдай

Фон-Кауфманның баяндамасына байланысты жарыссөзге шыққандар көп болды. Министрліктің осы уақытқа дейінгі жер-жерде жүргізген жұмысын сынамағандар кемде-кем. Әйтсе де маған ұлттық аймақтардан сөйлегендердің сөзі айрықша маңызды көрінді. Мені әсіресе, мінбеге алғашқылардың бірі боп шыққан шешеннің – Вильно губерниясының депутаты Хоминскийдің:

–  Мектептегі оқыту жұмысында ағарту министрлігі саясаттан іргесін аулақ салса  деген тілек айтамын,  – дегені елең еткізді. 

Мен онысының мәнін парықтап үлгерер-үлгерместен, шешен:

– Халық ағарту министрлігінің органдары мектепке саясатты тықпаламаса екен, міне жұмысты осыдан бастау керек, – деп бір тоқтады.

Оған зал қол шапалақтап, қолдау көрсетті. Сонда ол сөзін былай сабақтады:

– Мен Вильно гимназиясында тәрбиелендім, басымнан кешкенді айтайын: біз, сол шақтағы гимназистер,  мектепке деген құрмет, сыйлау сезімінен біріміз қалмай ада болдық! Неге  дейсіз ғой? Себебі аяқ басқан сайын гимназияда біздің ұлттық сезімдеріміз тапталып,  біздің діни сезімдеріміз  жәбір көріп жатты. Мұғалімдер тарапынан! Ойлаңыздар, бұл – адал педагогикалық тәсіл болмаса керек.

Депутаттар тағы қол соқты. Оның одан арғы сөздері маған құдды біздің қазақ өмірінен ойып алынғандай көрінді.

– Халықтың бір ширегі ғана сауатты Россияда әркім өзінің қалаған тілінде оқығаны дұрыс, – деді ол, – әркім өз тілінде оқысын, тек хат танып, сауат ашса болғаны. Мәдениетті  іргетассыз қабыл алу мүмкін емес. Ал  іргетас дегеніміз – білім.  Егер мұндай ой назарға алынбайтын болса, онда реформа біткеннің бәрі қағаз бетінде қалады.

Сосын ол үкіметтің оқуды қаржыландыру дәрежесін сынады. Оны мардымсыз деңгейде екенін айтты.

Бұл жерде жеке бастамашылдыққа кең жол ашу керектігі көрініп тұр. Оған тосқауыл қоймау керек, ондай ниетті ынталандыру керек. бірнеше баланың ғана басын біріктіріп үйді-үйде оқыту ісін ынталандыру жөн. Ондай  әрекетті қуғындауды доғару керек. Рас, дәл қазір халық ағарту министрлігінің ықыласы көрініп тұрған жоқ. Сондықтан да – жеке бастамашылдықтың болашағы бұлыңғыр.

Бұл да бейне-бір біздің қырдың тыныс-тіршілігінен қорытылған пікір тәрізді әсер етті.

Сосын ол мәселенің Вильно аймағында қаржы-қаражатпен қалай тиянақталатынын әңгімеледі. Оның нендей мақсат көздейтініне ишара жасағандай болды. Мен оны айқын түсіндім, себебі, айтам ғой, бәрі тура біздің елдегідей елестеді...

– Солтүстік-батыс өлкеде поляк және литван  тілдерін гимназияларда оқытуға рұқсат берді, – деді шешен, – бірақ бұл іске үкімет көк тиын бөліп отырған жоқ. Ондай оқудың ақысын ата-аталардың өздері  төлесін деген талап қойып отыр.

Осындай хабарынан кейін ол империяның орыс мектептерінде француз және неміс тілін оқуға еш жерде қосымша ақы сұрамайтын, оған керекті ақшаны үкіметтің өзі бөлетінін тілге тиек етті. Сөйте тұра жергілікті халықтың балаларына ана тілін оқуына қаражатты оның өзінен талап етсе, онда мұны жергілікті халыққа деген немқұрайдылықтың көрінісі демегенде не дейсің. Ол бұл байламын күшейтіп қайталады: жергілікті халық өз тілін оқу үшін орта мектепке өз ақшасын төлеуге тиіс болса, қалай оны кемсітушілік демейсің!

– Менің байқауымша, – деді ол, – қазір мынандай бір тоқтамға барша жұрттың көзі жетті: балаға өзінің ана тілін білгізудің маңызы зор – ана тілі ұрпақты оқыту және тәрбиелеу, яғни оны сақтау мәселесіне жататынына бәрі сенімді.

Таврида күмбезі астында бек разы қолшапалақ тағы дүр ете түсті.

– Бізде «Білім беру» деген қоғам ұйымдастыруға рұқсат етілген. Оның жарғысы бойынша – қауымдар өз тілдерінде оқытатын мектептерін ашуына болады. Бірақ тым болмаса бір мектеп ашылып па? – Ол өзінің көкейтесті сұрағымен залға айнала қарады. – Неліктен жергілікті билік мектеп ашуға рұқсат етпейді? Киевте, мәселен, осындай қоғам тіркелді, бірақ ол мектепті былай қойғанда, бірде-бір оқу залын ашуға да рұқсат ала алмай отыр. Киевтен гөрі Подольск қаласында поляктар көбірек, міне сол жерде мектеп түгіл, оқу залы түгіл, қоғамның өзін ашуға рұқсат берер емес.

«Екіжүзді саясатқа тағы бір бір мысал, – деп ойладым мен, – үкіметтің сөзі мен ісінің арасындағы жер мен көктей айырмашылықтың империяның батыс өлкесіндегі көрінісі»...

– Міне сондықтан да маған түсініксіз, – деген сөздермен шешен әріптестеріне жағалай қарады, –  мен ештеңе ұға алар емеспін, – деп тағы қайталады. Сосын нені ұқпағанын жария етті. – Министрлік тарапынан осы мінбеден ең тамаша сөздер мен тілектер айтылды, бірақ іс жүзінде сондай әдемі сөздер мен тілектерге сәйкес  ниеттің біздің жақта исі де жоқ. Ең соңғы, су жаңа  деректі айтайын. Вильнода жұрт жекеменшіктен қаржыландырылатын  қыздар училищесін ашпақ болып еді, сол жөніндегі талап-тілек билік тарапынан жақында ғана кері қағылды. Ал фон-Кауфман мырзаның жайма-шуақ пікірін  әлгінде баршаңыз естідіңіздер...

Шынында, үкімет сөзінің сырты жылтыр, іші түтін келетіні әшкере болды білем. Бізде ғой, қазақша жаңа мектеп, медресе ашуға рұқсат бермек түгіл, бұрыннан істеп келе жатқандарының өзін жауып жатыр. Ашсаң – орысша аш дейді... Бақсам, мұндай озбырлықтарын билік орыс еместің бәріне жасайды екен ғой. Неткен жаппай жайлаған дерт...

– Министрліктің заң жобасы кемшілікке толы, – деп сөзін сабақтай берді Хоминский, – соған қарамастан, біз, поляк депутаттары,  Мемлекеттік Думаға бұл заң жобасын осы үшін құрылған мектеп комиссиясына беруді ұсынамыз. Мұның айрықша маңызды жоба екендігін ескере отырып, мен  өз басым Мемлекеттік Дума алдына мынандай ұсыныс-тілек білдіремін: комиссияға кіретін депутаттар саны көбейтілсе, шамамен елу бес мүше болса деймін.

Ортаңғы бөліктен қол шапалақталды. Онда біздің қазақ, өзге де түркі депутаттар, күллі  мұсылман фракциясының мүшелері отырған. Бұл олардың жүрегіне жақын ұсыныс еді. Өйткені сонда заң жобасын тікелей қарастыратын комиссияға өкілдерін енгізуге мүмкіндік молаятын.    

Сосынғы жарыссөздер кезінде елеулі қақтығыс бой қылтитты. Біртіндеп бітіспес текетірес, қарама-қайшы көзқарас аражігі айқындала берді. Мәселе Варшава губерниясының депутаты Гралевскийдің сөзінен басталды. Ол да әуелде үкіметтің жағымды сөзін:

– Халық ағарту министрінің бүгінгі сөзінің соңғы жағында жанға жағымды, жылы, прогрессивті нота шалқыды, – деп атап өткен.

Бірақ көп созбай-ақ оны сынауға көшті:

– Министрлік жаңа жолға – бастауыш білімді баршаға ортақ ету жолына түсіп отырған екен, ендеше, сонымен бір мезгілде ағарту ісіне жаңа мұғалімдерді жіберуге мүмкіндік беретін, оларды сабақ беру үшін мектептерге еркін тартуға кепіл болатын жаңа заңдарды да ұсынса керек еді, – деп бастап, сөзін түйдектей, қаһарлана жалғастырды. – Ал егер халық ағарту министрлігі мұғалімдік лауазымға кандидаттарды біліктілігіне қарай іріктеу ісінде бұрынғысынша Ішкі істер министрлігінің сүзгілеріне арқа сүйер болса, одан бас тартпайтын болса – онда ол елге қажет реформа жасай алмайды. Егер  ағарту министрлігі  болашақ мұғалімді сенім артуға болатын немесе сенім артуға болмайтын тұлға деп, іріктеуді сол тұрғыда жүргізу идеясынан бас тартпайтын болса, яғни мұғалімдікке кандидаттарды педагогикалық бейімділігіне қарай таңдау идеясын басшылыққа алмайтын болса – онда ол бұл мәселеге қанағаттандырарлық дәрежеде жауап беретіндей жағдайға жете алмайды.

Сосын үкімет мекемесіне қарай дәу тас лақтырды:

– Таза ғылым ісіне және бұқараға білім беру ісіне ішкі істер министрлігі неге қол сұғады? Бұл салаларда оның араласатындай не жұмысы бар?

Орталық орындар мен сол қанаттан қол соғылды. Оңшылдар үнсіз. Шешен айыптау сөзімен билікті одан әрмен түйреп қалды:

– Қағаз жүзінде – халық ағарту министрлігі, ал іс жүзінде ол – өз ішінде полиция департаменті жұмыс істеп тұрған ішкі істер министрлігі.

Тағы қол соғылды.

– Міне сондықтан біздің елімізде шпиондықтың мектептері жасалуда!

Осы кезде оңшылдардан шыдам кетті білем, жалтыр бас, қалың жалпақ сақалды депутат орнынан шалт көтеріліп, бар даусымен:

– Сіз байқап сөйлеңіз, – деп кіжіне айқайлады.

Тура  жанымнан Слава:

– Пуришкевич, – деп сыбыр етті. – Орыс халқы одағының серкесі...

– Мен мынаны естідім, мырзалар, – деді Гралевский оған көңіл аудармай, – Лонданда ұрылар мектебі бар көрінеді, алайда ол «Бод оф едюкейшн» ведомствосы құзырына қаратылмаған...

Слава маған ақырын түсіндірді:

 – «Board of Education» дегенде –  ағарту министрлігін айтады.

Залдың әр тұсынан қол соғу мен айқай-шу қатар шықты. Шешен даусын көтере сөйледі.

– Тыңдаңыздар, оқимын: «Заңды құқтары жоқ адамдардың сабақ беруі туралы»... – Басын көтеріп, залға жағалай қарады. – Мен мұның көбіне бастауыш мектеп мұғалімдерінен өзгелерге қатысты екенін сұрастырып біліп алдым. – Қайтадан қағаздан оқи бастады. – «Мұғалімдерге бұл мәселені қадағалап отыруды тапсырамын... құқтары жоқ бола тұра сабақ беріп жүргендер жайында маған шұғыл түрде хабар жеткізіп тұруды ұсынамын. Жіберілген ақпаратта осындай адамдардың аты-жөнін, фамилиясы және атағын, сондай-ақ балаларын, ата-анасын, оқу жүргізілген мекен-жайды  дәл көрсету керек...»

Оң жақтағы орындардан:

– Бұл өте дұрыс! Солай ету қажет! – деген дауыстар шықты.

Басы жалтыраған Пуришкевичтің әсіресе көзге түсіп, белсене даурығып отырғаны көрініп тұр. Төраға ескерту жасады:

– Сіздерден қатты өтінемін, мырзалар, орындарыңыздан сөйлемеңіздер...

– Жоқ, бұл дұрыс емес, – деп Гралевский басын дауыс шыққан оң қанатқа бұрды, – олай етуге болмайды, өйткені бұл мұғалімдердің шаруасы емес, бұл – полицияның ісі.

Қолшапалақ. Мақұлдаған – сол жақ пен орта тұс. Ал оң жақ наразы күңкілге басты. Біраз шу болды. Сосын халық ағарту министрі фон-Кауфман мінбеге шығып, Дума мүшесі Гралевскийдің сөзінде келтірілген деректерге байланысты анықтама берді.  Оны Пуришкевич бастаған оң қанат қатты қолдап отырды.

 

***

Тағы біраз шешеннен кейін сөз кезегі мұсылман-депутатқа тиді.

 Баку губерниясының өкілі, Бакудегі ресми орыс-татар, дұрысында орыс-әзірбайжан мектебінің  директоры Мұстафа Махмудов ашаң жүзі алабұрта, акценті басымдау орысшасымен, сөзін кадет ретінде бастады:

– Халық өкілі мырзалар, мен халық бостандығы партиясының ұсынысына толығымен қосыламын, – деді ол, – сондықтан да осы заң жобасын комиссияға жіберу жағындамын. Өйткені Мемлекеттік Думаның жалпы жиналысында бұл мәселе бойынша біздің түк шеше алмайтынымызды мен айқын ұғынудамын. Бірақ мен мына мінбеге осы заң жобасына қолдау көрсету үшін шығып тұрған жоқпын. Мен бірлі-екілі сөз айтып, сіздердің оң пиғылды назарларыңызды біздің, мұсылмандардың, халық мектептері мен мұсылман-мұғалімдердің жаппай бастан кешіп жатқан көңілсіз де жан ашырлық, тіпті жылағың келетін жағдайына аударсам деймін.

Оң жақтағылар жақтырмағандай қозғалақтай бастады.

– Халық ағарту министрі, мен де оны алғашқы шақта осылай атай тұрайын... – оның бұл сөзіне сол қанат дүр етіп қол шапалақтады, – ол өз сөзінде барлық халықтарды, олардың пайыздық үлестерін  санамалап  атап өтті, бірақ сонымен бір мезгілде жиырма миллиондық мұсылман халқын ауызға алмай, үнсіз аттап кетті. Шамасы, мұсылман жұрты хақында қолындағы жазбада көрсетілген сауаттылықтың пайыздық  үлесі үшін ұялған болу керек.

– Рас! – деп қалды біреу  орта орындықтардың арт жағынан, алақанын шартылдата соғып.

Маңынан оны қолдаған қолшапалақ естілді.

– Мен бұған сенімдімін, мен бұған сенімділіктен де артық сенем, – деп нығарлап жатыр Мұстафа, – министрді ар-ұят сезімі тежеді, әйтпесе ол жиырма миллиондық мұсылман жұртын үн-түнсіз, құдды өмірде жоқ тәрізді, ұмыт қалдырмас еді.

Сыпайы айтты, көкейдегіні дәл жеткізді.

– Сөзім жалаң болмас үшін, мен сіздерге сексенінші жылдардан бастап қазіргі таңға дейін, яғни осынша уақытқа созылған кезең ішінде халық ағарту министрлігі тарапынан бізге, Россия империясының мұсылман халқына қатысты байқатылған қарым-қатынасты сипаттап беруге тырысайын.

Зал елең ете қалғандай болды. Тым-тырыс құлақ түру.

– Мынадан бастаймын, мырзалар... – Мемлекеттік Дума мүшесі әріптестеріне сынай көз тікті. – Халық ағарту министрлігінің көз алдында – біз, мұсылмандар, біз, мұсылман мектептерінің мұғалімдері, қыз-келіншектерден де төмен тұрамыз...

Жұрт ду күліп жіберді. Күлкі толастай бере:

– Орта оқу орындарында сабақ беруге оқушы қыздардың да құқы бар, – деді ол. Атап  айтпағанмен, орыстың оқушы қыздары дегісі келгені баршаға түсінікті-тін. – Ал мұсылман мұғалімінің орта оқу орындарында қызмет етуге қолы жетпейді, оған ондай құқ берілмеген.

Қолшапалақ. Бірқатар депутат оның осы мәселені ашып айтқанына разы.

– Енді осыдан-ақ біздің жағдайымыздың қандай екенін біле беріңіздер. – Махмудов күрсінді. – Бізді, мұсылман мұғалімдерін қайран қалдырып және таңырқатып, көзбе-көз оқшаулап отыр. Мұның  ұяты халық ағарту министрлігіне. Мырзалар, бүгін әсем сөйлеп тұрған министрлік бүгінгі дейін бізді адами мәртебеден айырылған, халық ағарту саласында қандайда бір жағдайға ие болу хақынан жұрдай етілген айрықша кастаға бөліп тастады.

Мен ынтыға тыңдап отырмын. Ішімнен: «Министрлік мұсылман мұғалімдерін тұйық қоғамдық топқа бөліп тастады... Елеулі айыптау!» – деп ойладым.

Оң қанаттан наразы күңкіл естілді. Арасынан Пуришкевичтің:

– Мынау не тантып тұр? – дегені анық естілді.

Депутат Мұстафа Махмудов оны тағы елеусіз қалдырды.

– Мұсылман халқы арасындағы халық мектептері мәселесіне көше келе, бір ғана нәрсені айтқым келеді, – деді ол дусын көтере түсіп. – Россия империясының барша бөліктерінде жұрт жергілікті тілде оқытатын халық мектептерін ашу жөнінде өтініш айтып, айқайға басып жатқанда – осы бір бастамашыл министрліктің мұсылман жұрты арасында салған халық мектептері   бостан бос, қаңырап тұр, неше жылдан бері толмай жатыр. Неліктен бұлай деген сауал туатыны анық. Ойлаңыздаршы, неге бұлай? Бұл түсініксіз жәйт, қызық жәйт, солай емес пе?  

Зал тым-тырыс.

 – Мен мына жәйтті сеніммен айтамын: бұл тек менің жалаң мәлімдемем емес, бұл – жер-жерде орын алып отырған факт. Мұның растығы жайында халық ағарту министрінің өзі де мәлімдей алады. Сонымен, туземдік халық арасында, туземдік мұсылман халқы арасында неліктен министрліктің мектептері қаңырап бос тұр? Олардың бос болатын себебі – министрліктің сол мектептерінен ел санасындағы киелінің бәрі, бұрын ғасырлар бойы жұртшылық діліне сіңісті болған барша қастерлі, адамдық қасиет түгелімен аласталған! Ағарту министрлігінің мектептерінде қасиетті ештеңе қалдырылған жоқ.

– Жала! – деді оң қанаттан тақыр басы жалт ете қалған Пуришкевич  дауыс көтеріп.

Бірақ оған құлақ қойған ешкім жоқ, зал ішін негізінен сол қанат пен ортаңғы орындардан шыққан қолшапалақ көміп кетті.

– Сөзім жалаң шықпас үшін, мен тағы мыналарды қосып айтсам деймін... Біліп  қойыңыздар, мырзалар: бізді, мұсылмандарды,    мұсылман шәкірттерін күні кешеге дейін – азаттық қозғалысының соңғы жылдарына дейін – барлық оқу орындарында қуғындап, карцерлерге қамаумен болды, қит етсек  аяусыз жазалады, тіпті мереке күндергі тиісті демалысымызды бермеді. Не үшін дейсіздер ғой, мырзалар? Тек қана біздің табиғи болмысымызды сақтағанымыз үшін. Арамыздағы  біреу-міреу абайсыздық байқатып, өзінің діні бір, тілі бір жолдасымен өзінің туған тілінде сөйлесіп қалғаны үшін...

Оң жақтаға пысқырынған Пуришкевичтің қатарынан қайқы мұртты арық сары, сұйық шашты жігіт орнынын жұлқына тұрды. Даусын  көтере, жақтырмаған үнмен: 

– Құлақ салыңыз, қымбаттым! – деп айқайлады. – Егер сізді тек қана орыс тіліне оқытқан болса, онда неге сіз осынша тіліңізді бұрап, орысша нашар сөйлейсіз?

Баспасөз ложасында отырғандардың бірі оны танып, ақырын үнмен таныстырды. Шульгин. Оңшыл. Волын губерниясынан келген помещик. Шульгин тағы бірдеңе айтпаққа тамағын кеней беріп еді, қасындағысы оны жеңінен тартып:

– Василий Витальевич, тыныш, жәйірек, – деді.

Ашаң жүзді Мұстафа Махмұдов Василий Витальевичке кеңпейіл ұстаз кескінімен бір көз тастады да, басқаша көңіл бөлмей, сөзін сабақтай берді:

– Халық ағарту министрі, айтпақшы, Думаның қарауына ұсынған өзінің заң жобасында мұғалімнің жалақысын өсіретіні жайында айтты. Мұғалімнің  қызметін көтеру құралы ретінде, оның қызметінің жемісті болуын қамтамасыз ету құралы ретінде солай етпек. Мырзалар, мен оған былай дер едім: нағыз халық мұғалімі сегіз сомға да қызмет етті, өз парыздарын сегіз сом еңбекақымен де адал атқарды. Күмәнім жоқ, олар жиырма бес сомға да тап солай адал қызмет етеді. Бірақ, министр мырза,  сіздің жобалап отырған үстеме ақыңыз оларды жаңа рухани бұғалықтан құтқара алмайды, халық мектептерін және халық өмірін жандандыра алмайды. Рас, жалақы маңызды, бірақ олар оқу орындарында еркін ой түю мүмкіндігіне мұқтаж.  Оларды  бұғаудан тек қана еркін ой түюге еріктілік азат етуі ықтимал. Оларды  кемінде – жеке бастарында дербес ойлау мүмкіндігі болуы ғана құтқара алады.

Оңшылдардан басқасы ризашылықпен қол соқты. Одан әрі депутат Махмұдов:

– Поляк колосы өкілінің жабырқаңқы ахуал туралы айтқаны, оның таза саясатқа қатысты жағдай туралы мәлімдемесі, оқу ісі бастықтарынан түсетін таза саяси қағаздар жайындағы мәлімдемесі тым-ақ сұмдық жәйттер, – деді.

Сосын, әліптің артын бағып тына қалған ойлана қарады да:

– Алайда,  қанша сұмдық болғанмен, туземдік халықтар арасындағы тузем мектептерінде көрініс тауып жүрген масқаралар қасында олар кәдімгідей-ақ солғын тартып қалады, – деп бастап, бұдан бұрын фракцияда пікір алысылғандағыдай, күллі мұсылман жұртының, соның ішінде өзіміздің қазағымыздың да көріп отырған рухани қыспағын Дума назарына бар даусымен екпін қоя жеткізді.

– Мен әлгінде айттым, туземдік мұсылман мектептерінен қасиет тұтатынның бәрі, балалардың туған тілі, ана тілі аластатылған дегенді айттым. Ал енді сіздер мұсылман халқы арасындағы бастауыш мектептерден бұл министрліктің ана тілін аластауының, іс жүзінде балалардың туған тілін сауат ашу майданынан қуып шығарудың  қандай нәтиже беріп отырғанын білемісіздер?!

Депутаттар  тым-тырыс. Ол сәл тыныстап, залды айнала шолды, сосын:

– Туған тілді аластау салдарынан мектепке «мылқау әдіс» деген оқыту тәсілі енгізілді, –  деді, –  бұл әдіс бойынша, мұғалім әлдебір ұғымды шәкіртке қайтсе де орысша түсіндіруге тиіс. Кейде ол, халық мұғалімі, күлкілі жағдайға түсіп қалады. Мәселен, «ит үреді» дегенді ұғындыру үшін ол сынып бөлмесінде ит секілді  үруге тиіс болады, сосын оқушылардан: «Қане, мен не айттым?» –  деп сұрайды...

Дума залының әр жер-әр жерінен:

–  Браво! – деген дауыс шықты.

«Мылқау әдіс» талайын күйіндіріп жүрген екен. Қол соғылды.

– Мұның масқарасы сол, ұстаз өзінің сағат бойы азаптануының оң нәтижесін де көре алмайды. Ал  шәкірттер сыныптан «мұғалім ит тәрізді үреді» деген әсермен шығады.

– Рас! – деді әлдекім сол жақтан.

– Халық ағарту министрі комиссияға үлкен үміт артатын сияқты. Оны сайлауға Дума да білек сыбанып дайын отыр ғой. Егер комиссия сайланар болса, ал Дума, әрине,  оны  сайлайды да, – онда билік ұсынып отырған мына заң жобасының баршасынан сыртқы қабығы ғана қалатынына мен сенімдімін.  Өйткені мен және біз бәріміз өзіміздің ащы тәжірибемізден анық білеміз – халық ағарту министрлігі осы жобада белгілеп сұрап отырған сома ешқашан өзінің тікелей мақсатына жұмсалмайды. Яғни  бөлінген қаржы  халыққа білім беруге шығындалудың орнына, тап сол министрліктің шартына сәйкес, оқу орны жанынан қайдағы бір кір жуатын шаруашылық ашуға жіберіледі.

– Рас! – Орта тұс пен сол қанаттан әркім дауыстап қол соқты.

Сосын шешен жалпы мұсылман ішіндегі оқу-ағарту жұмысына үкіметтің немкетті қарайтынына дәлел келтірді:

– Орыс мемлекеті Закавказьеде жылына полиция күзетін ұстауға 2 миллион 361 мың 460 сом шығындайды.  Ал  осындағы халыққа білім беру ісіне бар болғаны 114 мың сом береді. Орыс мемлекеті Закавказьеде абақты салып, оны ашып, ұстауға, тұтқындарды қамау  орындарына тасу шығынына жылына 102 мың 646 сом жұмсайды.  Бұл  ағарту саласына бөлетін 114 мың сомнан сәл ғана кем.

Зал бұл деректерді де түсіне қабыл алды. Мұстафа сөзін былай түйіндеді:

– Халық ағарту министрлігі ұсынып отырған заң жобасы тек жалпыға ортақ бастауыш білім беру жайында ғана айтады. Бізді, закавказдықтарды, бұл жәйт қанағаттандырмайды. Біз жалпыға ортақ бастауыш білімді «міндетті түрде» беру жайында сұраймыз.

«Бұл біздің де тілегіміз ғой», –  деп ойладым мен.

– Біз мұны өз уақытында, осы мәселе бойынша Мемлекеттік Дума сайлайтын комиссияға өз заң жобамызды енгізе тұрып айтатын боламыз.

Сол қанат, ішінара ортаңғылар да қол соқты. Содан кейін Мұстафа Махмұдовтың сыншыл сөзін басқа шешендер де іліп әкеткендей болды.  Эриван (Ереван) губерниясының депутаты Сиракал Тигранян қырбық мұрт, шоқша сақал, қысқа шашты жас жігіт екен, мінбеде залға тік қарап тұрып:

– Үкімет халық мектептеріне ағарту және мәдениет құралы ретінде қарамайды, керісінше, халық рухын құлдыққа түсіру құралы ретінде қарайды, – деп тартып жіберді, – бүкіл халықты құлдыққа түсіріп,  экономикалық және саяси езгіге салу ісі негізделетіндей, езіп-жаншу, құл қылу құралы ретінде қарайды.

Сол қанаттағылар ду қол соқты. Оң қанаттан Пуришкевичтің:

– Сандырақ! – деген дауысы шықты.

Тигранян шапшаң жауап қайтарды:

– Оңшылдар үшін бұл – сандырақ, ал халық үшін бұл – өмір қажеттігі.

Сол жақ тағы қол шапалақтады.

– Халық ағарту министрлігі әрдайым  ішкі істер министрлігінің құдды бір айрықша бөлімшесі тәрізді болып келді. Сондықтан да өзін  мектептерде ішкі істер министрлігіне, басқаша айтқанда, полиция министрлігіне жағатын жарлықтар мен нұсқауларды жүзеге асыруға міндеттімін деп санады. Мектеп ведомствосы – педагогика ведомствосы емес, ол әрқашан полиция ведомствосы тәрізді қызмет етті. 

Оңшылдардың бірі әлдене деп ысылдап қалды, оған ешкім құлақ асқан жоқ. Құлақтары мінбердегі шешенде.

– Бюрократиялық үкіметтің конституция жағдайында тіршілік ету кезеңі бойында осы уақытқа дейін халық ағарту министрлігі бірде-бір рет мектепті реформалаудың кеңінен ойластырылған жобасын ұсынған емес. – Шешен сеніммен, нық сөйледі. – Бірінші Мемлекеттік Думаға министрліктің енгізгені  тек әлдебір оранжереялар мен кір жуу үйлері жөніндегі мәселелер еді. Елдегі мектеп ісінің жай-күйін жақсартуға қатысы бар дегендерінің бары сол болатын. Ал бүгінгі таңда, көптеген ұсақ заң жобаларының ішіндегі біршама көңіл аударарлығы, біршама құндысы осынау бір ғана заң жобасы – жаппай оқытуды енгізу туралы заң жобасы болып отыр.  Бірақ егер жаппай оқытуды енгізу шынымен ірі шаруа болса, онда мектептің санын көбейту өз алдына, бұдан басқа, олардың жұмысын жақсартуды ойлау қажет.

Жақсарту тілейтін бір саланы депутат Тигранян былай түсіндірді:

– Оқушы бойындағы жеке өзіне тән қабілетін, өз бетінше жұмыс істей алатынын, ойлай білетінін байқатса – қуану керек емес пе?! Алайда, ондай жақсылықтың көрініс табуының кез-келген түрін министрлік тәртіпке қарсы тұрушылық әрекет деп бағалайды және оны жазалау қажет деп санайды.

Сол жақтан қолшапалақ естілді.

– Шет аймақтың бірінің өкілі ретінде мынаны айтпай кете алмаймын, – деді одан әрі шешен. – Өзге тайпалар мен өзге діни ұстанымдағы халықтар арасында ашылған үкімет мектептері не бітіріп жүр? Дума білсін мұны! Олар ағартушылық мақсатты алдарына тікелей атқаруға тиіс міндеті етіп қоймаған. Олардың бірден-бір көздегені – миссионерлік жұмыстар жүргізу, олар  алдарына күллі өзге тұқымның балаларын тезірек орыстандыру мақсатын қойып отыр. 

Залды  гуіл керней жөнелді. Шешен оған назар аудармай, ойын сабақтай берді.  Ал сондай әрекеттердің салдары сол, ақырында, шет аймақтардағы оқу бастықтарының өзі  ағарту мектептерінде оқу жоқ, олар  мүлдем азғындап кетті деген қорытындыға келуде көрінеді. 

– Оқу орындары орыс тілінің курстарына айналды, – деп, пайымын айқындай түсті. – Осы курстардың ашықтан-ашық көздеп отырған мақсаты – бір жағынан, туземдіктерді оларға бейтаныс орыс тіліне оқыту, ал екінші жағынан, мектеп пен қоғамдық өмірден туған тілді, ана тілін түрлі жолмен аластау. Осында империяның барлық шет аймақтарындағы үкіметтік мектептерде қолданылған әлгі мылқау әдіс жайында айтылды. Бізде, Кавказда,  үкіметтік ресми педагогтар осы әдісті ғылыми тұрғыдан дәйектеуге тырысты.

Жұрт демін ішіне тартты.

– Олар  бұратаналарды орысша сөйлеуге үйрету үшін балаларына бірден сол бейтаныс орыс тілінде сауат ашқызып, тек орыс тілінде оқыту қажет дегенді ғылым жолымен дәлелдемек болды. Мұндай теорияның педагогикадан гөрі саясатты көздеген теориялық танту екені, әрине, айқын. Алайда осы тантыма-теория іс жүзінде туземдік халықты ешқандай да орыс тіліне іс жүзінде үйреткен жоқ, қайта, туземдік халықтың бойына үкімет тіліне, бөтен мектепке деген ашу-ыза теліді.

– Бекер!

– Рас! Браво!

Солшылдардың разылығы мен оңшылдардың наразылығын туғызған осындай сөздерді басқа депутаттар да сөйледі. Самара губерниясының депутаты Вознесенскийдің де кей айтқандарына қатысты ызалы үн қатулар естілді. Әсіресе ол:

– Земство мектептерінде дінбасылар діни заңды үйретушілерден гөрі, көбіне, ряса киген жандармдар кейпінде танылды, – дегенде, оң жақ қатты шулап қоя берді.

Православиелік дін қызметкерлерінің киімімен жандармерияның қызметін атқарған мұғалімдер жайындағы ақпарат кейбіреулердің намыстарына тиді.  

Оңшылдар  арасынан  бізге әбден танылып қалған жалтыр бас Бессарабия депутаты қою дауысымен: 

– Бұлай деу ұят, – деп зілдене үн қатты.

Оған ыға қоймаған шешен мінбеден рясалы мұғалімдерді әшкерелей түсті:

– Олар тіпті земство мұғалімдерінің жеке өміріне  де терең бойлап кіріп алуға тырысты. Сөйтіп олардың оқытушылық қызметінде кездесетін жәйттердің оғаш көрінетін баршасын, үкіметтік қолданыстағы көзқарас ауқымына сәйкес келмейтіннің бәрі жайында инспекторларға жедел хабарлап тұрды.

Пуришкевичтің одан әрі тыңдай беруге төзімі жетпеді білем, басы жалтырап, жалпақ қалың сақалын ызалы кескінмен көтеріп қалды да,   алдындағы үстелді тықылдатты. Артынша оның сөзін бөліп дауыс көтерді:

– Он минут өтті.

Оң қанаттан шыға берген ерсілікке Дума төрағасы Головин мейлінше шыдамдылық танытты. Бессарабия депутатына қарай қасқа басын бұрып, оны сыпайы жолмен тәртіпке шақыруға тырысты.

– Ғафу өтінем, – деді оған, – сіз төраға емессіз.

Төрағаны қуаттаған дыбыс естіліп, қол соғылды. Пуришкевич міз бақпай:

– Шешен уақытын тауысты, – деп қайталады. –  Мінбені босатсын.

Сол жақтан біреу сабырлы үн қатты:

– Мынаны тәртіпке шақыру керек. Оны әрмен әкетіңізші, тілеуіңізді бергір.

Вознесенский сөзін жалғастыруға тырысты:

– Өзім сабақ беруге тура келген үшінші мектеп жайында айтайын... бұратана мектебі... неміс мектебі... үкіметтің қолындағы тамаша мүмкіндік әлдебір зорлық жасау қаруына айналған, оны пайдаланғанда – сауатсыз баланы ана тіліне емес, күштеп орыс тіліне үйретеді.

Қолшапалақ. Тағы Пуришкевич тақтаны тақылдатып:

– Мынаның тіліне дизентерия жұққан екен, – деп айқайлады.

–  Пуришкевич мырза, – деді Дума төрағасы, – мен сізді мәжіліс залынан шығарып жіберуге ұсыныс жасауға тиіс болам.

– Солай етіңіз, өтінеміз, – деді сол қанаттан әлдекім.

Оларға алаңдамай, депутат Вознесенский тағы да сөзін жалғастыруға тырысты. Оңшылдарға қасақана, жігерлене сөйледі:

– Енді өздеріңіз көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші, мырзалар.  Мәселенің  осындай ахуалын және орыс мұғалімінің туземдіктер ортасындағы күйін, тап болған жағдайын  ойлап көріңіздерші. Мектептерде біздің министрлік жүргізбек болып отырған осы бір орыстандыру әрекетімен біз тек қана жергілікті тұрғындардың шектен шыққан ашу-ызасына ғана қол жеткіземіз. Бізді олар бірінші күннен-ақ тас лақтырып қарсылаған.   Олар  бізді балағаттап, қадам басқан сайын жек көретінін сездіріп,  сөгумен келеді. Өйткені біз олардың рухи тыныс-тіршілігіне бұғалық салушы, туған тілін езіп-жаншушы болып шықтық.

Мінберде тұрған – туземдік бұратаналардан емес, кәдімгі орыс еді. Өзімізге жақын, түсінікті, жан-дүниесі әділдікке мойынсұнған орыс болатын. Осы орыс-депутат биліктегі озбыр-әкім-орыстың арам пиғылын әшкерелей түсті:

– ...Біз тіпті де халық мұғалімі емеспіз, бізді ағарту ісін  ілгері дамытушы деуге болмайды. Біз  мүлдем ондай емеспіз, біз азаптаушы болып табыламыз. Өйткені біз туземдіктердің балаларының жан-дүниесін мүгедектендіріп жатырмыз.

– Рас, браво! – деген айқай естілді.

Оны жұрт мінбеден ду қол шапалақтап шығарып салды.

 

VI. Текетірес

 Шудың көкесі Уфа губерниясының депутаты Қалиулла Хасанов сөйлегенде орын алды.

Ол отызға тола қоймаған жігіт еді. Қазан татар мұғалімдер семинариясында білім алып, орыс-башқұрт бастауыш мектебінде мұғалім болған екен. Жақсы маман ретінде көзге түсіпті. Революцияның алғашқы жылы жергілікті мұғалімдер одағын құру жайында бастама көтерген. Жерлестері арасында құрметке бөленіп, сол 1905 жылғы желтоқсанда Мәскеуде болған мұғалімдер мен халыққа білім беру қайраткерлерінің күлліресейлік съезіне қатысқан. Оны  съезге болыстық бастауыш мектептер мұғалімдерінің жиналысы делегат етіп сайлаған көрінеді.

Оқу мәселесін тереңнен білетін қайраткер. Ал Думаға үйездік шаруалар куриясы бойынша сайланыпты. Шаруалар жайын ағарту мәселесінен кем ойламайтындығына жұрттың көзі жеткендігінен болар. Қатардағы еңбекшілердің жайын жақсы білгендігінен де, Думаға келгеннен соң ол көп ұзамай пікірлестерінің басын қосып, Мұсылман қызмет тайпасы деп аталатын бірлестікті – мұсылмандардың еңбек тобын құрушылар қатарында жүрді.

Олар алтау еді. Бәрі де: «Мұсылман жұртын шын мәнінде жаңғырту үшін барша бұқараның қамын ойлау қажет, ал мұсылмандар фракциясы тек байлардың мүддесін қорғайды», – деген көзқарас ұстанатын. Сол көзқарасқа сай, кей-кейде негізгі фракция мүшелерімен  айтысып та қалатын.

Бірігетін тұстары да бар. Әсіресе оқу мәселесіне қатысты олардың көзқарастарында айырма болмайтын. Балаларға кешенді түрде зайырлы білім беру орайындағы пікірлері өте ұқсас. Олар да кешегі үшінші мұсылмандар съезі қаулыларын қолдайды. Мақсаттары – кезінде әйгілі миссионер-ағартушы Ильминский жасаған, бүгінде кең таралған орыс-бұратана мектебіне бәсекелес етіп, жергіліктілерге тиесілі  өз мектептерін ашу, сөйтіп, балаларды  ана тілінде оқыту. 

Осы топтың «Дума» деген атпен шығып жатқан газетін депутат Қалиулла басқарады.  Газетке белсене атсалысып, идеялық ықпал жасауға тырысып жүрген Аяз бен Фуат сынды жас ақын-жазушылар бар. Үшеуінің  пікірі әрдайым жарасып, «Мұсылман хизмет тейфасы» тарапынан қолдау тауып жатады, әрі Думадағы Еңбек тобы фракциясымен үндесіп тұрады. 

Ал ағарту министрі білім беруге байланысты заң жобасын Думаға ұсынады, сол жайында баяндама жасайды дегенде – олар, дегенмен, бұл реттегі жалпы ұстанбақ бағытты мұсылмандар фракциясында ақылдасты.

Міне енді оған түркі-мұсылмандар ішінен бірінші боп мінбеге шығу пұрсаты берілді. Ол  сөзінің біссімілләсінде:

– Халыққа білім беру мәселелерінің баршасы да өте маңызды екеніне дау жоқ, әсіресе бұл бізге – мұсылмандарға айрықша мәнді және басқа бұратаналар үшін де маңызы зор, – деп бір түйіп қойды.

Сосын тамағын кенеп алып:

– Мен Мемлекеттік Думаны Уфа губерниясындағы орыс-башқұрт мектептерінің жай-күйімен таныстыруға тырысайын, – дей бергенінде, оң жақтан сөзін бөліп:

– Жетпегені сол еді, – деген құлаққа үйреншікті  наразы дауыс естілді. – Танысуға біздің құлқымыз жоқ, қымбаттым.

Сол-ақ екен, оң және сол қанаттардың әр тұсынан оны бірі қуаттаған, енді бірі жазғырған түрлі одағай дыбыстар шығып қалды. Мінбедегі шешен сәл-пәл тосыла тұрып қалды да, артынша сөзін сабақтай жөнелді.  Оларды  құлағына ілмей, әр сөзіне екпін қоя:

– Тыңдаңыздар, мырзалар, мектеп ашу құқы халық ағарту министрлігінде емес, – деп  жалғастыра берді, – мектеп ашу құқы – ішкі істер министрлігінде.

Зал сап тынды. Мемлекеттік Дума мүшесі Қалиулла Хасанов ішкі істер министрлігінің жергілікті буындары арқылы жүзеге асырып отырған саясатын өзіне мәлім дерек арқылы түсіндіруге кірісті.

– Егер башқұрт халқы земстволық жиналыстарында үкіметтік мектеп ашуға рұқсат бермейтін қаулы шығарса,  онда сол земствоның қайраткерлерін түрлі желеумен қамауға алып, айыппұл салады, түрліше жазалайды, – деді ол.

Сосын башқұрт ішіндегі мемлекеттік ағарушылықтың қазіргі кезеңінде атқарылып жатқан  істерді сынай сөйледі:

– Үкімет жұмысшы мектептерін белгілі мақсаттарына жету үшін ашып жатыр. Бұл істің бастамашылары қашаннан Победоносцевтер, Ильминскийлер және солардың компаниялары болып жүрген.

 

***

Депутат Хасанов үкіметтің жұмысшылар үшін  ашып жатқан м

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір