• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 00:47:19
Алматы
+35°

21 Наурыз, 2019 Әдебиет

Әз Наурыз туралы таза шындық...

Шетсіз, шексіз, менің Ұлы Далама, Әз Наурыз, қадам басып келе ме?

Бір ерекше қуат сыйлар денеге,
Қуанышты - көз біткендер көре ме?
Шетсіз, шексіз, менің Ұлы Далама,
Әз Наурыз, қадам басып келе ме?
 
Көші қонған, оты жанып өшкеннің,
Барлық жүзге бір ғажайып көшкен нұр!
Ұлы Еліме, Көктем болып ғажайып,
Бір жыл күткен Әз Наурыз, хош келдің!?.
 
Қазағымның, арлы аруы сияқты,
Қазағымның, ер ұлдары сияқты,
Наурызда, сай-саладан су ақты,
Наурызда, күннің көзі шуақты!
 
Көгімізде шуақ шашып күн тұрар,
Жүрек біткен, дүрс-дүрс соғып, бұлқынар!..
Қазағымның арулары бұл шақта,
Қызғалдақтай бір ерекше құлпырар!
 
Кәрі біткен, жастық шағын ойлай ма?
Құрғыр ойлар, мазаламай қоймай ма?
Жас төлдер мен бала біткен шаттанып,
Қырға шауып, асыр салып ойнай ма?
 
Келді халқым, Әз Наурыз - «Жыл басы»,
Басқаша айтсақ, «жас төлдердің құрдасы»,
Наурыз-ару, келе ме әне, сылаңдап,
Өрекпіген жас көңілдер сырласы?..
 
Жүректерді ыстық ойлар өрелеп,
Жанарлардан отты сезім себелеп,
Бұл уақытта жер-дүние жасарар,
Жас, кәрі де, қунап қалар керемет!
 
Еркек, әйел, бір-біріне ынтығар,
Жүрек біткен, алып-ұшып, ұмтылар!
Әз Наурыз, махаббаттың айы ма,
Ғашықтықтар – қыр гүліндей құлпырар!?.
 
...Бабалардан қалған сөз көп көшелі,
Қанатты ойлар - желдей жүйтіп, еседі!..
Наурызда, келген кезде «Жыл басы» -
Өкпе-реніш ұмытылар деседі...
 
Жол берместей болып енді «қатаға...»,
Жақсы адамдар - Наурыз-дәмнен тата ма?
Бірін-бірі Әз Наурыз келгенде,
Біздің Қазақ, кешірісіп жата ма?
 
Өкпені қой, әй, досым-ай, досым-ай!
Әппақ көңіл, сый-құрметтің тосыны-ай!
Бір жыл бұрын болған өкпе-реніш,
Ұмытылып жата ма екен осылай?..
 
Қонақ біткен, асығысып, кешігіп,
Көңіл біткен, арқа-жарқа шешіліп,
Насыбайдан қалғыш Қазақ көңілі,
Жататындай төс қағыспен шешіліп?
 
Жаутаңдар кім, көңілі кетіп «қараққа»?
Ойы кетер алуан түрлі тарапқа?
Бұл Қазақтай Ұлт бар ма екен әлемде,
Өкпелеу мен қуануы – заматта?..
 
Бастан өтер: жақсы, жаман, масқара,
Жақыныңды бірақ жауға тастама!..
Ағайын мен дос-жарандар ішінде,
Орын алған өкпе-реніш басқа ма?..
 
Кейбір өкпе, жараса ма еріңе,
Тұра ма өзі бірдеңе айтып, «деріңе...»?
Жақындардың ішіндегі өкпелер
«Шәйі орамал кепкеншенің» кері ме?..
 
Көп нәрсені біз көкейге түйдік пе,
Үлкен жағы деп зекірер: «килікпе!?.»
Бір бөлек те, дос-жарандар өкпесі,
Бір бөлек пе, деген өкпе билікке?..
 
Бүгін халық, ұйқыда емес, ояу ма?
Жемқор біткен өле-өлгенше тояр ма?
Хан, патшадан қалған Ұлттың көңілі,
Реніші... - ұмытыла қояр ма?..
 
Ондай патша білем түбі оңбайды,
Қашса дағы ұрпағымен сорлайды!..
Шынын айтсам, Ұлт көңілін қалдырған,
Деседі ғой: «екі дүниеде оңбайды!..»
 
Іс оңалар, алған беттен қайтпасаң,
Жолығасың әлі талай жәйітқа сан...
Әз Наурыз - жылдың басы келген соң,
Жараса ма Ақиқатын айтпасаң?
 
Бәрі қолда тұрған кезде «мүмкіннің»,
Жоғалмайды астындағы Ел, бір тудың!
Сондықтан да ашып айттым, ағайын,
Қуаныш пен ренішін Ұлтымның!
 
...Әз Наурыз, құтты болсын, Қазағым!
Артта қалсын, көрген қорлық, азабың!
Келген Наурыз - Шындық болса қаншалық,
Өле-өлгенше мен де Шындық жазамын!
 
Жұмаш Кенебай
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір