• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 23:55:13
Алматы
+35°

14 Қараша, 2017 Әдебиет

Бала асырап алған отбасы: Мұндайды күтпеген едік...

Данияр мен Асылдың отау құрғанына биыл 8 жыл толады

Асылдың бүгінгі күні жемісті болды. Асыл нәтижелі күнді күйеуімен әдемі романтикалық кешкі аспен аяқтаймын деп ойлады, бірақ кешке қатысты жоспарының  күл-талқаны шықты. Данияр әріптестерімен компанияның тендерді ұтып алғанын атап өту үшін мейрамханаға барады екен. 

Асыл үйге келді. Қап-қараңғы. Күні бойы үйде ешкім болмағаннан кейін үй қоңыр салқын. Тыныштық... Асыл көңіл-күйін түсірмеуі үшін өзінің сүйікті қуырдағын жасап, дастарханды жайнатып қойды. Кешкі асын ішіп жатып «шіркін балаларым болса, қазір шулап бірге тамақтанушы едік. Тыныштықты баланың сыңғырлаған күлкісі алмастырушы еді» деп ойлады.

Данияр мен Асылдың отау құрғанына биыл 8 жыл толады. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін балалары жоқ. Екеуі талай аурухананың табалдырығын тоздырды. Дәрігерлер екеуінен де еш кінәрат таппады. Бірақ әлі күнге дейін аңсап жүрген сәбиіне жете алмай жүр.

Әріптестері, достары, туыстары Асыл мен Даниярды көре қалса бала туралы сұрап, жарасын тырнайды. Қанша мән бермейін десе де «Уақыт болса өтіп жатыр, тезірек балалы болу керек», «Мансап қуып жүргенде кеш болып жүрмесін» деген секілді ескертулерін айтуды ұмытпайды. Құдды бір Асыл мен Данияр баланы қаламайтын секілді. Кейді істің мән жайын білместен, біреудің жеке өміріне, жеке шаруасына неліктен араласады екен деп ашуланатын кездері де болып тұрады.

Асыл мен Данияр үйленбей тұрып-ақ үлкен отбасы болуды армандады. Көп баламыз болса, қартайғанда балалары мен немерелері жиналғанда үйге сиятындай зәулім үйде тұрсақ деп армандады. 

Асыл мен Данияр қалағандай үлкен үйі бар. Сонымен қатар, сүйікті жұмыс та, айырылмас достар да бар. Тек бала жоқ. 

Күтпеген жағдай

Асыл жұмысындағы Айдананың жүкті екенін біледі. Айдана Асылдан жасанды түсік жасатуға ақша сұраған еді. Асыл мұны құдайдың белгісі ретінде қабылдады. Даниярмен ақылдасып, Айдананың баласын асырап алуға бекінеді. Данияр да бірден келіседі. Жарық дүниені көрмеген баланы өлтіргенше, оны асырап алып, бар мейірімін, махаббатын бергенді жөн көрді. Қабылданған шешімнен кейін Асыл мен Данияр балалы болғандай қатты қуанды. 

Асыл мен Данияр Айдананы үйге шақырып, өз ұсыныстарын айтады. Қомақты сомма ұсынып, баланы дүниеге әкелгенше Айдананы медициналық тексеруден өткізу, жатын орны мен тамағы және т.б қажеттінің барлығымен қамтамасыз ететінін айтады. Тек баланы босанғаннан кейін баладан бас тартатыны туралы қағазға қол қойса болғаны. Айдана ұсынылған сомманы естігенде қалай келісе кеткенін байқамай да қалды. Ол қаржыға өзі армандағандай қаладан пәтер ала алады. Онымен қоса ай сайын өзінің жалақысынан екі есе көп ақша алып отырады. 

Асыл мен Данияр Айданамен заңды түрде келісім шартқа отырды. Айдана олардың үйіне көшіп келді. Жегені алдында, жемегені артында. Қажетті дәрумен, медициналық тексеру барлығы қарастырылған. Айдана кезекті тексеруге барғанда дәрігер оның бір емес, екі емес, үшемге жүкті екенін айтқанда Айдана төбесіне мұздай суды құйып жібергендей күй кешті.

Айдана бастапқы кезде ақшадан айырылып қаламын ба деп қорқып Асыл мен Даниярға бұл жаңалықты айтпады. Үшем екенін білгенде келісім шартты бұзып, өзін далаға қуып шығады деп ойлады. Өзі мұндай жағдайда қайда барып, кімнің есігін сығалаймын, далада қаламын деп қорықты. Бірақ Асыл да, Данияр да Айдананың денсаулығын жіті бақылап отырғандықтан Айдана үшем туралы жаңалықты ұзақ уақытқа жасыра алмады.

Данияр мен Асыл Айдананың үшемге жүкті екенін білгенде бақыттан бастары айналғандай болды. Бірден үш баланың ата-анасы атанатынына шексіз қуанышты еді. Мұндай бақыт олардың түсіне де кірген емес. Асыл мен Данияр үш бірдей шақалақтың өмірін аман алып қалғанына да қуанды.

Көптен күткен қуаныш

9 ай, 9 күн өтті. Көптен күткен үшем дүниеге келді. Асыл мен Данияр шекесі торсықтай екі ұл мен бота көзді қыздың ата-анасы атанды. Бұл Асыл мен Даниярдың өміріндегі ең бақытты күндердің бірі болды.

Данияр бұрынғыдай емес енді үйіне асығып келетін болды. Екеуі арманына жетіп бақытты өмір сүріп жатты.

Асыл мен Данияр Аман, Есен, Тұрсынды ұйықтатқаннан кейін тәтті қиялға беріліп көз алдарына Даниярдың Аман мен Есенмен бақта футбол ойнап, Асыл Тұрсынмен дәмді кешкі ас дайындап жатқанын елестетті. Барлығы құдды бір тәтті түс секілді. 

Бірақ мұнымен жақсы жаңалықтар легі бітпеді. Көп ұзамай Асыл жүкті екенін білді. Мұны Асыл мен Данияр үшемді бауырына басып, асырап алғаны үшін жасалған құдайдың берген сыйы деп түсінді.

Ғажайып

Асыл мен Данияр бүгін дәрігерге тексерілуге барады. Екеуі қобалжып жүр. Асыл мен Данияр жүктілікке, балаға қатысты кез келген нәрсеге асқан жауапкершілікпен қарайды, әркез кобалжиды. Аман, Есен, Тұрсынды күткендегі бақыт, қуанышты қайта бастан өткеріп жатқанына дән риза.

Дәрігердің бүгінге айтқан жаңалығы Асыл мен Даниярды есеңгіретіп жіберді. Асыл үшемге жүкті екен. Отбасы тағы үш адаммен толықпақ. Асыл мен Данияр бұл қуанышты жаңалықты ет жақындарымен бірге атап өтті.

Асыл екі қыз бен бір ұл баланы дүниеге әкелді. Қазір Асыл мен Данияр алты баланың ата-анасы. Екеуі армандағандай көп балалы ата-ана атанды. Мұны олар құдайдың берген баға жетпес сыйына балайды.

Әсем Әлмұханбет

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір