• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 23:39:33
Алматы
+35°

14 Желтоқсан, 2018 Аймақтар

Бауыржын Байбек зиялы қауымды Алматыдағы ұлттық жобалармен таныстырды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек қаланың бірқатар зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек қаланың бірқатар зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Алматыдағы Біріккен Ұлттар Ұйымы үйіндегі басқосу еркін форматта өтті. Кездесудің мақсаты – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жақында жарыққа шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында Алматыда алдағы екі-үш жылда қолға алынатын ұлтқа қатысты бұрын-соңды болмаған ұлттық жобалармен таныстыру. Мегаполистің ажарын айшықтап, тарихынан сыр шертетін алты жобаның тұсаукесері өткізілді. Тарих тек кітапқа түсіріп қана қоюмен шектелмейтінін тілге тиек еткен қала әкімі Байыржан Байбек әр жобаның құндылығын жан-жақты түсіндірді. Қысқасы, Алматы алдағы екі-үш жылда туристер ағылатын шырайлы шаһарға айналады. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматыда құны 97,7 млрд. теңге болатын 265 жоба мақұлданып, жүзеге асырылмақшы.

– Құндылық атаулының барлығы өзге мәдениеттен, не болмаса, өзге құндылықтарға сүйеніп емес − қазақ дәстүрі мен мәдениетінен туындауы тиіс! – деді Бауыржан Байбек.

Айта кету керек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің геогра­фиясы» жобасы аясындағы «Қазақстанның  жалпыұлттық қасиетті орындары» респуб­ликалық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне Алматы қаласынан алты нысан ұсынылып, бекітілді. Оның ішінде Райымбек батыр кесенесі, «Боралдай сақ қорғандары» қорымы, Қасиетті Вознесенск соборы, А.Байтұрсы­новтың музей-үйі, Республика алаңы («Тәуелсіздік» монументі, «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші) және Үкімет үйінің ғимараты бар.   

Бұл ретте «Боралдай сақ қорғандары» қорымы айшықты алты жобаның бірі. Боралдай сақ қорғандары Алматы қаласының солтүстік батыс аймағында, Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Алдағы уақытта осы жерден Дүниежүзілік сақ мәдениетінің орталығы деген аспан астындағы мұражай ашылмақ.

Бұдан өзге Райымбек баба кесенесі қайта жөндеуден өтіп, сол аумақта қазақтың батырлық, әулиелік дәстүрінен сыр шертетін мұражай салынбақ. Бұл – екінші жоба. Аталған жерде мешіт ашу, алыс-жақын жерден келетін адамдарға арнайы түнеу орталығын салу жоспарда бар. Мешіттің аумағы 591 шаршы метр болмақ. Бұл бірден-бір экспозициялық-танымдық жобаның бірі. Бүгінде Райымбек баба кесенесіне зиярат етуге шамамен 300 мыңнан астам адам келеді екен. Алдағы уақытта кесенеге келетін адамның санын 500 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Үшінші жоба бойынша мегаполистегі «Қазақфильм» аумағында заманауи Этноленд кешені салынады. 

Естеріңізде болса, бұрынырақта Алматыдағы Розыбакиев – Штраус көшелерінің қиылысындағы аумақтан Сақ қорғандары табылған болатын. Бұл жер сол кездегі «Казкоммерцбанктің» (қазір «Халық банкі» – авт.) иелігінде еді. Бүгінде аталған банктің басшылығы 1 гектарға жететін жерді қалаға сыйлапты. Алдағы уақытта  Розыбакиев көшесінің бойынан Сақ мәдениетінен сыр шертетін мұражай ашу жоспарланып отыр.

Бұдан өзге, Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және қала жастарын қолдаудың Жол картасы аясында бұрынғы трамвай депосының орнында жастардың лофт-орталығы ашылған болатын. Бүгінде бұл жер қаладағы жастардан құралған 20 астам үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіріп отыр.

Сонымен қатар, жиылған қауымға қайта жөндеуден өткен Орталық мәдениет және демалыс саябағының жаңа келбеті көрсетілді. Орталық саябақ аумағында жарық бағаналары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы жасалып, көгалдандырылды. Ескеретін жайт, бұған дейін аталған демалыс саябағында қазақтың мәдениетінен, дәстүрінен сыр шертетін бірде-бір  нысан болмаған екен. Қайта жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған соң саябаққа екі жәдігер қойылмақ. Оның біреуі саябаққа кіреберіс жерге орнатылады. Ол – Алматы қаласының мыңжылдығын дәлелдейтін күміс теңгенің ескерткіші. Сонымен қатар, қазақ халқының ұлттық күнтізбесінің ескерткіші жасалып жатыр. Күнтізбедегі жазулар руна және  латын қарпімен жазылады. Бұл ескерткіш те саябаққа қойылады.

– Қазақтың тілін, ділін, тарихын, мәдениетін, болмысын насихаттау мақсатындағы айшықты жобаның қолға алынғаны қуантарлық жағдай. Шаһардың киелі жерімен, табиғатымен үндестік дамығанда адам рухани баюға ұмтылады. Көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын жобаны іске асыру арқылы біз бүгінгі ұрпақтың санасына қазақ халқының дәстүрін, ғылымын-білімін, салт-дәстүрін сіңіре аламыз. Ал бала күннен қазақтың руханиятымен сусындап өскен бала ұлтқа да адалдық танытары сөзсіз. Жас ұрпақ қазақтың болмысын нақты түсініп, зерделейтін болады. Жобалардың ғұмыры ұзақ, әлеуеті жоғары болатынына сенімдіміз, – деді қоғам қайраткері Асылы Осман.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір