• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 05:01:01
Алматы
+35°

02 Тамыз, 2018 Ғылым-білім

Ахмет Байтұрсынұлы: Халықтың түзелуінің үміті – жастарда

Жалпы шетелдік журналистикада өмірден өткен тұлғалардың шығармаларына сүйене отырып, олармен «сұхбаттасу» дәстүрі бар.

«Жақсының хаты өлмейді» - дегендей, Алаш қайраткерлерінің баға жетпес мол мұралары бүгінде біздің асыл қазынамызға айналып отыр. Алаштың әйгілі ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін
парақтай отырып, бүгінгі қоғамдағы талай көкейкесті мәселелердің шешімін тапқандай болдық. Ағартушы, қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі,  мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерінде тіл, руханият мәселелері ерекше орын алған.

Жалпы шетелдік журналистикада өмірден өткен тұлғалардың шығармаларына сүйене отырып, олармен «сұхбаттасу» дәстүрі бар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен болған «Рухани сұхбатты» оқырман назарына ұсынамыз.

– Аса құрметті ұлт ұстазы, ана тіліміздің тағдыры әлі де болса қазақ қоғамын ерекше алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі болып отыр...

– Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек. Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді.

Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы – еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды.
Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Қазақ жат сөзге әуестенбей, пән сөздерін өз тілінен жасауға тырысты. Әдебиет тілі ауылдағы қазақтың хат білетін, білмейтін – қайсысына да болса түсінікті болуын көздеді.
Өнердің ең алды – сөз өнері деп саналады.

«Өнер алды қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ – сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Қазақта жазу-сызу болмаған соң, жалғыз-ақ табиғаттың законына ерген, сондықтан тілі азбаған. Өзгелер табиғатты зорлап, емлеге таңып, тілін аздырған.

Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.

Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.

– Қазіргі кезеңде қазақ ұлты алдында өз әліп-биін ауыстыру міндеті тұр. Осы мәселе жөнінде айтар ойыңыз қандай?

– Хат мәдениеті бар халыққа: бір әріпті тастап, екінші әріпті ала қою оңай жұмыс емес. Бірте-бірте барып алып кетуге бірталай уақыт керек. Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы. Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап, тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби қолайсыз болады. Және де әріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола әріпті бұзып өзгертеді. Жат жазудың ыңғайына қарап, тілін бұзбаған, арасына жат жазу жайылмаған түрік баласы – қазақ. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды

– Ел болашағы жастар деп жатамыз. Бүгінгі жастарға қойылар басты талап қандай болу керек?

– Халықтың түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан, жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуін, бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс. Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі де түзелмейді. Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді. Оқусыз халық – қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші. Адам баласын: көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым

Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі. Білім мен адамшылық екі басқа нәрсе, бірақ борышын білушілер көбейсе, төлеушілер де көбеюі ықтимал.

– Азат елдің халқына айтар өсиетіңіз.

– Істің мәні жалғыз-ақ тамақ асырап, күн көруде қалмас, өз бетімен күн көре алмаса, өзге жұрттың есігінде жүріп, малайлықпен тамақ асырап, қазақ тіршілік етеді ғой. Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға шейін тұтас тұрған халық еді. Арамызға әр түрлі жұрт
кіріскенде солармен қатар, атымыз жоғалмай қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы бізді төсекте дөңбекшітіп, ұйқымызды бөлетін нәрсе. Мәдениеті жоғары халық – мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдан анық, күндей жарық ақиқат. Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі. Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зоры жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі я өлі болу мәселесі.

Еңбексіз егін шықпайды, терлесең терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды. Адам қанша дана, білімді болса да, қанша қаһарман, қайратты болса да, әлеумет оның мақсатын ұқпайтын болса, қайраткер қамалға жалғыз шапқан батырдай әлек болады. Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз. Қазақ елінде рушылық дәуірі жоқ, бірақ жұрнақтары бар. Ол қалған жұрнақтары қоғамның бәріне пайдалы емес, қоғам ішіндегі байлар, оның атқамінерлерінің пайдасына жұмсалады.
Өткенді қуғанды қойып – осы күйіңді жөндеуге жөн іздеу керек. Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі.
Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.

Сұхбатты әзірлеген: Дәулет Тілеубердиев, Семей қаласы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір