• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:44:27
Алматы
+35°

28 Сәуір, 2019 Сұхбат

Берік Жүсіпов: Театрдың бақ жұлдызы көрермен арқылы жанады

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Берік Жүсіповпен сұхбат.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, халықаралық ТҮРІКСОЙ-дың «Мұрагер» сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты,  доцент, ҚР Президентінің, РФ Мәдениет министрінің Құрмет грамоталарының иегері, фольклортанушы ғалым, ғылыми-танымдық мақалалардың, «Мырзастағы жыр мектебі», «Жиделі-Байсын күйлері», «Күретамыр», «Жырдария», «Ойтұмар», Сүлейлер», «Адырна», «Тұлпар ізі жоғалмас» атты кітаптардың, бірнеше монографиялардың авторы, этномузыкатанушы, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Берік Жүсіповпен әңгіме-сұхбатты оқырман назарына ұсынады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

–Берік аға, жаһандану дәуірінде дәстүрлі өнерді дәріптеуге келетін «Алатау» дәстүрлі өнер театры көрермендерінің деңгейін қалай бағалар едіңіз?

– Қай заманда болсын, өнердің бақ жұлдызы тек сауатты тыңдаушымен (көрерменмен) ғана жанатынын, бұл үдеріс болашақта да сол өреден табылуға тиіс екенін ұмытпауымыз керек. Ол аз десеңіз, тыңдаушының айтушыға қарағанда (немесе көрермен актермен салыстырғанда. – Б. Ж.) сауаттырақ болуы тиіс екені жазылмаған дала заңының бірі.

Өзің айтып отырған жаһандану дәуірінде қай нәрсенің болсын бәсі базар нарқымен өлшенетіні айтпаса да түсінікті. Ал деңгейдің өлшемі белгілі бір дәстүр мен оның заңды жалғастығы бар жерде анықталады. Өкінішке қарай, біздің жұрт ізгі дәстүрлерінен шылбыр үзіп алуға жақын тұрған халықтардың қатарында.

Әрине, «Алатау» дәстүрлі өнер театры аузын қу шөппен сүртіп отырған жоқ, соңғы бір жылда жасалған тынымсыз еңбек нәтижесінде қазір театрымыздың өз көрермені қалыптаса бастады. Несін айтасыз, бұл өнер ордасы еліміз егемендік алған алғашқы жылдары ашылғанда, санасына ұлт мұрасын теңдеген өнерпаздардың бүгінде мұртын балта шаппас еді. Алайда бұл күнімізге де шүкіршілік етуіміз керек. Сондықтан біздің көрермендеріміз енді ғана қалыптасып келеді, әзірге ықылассыз да емес сияқты, әрбір іс-шара сайын театр залында осының лебі сезілетіндей.

– «Алатау» дәстүрлі өнер театры Қазақстандағы алпыстан аса өзге театрлардан қандай ерекшелігімен оқшаулынып тұр деп ойлайсыз?

– Мынау бір тұтқиылдан түсіре салғандай салмақты сұрақ екен, қарындасым. Әрине, біздің басқа театрлармен салыстырғанда ауыз толтырып айтатын ерекшелігіміз болмаса несіне «Алатау» атын жамылып отыр деп ойлайсыз? Біз сапа жағына ерекше мән беретін көпқырлы өнер ордасының қатарындамыз. Көпқырлылық – басты ерекшелігіміз!

Бұл Елбасының идеясымен ашылған, кешегі поссоветтік кеңістіктен кейін осындай атау иеленген әзірге жалғыз театр. Алматы қаласының әкімі, ұлтжанды азамат Бауыржан Байбек мырзаның да театрымызға деген ықыласы ерекше. Соңғы бір жылдағы басты жаңалығымыз: фольклорлық-этнографиялық ансамбль, бишілер тобын, актерлар труппасын аштық, «Алатау алабында» деген брендтік атаумен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен бірлесіп фестиваль өткіздік, ХХ ғасырдың Гомері атанған жыр алыбы Жамбыл өмірінің кейбір кезеңдерін қамтитын «Жыр-жолбарыс» атты тырнақалды туындымызды сәтті сахналадық. Бұл музыкалық-философиялық драма көрермен тарапынан өте жылы қабылданды.

Біздің театр Қазақстандағы барлық дәстүрлі ән, жыр, күй мектептерінің басын біріктіріп, өлкелік ерекшеліктерді сақтай отырып оны кәсіби түрде насихаттап, ғылыми-танымдық әрі заманауи бағытты ұстанып отырған бірден бір ұжым. Ерекшелігіміз көп, көзіқарақты көрермен оны өзіндік машық-мәнері айқын алғашқы қойылымымыздан-ақ да аңғара бастады. Алайда басты ұранымыз: дәстүр, бізді өзге театрлардан оқшаулап тұрған да осы ұлттық өнер...

– Сіз үнемі тынымсыз ой еңбегінің үстінде жүретін адамсыз, қызмет тұтқасын ұстап отырмын демей құнды ғылыми ойларыңызбен бөлісіп, қажет жерінде өткір әлеуметтік мәселелерге де үн қатып отырасыз. Қалай ойлайсыз, театрда өтіп жататын қыруар жұмыс күндеріңіз мінез-құлқыңыздың, жан-дүниеңіздің өзгеруіне ықпал етті ме?

– Мынау көп журналистен есіте бермейтін ойлы сұрақ екен, жаным. Өз басым қысқа күнде қырық түлемеген адамнан зор үміт күте бермейтін қазақтың қатарындамын. Ет пен сүйектен жаралған пенде рухани жетіліп, кемелдене түсу үшін бүгінгі ойына ертең мүлдем тың дүние үстемелеп, оны үнемі ел игілігіне жеңдіріп отыру керек деп ойлаймын.

Өзің айтып отырған жан-дүние мен мінез-құлық мәселесін біріктіріп те, бөле-жарып та қарастыруға болады. Алла бетін әрі қылсын, меніңше адамның жан-дүниесі ерекше күйзеліске түсіп кетпесе, өзгеріп кетуі екіталай. Ал мінез деген шіркініңіз құбылмалы, белгілі бір көңіл-күйдің ықпалындағы неме ғой. Айналадағы қоғамдастардың әсеріне байланысты кейде мінездің жиі құбылып отыратын сәттері болады. Алайда біздің әуелгі табиғатымыздың тасасында тұрған мінездің артында зіл жоқ, керісінше, жадырап шыға келетін шуақты сәттері көп, қалқам.

Мінез – адамның қолқуыршағы сияқты, оны ретін тауып тәрбиелеуге болады. Осы жағына ерекше мән беремін, алайда талжібектей есіліп тұрған майдақоңыр мінез біздің туабітті табиғатымызда тапшылау. Мүмкін оның сырын өскен жер, торқалы топырағымыздан іздеу керек шығар.

Өзгермедім деп айта алмаймын, әжептәуір өзгердім. Бұрын барынша аңғал болсам, бүгінде тым секемшілдеумін, жұрттың бәріне сенуге тырысатын ағаңның қазір өзге түгіл өзіне де сенгісі жоқ. Ал жан-дүнием сол баяғы аңғал-саңғал, астан-кестең қалпында, оны өзгерте алмадым, сол жердің тетігін табу қолымнан келмеді...

– Шымылдығының түрілгеніне екі жыл жаңа толған жас театрларыңыз алдағы уақытта жұртшылықты несімен баурайды деп ойлайсыз?

– Айтып отырғаның алдағы жылдың жоспар-жобасына қатысты мәселелер шығар. Біз көрерменімізді бір баурасақ, ұттық өнердің барлық өңірге тән өзіндік ерекшелікке толы мектеп үлгілерін сақтап, соны алдымен өз арамызда, сосын халықаралық сахнада өзгелерге насихаттап, аманат жүгін келер буынға абыроймен жеткізу мәселесін даңғыл жолға шығарып алсақ, ұлт жанының бауралмаған несі қалар дейсің. Осы мәселе оң шешімін тапса, «Алатау» дәстүрлі өнер театры көрермендерін міндетті түрде баурайды және бауырлайды да.

Мен келесі жылдың жоспарына бірнеше қадау-қадау мәселені қамтуды ойластырып отырмын. Біріншіден, Елбасының жақында жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ерекше атап көрсетілген «Дала фольклорының антологиясын» жасауға байланысты «Ұлы даланың көне сарындары: Алматының дәстүрлі музыкалық мұрасы» (үш тілде) атты дала фольклорының антологиясын жасауды ұсындым. Әзірге бұл жоба күйінде ғана қарастырылып отыр. Әрине, бюджеттен немесе басқа көздерден қаржысы шешілген жағдайда мұндай мега жобаны Қазақстанның барлық аймақтары бойынша жасап беруге дайынмын. Өйткені біз отыз жыл бойы осы салаға машықтанған санаулы мамандардың қатарындамыз.

Екіншіден, Қазақстанның барлық аймақтарын қамти отырып «Алатау алабында» атты брендтік атау аясында «Алатау алабында: Маңғыстаудың дәстүрлі музыкалық мұрасы», «Алатау алабында: Атыраудың дәстүрлі музыкалық мұрасы», «Алатау алабында: Батыс Қазақстан өңірінің дәстүрлі музыкалық мұрасы», «Алатау алабында: Сыр өңірінің дәстүрлі музыкалық мұрасы», «Алатау алабында: Бесқаланың дәстүрлі музыкалық мұрасы», «Алатау алабында: Оңтүстік Қазақстан өңірінің дәстүрлі музыкалық мұрасы», «Алатау алабында: Жетісудың дәстүрлі музыкалық мұрасы», «Алатау алабында: Арқаның дәстүрлі музыкалық мұрасы», «Алатау алабында: Іле, Алтай, Тарбағатай өңірінің дәстүрлі музыкалық мұрасы» деген танымдық тақырыптармен «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өңірлік музыка ерекшелігіне арналған тармақты концерт жасауды межелеп, Қаратау саздарының жалғыз орындаушысы жыршы Елікбай Исаев, ақын Маралтай Райымбекұлы, күйші Жанғали Жүзбаевтардың шығармашылық кештерін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Әрине, үйдегі көкдөнен көңілді базардағы нақұс нарықтың бұзатыны сияқты, мұның бәрін қаржы шешеді. Мен осы өзекті мәселені көп кешіктірмей облыс әкімдерінің назарына жеткізуді де ойлап отырмын. Шүкір, қай өңірде де ұлтжанды, елім деп еңбек етіп жатқан азаматтар бар ғой, сол үшін де бұл ойымыз оң шешімін табар деген үміттемін. Мың бояулы Алматы болса, мәдени астана дәрежесі бекіген жер, ал «Алатау» – Елбасы идеясымен ашылған жалғыз театр.

Алдағы жылдың тағы бір жаңалығы, тұңғыш рет «Алатау қымызханасы» айдары бойынша іріктелген шағын топ, сарабдал тыңдаушыға арналған дәстүрлі өнер кештері де театр қабырғасында өз жұмысын бастайтын болады. Бұл жоба арқылы дәстүрлі ән, күй, жыр өнерінің табиғи орта, сауатты тыңдаушы арасында қалай орындалу керектігін көрсеткіміз келеді. Әйгілі сахнагерлер Еркін Шүкімән, Ұлжан Байбосынова, Мұрат Әбуғазы, Саян Ақмолда, Талғат Мұқышев, Ардақ Исатаева, Амангелді Күзеубай, Еділ Басығара, Жұмабек Қыдырқұлов сияқты өнерпаздарға қоса «Алатау» өнерпаздарын қатыстыруды көздеп отырған осы кештерді реті келсе, өзім жүргізуді ойлап отырмын. Сондай-ақ, қаржысы бөлінсе «Кенен», «Мұхит», «Тұрмағамбет» (әзірге атаулары шартты) атты музыкалық қойылымдар жасасақ деген ниетіміз бар. ТҮРІКСОЙ ұйымымен бірлесіп өткізген халықаралық өнер фестивалі келер жылы да қайталанса деген үміттеміз. Актер мен көрермен арасына жанды көпір ретінде «дәнекерші» тұлғасын қоса отырып дала театрының ізімен балаларға арналған «Ғұрып» деген тұрпаты бөлек қойылым жасау да ойда тұр.

Осы келелі жоспарларымызды кезегімен іске асыруға мүмкіндік жасалып жатса, сөз жоқ, «Алатау» дәстүрлі өнер театры өз көрерменінің жанын міндетті түрде осындай тың идеяларымен баурайтын болады...

– Театр сахнасында сомдалған қандай қойылым ерекше есіңізде қалды, сол қойылымның тәрбиелік мәні өскелең ұрпаққа қандай ой тастай алды деп ойлайсыз?

– Егер сұрағыңды дұрыс бағамдасам, әңгіме ауаны біздің театр сахнасының қойылымдары туралы шығар деп ойлаймын. Әңгімемнің әу басында құлағдар етіп өткенімдей, әзірге театрымыздың тырнақалды туындысы – «Жыр-жолбарыс» спектаклі. Бүгінде көрермен арасында бұл жаңалықты туындыны сіңіру үдерісі жүріп жатыр.

Жамбыл өмірінің ХIХ ғасырдағы соңғы ширегін қамтитын қойылым эпик жыршының тұлға ретінде қалыптасуы мен азаматтық ажарының сомдалу тұрғысында заманауи бейнелеу тәсілдері арқылы көрсетілді. Бұл өзі менің санамда көп жылдан бері пісіп-жетілген өзекті ойдың бірі болатын, соны режиссер мен пьеса авторы екіжақтап әдемі алып шықты. Бұл біздің ізашар туындымыз болатын шығар деп бағамдап отырмыз. Қай спектаклдің де бәсі мен бағасы сауатты көрерменге аян ғой. Мұнда қазақ биінің нақыштары заманауи контемпорари, фолькденс бағыттарымен синтезделіп, динамикалық сценография қолданудың нәтижесінде хореграфия, дәстүрлі музыка, драмалық сахналар өзара жымдаса түсті. Бір сөзбен түйіп айтқанда, бұл өзі шығармашылық пен туындатпа тәсілдердің қоспасына құрылған жаңаша үлгіде жасалған туынды болды. Сонысына қарамастан, асыл өзегі дәстүрдің тамырын терең бойлағандықтан, оның тәлім-тәрбиелік мәні де жоғары деп айта аламын. Өйткені, бұл көне бастауларды ұлықтаған туынды, ұжымдық ойдың құймасы болып сомдалып шыққан қойылым. Көрермен көңілін сонысымен де баурады деп білемін.

– Берік аға, көңіл бөліп, ден қойып, сұхбат бергеніңізге рахмет айтамын, ұлт игілігі жолындағы ізгі бастамаларыңызға сәттілік тілеймін.

– Аружан қалқам, сенің де талабың өрлесін, жаққан шырағыңның сәулесі көпке түссін, кәсібіңнен береке табуыңа ағаң да жүрекжарды тілегін қосты.

 Сұхбаттасқан: Аружан ӘЗІЛХАНҚЫЗЫ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір