• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:55:35
Алматы
+35°

24 Қыркүйек, 2018

"Baikonyr Short Film Festival" жеңімпаздары анықталды

Сонымен қатар, «Байқоңыр» кинофестиваліне алғаш рет «Үздік дыбыс» аталымы еніп, режиссер Майя Ғалымның «Чемпион» фильмі жеңімпаз атанды.

«Baikonyr Short Film Festival» биыл да жалғасын тауып, үш күнге жалғасқан қысқаметрлі фильмдер фестивалінің жеңімпаздары анықталды. Деректі, анимациялық және көркем фильм секциясы бойынша сарапқа түскен туындылар 13 аталым бойынша марапатталды.

Байқау қорытындысы бойынша «Бродвей таңдауы» аталымын «Дикие дни» фильмі (реж.: Самғар Рахым) жеңіп алды. Ал «Қазылар алқасының арнайы жүлдесін» Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының Алматыдағы өкілдігінің директоры Сергей Тохтаров мырза режиссер Амир Аменовке «Қыстың соңы» фильмі үшін табыстады. Режиссер Берік Жахановтың «Асан» фильміндегі әкесін тек жаназасында көріп, бір сәтте мойнына жауапкершілік жүгін арқалаған 17 жасар бозбаланың рөлін сомдайтын Азат Жұмаділ «Үздік актер» атанса, «Үздік актриса» аталымын «Самал» (реж.: Шұғыла Сержан) фильміндегі Жанэля Аликова иеленді. Жеңімпазға арнайы кинолента сипатында жасалған мүсіншені продюсер, тележүргізуші Алагөзова Баян Мақсатқызы табыстады. «Үздік анимациялық фильм» және «Үздік қоюшы-суретші» жүлдесін қазылар алқасының мүшесі, режиссер, қоюшы-суретші Адай Әбілдинов «ІІІ Байқоңыр» кинофестивалінің сәтті аяқталуымен барша кино сүйер қауымды құттықтай отырып, «Өркеш» анимациялық фильмі үшін режиссер Иван Ардашовты марапаттады. «Үздік деректі фильм» аталымы Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Көркем фильмдер режиссурасы» мамандығы бойынша білім алып жатқан, «Ұшқын» студенттік кинофестивалінің гран-при иегері Нұрсұлтан Нұсқабековке «Қасапшының бір күні» туындысы үшін табысталды. Ал «Үздік тәжірибелік фильм» жеңімпазына «Я люблю смотреть, как умирают дети» (реж.: Әлібек Әбдіхалық) фильмі ілікті. Осы орайда, тек қана отандық көркем фильмдер мен деректі жобаларды көрсететін еліміздегі тұңғыш арна «Ел арна» телеарнасының директоры Арман Балтабайұлы – жас киногерлердің туындыларын өз жұмыстары туралы баяндауына мүмкіндік беріп, көрермендердің жаңа киноларды тамашалауына жол ашатындарын жеткізді. Бұл – шығармашылығын енді ғана бастаған жас киногерлерге телеарна тарапынан көрсетілетін аса ауқымды қолдау болмақ.

Сонымен қатар, «Байқоңыр» кинофестиваліне алғаш рет «Үздік дыбыс» аталымы еніп, режиссер Майя Ғалымның «Чемпион» фильмі жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ, «Үздік оператор» аталымы әсіресе деректі фильм түсірудегі операторлық жұмыстың күрделілігін ескере отырып, «Uzbek Elegy» фильмінің режиссері әрі операторы Бахтияр Исламовқа бұйырды.

Күллі киносүйер қауым тағатсыздана күткен «Бас жүлде» иегері режиссер Тимур Сердалиннің «Қош бол досым» фильмі болып табылды. Сонымен қатар жеңімпаз фильм қазылардың әділдігіне, көрерменнің биік талғамына сәйкес, «Үздік режиссер» және «Үздік сценарий» аталымдары бойынша да қос марапатқа ілікті.

Ғарышты бағындыру идеясымен басталып, жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан байқаудың келер жылы да өз жалғасын тауып, жас киногердің шығармашылық өміріне даңғыл жол ашарына сеніміміз кәміл.

 

Айжан Еcенгелді

Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА

«Кинотану» мамандығының

IV курс студенті

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір