• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 22:29:45
+35°

05 Қараша, 2017 Аймақтар

Батыс Қазақстан облысында 2349 әйел мемлекеттік қызметте істейді

Облыс бойынша 2349 әйел мемлекеттік қызметте жұмыс жасайды.

Орал шаһарында «Әлеуметтік саясаттағы және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріндегі кешенді гендерлік тәсілдің принциптері» тақырыбында семинар-тренинг өткен болатын.  Әлеуметтік саясатты  және жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарының жұмысын жетілдіруде гендерлік аспектілерді қолданудың кешенді тәсілдерін үйретуді мақсат еткен семинар ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана қаласындағы орталығымен бірлесіп өткізілді. Семинар-тренингке Ұлттық комиссия төрайымының орынбасарлары Елена Тарасенко, Ляззат Сүлеймен,  ЕҚЫҰ Астанадағы  орталығының, адами өлшем бөлімінің меңгерушісі Изабелла Хартман  және жергілікті гендерлік саясат комиссиясының мүшелері  қатысты.

Елена Тарасенко өз кезегінде тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тарихында еліміздің айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгендігін атап өтіп, әлеуметтік саясат пен өзін-өзі басқару  құрылымдарының жұмыстарын жандандыруда гендерлік тәсілдерді қолданудың келелі мәселелеріне тоқталды. Әйелдерді еліміздің  барлық қоғамдық-саяси және экономикалық салаларын  барынша тарту қажеттігін айтқан ол   Елбасының мемлекетімізді нығайту үшін белгілеген  бес институттық реформасын жүйелі жүзеге асыруда гендерлік саясаттың да рөлі жоғары екендігін атап өтті. Семинарда Ляззат Сүлеймен Батыс Қазақстан облысында әйелдердің мәслихат депутаттығы сайлауына қатысуының  жоғары деңгейде екендігін атап өтті. Жалпы алғанда, облыс бойынша әйелдердің  мәслихат депутаттығы сайлауындағы үлесі 26 пайызды құраса,  аудан көлемінде Ақжайық пен Бөрліде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Ал Орал қалалық мәслихатына әйелдердің сайлану белсенділігі әлі де төмен. ҚР Президенті Нұрсұлтан  Назарбаевтың  Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы   2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді. «Қазақстан – 2050» стратегиясы, бес  институционалдық реформалармен, Біріккен ұлттар ұйымының тұрақты даму мақсаттарымен үйлесім тапқан тұжырымдамада 2030 жылға дейінгі  жету керекті нысаналы индикаторлар анықталғандығын атап өткен ұлттық комиссия басшылары әйелдер қауымын барлық салада да белсенді болуға шақырды.                                         

          Дүниежүзілік экономикалық форумының көрсеткіштері бойынша 2016 жылы Парламент Мәжіліс депутаттығына  әйелдердің  қатысу деңгейі бойынша Қазақстан 144 мемлекеттің арасынан 48-орынға ие болды. Қазақстандық әйелдердің шағын және орта бизнес секторындағы үлесі 50 пайызды құраса,  кәсіпкерлік субъектілерінің 44 пайызын әйелдер басқарады.

          Биыл өңіріміздегі «Мерейлі отбасы»  ұлттық байқауының облыстық кезеңі, «Отбасы – қоғам негізі» тақырыбында облыстық конференциялар, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге құқықтық-кеңестік, интеллектуалдық және психологиялық қолдау көрсету, «Әйел адамның кәсіпкерлік саласындағы бастамаларына қолдау көрсету» бойынша іс-шаралар гендерлік саясаттың жетістігінің айғағы.  Облыстық ішкі істер департаментімен бірлесіп, тұрмыстағы зорлық-зомбылық дерегі көп тіркелген аудандарда зардап шеккендерге қолдау көрсету мақсатында семинарлар ұйымдастырылмақ.

          Отырыста Орал қаласындағы  отбасылық-гендерлік жұмыстарға да талдау жасалды. Бүгінгі күні қаламызда 1700-ден астам көп балалы ана, оның ішінде 600-ден астамы «Алтын алқа», 800-ден астамы «Күміс алқа» белгісінің иегерлері бар. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық саланың дамуына  әйелдер де зор үлес қосып жүр. 2016 жылы  «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында  56 адамға 169,8 млн. теңге көлемінде несие берілсе, соның ішінде 18 әйел 54,0 млн. теңге несиелік қаржатқа қол жеткізген.  Әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге араласуы жағдайына тоқталар болсақ,  бүгінде қала әкімдігіндегі 243 қызметкердің 120-дан астамы – әйел азаматшалар болса, оның 34-і басшылық қызмет атқарып жүр. Облыс бойынша 2349 әйел мемлекеттік қызметте жұмыс жасайды.

Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір