Бекен Нарбай: Бізде туғаннан бастап, өлгенде көмілетін жеріңе дейін пара бересің

Бекен Нарбай: Бізде туғаннан бастап, өлгенде көмілетін жеріңе дейін пара бересің
Ⓒqamshy.kz

Сахна төрі бар да, сахнаның сырты бар. Сахнада өнер көрсететін дарындылар бар да, сол дарындыларды дайындап, сахнаға шығаратын перде артындағы дарындылар бар. Сол сияқты кино саласында актерлерден бөлек, соларды дайындайтын, киноны түсіретін, аянбай тер төгетін, өзіндік орны ерекше тұлғалар да бар.

Бүгін еліміздің кино саласында жас та болса, біршама жетістікке жеткен қоюшы-суретші Бекен Нарбайдан сұхбат алған едік. Ендеше, мархабат...

Бекен Нарбай

Бекен Нарбай - қоюшы-суретші.

Жетістіктерімен таныстыра кетсек: 
2016 ж. "Тұлпар" кинофестивалі. «Жаңғақ тал» к\ф. Үздік қоюшы-суретші аталымы бойынша үміткер.
2017 ж. "Байқоңыр" кинофестивалі. «Куб» к/ф. Үздік қоюшы-суретші аталымы бойынша жеңімпаз.

Бекен Нарбай

Евразия Ұлтаралық Кино фестивалi.
"ЖАҢҒАҚ ТАЛ" фильмі Ең үздік режиссер және ең үздік фильм жүлдесіне ие болған сәт.
Қоюшы режиссер: Ерлан Нұрмұхамбет 
Қоюшы операто: Мұрат Нұғманов 
Қоюшы суретші: Бекен Нарбай

Бекен Нарбай

Қоюшы-суретші көмекшісі болған фильмдері:
1. 2008 ж- «Ата». (қысқаметражды көркем фильм)
2. 2009 ж- «Балалық шағымның аспаны». (толықметражды көркем фильм)
3. 2009 ж- «Молоко». ( фильм)
4. 2010 ж- «Ради» (толықметражды көркем фильм)
5. 2010 ж- «Ағайынды-2». (сериал)
6. 2011 ж- «Весь мир у наших ног». (толықметражды көркем фильм)
7. 2013 ж- «Дода». (толықметражды көркем фильм)
8. 2013 ж- «Сұңқар». (сериал)

Қоюшы-суретші болған фильмдері:
1. 2011 ж. «Панч Бот». 
2. 2012 ж. «Базарбаевтар отбасы». (сериал)
3. 2013 ж. «Бажалар». (сериал)
4. 2013 ж. «Арман асуы». (сериал)
5. 2013 ж. «Ұлылар жолы». (деректі фильм)
6. 2013 ж. «Даулет Тұрлыханов». (деректі фильм)
7. 2014 ж. «Сәбина-келинка». (толықметражды көркем фильм)
8. 2014 ж. «Жанғақ тал». (толықметражды көркем фильм)
9. 2015 ж. «Базар на улице Мира». (сериал)
10.2015 ж. «Куб» (қысқаметражды көркем фильм)
11.2016 ж. «Сергелдең» (толықметражды көркем фильм)
12.2016 ж.  «Дочь» (қысқаметражды көркем фильм)
13.2016 ж.  «Қыз жолы» (сериал)
14.2016 ж. «Бизнес по-казахски». (толықметражды көркем фильм)
15.2016 ж. «Көзайым». (сериал )
16.2016 ж. «Каникулы в Тайланде» (толықметражды көркем фильм)
17.2017 ж. «Потерянный» (қысқаметражды көркем фильм)
18.2017 ж. «Неделимое» (толықметражды көркем фильм)
19.2017-2018 ж. «Бүркітші» (толықметражды көркем фильм)
20.2018 ж. «Келинка тоже человек» (толықметражды көркем фильм)
Бекен Нарбай

Ал, сұхбатымызға келсек...

– Бекен, сұхбат беруге келісім бергеніңізге көп рахмет!

Алғашқы сұрағым дәстүрлі болсын. Қай жақтың тумасысыз? Қандай оқу орнын бітірдіңіз?

– Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, 1-мамыр ауылында туып, өскенмін. Көпшілік мені көргенде "Қытайдан келдің бе, әлде Монғолиядан келген қазақсың ба?" деп жатады. Таза қазақша сөйлегеніме қарап айтатын болса керек. Ұлы далада дүниеге келген таза қазақ баласымын.

Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында «дизайн-интерьер»  мамандығын бітіріп шықтым.

Бекен Нарбай

– Жалпы бұл мамандық жүрек қалауыңыз ба? Қоюшы-суретші Бекен Нарбай болмағанда, Сізді басқа қай салада көруіміз мүмкін еді?

- Әрине, жүрек қалауымен келген мамандық. Мен негізі кішкентай кезімнен Джеки Чанды көріп, өстім. Джеки Чан, Джет Лиге қатты қызығатынмын. Сол актерлер ойнайтын кино басталса болды, мектепке баратын уақыт келсе де, үзбей қарап, тіпті сабақтан қалып қоятынмын. Кино біткен соң, солардың трюктарын қайталап, үйде, далада секіріп, тебісіп... каскадер боламын деп кішкентай кезімде армандағанмын. Әкеме «осыдан қалаға оқуға түссем, каскадерлікке барамын» деп айтатынмын. Одан тіпті кішкентай кезімде, шамамен, 5-6 жаста әкеме «скрипка сатып әперіңізші» дейтінмін. Білмеймін, неге  олай дегенімді. Бәлкім, біреудің концертін көрген болармын. Кішкентай кезімнен-ақ өнерге қызығушылығым оянған болса керек. Есейе келе "география пәнінің мұғалімі боламын" деп те ойлаған кезім болды. Қатты армандамадым, тек ойым болған. Ол кезде мұғалімнің айлығы 14 мың теңге еді. География пәнінен сабақ беретін ағайға қарап, ойланатынмын. Шамамен, 5-6 сынып оқимын сол кезде. «Мына ағай 14 мың теңге алады. 4 мыңы тамаққа кетеді. Ар жағында 10 мың теңгеге үйленеді, машина алады, үй алады» деп ойлап жүретінмін. Кейін «балалар көркем өнер мектебіне» оқуға түстім. Ақылы болды. Айына 200 теңге еді. Ақшаның құны бар кез ғой. Сонда оқып жүргенде мұғалімдерден «тарих суретшісі» дегенді еститінмін. Тарих суретшісі деген тарих кітаптарындағы немесе тарихи қазба жұмыстары кезінде табылатын құмыраларды біріктіріп, сондай жұмыстармен айналысатын адам. "Тарихи зерттеу суретшісі" деген мамандық бар екен өзі. Сондай маман боламын деп те ойлағанмын. Бәрі де уақытша болды. Бірақ бәрі де сурет өнерінің айналасы болатын. Сөйтіп жүріп, кино өнеріне де келдік.

Алматыға келген кезде, 5 курста оқып жүргенде, "Қазақфильмге" бардым. Ешкімді танымаймын. Әйтеуір сұрастырып жүріп, режиссерлерді, қоюшы суретшілерді тауып, жалынып жүріп, тегін жұмыс істеуге әрең кіргенмін. Бәрі содан басталды. Кино суретшісі деген деңгейге солай жеттім. «Художник постановщик» дегеннің қазақша дұрыс баламасы "қоюшы-суретші" деп алып жүр.

Бекен Нарбай

– Фильмді адам деп алсақ: режиссері-басы, сценарист-жүрегі, жарық-операторы-көзі, қоюшы-суретші ше?

– Қоюшы-суретші – фильмдегі адамның мінез-құлқы және үстіне киген киімі, күнделікті пайдаланатын заттары деп те айтуға болады. Қандай стильде киініп жүру, қандай заттарды пайдалану керек, өзіне жарасымды ма, жарасымды емес пе... Мысалы, шаш үлгісі десек, көзілдірігі сағаты, костюмі... Өзімді солай елестетемін.

Бекен Нарбай

– Бейнебаяндар, фильм, сериал, яғни қызметтік іссапарлармен шетелдерге барасыз. Жақында Түркия еліне барған суретіңізге «Түркияға саяхат, қысқаша түсіндірмем: Қазіргі Түркия ол алдағы 80-90 жылдан кейінгі Қазақстан екенін түсіндім» деп жазыпсыз. Сонда қандай ой түйдіңіз?

-Иә,  наурыз мейрамына байланысты түсірілім жасауға Парижге, Нұрлан Қоянбаевпен бірге толықметражды комедия түсіруге Тайландқа бардық, бір әнге бейнебаян түсіруге Үндістанға бардық. Монғолияға баруым керек болып, бірақ бара алмай қалдым. Жақында Түркияға жеке кәсіп жөнінде бірінші рет жолым түсті. Стамбұлды ғана аралап үлгердім. Сонда түйген ойым ғой. Түркияның қаншалықты деңгейде дамып кеткенін айтқым келген еді. Бұрынғы ТМД құрамындағы елдердің бәрі ұқсас. Бәрінде ең дамыған ол – сыбайлас жемқорлық. Қатты белең алған. Бала туғаннан, туу туралы куәлігін жасатқаннан бастап, адам қартайып, өлгенше арада пара жүреді. Кез келген іс-қимылда, күнделікті тіршілікте пара болады. Туу туралы куәлік алар кезде де, өлген соң денеңді көметін жеріңді де ақша төлеп сатып алып қоймасаң, кезекке уақытың жетпесе, пара берсең, сені тезірек көмеді. Егер Қазақстанда сыбайлас жемқорлық 100 пайыз болмаса да, 95 пайыз  жойылса, Түркияның дамуына 80-90 жылда емес, 10-15 жылда-ақ жетіп аламыз. Кореяда да болдым. Ол жақтан да тура осындай ой түйіп келдім. Не деген мәдениет, неткен дамыған технология. Адамдардың киім киюі, тамағы, үлкенді сыйлауы, сөйлеу мәнері... өте керемет. Соған қарап, елге келгенде «неге біз ондай емеспіз» деп ішім күйіп кетеді. Соны ойлап, түйген ой еді...

Бекен Нарбай

Үндістаннан келген қоюшы-суретші Муниш Саппелмен үнді тарихи фильміне лайықты табиғатты іздеу үстіндеміз... 

– Әлемдік және еліміздің киносаласында Сіз мойындаған актер, актриса...

– Әлемдік деңгейде мен мойындаған, жақсы көретін актерлер - Джони Депп, Леонардо Ди Каприо, Бред Пит. Олардың өнерін бүкіл әлем мойындайтын шығар. Бұл актерлерді қатты жақсы көремін. Кез келген рөлді өте жоғары деңгейде алып шыға алады. Дәл сондай деңгейде орындайтын қазақ актерлері де бар. Үлкендерден бастасам, Нұржұман Ықтымбаев. Дауысы да, өзі де керемет адам! Актерлігі өте жоғары! Одан кейінгі жастардың ішінде Берік Айтжан, Еркебұлан Дайыровты айта аламын. Қазіргі таңда бұл актерлер Американың, Ресейдің фильмдерінде ойнап жүр. Мен осы актерлерді мойындаймын. Бұдан да басқа елімізде актерлер баршылық. Актерлерімізді жаһандық деңгейге шығару үшін алдымен, елімізде әлемдік деңгейдегі фильм түсіруіміз керек. Ол үшін 200-300 мың долларға емес, әлемдік стандартқа сай миллион доллардан жоғары қаражатқа түсіретін болсақ, ол фильм  де, актер, актриса да әлемдік деңгейге шығар еді.

Бекен Нарбай

Продюсер, режиссер, актер, сценарист, карате бойынша бірнеше дүркін чемпион Еркен Ялгашевпен бірге.

– "Осы фильм «Оскар» сыйлығына лайықты" деп қазақ кино саласындағы бұрынғы-қазіргі фильмдерден қайсысын ұсынар едіңіз?

– Бірден ойыма келгені - Ермек Тұрсынов ағамыздың «Келін» фильмі. Сол фильмді «Оскарға» лайықты деп санар едім. Неге десеңіз, ол жерде режиссерлік, операторлық, жарық, дыбыс жағынан, суретшілердің де жұмысы өте жоғары деңгейде көрсетілген. Бірақ біздің халыққа ол фильм жақпады. Себебі, ішінде қазақ тәлім-тәрбиесіне қарама-қайшы көріністер болды. Негізі ол «Оскарға» ұсынылды. Алайда, оған дейін де біраз сыйлыққа ие болғандықтан, жарты жолдан «қайтқан» сияқты.

Бекен Нарбай

– Қандай да бір фильмге түстіңіз бе? Өзіңізді актер ретінде сынап көрдіңіз бе? Өзіңізге көңіліңіз толды ма?

– Иә, деректі фильмге, толықметражды, сериалдарға, қысқаметражды фильмдерге түстім. Бір сериалдың ғана басты рөлінде ойнадым. Бірақ сол рөлім өзіме қатты ұнай қоймады. Бас жағын көріп бастадым да, өзіме ұнамаған соң, ары қарай көрмедім. Бірақ сериалды көрген таныстарым "рөлді жақсы алып шықтың" деп мақтау айтты. Көңіліме қарап айтты ма, шынайы айтты ма, ол жағын білмеймін. Оларға да рахметімді айтып, қойдым. Бірақ одан кейін де түскен фильмдерді көрмедім. Өзімді көрсем, неге екенін «мынаны қалай ойнап шықтым" деп,  ұялып кетемін.

Бекен Нарбай

– Жақында Алматы қаласында «Квест» ойын орталығын аштыңыз. Неге ұлттық ойындардан құралған тапсырмалар орындайтын ойын алаңы емес, неге Квест аштыңыз? Оны ашудағы мақсатыңыз не сонда?

(Квест (ағылш. quest), немесе шытырманға толы ойын (ағылш. adventure game) — компьютер ойындарының негізгі жанрының бір түрі. Ережесі: жолда кездесетін кедергілерге, қорқынышты кейіпкерлерге қарамастан, тапсырмаларды орындай отырып, бөлмеден шығар жолды табу).

– Жалғыз өзім емес, достарыммен ақылдаса отырып, Алматы қаласында үш Квест аштық. Жалпы Квест ойынын көпшілік білмейді. «Ол не?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі, ол нәрсе бізде онша дамымаған, көп адам біле бермейді. Квест дегенді қысқаша түсіндіре кетсем. Ол – балаларға да, үлкендерге де арналған адамның ой-өрісін дамытатын ойын түрі. Ол жер тек қорқынышты бөлмелерден ғана тұрмайды. Онда үш бөлік бар: біріншісі, «Хоббиттің үйі». Онда бір есіктен кіреді, келесі есік ашылуы үшін жұмбақтарды шешуі керек. Солай бір сағат бойы шытырманнан шығуы тиіс. Ол бөліктен балалар да, үлкен кісілер де өте жақсы көңіл-күймен шығады. Себебі, ойын өте қызықты. Басқа екі бөлігінде қорқынышты жерлері де бар. Бірақ ол бөліктерде де тек қорқытып қана қоймайды, онда да ой-өрісті дамытатын жұмбақтар жасырылған. Соларды шешсе ғана, ойыннан шыға алады. Соңғысы, үшіншісі, заманауи технологиямен жабдықталған бөлігі. Келем деушілерге қашан да есік ашық.

Ұлттық ойындардан құралған тапсырмасы бар бөлігін ашу болашақтың еншісіндегі нәрсе. Бұл бірінші рет болғандықтан, кейбір нәрселер толықтай қарастырылмады. Алайда, енді ондай ойын алаңын ашатын болсақ, өзіміздің ертегілерімізді, хан, батырларымызды қатыстырып, ұлттық салт-дәстүр, ойын түрлерінің дамуына үлесімізді қосамыз деп сценарий де дайындап қойдық. Бұйырса, алдағы уақытта ол да болады.

Бекен Нарбай– Елімізде жөні түзу мультфильмдер де, іздеп көретін фильмдер де саусақпен санарлық. Мойындайық. Кейде тіпті шетелдің мультфильмі еліміздің киносынан да шынайы, ерекше болып жатады. Бала емес, ересектер де телміріп қарап отырғанын байқаймыз. Телеарналар өзбек, түрік, кәріс, филиппин елдерінің сериалдарын, фильмдерін қазақ тіліне аударып көрсетіп жатыр. Біздің де сериалдарды шетелдіктер өз тілдеріне аударып көре ме? Біздің мультфильм кейіпкерлері «сүйкімсіз», кейбір сериал, фильмдеріміздің «тұзсыз астай» болып жатуына не себеп деп ойлайсыз? Неге оқырманды тартпайды?

– Елімізде «жөні түзу» фильмдер бар, бірақ аз. Болашақта көбейеді деп сенемін. Себебі, соңғы бес жылда еліміздің кино индустриясы қатты қарқынмен дамып келеді. Оған мемлекетке қарайтын «Қазақфильм» емес, жеке меншіктегі киностудиялардың үлесі зор. Алматының өзінде жүздеген киностудия бар. Бірақ соның ішінде тек он шақтысы ғана толықметражды фильм түсірумен айналысып келеді. Олар жылына 2-3, кем дегенде, 1 фильм түсіріп жатыр. Бәрі де болашақта болады. Дегенмен, оңды-солды енді ғана танып келе жатқан, жасы отызға толмаған жас мемлекетпіз. Еліміздің тек кино саласында ғана емес, өзге де саланың бәрі ақсап тұр. Медицина болсын, білім болсын, технология, спорт, өнер саласы да... бәрі де ақсап тұр.

Жүйе қалыптаспаған. Керемет жүйе жазылмады әлі. Сол жүйені жазатын, қалыптастыратын тапқыр адам керек бізге. Әр саланың  өз маманы өз саласының жүйесін қалыптастыра алады. Егер маған да ұсыныс түсіп жатса, мен де өз салама қатысты мәселеге үлесімді қосуға дайынмын. Жоғарыда айтып өткенімдей, сыбайлас жемқорлықтың көзін жоймай, елімізде дұрыс жүйе қалыптаспайды. Сол баяғы шырылдаған балалар, шырылдаған аналар, үй-, жайсыз жұрт сол күйде қала береді. «Баяғы жартас – сол жартас». Елдегі ең бірінші мәселе – сыбайлас жемқорлық. Сол мәселе жойылса, сонда ғана елдегі қайсыбір өнім де сапалы болады. Мейлі ол кино, мультфильм, сериал болсын...

Шатаспасам, Гүлнұр Мамасариева продюсерлік жасаған «Ана жүрегі» деген сериал бар. Сол сериалды Өзбекстанда өзбек тіліне аударып, теледидардан көрсетіп жүргенін байқадым. Шетел деп алысқа бармай-ақ қояйын, көрші мемлекеттер біртіндеп өнімдерімізді сатып алып, аударып, көрсетіп жатыр. Осылай басталады бәрі. Енді Ресей, сосын Қырғызстан сатып алар. Болашақта Түркия елі де кино саламызға қызығушылық танытар. Мүмкін болашақта Еуропа елдеріне де жол түсер.

Елімізде кино өнімдерді шетелдерге сатумен айналысатын менеджерлер болуы тиіс. Егер сол мамандар жақсылап іске кіріссе, қазіргі таңда түсіріліп, көрсетіліп жатқан  өнімдерді де шетелге шығаруға, ұсынуға болады. Ол да белгілі бір жүйеге байланысты. Кино саласындағы қайсы өнім болмасын сапалы шығуы тікелей ақшаға қатысты. Киноға көп ақша бөлінеді. Бірақ дәл түсірілімге келгенде бөлінген қаражаттың өте көп пайызы желініп кеткен болады. Солай болып жатқаны айдан анық. Оған еш шүбә келтірмеймін. Дәл сол бөлінген қаражат өз орнымен жұмсалса, қандай керемет дүниелер өмірге келер еді. Әттең... ішімде бір әттең-ай бар. Былайша айтқанда, әлдекімдерге өкпем қара қазандай...

Бекен Нарбай

– Кез келген адамның бәрінен түңіліп, тасы өрге домаламай, қырсық шалып, бәріне қол сілтеп кеткісі келетін кезі болады. Сізде де сондай сәттер болған шығар. Сонда сіздің жігеріңізді не, әлде кім қамшылайды?

– Меніңше, әр адам өмірге келгеннен бастап, мектепте оқып жүрген кезінде де өмірдің қаншалықты қиын екенін жете түсіне бермейді. Өмірде кездесетін қиыншылықты, ащысы мен тәттісін түсінетін шақ ол – студент кезден кейін ғана басталады. Дипломды қолға алғаннан кейін болды... ...сен сол елдің мойнына үлкен үміт артылған азаматысың. Сол елге қызмет етуің керек. Тарыдай болса да елдің дамуына өз үлесіңді қосуың керек. Соны жете түсініп, алға қадам аттағаннан бастап, түрлі қиындықтар кездеседі, қырсық шалады, достарыңның арасында дұшпан пайда болады, керісінше болуы да мүмкін. Өмір бір түсті емес, ақ-қарадан құралған. Сондай бір қиындық туындағанда басың ауған жаққа кетіп қалғың келеді. Менде де ондай ой, шетелге кетіп қалсам деген ой болды.

Алайда, мен кетіп қалсам, қиналып жүрген достарым да кетіп қалса... жалпы қиналып жүрген қазақтың бәрі шетелге кете берсе, елімізде кім қалады? Үкіметке өкпемізді айтып-айтып шетелге, не басымыз ауған жаққа бәріміз кетіп қалсақ, еліміз қаңырап қалмай ма? Мені ең бірінші жігерлендіретін осы ой. «Ашуыңды бас. Жұмысыңды істе. Ақылың бар. Ойлан»... деп жігерлендіретін, ең бірінші ойға оралатын осы мәселе. «Отан оттан да ыстық қой».

Осы уақытқа дейін, шамамен, 15 шетелде болдым. Ең ұзақ Еуропада 6 ай болдым. Үш айдан кейін елді қатты сағындым. Достарым, туыстарым емес, Отаныма деген сүйіспеншілік ерекше болды. Елді, жерді сағындым. Алатаудың ауасын сағындым. "Тауға шығып алып, ағаштардың арасында жатып, шөптің иісін иіскеп жатсам ғой, шіркін", деп өлердей сағындым. Тіпті түсіме кіріп, оянып кетіп, ұйықтай алмай жататынмын. Көктемдегі шөптің иісін айтсаңшы. Алты ай оқыған соң, елге келген бойда бірден сол күні тауға шығып кеттім. Көктөбеге, Медеуге барып, түнге дейін жүріп қайтқанмын. Мені жігерлендіретін  - туған жерім, елім, Отаным.

Бекен Нарбай

– Газет, журнал, кітап, сайттар, блогерлер... жалпы қайсысын көп оқисыз? Кімді оқисыз?

– Бұл жағынан сәл ақсап тұрмын. Мектеп қабырғасында біраз кітаптарды оқыдық қой. Жақында Төлен Әбдікұлының «Оң қол» деген кітабын оқып бастадым. Ішінде повесть, әңгімелері бар. Негізі мен киноға байланысты мағлұматтар іздеп жүремін. Кино дегеннің өзі кішігірім әңгімелерден шығады. Мысалы, мына кітаптан «Қонақтар», «Оң қол», «Жат перзент» деген әңгімелерін оқыдым. Жалпы кино түсіруге, сценарий жазуға ыңғайлы осындай кішігірім әңгімелерді оқып жүремін. Ғаламтордағы электронды кітаптарға да шолу жасаймын.

Сайттарға келсек, «Массагет» сайтын қарап жүремін. Ол жерден кез келген адам жеке блог жүргізе алады. Үлкенді-кішілі танымал ақындардың өлеңдерін де, шығармаларын да таба аласыз. Көпшілікке осы сайтты оқуға кеңес берер едім.

Блогерлерден біршамасын оқып тұрамын. Бірақ нақты мынау деп атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын.

Бірақ қазіргі жастарды нақты не қызықтыратынын білмедім. Кітап па, әлеуметтік желілер ме, әлде басқа қызығушылығы бар шығар...

Бекен Нарбай

– Болашақта Сізді режиссер ретінде көре аламыз ба?

– Әбден мүмкін. Себебі, режиссерлікке қатты қызығамын. Болашақта ол мамандықты да оқимын. Бірақ алдымен продюсерлікті көрсем деп, сол бағытқа ойым кетіп жүр. Құдай қаласа, қазақтар туралы шынайы өмірде болған оқиға желісімен тәрбиелік мәні бар драма түсірсем деген ойым да бар. Оған міндетті түрде сценарист керек. Достарымның арасында режиссер және басқа да мамандар бар. Бұрыннан бірге жұмыс жасап жүрген қызметтес таныстарым көп. Ал өзім қаржы жағын реттестірсем деп ойлап жүрмін. Яғни, ол да болашақтың еншісіндегі дүние...

Бекен Нарбай

– Ізіңізді қуып келе жатқан жолдастарыңызға, қазақ жастарына айтарыңыз...

– Қазақта «Атаңның баласы болма, адамның бала бол» деген сөз бар. Сол сияқты әрбір қазақ баласы «елім, жұртым, халқым» деп, қайда жүрсе де елінің, халқының амандығын тілеп жүрсе деген тілегім бар. Билік басындағылардың ниеті түзу, жүректері иманға толы болса екен. Бас жақтағылар түзелмей, ел түзелмейді. Басшыларымыз, халқым, жұртым аман болсын!

- Сұхбатыңызға көп рахмет! 

Әңгімелескен: Мақпал Сембай

«Қамшы» сілтейді

Пікір айту

Пікір қалдырушының тіркелуі міндетті. КІРУ / ТІРКЕЛУ


    1
    Назарбаев: Менің сайлауға қатысқанымды қалайтындар көп
    23/04 12:28 0 195
    2
    "Балуан Шолақ" түсірілген Тоғызбұлақтың таңғажайып табиғаты (фото, видео)
    23/04 12:10 0 242
    3
    Ысырапшылдық – байлықтың қас жауы
    23/04 11:52 0 97
    "Нұр Отан" президенттікке үміткер ретінде Тоқаевты ұсынды
    23/04 11:27 0 476
    «Қазақтың қазанаты қайда?» деп президенттікке кандидат ретінде тіркелген азамат кім?
    23/04 11:13 0 318

    Таныстырылғандар

    Украин генералы: Бізге  орыстың Уралына  дейін жететін ракеталық оқтұмсық жасау керек
    Украин генералы: Бізге орыстың Уралына дейін жететін ракеталық оқтұмсық жасау керек
    Украин генералы: Бізге орыстың Уралына дейін жететін ракеталық оқтұмсық жасау керек
    "Украинаға жанталаса қарулануға кіріспесе, болмайды"..
    15/04/2019 10:50 0 1302
    Абай Серғазиев: 19 жасымда Кипрде бизнес аштым
    Абай Серғазиев: 19 жасымда Кипрде бизнес аштым
    Абай Серғазиев: 19 жасымда Кипрде бизнес аштым
    800 долларды үш айда 31 мың долларға айналдырған кәсіпкер құпиясы.
    15/04/2019 16:28 0 1179
    "Президент айтты екен деп Ұлттық банк базалық сыйақыны түсіре салмайды"
    "Президент айтты екен деп Ұлттық банк базалық сыйақыны түсіре салмайды"
    "Президент айтты екен деп Ұлттық банк базалық сыйақыны түсіре салмайды"
    Ұлттық банкке Тоқаевтың «базалық мөлшерлемені түсір» деген тапсырмасын орындау қиынға түсетін сыңайлы
    16/04/2019 09:19 0 1770
    Еліміздің болашақ журналистері Ертіс-Баян өңірінде бақ сынауда
    Еліміздің болашақ журналистері Ертіс-Баян өңірінде бақ сынауда
    Еліміздің болашақ журналистері Ертіс-Баян өңірінде бақ сынауда
    Екі кезең аяқталған соң жарысқа келген қатысушыларды Павлодар қаласын аралатып, көрнекті жерлермен таныстырды.
    16/04/2019 11:14 0 231
    Ахметжан Есімов: Жігіттер жақсылап түсінсін дегенім ғой...
    Ахметжан Есімов: Жігіттер жақсылап түсінсін дегенім ғой...
    Ахметжан Есімов: Жігіттер жақсылап түсінсін дегенім ғой...
    Біздің ел үшін мұның қаншалықты маңызды екенін басқа да жігіттер жақсылап түсінсін дегенім ғой.
    16/04/2019 13:13 0 2132
    Жетісайдағы зорлық-зомбылық: желіде таратқандар жазалануы мүмкін
    Жетісайдағы зорлық-зомбылық: желіде таратқандар жазалануы мүмкін
    Жетісайдағы зорлық-зомбылық: желіде таратқандар жазалануы мүмкін
    Түркістан облыстық полиция департаменті желі қолданушыларына қатаң ескерту жасады.
    17/04/2019 15:02 1 954
    Мұрат Құсайынов Нұр-Сұлтан әуежайында болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді
    Мұрат Құсайынов Нұр-Сұлтан әуежайында болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді
    Мұрат Құсайынов Нұр-Сұлтан әуежайында болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді
    Алайда әйгілі "Дос-Мұқасан" тобының әншісі мұның бәрін жоққа шығарып отыр.
    17/04/2019 21:41 0 1690
    Үміткерге 107 аурудан ада деген анықтама керек
    Үміткерге 107 аурудан ада деген анықтама керек
    Үміткерге 107 аурудан ада деген анықтама керек
    Президенттікке үміткер азамат симптоматикалық, психикалық бұзылуларды қосқанда, органикалық дертпен ауырмауы тиіс.
    19/04/2019 10:20 0 285
    Паркинсон ауруы туралы білесіз бе?
    Паркинсон ауруы туралы білесіз бе?
    Паркинсон ауруы туралы білесіз бе?
    Қазіргі таңда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ем жүргізілетін сырқат түрлері өте көп
    19/04/2019 10:49 0 391
    Өлсе де тыныштық бермеді: мистика немесе кездейсоқтық
    Өлсе де тыныштық бермеді: мистика немесе кездейсоқтық
    Өлсе де тыныштық бермеді: мистика немесе кездейсоқтық
    Найзағай бір адамды тірісінде үш рет, өлгеннен кейін тағы бір рет іздеп келген.
    21/04/2019 00:01 0 1007
    1304 жылдық тарихы бар мешіт трагедиясы: «Нотр-Дам» шіркеуінен несі кем?
    1304 жылдық тарихы бар мешіт трагедиясы: «Нотр-Дам» шіркеуінен несі кем?
    1304 жылдық тарихы бар мешіт трагедиясы: «Нотр-Дам» шіркеуінен несі кем?
    Лаңкестер тарихи нысанға арнайы қазылған жер асты жолы арқылы келіп, жарылғыш зат қойған.
    22/04/2019 09:26 0 934
    Нұрлан Ноғаев: Жастар тәжірибесіне квота санын көбейту керек
    Нұрлан Ноғаев: Жастар тәжірибесіне квота санын көбейту керек
    Нұрлан Ноғаев: Жастар тәжірибесіне квота санын көбейту керек
    Атырауда жастар ісі жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті
    22/04/2019 10:13 0 205
    Мейірім Джатқанбаев: Найман-торының деңгейіндегі тұлпар баптау – арманым
    Мейірім Джатқанбаев: Найман-торының деңгейіндегі тұлпар баптау – арманым
    Мейірім Джатқанбаев: Найман-торының деңгейіндегі тұлпар баптау – арманым
    Уағында сыртымнан теріс дұға жасап аяқтан шалуға ұмтылғандар да кездесті.
    22/04/2019 17:20 2 1021
    Ғалымдар қойдың еті белсіздіктен қорғайтынын дәлелдеді
    Ғалымдар қойдың еті белсіздіктен қорғайтынын дәлелдеді
    Ғалымдар қойдың еті белсіздіктен қорғайтынын дәлелдеді
    «Биологиялық материалдарды талдау және зерттеу» орталығы мамандарының пайымынша, қойдың етінің көптеген пайдасы да баршылық екен.
    23/04/2019 09:14 0 520
    Еркебұлан Дайыров: Кино - тоқалдан туған бала емес
    Еркебұлан Дайыров: Кино - тоқалдан туған бала емес
    Еркебұлан Дайыров: Кино - тоқалдан туған бала емес
    «Балуан Шолақ» - қазақ киноиндустриясының дамуының көрінісі.
    23/04/2019 10:31 0 260