• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

07 Мамыр, 04:01:05
Алматы
+35°

24 Мамыр, 2017 Саясат

Әзірбайжан банкіне салынған ақша қалай қайтарылатыны әлі белгісіз

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) Әзірбайжан халықаралық банкіне 200 млн доллар көлемінде инвестиция салынып, аталған банктің берешегі өсіп, қарызын...

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) Әзірбайжан халықаралық банкіне 200 млн доллар көлемінде инвестиция салынып, аталған банктің берешегі өсіп, қарызын қайтара алмай отырғаны туралы ақпарат шыққан соң, отандық қаржыгерлер «зейнетақы қорынан алынған ақша қайтпай қалуы мүмкін» деп дабыл қақты деп жазады zhasalash.kz. Бұл БЖЗҚ-дан шыққан алғашқы дау емес. Сарапшылардың айтуынша, зейнетақы қоры саяси шешімдердің құрбаны болып отыр. 
Зейнетақы қорынан халықтың салымы есебінен әзірбайжандық банкке 71,3 млрд теңге инвестиция берілгені белгілі болған соң, қор басқармасының қызметі сынның астында қалды. БЖЗҚ төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева мамырдың 22-сінде жасаған ресми мәлімдемесінде «қарызды қайтару механизмі әлі талқыланбағанын» баяндады. Экономист Жарас Ахметов «шешім қабылдауда қордың тәуелсіз болмауы – негізгі мәселе» дейді. Оның айтуынша, БЖЗҚ кейбір шешімді өзі қабылдауға құзырлы болғанымен, бәрібір Ұлттық банктің айтқанынан шыға алмайды. 
Әзірбайжандық банкке инвестиция құю туралы шешімді кім, қалай қабылдағаны жайлы жауап берген қордың басқарма басшысының орынбасары Сәуле Егеубаева «зейнетақы қорының инвестициялық саясатқа араласпайтынын, оның бәрі тек Ұлттық банктің қолында екенін» баяндады. 
– Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 35-бабы бойынша, зейнетақы жинағын инвестиция ретінде қолдануға, оларды басқаруға тек Ұлттық банк құзырлы. Ал Ұлттық банкке кеңес беру қызметімен, яғни инвестицияны қайда құюға болатынын анықтап, саралайтын Ұлттық қорды басқару кеңесі жұмыс істейді. БЖЗҚ-ның зейнетақы қаржысын жұмсауы туралы шешім қабылдауға да, оны талқылап жатқанда кеңеске қатысуға да құқы жоқ, – дейді Сәуле Егеубаева. 
Қаржыгер Расул Рысмамбетов «зейнетақы қорының қатысуымен жасалатын кейбір келісімнің тиімсіз екенін ондағылар білгенімен, мұндай қадамға баруға мәжбүр болып отырғанын» айтады. 
– Зейнетақы қорының мамандары ел-жұрттың жинағын қайда салса тиімді болатынын білетіндей деңгейде сауатты деп ойлаймын. Олардың Әзірбайжан банкіне қаржы құю табыс әкелмейтінін түсінгендері анық. Бірақ бұл шешімнің астарында қаржылық келісімшарт емес, Ұлттық банктен де жоғары тараптың саяси мотивтері жатыр, – дейді ол. 
«Қаржылық еркіндік» қамқоршылық кеңесінің басшысы Ботагөз Жұманова «зейнетақы қорының қаржысын Ұлттық банк өз мүддесіне қарай басқарып, кейбір ережелерді бұзып отырғанын» айтады. 
– БЖЗҚ-ның инвестициялық құрылымына қарасақ, зейнетақы қорының 121 млрд теңгесі елдегі 21 банкке депозит ретінде берілгенін көреміз. БЖЗҚ инвестициялық декларациясының 23-бабының 3-тармағына сәйкес, қор қаржысы банктерге берілуі үшін бірнеше норма сақталуы тиіс. Яғни қордан ақша алу үшін банктердің қаржылық көрсеткіші тұрақты, жағдайы қауіпсіз болуы керек. Ұлттық банктің 2017 жылғы ақпандағы мәліметі бойынша, елдегі үш банк мұндай талапты бұзған. Оның ішінде 900 млрд теңге қарыз алған ірі банк те бар. Ұлттық банк банктерден қор қаржысын алып қоюдың орнына көмектесіп отыр, – дейді Ботагөз Жұманова.
Сондай-ақ сарапшы зейнетақы қорының жұмысына ашықтық жетіспейтінін айтып, халықтың алдында ұдайы есеп беріп отыруы керек деп санайды. 
– Мұндай шешімдер бір күнде, бір ғана жиналыста қабылданбайды. Көп сатылы кезеңнен өтеді, ұзақ талқыланады. Бірақ біз мұндай оқиғаларды тек өтіп кеткен соң ғана біліп отырамыз. Зейнетақы қоры халық алдында ұдайы есеп беріп отыруы керек. Ұсынысты кім жасады? Қанша ақша қандай жобаларға берілді? Осының барлығы анық көрсетілуі тиіс, – дейді сарапшы.

 

Аян ҚАЛМҰРАТ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір