• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 02:20:26
Алматы
+35°

15 Маусым, 2018 Әлеумет

Қадірменді қауым!

Баршаңызды мұсылман үмбетінің ұлық мейрамы – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын. Қасиетті жұма күнімен қатар келген айт мейрамы құтты-берекелі болғай!

Біздің халқымыз рамазан айын ежелден ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп қадірлеген. Ал мереке күндері ағайын-жұрт бір-біріне «айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған. Ағайын-туысқа айттап бару, балалар мен қадірлі қонақтарға айттық беру – сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр.

Ораза айт – қонақжайлық пен мейірбандықтың, достық пен татулықтың мерекесі. Ізеттілік пен ізгілікке, бірлік пен игілікке үндейтін бұл мейрам елімізде тұратын түрлі ұлттар мен ұлыстарды да ынтымаққа ұйыстыра түседі.

«Айт» – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген сөз. Демек, бұлкүндері отбасын, ағайын-туыс, көршілер мен көмекке мұқтаж жандарды қуанышқа бөлеп, алғысын алудың – сауабы үлкен. Жабыққан жанның көңілін жадыратып, шаңырақты шат-шадыман күйге бөлеп, сыйлық үлестіру де – мерекенің сәнін келтіре түсетін ізгі амалдың бірі.

Ұлық мейрамда толық жуынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы ерекше. Айт намазына барудан бұрын құрмадан дәм тату – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы.

Ораза айт – бір ай бойы төзімділік танытыпауыз бекіткен, ықыласпен қайырымдылық жасаған пенденің құрмет пен марапатқа, қуаныш пен сауапқа кенелетін сәт.

Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...»,  – деген.  

 

Құрметті бауырлар!

Мұсылман қауымының осынау шуақты мейрамында әрбір шаңыраққа баянды бақыт, Алланың амандығы мен берекетін тілеймін.

Қасиетті рамазан айында ұстаған оразамыз, жасаған әрбір қайырлы амалдарымыз, дұға-тілектеріміз қабыл болсын!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Алланың сыйы – Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір