• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 10:35:16
Алматы
+35°

17 Сәуір, 2019

"Балуан Шолақ" фильмі: көруге итермелейтін 5 себеп

Бүгін "Chaplin" кинотеатрында "Балуан Шолақ" картинасының алдын-ала көрсетілімі болды.

"Қазақфильм" киностудиясы әйгілі әнші, орыс басқыншыларының езгісіне қарсы әрекет еткен ұлт қайраткері Балуан Шолақтың өмір жолы туралы фильм түсірді. Бүгін "Chaplin" кинотеатрында "Балуан Шолақ" картинасының алдын-ала көрсетілімі болды.

Ұлт тарихындағы ірі тұлғаның ғұмыр жолынан сыр шертетін фильмнің тұсаукесеріне біз де бардық. Шаһардағы үлкен кинотеатрлардың бірі таңдалса да, көрермен қарасы қалың. Көпшілік арасынан Дулат Исабеков, Болат Әбділманов, Жоламан Әміров сынды азаматтар бой көрсетті. Бір-бірімен есендік сұрасқан қалың көрермен киноның түсірілім тобымен, әртістерімен бірге залдарға тарап, экран алдына жайғасты.

Әрі қарай көзге түскен ерекшеліктерді тізбектеп жазалық.

  1. Фильмге түскен актерлар шеберлігі

Басты рөлді (Балуан Шолақтың) сомдаған М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының белді актері Еркебұлан Дайыров өзінің асқан шеберлігін қалың көрермен алдында тағы дәлелдеді. Сом тұлғасы және қазақы бет-пішіні, сөйлеу мәнері көрермен назарына ұлт тұлғасын тірілткендей әсер қалдырды.

Сондай-ақ, Жоламан Әміров, Болат Әбділманов, Медгат Өміралиев, Александр Багрянцев, Альбина Шардарова, Сафуан Шаймерденов, Сағаділдә Үсібәлі сынды әртістердің кәсіби шеберлігін айтпаса болмайды.

Әртістер қосыны түсірілім барысында ұлт тарихындағы ірілі-ұсақты дүрбелеңдерді жан-тәнімен ұғып, барынша кәсіби сомдауға тырысқаны байқалады.

  1. Қазақ киноиндустриясындағы үздік графика

Бас прототип қазақ ұлтының аласапыран, аумалы-төкпелі уақытында өмір сүргенін ескерсек, сол тұлғаның тұрқын таспалау барысында графика жөнінен бірталай қиындықтар туындайтыны анық.

Әсіресе, мұндай фильмдерде қантөгіс картиналары, атыс-шабыс сынды қиындық туғызатын сәттер көп кездеседі. Міне, түсірілім тобы мен әртістер тізе қосып, графикалық қателіктерге жол бермеген. Картинаның бұл жетістігіне экран сыртында жұмыс жасаған мамандарға алғыс білдірген жөн.

  1. Шынайылық

Өздеріңіз де байқайтын боларсыздар, көптеген тарихи-деректік фильмдерде төбелес, атыс, күш сынасу деген сәттерде камера ракурсы мың құбылады. Ал Нұргелді Садығұлов осы жобасын жүзеге асыру барысында әртістерге үлкен талап қойған іспетті.

Бас кейіпкерлердің күш сынасатын тұстары айтарлықтай шынайы жасалған. Бұл әртістердің белгілі спорт түрлерінен де хабарсыз емес екендігін аңғартады.

Балуан Шолақтың образын сомдау үшін Еркебұлан Дайыров "Қазақстан Барысы" Ұлан Рысқұлмен жаттығу жасап, он келіге дейін салмақ қосыпты. Міне, еңбек, міне тырысу!

  1. Цензурадан алшақтық

Дулат Исабеков "Жаужүрек" пьесасында да, "Балуан Шолақ" кинокартинасының сценарийін жазу барысында да ұлттың адам айтқысыз езгіге ұшырағанын, патша үкіметінің озбыр саясатының көрінісін жасауға талпынады. Сол мақсат орындалғандай.

Ашық озбырлықтар, кектенген қазақ...

Мұрындарына адамгершіліктің иісі бармайтын атқарушы құйыршықтардың адам сенгісіз қиянаттары, бәрі-бәрі осы картинада керемет үйлесім тапқан.

  1. Тәрбиелік мәні

Нұргелді Садығұловтың фильмінде достық, құрдастар қалжыңы, адамгершілік, сертке беріктік, ұлтшылдық және жауына да қастандық қылмаған қазақтың қасиеті тамаша көрініс табады.

Әйел затына деген махаббаттың, ескіліктің қасаң қағидаларына қарсы тұру, қыздың көз жасын құрметтеу сынды зор адами қасиеттер жағымды кейіпкерлердің бойынан көрініс береді.

Сондай-ақ, түрлі сайыста жеңіске жетіп, алған жүлдесін кедей-кепшікке үлестіріп жүре беретін қазақ алыптарының атымтай жомарттығы да ұмыт қалмаған.

Қазақ екеніңді есіңе мықтап бір салатын, намысыңа қамшы жүгіртетін, санаңдағы көмескі ұлттық рухыңды оятуға қауқары жететін керемет дүниелердің бірі – бұл картина.

Алғашқыда "Жаужүрек" деген атпен пьеса ретінде жазылған дүниесін белгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков киноға негіздеген. Жазушы қаламынан туған сценарийді деректі фильмдері арқылы танымал режиссер Нұргелді Садығұлов таспалаған.

Нұрмағамбет Баймағамбетұлы (Балуан Шолақ) 1864-1919 жылдар аралығында өмір сүрген. Өзінің саналы өмірін ауыздығымен су ішіп, етігімен су кешіп жүріп өткізген ел азаматының ержүректігі, адамгершілігі, батырлығы, алып күш иесі екендігі картинада толық ашылған.

Қазақ киноиндустриясының көші алға жылжып келеді екен. Ұзақ еңбектің жемісі ретінде экранға жол тартқан фильмді әр қазақ тамашаласа, шіркін!

Сәуір айының 18-ші жұлдызынан бастап, "Балуан Шолақ" кинотуындысы Қазақстанның түкпір-түкіпіріндегі кинотеатрлардан жалпы көрерменге жол тартады.

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір