• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 11:12:57
+35°

28 Тамыз, 2018 Оқиғалар

Баланы тұншықтырған безбүйрек әйел 3 жылдан кейін қайтадан тәрбиеші бола алады

1) 300 айлық көрсеткіші көлеміндегі айыппұл; 2)240 сағаттық қоғамдық жұмыс; 3)72 тәулікке темір торға қамалу

Балабақша тәрбиешісі ұйықтағысы келмеген баланың еркелігін көтере алмай, қиянат жасаған видеосын кеше бүкіл Қазақстан болып көрдік. Көзімізге жас келді, шындығын айтқанда. Бауыр еті баламызды бақшаға қалайша қорықпай апарамыз, тәрбиешілердің қолына қалайша сеніп тапсырамыз деген қорқыныш-үрей пайда болды.

Видеода көргеніміздей, ата-анасы аманат қылып табыстап, алаңсыз ақша табуға кеткен кезде тәрбиеші деген ат жамылып жүрген біреулер баланы өлтіре жаздады. Баланың үстіне көрпе жауып, қылқындырып, тұншықтырған тәрбиеші ұялы телефонға түсірілген видеоның арқасында қолға түсті. Бұл туралы сүйіншілеп БАҚ хабарладық. Мәселе осымен тәмам болуы керек сияқты. Өкінішке қарай, олай емес...

Қарағанды облысы ІІБ Баспасөз хатшысы Бақытжан Садықұлымен телефон арқылы тілдестік. «Бұл видео мамыр айында түсірілген, бірақ ғаламторда кеше ғана пайда болған. Кім және қандай мақсатпен бұл видеоны түсіргендігін айта алмаймыз. ҚР заңнамасына сәйкес 140 баптың 2 тармағы бойынша іс қозғалды» дейді баспасөз хатшысы. Естеріңізге сала кетейік, 140 бап «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» мәселесіне арналады. Бақытжан Садықұлының айтуы бойынша, бүгінгі күні баланың денсаулығын жан-жақты тексеріп жатыр, сараптама нәтижелері шыққаннан соң іс сотқа кетпек.

«Балаға күш жұмсаған әйел заңға сәйкес қалай жазаланады?» деген сұрағымызға баспасөз хатшысы былай деп қысқа-нұсқа жауап қайырды: «Оны сот шешеді. Алайда заңға сәйкес мынандай жаза түрлері тағайындалуы мүмкін: 1) 300 айлық көрсеткіші көлеміндегі айыппұл; 2)240 сағаттық қоғамдық жұмыс; 3)72 тәулікке темір торға қамалу. 3 жылдан кейін «тәрбиеші» қайтадан тәрбиеші болып қызметке кірісуге толыққанды құқылы екен.

Осыдан кейін Қарағанды облысы Білім басқармасына қоңырау шалдық. Қатыгез әйелді жұмысқа қалай орналасқан, алған білімі қандай деген сұрақтардың жауабын алғымыз келді. Баспасөз хатшысы Махаббат Еңсебаева орысша ғана пікір білдіре алатынына кешірім сұрай отырып, поштамызға орыс тіліндегі комментарий жіберді. Қазақшасын да жарты сағатта (аудармашының аударуына байланысты деді-авт.) жіберетіндігін ескертті. Біз қол қусырып отыра алмадық, мемлекеттік тілге аудара салдық. Қысқасы, 3 жасқа дейінгі балаларды қабылдайтын жекеменшік балабақшаларды Білім басқармасы бақылауға алмайды екен. Себебі олар жаңа заңға сәйкес лицензия талап етілмейтін қызмет түрі болып саналады. Теміртау қаласындағы «Үйшік» жекеменшік балабақшасы мемлекеттен балаға мектепке дейінгі білім беру мен тәрбие беру бойынша ешқандай мемлекеттік тапсырыс алмайды екен. Қайталап айтамыз, себебі олар 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді қабылдайды.   Видео мамырда түсірілгені анықталды. Тәрбиешінің көмекшісі мен жұмыс беруші арасындағы келісімшарт бұзылды.
Аталмыш оқиғаны жан-жақты зерттеу мақсатында білім саласындағы бақылау Басқармасы айналысатын болады. Білім және Ғылым министрлігінің балалардың құқығын қорғау Комитетіне хат жіберілді» делінеді.

Теміртаудағы «Үйшік» балабақшасының басшысы Кристина Богдатовна ғаламторда таралып кеткен видеоны көрген кезде өзінің де қатты таң қалғанын жеткізді. «Іс қозғалғанын білесіздер. Іс аяқталғаннан кейін ғана сұхбат беруге дайынмын. Әзірге айтарым, ол әйел менің ешқандай танысым не туысым емес. Тәжірибесі бар маман болатын. Осы уақытқа дейін жұмыс істеген жерлерінен өз қалауымен кеткен. Видео таралғанға дейін де ерсі қылықтарымен көзге түспеді» деді Кристина.

Баланы тұншықтырып, өзінің қатыгездігін, баламен жұмыс істеуге жаралмаған адам екендігін көрсеткен әйелдің 3 жылдан кейін қайтадан тәрбиеші бола алтындығы алаңдатады. Біз өз кезегімізде заңгер Кәмшат Есмұхамбетқызына хабарласып, жағдайды түсіндірген болатынбыз. Кәмшат Есмұхамбетқызынан жұрттың жағасын ұстатқан видео бойынша «тәрбиешіні» білім саласы маңайына қалайша жолатпаудың жолдары жайында ақыл-кеңесін сұраған болатынбыз.

"140 баппен шектелмегеніміз абзал. Себебі бұл видео мамырда түсіріліп, тек күні кеше ғаламторға таралу арқылы жалпы жұртқа жария болуы күдік туғызады. Демек бұл тәрбиеші бұған дейін де немесе видео түсірілгеннен кейін де балаға қатысты осындай іс-әрекетке баруы әбден мүмкін. Тәрбиешіден ұрыс-керіс естіген, таяқ жеген балалар әке-шешесіне бәрін егжей-тегжейлі айтып берсе, тәрбиешінің тәрбиесіздігін байқаған, көрген ата-аналар арыз жазып біріксе бұл істі 110-бапқа ауыстыруға болады. Қылмыстық кодексінің 110 бабында былай деп жазылған: "Ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату, егер бұл іс-әрекет денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқпаса, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады"",-дейді заңгер ханым. 

Кәмшат Есмұхамбетқызы осындай қызметкерді жұмысқа алған, оның психикалық ауытқуын байқамаған жұмыс берушіні де жаза тартуды ұсынды. Сонымен қатар баламен жұмыс жасайтын қызметкерлерді тұрақты түрде психологиялық сынақтан өткізіп тұруға ұсыныс жасады. 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір