• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 15:21:29
Алматы
+35°

08 Қаңтар, 2019 Әлеумет

Ажалы ақшадан болған миллиардерлер

АЖАЛЫ АҚШАДАН БОЛҒАН МИЛЛИАРДЕРЛЕР Төмендегі Батыс миллиардерлерінің өміріне үңіліңіз.

Төмендегі Батыс миллиардерлерінің өміріне үңіліңіз. Сонда «Мен неге кедеймін?» деп кейістік білдірмессіз...
Ажалдың қорқынышынан ақшаның қорқынышы басым бо­лып шықты. Биржалық қалықтау мен құлдырау тарихына үңіл­сеңіз, талай сұмдық трагедияның куәсі боласыз. 1929 жылы бол­ған аса ауыр экономикалық дағдарыстың тек ал­ғаш­қы үш күнінің өзінде 210 ші­ріген бай өз өмірімен қоштасуды дұрыс көріпті. Қоғамда «Қара бейсенбі» деген атпен қалған сол күні Уолл Стриттегі заңғар ғимараттардың терезелерінен банкроттыққа ұшыраған брокерлердің өз-өздерін тастағаны туралы аңызға бергісіз небір әңгімелер бар. Оның бәрін тер­гіш­теп басыңызды ауыртпай-ақ қоя­лық. Осы өзіміз куә болып отыр­ған ғаламдық дағдарыс бас­талғалы бері бір­неше миллиардер өзін-өзі өлтір­ген. Соның бірі – фармацев­ти­ка­мен айналысатын Адольф Мерк­ле деген 74 жастағы неміс мил­лиар­дері. Атақты «Форбс» жур­налының есебінше, 2008 жылы ол әлем миллиардерлерінің ішінде 98-орында тұрған. Меркленің қол астында 70 000-нан астам адам жұмыс істеген. Осылайша жыл­дық ақша айналымы ондаған мил­лиард доллармен бағалана­тын өндірістік империяның қо­жайы­ны ретінде дәуірлеп тұрған мил­лиардер қор рыногы күйреу­ге байланысты бір күнде 1 млрд евродан айырылған. Осыған қат­ты күйзелген Меркле пойыз­дың астына түсіп өлген. Оқиға болған жер­ден полицейлер оның туыс­тары­на қалдырған ақырғы хатын тауып алған.

Ал енді америкалық 52 жас­тағы миллиардер Стивен Гудтің өлі денесі өзінің көлігі ішінен табылған. Ол әкесінен мұраға қалған жылжымайтын мүлік сату­мен айналысатын ірі компа­нияның атқарушы директоры болатын. 1965 жылдан бері  бұл компания жалпы құны 9,5 миллиард долларды құрайтын 40 мыңнан астам жылжымайтын объекті сатқан екен. Жылжымай­тын мүлік нарығы күйреген соң, Гуд ауыр күйзеліске түскен. Ақы­ры – анау. Арнайы билік өкіл­дерінің хабарлауынша, сабы­ры сарқылған миллиардер өзін-өзі басынан пистолетпен атып өлтірген. Бұдан да сұмдығы, 60 жас­тағы пәкстандық миллионер дағдарыстың кесірінен банкрот болғанына шыдамай, өзінің ба­сын электр арамен кесіп тастаған. Мар­құм Дубайдағы бірнеше құры­лыс компанияларының қо­жайы­ны болыпты. Есік алдынан күйеуінің қанға

боялып жатқан бассыз денесі мен әлі жұмыс істеп тұрған электр арасын көрген әйе­лі дереу полицияға хабарлаған. Жесір қалған әйелдің айтуынша, ері соңғы уақытта қаржылық дағ­дарыстың кесірінен өте ауыр психологиялық күйзеліс үстінде болыпты. Өлерінің алдында өз компаниясының барлық қызмет­кер­лерін жұмыстан босатқан екен.

Ирландиялық белгілі бизнес­мен Патрик Рокканың 500 мил­лион евросы сақтаулы тұрған банк күйреп, байлығы суша ағып кет­кен миллионер жүйке жүйесінің ауыр күйзе­лісінен өзін-өзі басынан атып өл­тірген.

Ал бар-жоғы 35 жастағы ағылшын миллионері Джонатон Рейс 46 миллион долларға бизнесін сатқан соң, 2009 жылы өзін өзі өлтірген. Не үшін өзін өлтіргені туралы артына бір жапырақ қағаз да қалдырмапты. 

Американың миллионері Эли Блэк өзінің  банан экспортына салықты төмендету үшін 2,5 миллион доллар пара бергені туралы газеттегі ақпаратты оқып, 44-қабаттан секіріп өлген.

Лондондық банкир-мультимиллионер Хуберт Боуместер 2007 жылы 1 миллион евро сыйлық алғанына қарамастан, өзін өзі басынан атып өлген. Себебі, бизнесі күйрей бастаған.

2008 жылы британиялық бизнесмен Кристофер Фостер банкрот болудан қорқып, алдымен әйелі мен қызын өлтірген, артынан құны 2,500 миллион доллар тұратын үйін өртеп жіберген, сосын өзін өзі өлтірген.

Ағылшынның 54 жастағы  байы Пол Кастл банкрот болудан қорқып, 2010 жылы пойыздың астына түсіп өлген. Өзі Англия корелевасымен кездесіп, фринц Чарльзбен шахмат ойнап жүріпті.

«Бай қалтырауық келеді» дей­ді қазақ. Бәлкім, ақша да қатты жерге тұратын болар. Тарихта ең бай миллиардерлердің өзінің қара бақыр, соқыр тиын санап жүретініне мысалдар аз емес. ХХ ғасырдың ең бай әйелдерінің бірі Генриетта Хоуленд Грин 1916 жы­лы өлгенде, артында 20 мил­лиард доллары қалған. Осы шірі­ген бай әйел Чикагодағы тұтас кварталдардың қожайыны болса да, өмір бойы ең арзан пәтер жалдап тұрған. Ал бірде бағасы 2 цент тұратын пошта маркасын іздеп, түні бойы табанынан тау­сылыпты. Ұлының аяғына операция жасау үшін үш күн бойы­на тегін аурухана іздеп, сан­дал­ғаны тағы бар. Осы мил­лиардер әйел 82 жасқа келгенде, қыз­метші әйелдің бір бөтелке сүтке артық төлеп қойғанын естіп, есінен танып құлап түскен. Есесіне байлығын өзіне қи­маған сасық бай ретінде тарихта қал­ды. Өзіңе бұйырмағаннан ар­тық ештеңе жей алмайсың деген осы да!

Осыдан 30 жылдан астам  бұрын 4 мил­лиард долларымен әлемдегі ең бай адам саналған мұнай королі Джон Пол Гетти де сараңның сараңы ретінде тарихта қалған. Ол вилласына қонақтарының сөйлескеніне ақша шығындамас үшін таксофон орнатқан. 1973 жылы Джон деген немересін ұрлап кеткендер баланы қайтару үшін ақысына 17 миллион доллар сұрағанда, төлеуден бас тартқан. Ұрылар немересінің құлағының ұшын кесіп алып, оны конвертке салып жіберген соң ғана келісім берген. Соның өзінде Гетти үнемдеп, ұрыларға 2,7 миллион доллар ғана қиыпты.

«Форбс» журналының есебін­де екінші орында тұрған америка­лық қаржыгер Уоррен Баффет (44 миллиард доллары бар) бұдан 40 жыл бұрын 30 мың долларға са­тып алған шағын пәтерде, біз­ше айтқанда, «хрущевкада» тұра­ды. Астына мінгені – ескі көлік, бізше айтқанда, «Москвич». Жыр­тық шалбар киіп жүреді.

Ханс Раусинг деген сканди­навия­лық бай 8 миллиард дол­лары болса да, жаңа көлік алуға ақшасын қимай, орыстың 12 жыл мінілген «Нивасын» сатып алып­ты. Жарықтық дүкендерде заттың бағасын түсіргенше ұзақ саудаласатын көрінеді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын британдық миллионер Николас фон Хоогстратенді (800 миллион доллары бар) адам өлімі үшін он жылға соттайды. Ал оның үйіне тінту жасаған полицейлер ас үйден пайдаланылған шай пакет­терін тапқан. Сөйтсе әлгі бай шай пакеттерін құрғатып, қайтадан бірнеше рет пайдаланады екен. Бір жылдан соң, миллионерді түр­ме­ден босатқан. Дегенмен оның көп­ке жайылып кеткен сараңды­ғы туралы пікір әл-әзір басылар емес.

Сараңдықтың көкесі деп мы­наны айтыңыз. 23 жастағы аме­рикалық актриса Уэнди Доркас деген әйел Роджер Доркас деген 90-ға келген миллионерге күйеу­ге шығады. Мақсаты белгілі – қау­саған шалдың бар байлығын ием­дену. Бір жылдан соң, ауру шал көз жұмады. Адвокаттар қарттың қалдырған өсиетін оқығанда, әйел талып түсе жаз­дайды. Оған бұйырған мұра... бір доллар екен. Ал қалған 64 мил­лион долларын шал Максими­лиан деген итіне мұраға қалды­рып­ты. Сот салпаң құлақ итті жақ­тап шығады. Әйел де әккі екен, миллиондаған долларды қағып түсу үшін... итке тұрмысқа шығады. Амал жоқ, әйел мен иттің некесін қиюға тура келеді. Иттің құжатын тастай еткен шал оны АҚШ азаматы ретінде тір­кетіп, салық төлеп тұратын етіпті. Ит өлген соң, бар байлық ақыры әйелге қалған.

Міне, «бақыт – ақшада» дейтіндерге  бұл да өмірдің үлкен сынағы мен сабағы!

Төреғали Тәшенов

Төреғали Тәшен

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір