• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 16:56:08
Алматы
+35°

10 Шілде, 2018 Әлеумет

"Әйел алсаң орыстан..." Қазақ жігіттердің бағын ашқан өзге ұлттың қыздары

Ұлттың ұлылығын сақтау үшін өз жұртыңның аруымен бас қосудың аса қажеттігін кеш сезіп, сан соғып жүрміз

Қазақтың қызы шетел азаматына тұрмысқа шықса, ызаға булығып, әлгі қызға тап беріп жатамыз. Біріміз сөзбен «қарғап-сілейміз», енді біріміз «ондай қыздарды азаматтықтан шығару керек» деп талап етеміз, одан қала берді адам санатынан шығарып тастаймыз. Бұған мысал ретінде жуырда ғана қытай азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызын айтсақ болады. Намыстары оянған қазақтың жігіттері тойдың шырқын бұзардай ашуға булығып, топ болып мейрамханаға барғандарын қазақ әлі талай сөз етер. Жә, айтып-айтпай не керек, қыз кетті, артына қарамай, шетелдіктің қолын ұстады да, бақытын тапты. Оған не айтсаң да, кеш, бақыт тілегеннен басқа амалың да жоқ.

Ал қазақтың жігіті өзге ұлт өкілінен қыз алса ше? Бұған қалай қарар едіңіз? «Дұрыс, ең бастысы ол әйел қазақтың ұрпағын» дүниеге әкеледі» деседі біреулер. Енді біреулері «Мүлдем дұрыс емес. Баланың жанында көп уақытын өткізіп, оны тәрбиелейтін – анасы. Ол балада қазақы тәрбие болмайды» деп қарсы шығып жатады. Бұл таластың түбі шексіз. Қазақ отбасына сіңісіп, нағыз қазақтың келіні болған өзге ұлттың қыздары бар. Сонымен қатар, қазақтың дәстүрлеріне көңілі толмай, ерін не өз жағына тартатын, не ажырасып тынатын да әйелдер бар. Qamshy.kz ақпарат агенттігі бүгінде нағыз қазақтың келіні болып, қазақ шаңырағының түтінін түтеп отырған орыс келіндерін тізіп шықты. Олар желіде белсенді, әрі оқырмандары да көп. Тіпті риза болып, сүйсінетін оқырмандардың санында шек жоқ. Ал кеттік...

Анна - орыс келін

Бұл – Анна. Желіде «орыс келін» деген атпен танымал. Қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, екі баланы тәрбиелеп отырған ана. Желідегі жазбаларына сәйкес, жарымен Жапонияда танысқан екен. Өзі Ресейдегі Владивосток қаласында туып-өскен. Негізі Жапонияда қалуды армандаған екен, алайда тағдыры оны Қазақстанға айдап әкелді. Елде тұрып жатқанына 10 жылдан асты. Қазақстан оның туған мекеніне айналды. Етті сүйіп жейді, мәнті мен орама-нан сүйікті тағамдары, ал балаларына кеспе жасап бергенді жақсы көреді. Жапониядан Қазақстанға енді ғана көшіп келген Анна бірнеше қателіктерге де бой алдырыпты. Оны желідегі парақшасында былай деп келтірді:

«Күйеуімнің туысқандарына шошқа етімен тамақ жасап бердім. Олардың тамақ жемей, аш отырғандарына қатты таң қалған едім. Шайды да қалай құю керек екенін ұмытып қаламын, кесеге толтырып құйып беретінмін. Қайын ағаларымды атымен атап, қайын атамның туған күніне ашық қызыл түсті көйлек киіп бармақ болдым. Ауылға барарда қысқа белдемшелерімді алып алдым. Туыстарым өте жақсы адамдар болғандықтан, мені түсінетін», - деп жазды Анна парақшасына.

Анна - орыс келін

Ал бүгінде Анна қазақтың келіні екеніне мақтанады. Шашына ақ түссе де, көңіліне қаяу түспеген, жүрегі "немерем" деп елжіреп тұратын, кең етекті көйлек киіп, комзолының қалтасына немереме деп тойдан сарқыт жинап жүретін әжелері мен аузымен орақ ормайтын, қабағымен тіл қататын қариялар - орыс келіннің өзгеге мақтанышпен айтатын дүниелер. Бүгінде Жан және Таир атты екі баланың анасы.

Юлия Беделбаева

-Бұл – Юлия. Желіде #пысыққатын деген хэштегпен танымал Юлияны қазақстандықтар жақсы көреді. Шашы сарғылт болғандықтан туысқандары (қайын жұрты) Алтыншаш деп атап кеткен болу керек. Комзолын киіп, орамалын басына тағып алып, өмірден алған тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Ал өзге ұлттың қызын қазақ отбасы қалай қабылдады? Желідегі жазбасында Юлия былай дейді:

«Жаңа отбасына келін болып түсерде әрбір қыз өзін қалай қабылдар екен деп қатты уайымдайды. Ағайын-туыс – қазақтың ең бастығы байлығы. Оны әр келін түсіне білу керек. Өзге ұлттың өкіліне тұрмысқа шықтың ба – өз шешіміңе мәңгілік адал болуың шарт. Ең бастысы, жаңа туыстарыңа деген сыйластығың берік болсын. Әрине, алғашқы күндері қиын болды: өзге ұлт, өзге дін, өзге дәстүр. Алайда ниет болса, кез келген мәселенің түйіні шешіледі, кез келген адаммен тіл табысып кете аласың», - деп жазады Юлия.

Юлия Беделбаева

Ал қазақ отбасына келін болуды былай түсіндірді:

«Қош бол, борщ! Қош келдің, беш! Тамақ жасауды білемін. Алайда мен асатын ет әлі де профессионалдық деңгейге жете қойған жоқ. Бәрі тәжірибемен келеді.

24 сағаттық шаруа. «Келін 5-те тұру керек, ауланы сыпыру керек. Келін отырмау керек. Үйдің іші жайнап тұру керек. Киімдерді жуу керек, ыдыстарды жуу керек, тамақ жасау керек». Иә, дұрыс, бірақ кір жуатын мәшине, шаңсорғыш, мультипісіргіш, өзге де техника бар кезде үйдің тірліктерімен айналысу рахаттың рахаты.

Келін шай. Келін үшін ең қиыны – осы. Үлкендердің көңілінен шығатындай етіп шай демдеу кәдімгідей жұмыс».

Юлия бүгінде екі баланың анасы.

Бақытжан - Мария

Ал мына келіннің аты – Мария. Ұлты – орыс. Желіде #Тағыдапапа хэштегімен танымал Бақытжанның асыл жары.

Бүгінде оның желідегі парақшасында 60 мыңнан астам оқырманы бар. Олардың дені қазақтар, себебі Мария – Бақытжанның әулетінің ғана емес, бүкіл қазақтың келіні болып отырған орыстың қызы. Тәрбиесі де, тілі де, сөзі де қазақ болып кеткен Мариямен жары мақтанады. Тіпті оның орыс ұлтынан екенін ұмытып та кетеді.

Екатерина Лилуя

Ал мына орыс келіннің есімі - Екатерина. Ол қарапайым қазақтың емес, кәдімгі жұлдыздың жары. Белгілі әнші Сейфуллин Жолбарыстың екінші әйелі. Өзі қазақшаға судай. Алайда бұл тұрғыда әншіні сынап-мінегендер көп болды. «Қазақтың қызын таппай қалғаны ма?» деп қапаланды қанша жұрт. Тек әнші де, оның жары да мұндай шабуылға дайын болған. Мәселен, Екатерина 31 арнаның «Айта берсін» бағдарламасына берген сұхбатында аралас некеге үркіп қараудың қажеті жоқ, бұл қалыпты жағдай екенін айтқан.

Екатериа - Жолбарыс

«Бұрындары қазақтың көптеген ұлы адамдары басқа ұлттан әйел алғаны өтірік емес қой?

Мысалы, Қонаевтың татар, Бауыржан Момышұлының орыс әйелі болғанын бәрі біледі. Мұстафа Шоқай бар, айта берсең көп. Сондықтан біз біріншіміз деп айтуға болмайды ғой», - деп ренжіген еді Катя өзін сынағандарға. 

Міне, өзге ұлт өкілдерінің бұл қыздары қазақтың түтінін түтетіп, қазақтың ұрпағын тәрбиелеп отыр. Мұның дұрыс-бұрысын айтып таласудан гөрі жай ғана бақыт тілей салған жөн болар. Тек ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Софы Сматаевқа айтқан мына ақылы сабақ болсын:

«Біздің жасаған қателіктерімізді қайталамаңдар. Жоғары оқу орындарында оқып жүргенімізде қазақ қыздары орталау мектепті де бітірмейтін еді. Содан ба «тең теңімен» дегенге әулекіленіп, «қолымыз жеткеніміз» орыс қызына, одан кейінгілеріміз татарға, басқа ұлт бойжеткендеріне үйлендік. Ұлттың ұлт болып ұйытылуы бесіктен басталарына мән бермеппіз. Ал ұлттың ұлылығын сақтау үшін өз жұртыңның аруымен бас қосудың аса қажеттігін кеш сезіп, сан соғып жүрміз. Сендер елден алыста жүрсіңдер. Бүгінде қазағыңның оқыған қаракөздері жеткілікті. Біздің қателігімізді түзетуге тырысыңдар».

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір