• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 13:52:33
Алматы
+35°

Айжан Жүзбай – қарапайым қазақ отбасынан шыққан қыз. Өткір мінезі мен еңбекққорлығының арқасында миллиардтаған тұрғыны бар Бейжіңде кәсібін дөңгелетіп отырған, Қытайдың «Mercedes Benz China Fashion» сән апталығына қатысқан алғашқы қазақ дизайнері. Шымкент қаласында дүниеге келіп, Қарағандыда өсіп-өнген ол Қытай мен Қазақстан, рухани менен материалдық дүние жайлы ойларымен qamshy.kz сайтымен бөлісті.

 

–Фейсбук әлеуметтік желісіндегі бір оқырманымыз қытайлар Айжан Жүзбай есімді дизайнерімізден сұхбат алып жатыр, ал біздің қазақ журналистері неге үнсіз деп хат жазған болатын. Негізі бір байқағанымыз, ерекше талантыңмен Қазақстанды бағындырғаннан қарағанда әлемді мойындату оңайырақ. Әлем мойындаған адамды қазақ тез мойындайды. Ендеше сіз көздеген бірінші меже Қытай ма, Қазақстан ба?

–Әрине, Қытай. Менің о бастағы көздегенім шетел еді. Шетелде дамып, өркендеп, тәжірибе жинап, өзімді, қазақ өнерін, қазақ ұлттық киімін шетелде мойындатсам деген мақсат-жоспарым бар. Бізде әлемдік аренада жұмыс жасап жүрген қазақ дизайнері жоқ. Өкінішке орай.

 

Сіздің дизайнерлік бағытыңыз қандай?

–Заманауи, классикалық, ұлттық, этнозаманауи стиль.

 

–Қазақ бар ақшасына не той жасайды, не киім сатып алады. Біз үйімізде жаңа жиһаз болмаса да жаңа киім сатып алатын жандармыз. Қазақ қымбат, әдемі киінгенді ұнатады деп шетелдіктердің айтқандарын құлағымыз сән мәрте шалған. Қазақтың қымбат, бренд киімге деген махаббатын сіз қалай қабылдайсыз?

–Жалпы қазақ шопоголик (сауда жасағанды ұнататын) халық. Сонымен қатар қазақтың әдемі өмір сүргісі, әдемі киім кигісі келеді. Бұл негізі барып тұрған өзін-өзі алдау, көзбояушылық. «Ұят болады» деп ескі көйлекті кие салудың орнына жағдайы келмесе де бюджетті мейлінше кесіп тойға қонақ болып бару үшін жаңа бір көйлек сатып алады. Люкс қажеттілікті аңсау, әлбетте, жаман дүние емес. Оны  жақсылыққа, әсемдікке, тазалыққа ұмтылу деп қабылдаймыз. Егер де адамның экономикалық жағдайы жақсы болса. Келесі айда қалай күн көрерін білмей тұрып киім-кешек сатып алу ақымақтық. Ақшаны өз орнымен жұмсаған абзал. Бай болып ақша шашқан да жақсылық әкелмейді. Бүгінгі таңда мұнтаздай киінген, бірақ кеудесі саңылауға айналып,  көзі жалтырақтан басқасын назарға ілмейтін, құлағы өсек-аяңға жақын жандар біздің қоғамның өршіп тұрған дерті.

 

–Қытайлар ше, олар қалай киінеді?  Жағдай-тұрмыстары қандай жалпы?

–Кейбір қытайлар ашығын айтқанда сүмелек сияқты киінеді. Бірақ жағдайлары сүмелектікіндей емес. Бай адамның өзі өте қарапайым киінуі мүмкін. Киімге қарап адамның әлеуметтік статусын анықтай алмайсың. Қазақстанда киім барлық нәрсенің көрсеткіші болып табылады. Қытайлар сан алуан түрлі киім киеді. Талғамдары қызық, кейде кигендері бір-біріне үйлесімсіз, кейде ерекше. Бірақ сапаға онша бас қатырмайды.

 

–Киім дегеніміз құр шүберек негізінде. Онда шүберек неге сонша қымбат? Арзанырақ киім сатып аламын деген оймен жұрт қытайлық, қырғыздық өнімдерге толы барахолкаға ағылады. Алматының барахолкасына соңғы рет қашан жолыңыз түсті?

Қалта көтерсе жақсы киінуге тырысу керек, әдемі киім әдемі көңіл-күй сыйлайды. Тек соның бәрі адамгершіліктен аттамаса болды. Барахолкада екі рет жұмыс бабымен болдым. Біріншіден, мен Алматылық емеспін. Екіншіден, кейде он арзан көйлек алғанша соның бағасына татитын сапалы бір көйлек алған дұрыс деп ойлаймын. Арзан матаның химикаты көп әрі сапасы нашар. Сараң адамның екі төлейтінін ұмытпайық. Мысалы, біздің брендтің киімдері қымбат.

 

–Бай-шенеунікке қымбат киім сатудың мәні неде?

Бұл шенеуніктерді немесе тек бай адамдарды ғана киіндіремін дегенім емес. Көбінесе xалық «Қазақстанда жасалған ғой, неге қымбат деп қолөнерді бағаламай жатады. Біз үш түрлі бағытта киім тігеміз: қымбат, орта және жастарға арналғаны түрі. Үшеуі үш түрлі бағамен сатылады. Әрі деңгейлері әртүрлі. Мысалы, біздегі көйлектің өз бағасы 500$. Жалпы киімнің қымбат болуының себебі – қытайлықтардың жұмыскерлер еңбегінің екі есе қымбат болуы. Сонымен қатар біз арзан матадан емес итальяндық, қытайдың жібек маталарымен жұмыс жасаймыз. Бір киімнің дизайнын 3-4 күн ойластырамыз. Толық тігіп шығаруға 1 апта қажет. Мен бұл сөзбен айтпақ ойым өнерді, еңбекті, өз салтыңды бағалай білген шарт. Қазақтың көбі шетелдік атағы жер жарған, бірақ зат ретінде дым құндылығы жоқ заттар мен киімдерге миллиондап ақша төгіп жатыр. Ал, отандық дизайнерге келгенде сараңдығы ұстап қалады. Бәрі ондай емес. Бірақ «арзан берсейші» деп жеңілдік, баға түсіруді сұрайтын таныстарым жоқ емес. Мұнда тағы бір мәселе бар. Қытайлар жергілікті қазақтарды менсінбейді. Себебі Қытайдағы қазақтардың экономикалық жағдайы мәз емес. Мен қазақ киімін табысты, танымал шетелдіктердің мақтанып, қызығып үстерінен тастамай кигендерін қалаймын. Сол арқылы қазақтың еңсесін, рухын көтергім келеді.

 

–Қытайлар сізді қалай қабылдап жатыр?

Жалпы қытайлар қөлөнерге әуес және қолөнерді бағалай біледі. Қытай сән апталығында өнер көрсеткен алғашқы қазақпын. Қазақ қызын қытайлар жақсы қарсы алды. Әлі де болсын ақпараттық қолдау-көмек көрсетіп келеді. Қазақстанның 24 жылдық тәуелсіздігіне арнап елшілік ұйымдастырған шарада сән көрсеттік. Сахнаға бар-жоғы 13 модель шықты. Олардың біреуі орыс, біреуі қазақ болса, фотограф қытай болды. Модельдер аяқтарына кәлош киіп шықты. Қытайда қызығушылық танытып, тегін көмек көрсетуге дайын жандар баршылық. Еуропада жүрген жердің бәрі ақша. Ақшасыз ешнәрсе ұйымдастыра алмайды екенсің. Қытай соңғы бес жылда Қазақстанның шынайы табиғат-болмысын, кескін-келбетін таныды. Қазақ жері таланттарға бай, ана тілі Абайдың тілі, мәдениеті мен дәстүрі терең зерттеуді қажет ететіндігін білді. Оған БАҚ, екі ел арасындағы дипломатиялық келіссулер де себепші.

 

Дизайныңызда ұлттық ою-өрнек қандай рөл ойнайды?

–Мен үшін, менің өмірімде, менің дизайнерлік бағытымда үлкен орын атқарады. Әсіресе кәдімгі қошқар мүйіз. Бұл ою қарапайым болса да бала кезден осы қошқар мүйізге әуес едім.

 

–Қазақстандық қандай дизайнерлермен достық қарым-қатынастасыз?

Қазақстанда өнер саласынан көбінесе музыкант, сазгер, зергер және әншілермен доспын. Қазақстаннан Қытайға оқуға кеткен сәтте 19 жаста едім, ол кезде танымал дизайнерлердің көбісі жас жағынан әпке болып келетін маған, енді міне 5-6 жылда қаншама жаңа жас буын шықты. Астанаға жылына 3-4 рет келсем де аз уақыт боламын. Сол уақытты отбасыммен, туысқандарыммен өткіземін. Сөйтіп көп дизайнерлерді шынайы өмірде көре бермеймін. Негізі әлеуметтік желі арқылы жиі ой бөлісіп, пікір алмасып тұрамыз.

 

Жалпы дизайнер болу арманы қашан, қалай пайда болды?

–Артқа шегініс жасайын. Мен Шымкент қаласы Ордабасы ауданында дүниеге келдім. Анам Қызылорданының қызы, әкем Шымкенттік. Әкемнің жұмыс бабымен Қарағандыға қоныс аудардық. Қарағандыда мектепке бардым, өсіп-өндім. (Осы ретте өз басыма қарағандылықтардың мінезі ұнайтындығын атап өткім келеді) Атам мектеп директоры болатын. Қазақ тілі және әдебиет пәндерінің маманы. Сол атам маған журналист бол деп айтатын. Бірақ мен мемлекеттік тілде іс қағаздарды жүргізу және мұрғаттау мамандығы бойынша колледжке оқу түстім. Кейін Қарағандының  экономикалық университетінің мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығын қашықтықта оқып бітірдім. Оқу бітіру кешіне көйлек таба алмай жүргенде қаладағы «ЦУМ-ға» (орталық әмбебеп дүкені) жолым түсті. ««Достық» оқу орталығына келіңіздер! Сізде қытай тілін білмесеңіз де Қытайда білім алуға мүмкіндігіңіз бар» деген хабарландыруды оқып қалдым. Менің өмірімді сол ақ қағаз қатты өзгертті. Дизайнер болу бала кездегі арманым болатын. Бес жасымда теледидардан сән қойылымын көріп отырып әуестенгем. Сол сәт әлі есімде. Бірақ дүкендегі жаңағы хабарландыру маған қозғаушы күш бола білді.

 

 

–Гардеробыңыздағы ең арзан және ең қымбат киім? Брендтерін де айтып өтсеңіз.

Қазіргі ең қымбат киімім – өзіміз тіккен көйлектер. Бағасы 4000$.  Ең қымбат аяқ-киімім «Marni» брендінен. Бағасы 700 еуро. Мен негізі киімді брендіне емес дизайнына қарап аламын. «Chanel», «Marni», «Balenciaga», «Celine» брендтерін қатты құрметтеймін. Гардеробымдағы ең арзан киімім – 2500 теңгелік футболка. Өзім дизайнер болғандықтан тауардың-киімнің шын бағасы қандай болу керектігін білемін. Егер де сапалы, дизайны ерекше ойластырылған шапанды кезіктірсем, 15000$ төлеуге дайынмын.

 

–Телефонмен алғаш сөйлескенде «бірбеткей адаммын» деп айтып қалдыңыз.  Fashion индустрия да шоу бизнес сияқты. Мұнда да қулық-сұмдық қажет-ау. Мінезіңізден опық жеп жүрген жоқсыз ба?

Мен өтірік айтқанды ұнатпаймын. Дүкенге сатып алушы келіп, «Мына көйлек маған жарасып тұр ма?» деп сұраса мен тек шындықты айтамын. Тауарды өткізу үшін өтірік мақтауға бара алмаймын. Тек бір байқағаным, кейбір адамдар сұрақ қоя отырып өздері естігіс келетін жауапты күтеді екен. Сондықтан өзіме бағытталған сұрақты естігенде «Шындықты білдіңіз келе ме?» деп қарымта сұрақ қоятын болдым.

 

–Өзіңіздің басыңыз бос па? Қытайда жұмыс жасаймын деп қалып қоямын деген қорқынышыңыз жоқ па?

Тұрмыс құрмағанмын. Меніңше, жақсы отбасы болу үшін екі адамның көзқарасы, мінезі үйлесімді болуы қажет. Шетелдік азамат ұнағанымен қазақ қызының онымен бірге үй болып кетуі қиын шаруа. Оған көп уақыт, көп жігер кетеді. Соңында менталитеті, салт-санасы басқа екі адам екі жаққа кетуі мүмкін. Ертең кімге күйеуге шығамын, ол қандай адам болады айту мүмкін емес. Бар білетінім – нәзікжанды ер адаммен емес, кәдімгі уәделі сөзінде тұратын, кесек ой  ойлайтын, қорғаныш бола алатын еркекпен өмірімді байланыстырғым келеді. Мысалы, маған сүйіктісінің сөмкесін ұстап жүретін жігіттер ұнамайды. Оларды көрсем, жиіркеніп кетемін. Сөмке жолсөмке немесе азық-түлікке толы дорба болса әңгіме басқаша.

 

–Қазақ қыздары жайлы әңгімелеп кеттік. Бір сұрақ –  бүгінгі қыздардың арман-тілегі қандай, өмірден нені аңсайды?

Қыздар баюды ойлайды. Мақсат-мұраты, аңсаған арманы да сол. Қымбат тон кию, қымбат темір тұлпардың тізгінін ұстау және т.б.

 

–Дизайнерлік, адамдық арманыңыз қандай?

Қазақстанның мәдениетін асқақтату. Қазақстандық дизайнерлерді Франция, Италия, Жапония дизайнерлерінің денгейінен асыру. Ата-бабамыздан қалған өнерді әлемге танымал ету, мойындату. Тек Айжан Жүзбай деген атым емес, қазақ деген затым, өнерім төрге шыққанын қалаймын.

 

Сұхбаттасқан: Жазира Байдалы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір