• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:53:41
Алматы
+35°

21 Ақпан, 2019 Әдебиет

Ай қараңғы, таң жарық (эссе)

Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсе көтерген Қазақ қауымы ошақтың үш бұтындай үштік бірлікті берік ұстанған: Әке, Ана, Бала; Жан, Мал, Жар; Ақыл, Жүрек, Тіл.

 

 «Қыран қартайып өлмейді, қайғырып өледі»

Бұқар Жырау

 

Адуын ақпан айын ағайын жатырқайды. Тістесер ызғарынан ығырланып, қасатынан қашады. Күйкі тірлік, күйбең тұрмыстың «ақсақалды» ақырғы айы тайқы тағдырдың аңызағы қағып, аптабы қақтаған бейбақ көңілді аяусыз жұлқылайды...

Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсе көтерген Қазақ қауымы ошақтың үш бұтындай үштік бірлікті берік ұстанған: Әке, Ана, Бала; Жан, Мал, Жар; Ақыл, Жүрек, Тіл. Жарамды жұртымыздың бірігуі мен бірлігі, бәтуәсы мен бірсөзділілігі – «Үш жүздің баласымыз», «Үйірімен үш тоғыз», «Ер кезегі – үшке дейін», «Үш қуат», «Үш қадірлі», «Үш тоқтам» тәмсілдерінің алтын арқауына тұғыр бекіткен. Мұңы мен шыңы ортақ иісі мұсылманның Ражаб, Шабан, Рамазан қасиеті қымбат «Үш айы» болса; ындыны ыстық «Ықылас» сүресін мүлгіген мақаммен үш мәрте қайталауды уәжіп көрдік.

Айдынды Ай үштікпен он аунап түскенде, пейіш қойнаудың жұпары аңқып, кәусар бұлағы сылдырайды. «Жаманға ошақтың үш бұты – үш айлық жол» қаперсіз қадетінен бой тасалап, аулақ қонған момынға «Өлмеген құлға келді жаз...» Наурыз есік қағып, бәйшешек қылтияды, бақыт құсы – наурызкөк наздана әуезіне салады. Табан қоныстың төменшік назары ғайыптанып, төтенше ажары төгіледі. Мамыражай маусымға ынтық таным-түйсігіміздің үлпілдек үйлесімі тоңнан тасаланып, жылымыққа жантәсілім жармасады. Тым-тым алыстан, қою қара түнектің түбінен жанарды сынық ине, сәуле шырағы шалады. Үпілім үзілгенше, лүпілім түзілгенше, үркер-үмітпен қоштасқым келмейді.

Қазақтың қазіргі «Қырық құрау, қырық жамау» қауқары үздіге уілдегенімен, үміті үзілмеген һәм мүрдем сөне қоймаған үш мәмілеге тоқтам қылдық. Тамырымыздың нәрі – тәлімді тарихымызды, Иманымыздың күші асыл дінімізді, Анамыздың жұмақ сүті – Ана тілімізді жанымызға жақын тартып, ой сергіттік.

 

Тамыр нәрі

 

«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай, өзім де қайранмын» – деп, хакім Абайдың Бірінші Қара сөзінде уәждегеніндей, бодандық шылбырын үзіп, бостан мойынын алысқа созған Қазақ қауымы ширек ғасыр шырғалаңнан шығандап шығып, өлара өткелге тұмсық тіреді.

«Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?..»

Қадым заманда батыстың қатын патшасының арбауына түсіп, айдауына көніп қалған көңілшек қазақ гүлдей солып, күлдей сөнуге шақ қалды. Ит мініп, ирек қамшылағаннан; аруағынан айырылып, маңқа тартқаннан аяусыз сазайымызды көрдік. Әупірімдеп, Құдайдың рақымы, пайғамбардың шапағатымен күлпарша күйіп, күйреп кетуден дін-аман қалдық. Діліміз ыластанса да, діңіміз бұзылмады. Боқтың иісінен – ұшынып өлгенше, оқтың ұшынан тұшынып өлгенді абырой көрген бітімі байсал алашты атажауы қиянат-құрығымен қаншама қылқындырғанымен, бетегеден биік, жусаннан аласа мүсәпір кейіпке түсіре алмады. Күнбатыстың пасық патшасы мен сасық басшысы Ұлы Даланың діл суарып, нұр мүлгіген Тұранын табанға таптауға қулығы өтсе де, қауқары жетпей, ақырында,жермен-жексен жеңілді. Уақыт қамшысы тәубасына келтірген кеудесі тасқа, көкірегі насқа толы даңғой-дұшпан тапыраң теріміз сіңген тебінгімізге уланып, ту сыртымызға маңып кетті.

Жерінде, суында, құмында, тауында, елінде, желінде, шөлінде, көлінде, өзені мен бұлағында, топырағы мен тасында даналықтың дәні қаулаған Тұранның табанында, Аспан асты-Жердің үстінде көк түріктен асқан асыл жоқ. Сағасы мен бағасын, жетегі мен етегін түгендей алмас тұманың бастау бұлағын санаға сіңіп, жан тербеген асыл-ардақты, саңлақ-сардарлар Алып Ер Тұңғадан тартып-таратып, Түмен (Бумын), Мұқан, Естеми, Қара Еске, Елтеріс-Құтлық, Тоныкөк, Білге, Күлтегінмен келте үзіп, Зұлқарнайын, әл-Фараби, ибн-Сина, Шыңғыс хан, Жошы, Шағатай, Төле, Үкітай, Сұпытай, Жебе, Тарағай, Ақсақ Темір, Ұлықбек, Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кене хандармен қысқа қайырсақ та, жүрек түкті, көңіл күпті.

Орыс пен қытайдың өтірікші тарихшылары мен жалған жылнамашыларының қазақтың қазыналы кешегісін, ұлтымыздың таңғажайып тарихын жан-тәндерімен тәрк қылғысы келіп, барынша бұзып-бұрмалағаны – әлімсақтан аян, бесенеден белгілі. Білім-білігі бекем, таным-түйсігі кемел қазіргі қазақтың өзін қақ жарып, қарама-қарсы қырық пышақ қырылыстырып қойған Шыңғысханның шыққан тегін саудалаудың өзі – біздің әлі де әңгүдік адасу мен топалаң-теріс жолдың жиегінен шыға алмай жүргеніміздің айғағы.

Қоңсылық қоймалжыңмен, жершілдік жетекпен шатылмағандықтан, әділдік пен ақиқат діңіне сүйенген арабтың тарихшы-оқымыстыларының (әсіресе, ибн әл-Асир мен ибн Батута) ғылыми-іліми деректерінде шынайы шындық-шежіре қайыс қамшыдай шымыр өрілді. Бір ғана мысал: Шыңғыс хан бекіткен тәртіп-заңы бойынша, қағанның кейінгі билеуші ұрпақтары жылына бір рет Алмалық қаласына жиналып, той жасауы тиіс болды. Осынау орасан нұсқау, көрнекті-көне дәстүрін қазақ бүгінге дейін ұмытқан жоқ. Алмалық – бүгінгі Алматы да, «той» сөзі Шыңғысхан әулетінің қазақ екендігін дәйексіз-ақ дәлелдейді. Шыңғыс хан есімінің дұрыс-дәлірегі – Шыңасхан (шың асқан). Жетісу жеріндегі Асы жайлауы мен Асы өткелі атаулары – ежелгі билеуші тұқым Ас әулетінің (асылұяң) орнықты ошағы.

Аузы күйген ауыр кезеңдердің, таңдай құрғаған тымырсық таңдардың өзінде жалы жығылмаған, жалауы құламаған; шығынып кетпей, шындығын сақтаған; ожданын – олжа, арын – арқау еткен ата-бабамыздың кемел қасиетіне басымызды иіп, бірқатар бәтуә бекіту үшін хикметті хикая құруға парыздымыз.

Қазақ Елінің тұңғиық түп-тамыры мен таңбалы тарихатын, көне кемеңгерлігі мен ежелгі ерендігін егжей-тегжейлі зерттеудің елу жылдық 2020-2070 жж. (Алғашқы кезең) Мемлекеттік стратегиялық Бағдарламасы жасалуы керек. Он мыңдаған қазақ жастары кітапханалары ең бай-қазыналы елдердің ескі ғасырлардағы және бүгінгі күнгі тілдерін жетік меңгеріп, ұлтымыздың Жаңа Тарихының мұртын бұзбай, тиянақтап жазып шығуға міндетті. Бұл баянды мақсатта арнаулы ғылыми-зерттеу институттары (бәлкім, ұзын-саны жетпіс-сексеннен асатын) құрылып, (мысалы, Мысыр, Ресей, Қытай, Үнді, сондай-ақ, Азия, Африка, Еуропа елдерінің тарихын зерттейтін ғылыми-зерттеу институттары), өзара салауатты бәсекелестік үрдісімен жұмыстануы лазым.

Сөз жоқ, қазақтың ежелгі түп-тұқияны – мәуелі бәйтерек. Тамырсыз бәйтерек болмайды, пәкене тал көлеңке боп жарытпайды. Дәлелсіз, дәнекерсіз сөздің қаңбақтай салмағының қадірсіздігі, тұщымы түкке тұрмайтындығы басты нысанада тұрып, айна көлдей айқындық, жеті қат терең ілім, сантарапты қиырлы қисын, салмақты-салқар мән-мазмұн, тоқсан толғақты көңіл біткен бірлік – тамырлы тарихымыздың тағдырлы түйінінің тірегі болуға тиіс. Ұзақ жылдарғы инемен құдық қазғандай қажырлы еңбек ұлтымыздың тарихын аршып-ашып, тазалап-айқындап алуымызға мұрсат береді. Қабырғасы қираған қайсар ақиқат қайта орнап, алаштың асау, қаһарман рухы – қынаптан суырған алмас қылыштай атой салады.

Мемлекеттік «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» тұтам тиімділігі жоқ құжынаған титтей құрылымдарын таратып, Қазақ Тарихының ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландырсын. Жас ғалымдардың жалақысы 2-2,5 мың АҚШ доллары бағамынан кем болмасын. Ғылыми жаңалық-жетістіктердің соңғы түйінін, ақырғы тұжырымын аталған Ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарынан түзілген Жоғарғы ғылыми Кеңес шығарады.

Іргеміздегі Қытай елі дамудың мыңжылдық Мемлекеттік құпия Бағдарламасын жасап, жыл сайын, үш жыл, бес жыл, он жыл өткенде пысықтап, толықтырып, өзгертіп отырады. Бүгінгі (бұрынғы да) қазақ жерінің біраз аумағын Қытай картасына түсіріп, оқушыларға дейін «бұл біздің жеріміз» деп көрсетіп, санасына сына құйып, құйтырқыланудан тыйылар емес. ««Қытай қорғанын» зәу заман, көне күндері жауынан тасаланған қытай салды» деу – былжырақ болжам, сандырақ сөз. Шын мәнісінде, алып қорған-қақпаны тұрғызған «Дінсіз кәпір құрт-құмыртқасымен жыбырлап жылжып, Тұранның таза табанын былғамасын!» – деген қарысын қорғап, алысын қараған түркінің баласы.

«Мал аласы – түсінде, адам аласы – ішінде», қазіргі қара қытайдың қазақты қиянат-қасапқа салып, сіңір майын соруы – қоңсы ақысынан мақұрым азғындық. Мұның өзі кәпір-кесапаттың, аласапыран апаттың жұрнақтай пұшпағы, жұқалтаң сорабы ғана екендігін неғұрлым ерте ұғынсақ, солғұрлым қазақтың басы көбірек аман қалады. Ым-жымсыз қыңсылаған марғау уақыт мұңсызды қапы қалдыруға шебер, «Тауда болар тарғыл тас, Тарықса шығар көзден жас...», бүгінгі қазақ ылас жұрттағы жұрағатын дереу жинап-теріп, атамекеніне көшіріп алуы керек.

«Әпкеме – жездем сай, борсыған етке – шіріген май», айналамыздағы анталаған алакөздердің пиғылы теріс, пайымы келте. Тар жол, тайғақ кешкен замандарда қытай мен орыстың, өзбек пен қырғыздың иелігіне қапыда өтіп кеткен ата-бабамыздың байырғы атажұртын, бұрнағы қазақ жерлерін Жаңа Қазақ Картасына таңбалап түсіріп, тарихи дерек пен айқын айғақ арқылы жас ұрпағымызға білікті бағыт сілтеп, көңіл көзін ашу – ғизат міндетіміз.

Қызыл тарыдай әдейі шашылып, қасақана қидаланған шынайы тарихымыздың, күнгейлі кешеміздің етек-жеңін жинауға, ақиқаттың арналы шежіресін түзуге, бәлки, ондаған жылдар мен жүздеген айлар шығындасақ та, аймандай ақиқат, көңілдің медеті «Қазақтың тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ». Жоғалтқанымыз қаншалықты жойқын болса, бағытымыз да – соншалықты айқын. Шығыстың зымияндығы мен батыстың әпербақандығын қаперден қалыс қалдыруға болмайды. Қазақтың жалғыз жанашыры, шынайы тамыры – қазақтың Өзі ғана!

 

Иман күші

 

Ұшан далада нақақ қан төгілген налыңқы пұшпақ ес жиып, етек жинады. «Күнбатысты қараңғылық қаптаған» (Мағжан ЖҰМАБАЙ) дінсіз мәжуси бейшара-ахуалдың күлпаршасы шықты. Ерен сеніміміз ере келіп, Азанның әуезі мен Құранның мақамы көктен жауған жауһар-меруерттей жан жібітіп, көңіл кенелтті. Аса ғажап һирағатты сөз тынысты толғап, жүректі бұлқынтты. Есті уағыз, ерекше таным алабөтен әсерге бөледі: Сыр дүлейі, кәсіби күйші Әлшекейдің жан серігі болған менің Жаманқұл атамнан қалған көне домбыраның бала-бағлан дәуірімдегі көркем-қоңыр үні қайыра талмаусырап естіліп, сананың әлемет жарқылдары жүрек жұлқыды.

«Көн тартылса – қалыбына», мұхтасар ашып, мүбәрәк көрген дегдар тұқым, жасампаз жұртым момындығын мойынсынды. Жаратқанына жалбарынып, мөлдір бұлақтай көз жасын көл етті. Жаббардың жарылқауын ой-санамызға мөрдей басып, мінсіз түйдік. Өртеңге бас қойғандай малтығып, мамырлап қалдық. Әрісі – адам сафи ұрпағының жаратылысына үңіліп, берісі – ардақты нәбиіміз Мұхаммедтің үмбеттілігінен тәубә таптық. Иманның өлшем-таразысы – шиырғанда алшы түсетін қорғасын сақадай салмақты бекзат бітім мен тұнық тектілік, тұнжыр мұң мен тұңғиық сыр, өжет арман мен өр рух екендігін түйсіндік. «Инабатың жоқ болса, Бай да болсаң – жарлысың» (Әбубәкір КЕРДЕРІ). Ес біліп, есепке кірдік. Қағбаға қарап, Қара Тасты айналдық.

Әттең, жар астындағы жағымсыз жау дүбірлі дала, дүлей сезім дарабоздарының арасына жыланша жылжып кіріп, шаянша шағып, сына қақты. «К нам пришла свобода с бандитским лицом» (В.Ерофеев, мәскеу қаламгері) дейтін дұшпан пиғыл, жат қақпанға қаперсіз түсіп қалдық. Мақшар-Таңын танымайтын өлез-немелердің өзеуреген өзенінде талып-тұншыға жаздадық. Көкке шапшып, күн жеген жалаңаш құзарттың ұшар басында бүктетіле-құлап, жайрай жаздаған шынардай шыдам тауып, жапырағымыз діріл қақты. Ойыңды он саққа, қиялыңды қырық тарапқа тартқылаған харам ниет, қате қыжыл сенімді теңселтіп, қабырғамызды қайыстырды. Қос қолды көкке көтеріп: «Бірі – жаным, бірі – иманым» деген әупіріммен, сырттан шапқан дау мен іштен шыққан жауды әзер-әрең ауыздықтадық.

Қасиетті Құранды талдай оқып, терең түйсінген өскін өсіп-жетілді. Уағызынан шоқ шашырап, от лапылдаған қуатты қисынның ыңғайын бағып, ықтай қарауды машық қылдық. Қым-қуыт қаңғыма сөз, қаяу салар іске кезіксек те, ««Сөз айыр шықты» деп дұшпансынба, айыр сөзде – айып жоқ»» дейтұғын асыл арқауға арқа сүйеп, сабырға салмақ қосып, сенім сергіттік. «Біз – тегіміз түрік, дініміз Ислам екенін ұмытпауымыз керек» тұжырым-түйініне тоқтадық.

Дінсіз – мемлекет, мемлекетсіз – дін болмайды. Американы «мұсылман мемлекеті» деп, ешкімді иландыру мүмкін емес. Қытайды «христиан елі», иран жұртын «буддашылар» дегенге нақұрыс та сенбейді. «Мемлекет пен дін бір-бірінен тәуелсіз, бөлек өмір сүреді» деген долбармен адамды, тіпті, адамзатты алдауға болады. Бірақ, Жаратушыға жалтара алмайсың. Мемлекеттің тірегі – адам, адамның тіреуі – сенім мен сабыр. Сенім мен сабырдың алтын қазығы – дін. Дінсіз адам – дымсыз адам. Халқының 80-85 пайызын мұсылмандар құрайтын Қазақ Еліне ештеңеден сезіктеніп, ешкімнен сескенудің қажеті жоқ. Мұсылман мешіті – Жаратқан Иемізге мінажат үйі ғана емес, асыл адами қадір-қасиетті қорғайтын бауырмашылдық пен бірліктің, бәтуә мен бітімнің абзал ордасы.

Араб тілін арнаулы пән, міндетті оқуға құзыреттемесек те, Құран тілін үйреніп, Қасиетті кітапты түпнұсқада оқудың нығметтігін нықтап ұғынсақ, мықтап ұстансақ, ақыретін ойлауға иманы жеткен пақыр-пенденің мүсәпір көңілі Самарқанның көк тасындай шүбәсіз еріп-елжіремек...

 

Ана сүті

 

Есік егесі, үй иесі – Қожайын қазақ қос айрық, жалғыз таңдаудың ортасында қалды. Қай қияметтің де келте дәурен сүріп, кескекті ғұмыр кешетінін тұшынған түйсіктің дәмесі зор еді: тарғыл таңдау тамақтан қысып, тыныс тарылтты. Не Жаратқан Иеміз нәсіп қылған Ана тіліміз – Қожайын Тілінде сөйлейміз; не жерімізді басып, елімізді шашып, қорлықпен танылған орыс тілі – Құл тілінде сайраймыз...

«Советтің» зорлық-зомбылығының сатқындық батпағына былғанған күн еңкейіп, күңіренген кезеңде арам ылайлап, ылас ындын телегей жайылды. Анасының адал сүтін емген бірнеше буын құлдықтың құрық-шырмауына батып, туған тіліне түкірді.

Бөзден тұтылып, сөзден ұтылдық. Асқақ абырой, баянды беделіміз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. ««Мәңгүртті» бірінші Әбіш Кекілбайұлы жазды, бірақ, әлемге Шыңғыс Айтматов танытты. «Зымырайды поездарды» бірінші Оралхан Бөкей жазды, бірақ, оның да алдына Айтматовтың «Боранды бекеті» түсіп кетті» (Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК). Жатқа кеткен, жаманға жеткен кесекті еседе есеп жоқ...

Ең өкініштісі, іргетасы лағыл сұлу шаһардың табанын су басып, ылғал кемірді: бақандай 27 жыл еркіндікте ебін тауып, Ана тілімізге есік аша алмадық. Қос палаталы Парламент те, үркердей үрпиіскен Үкімет те, әйдік Әкімшілік те, әңгүдік әкімдер мен мылжың министрлер де 99 пайыз қазақтар құрымымен ҚҰЛ тіліндегі міңгірден құтыла алмады. Алқалы топтағы 99 қазақ 1 орысқа Ана Тілін жығып беріп, табан астына тастады. Қазақ топырағында туып, тәуелсіздіктің отыз жылында «ет» деген екі әріп сөздің «мясо» екендігін түсінбеу – топастықтың төбе-шыңы. «Мал болмайтынды» малғұнға санап, санақтан шығаруға дәтіміз бармады.

Латын әліпбиі – уақыттың даусыз талабы, тағдырлы шешім, саяси жеңіс. Жаңашылдық алалаусыз да, жағаласусыз да жүрмейді. Жаңа жазу, тың талпыныс тар жолда тайғақ кешпеуі үшін Ата Заңымыздағы «орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген ұстанымды дереу алып тастап, отарсыздану саясаты басталуы керек. Отарлық санадан біржола ажырап, таза құтылмай, көкжиегіміз кеңеймейді. Әліпбидің әл-қуаттанып, әрекетке жалғасуы қатаң тәртіп, қарымды қадамдарды талап етеді.

Қазақ Елінің ресми мәртебелі Мемлекеттік тілін жетік білу және еркін сөйлеу – қазақтың нанын жеп, суын ішкен әр адамның міндеті; Қазақ Елінің «бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолын таңдаған әрбір тұрғынының парызы. Бес қаруын белден шешпей, тебінгісін тепкілеген тентек capбаздай тепсінген Ана Тілімнің бағлан дәурен, барақат дәуірі Жастар жылында жасампаздықпен басталсын! Ұлы Даланың уызы жарылып, қысылып-құмыққан дыбыс пен жасып шыққан дауыс жасанып-жаңғырсын! Мемлекеттік тіліне құрмет – қазақ топырағындағы өзге жұрт, басқа ұлттардың жер қожасына сенім-түсінігін күшейтіп, ықылас-ынтымағын арттыратын болады.

Осыдан бақандай оншақты жыл бұрын белгіленген белес, міндетті меже – «2020 жылға дейін ел халқының 95 пайызы мемлекеттік тілді игеруі» деген мұратты мақсат, нақты нұсқаудың құзырет-күшін ешкім жойған жоқ. Биыл үкіметбасы мен Әкімшілік басшысынан бастап, халықтың алдында жеке жауапқа тартылып, өз саласында 95 пайыз қазақша сөйлеуді іске асыра алмаған әр министр мен өз облысын 95 пайызы қазақша сөйлетуге қауқары жетпеген әрбір әкім қызметінен босатылуға тиіс. Мемлекеттің мүддесі мен тіліне немқұрайлы шенеуніктердің орнына қазақша ойлайтын, қазақша сөйлейтін, қазақша армандайтын ұлт азаматтары тағайындалуы керек. Әр лауазымды шенеунік әрбір жыл есік қаққанда, Қазақ тілінің меңгеріліп-қолданылуы жайында халқына есеп берсін. Бұл – қазақ тілінің еңселенуімен қатар, мемлекеттің қауіпсіздігінің, елдің іргесі мықтылығының кепілі.

Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген сетер жорғалы атбегінің ардақты тұяғы «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстайтын ұлықтығының ұларша ұшып кетпегендігін паш етсін! Арсы-гүрсі теңіздей дәйім буырқанып-бұрсанып, Жеті Атамыздың әруағын оятқан, тіріге – тірек, өліге – шырақ болған дана тіл, сара сөзіміз дарқан тәмсілмен туын тігіп, тұғырын бекітуі үшін «Қазақ қазақпен – қазақша сөйлессін!» 2019 жылдан бастап, «Қазақ пен қазақтың – қазақша сөйлесуі!» – күнделікті көркем әдет, беделді брендке айналып, қиян түбекте қиял қуған қазақ ұлы атқа қонсын! Жан мөлдірлігіне ылай түсірмеген ұлықты ұлтымыз анасының тілімен елжірей езіліп, емешегі құрып, сағына қауышсын! Өткен өмір-қайымның қамырықты гөй-гөйіне арзан күлкімен емес, ащы мысқылмен қарайтын жарақты жұрт шөлдеген шөжелердей таза-тіл, кәусар бұлаққа бас салсын!

Есік егесі, үй иесі, ел мен жердің Қожасының тілі – Мемлекеттік тіл – топырағымызда толық билік етпесе, ат айналып, қазығын таппаса, Рухани Жаңғыру да, Ұлы Даланың Қыры да бос сөз, құр ұраншылдықтан аспай, қаңырап-қаңғырып, аңырап-адасып қалатындығын мойындауға тиіспіз. Туған тіліміздің телегейін ағызып, кемерін кеңейтетін – нашар нұсқау мен былжырақ бұйрық емес, саналы ойдағы таза түйсік пен тұла бойдағы ұлттық намыс. Йассының шаң басқан ескі гүлзары – естінің қауымдасқан сесті тұлғалысына айналуы керек.

Қарағайдай қажырлы, шынардай шымыр, тасжарған Тілім сәуірдің неке түнінен түлеп оянып, бусанған бозбаладай дүр сілкініп, кемел қуат тапсын! Жыл сайын бірінші сыныптың есігін ашатын бүлдіршіндер қарасының 400 мыңнан (80-90 пайызы қаракөздер) асатын үрдіс-екпінін бәсеңдетпей, Қазақ халқын көбейтудің арнайы Мемлекеттік демогафиялық даму Бағдарламасын жылдам жүзеге асыру қажет. Үлпершектей ұл, қызғалдақтай қыз томағасын сыпырған қаршығадай еркіндік ауасын құныға жұтып, ақ сүт берген Ана тілінің мөлдір тұмасын сіміре ішсін! Аяулы анамыздың асыл тілі төрге шығып, көкжиегі көкке көтерілсін! «Бар бол, баһадүр сөз!» (Әбіш КЕКІЛБАЙ).

Қазіргі қазаққа ағылшын, араб, орыс т.б. жержүзі тілдерін білудің зияны жоқ. Тек, даусыз шындық: қазақ топырағындағы қазақ тілін білмеген адамның келешегі күн санап күңгірттеніп, бармағын тістейтін көңілсіз күні жақындап келеді...

Үштаған-үміттің шырағын маздатпай, отына мұз салған тағы бір тағдырлы тәмсіл, басты қауіп тонның ішкі бауындай бауырласқан сыбайлас жемқорлық. Бейбіт күн, тыныш ұйқымызды төрт бөлген дәу-доңыз өзекке түскен жегі құрттай кеміріп-кертіп жеп, әл-дүрманымызды әлсіретіп барады. Құба түзде сор қапқан қазақтың қазіргі жан-дүниесін – өлара өлекселерінің өңменді өлермендігі, бітуажа бекітер зиялының кемшіндігі, ерен тіл, ересен сөздің еңкеюі, жазушының қадір-қасиетінің көмескі тартуы зар илетіп, запы шектірді. Шерхан МҰРТАЗАның: «Жарты әлемдi жаулаған жаһангер Ескендiр Зұлқарнайын өлгенде, табыттан қолы шошаңдап шыға берiптi. Бiр данышпан алақанына дереу бiр шөкiм топырақ салса қолы сылқ етiп, табытқа түсiптi. Сөйтсе, бұл – Ескендiрдің тiрiлерге: «Мен дүниенiң жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Мiне, қараңдар!» – деп, алақанын ашып көрсеткенi екен» деген жарқын жазбасын әрбір әкімшілік пен уәзірлік ғимараттарының маңдайшасынан күн сайын көріп, көңілге тоқысақ, бәлки, ділге қанағат қылып, бетке қызыл табармыз...

 

*** *** ***

 

Өлара – ескі ай мен жаңа ай аралығындағы Ай көрінбейтін уақыт. Өлара – ескінің есік босатып, жаңаның тұғыр табатын тебіреністі сәті. Өлара шақтың күдігі қалың, қаупі қараңғы. Ескі ай бітіп, жаңа ай көрініп үлгермеген кезең – «Айдың қараңғысы».

Өларадағы топалаң дауыл, бұрқасын боранның астында қара қазанның қақпағы бөтеннің бағын ашпасын! Есіл елдің билігі жаттың тақымына түспесін! Қазақ тағдырының екі тізгін, бір шылбыры өз қолына тиіп, алапат алдаспанымен қорғалсын! Құл-құтаны құтырған елдің хан-сұлтаны жұтылады.

Қаншырдай қатып, қырық бұралып болғанбыз. Көп иық көтеріп, көп төмпеш көргенбіз. Әр бұтасының түбіне шәйіт батырдың қаны тамып, ата дұшпанының басы қураған жайдақ дала, жағалтақ сор жалған сөйлетпейді. Батыстың бассыздығы мен аярлығының, шығыстың залымдығы мен рахымсыздығының сұмдық сүлейін бастан кешіп, белі қайысқан қазақ «ат сүрінгенше, ақыл тауып», болашағының баяндылығы жолында ештеңеден тайынбауы керек. «Жалаңаш барып жауға ти, Тәңірі өзі біледі, ажалымыз қайдан-дүр!» (Шалкиіз Жырау).

Өлара жауынсыз өтіп, тіке тұрып, толық піскен Ай бұлтсыз түнді сүттей жарқыратып, «Ай қараңғы, таң жарық» айықтырады. Ел аман, жұрт тыныш: іргеміз бүтін, түтініміз түзу. Тәубеге тізгін салып, шүкірдің шылбырын тарттық. Өрісті өренін «Ай көрдім, аман көрдім!» өнегесімен өсірген қазақтың ақылы дария, иманды қариясы қадірімен қартайған. Қарт болу ұят емес, қырт болу – ұят. Сиыр сәскеден ұзаған қатқақ төзім, шымыр шыдам, қалың қамаутер – аңшының кешіккеніне сүйсінген меңзері алыс, мәні терең дәме-дәргей.

Тебіренген жүректің қалауы да, толғанысты тілектің алауы да, осы!

Мыңжан Байжанин

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір