• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 15:56:41
Алматы
+35°

27 Ақпан, 2017 NEWS

Ауласына ойнауға кіріп кеткен баланы еркек атып тастаған

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны пневматикалық қарумен бақшасына кіріп кеткен төрт жастағы баланы аяғынан атып құлатқан. Бірнеше бала көршінің...

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны пневматикалық қарумен бақшасына кіріп кеткен төрт жастағы баланы аяғынан атып құлатқан. Бірнеше бала көршінің қоршаусыз ауласында ойнап жүрген, деп хабарлайды NUR.KZ

 

Бұл туралы портал тілшісіне жәбірленушінің анасы айтып берді. Бес баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған Майра Ібілжанның сөзінше, бұл жағдай бойынша қозғалған қылмыстық істі аудандық ішкі істер бөлімі көп ұзамай жауып үлгерген. Алайда заңгердің араласуымен прокуратураға хат жазып, оны қайта қаратуға мүмкіндік алды. Сонда да жалғызбасты ананың қорқынышы сейілер емес. Қылмыстық істі аудандық ішкі істер бөліміндегі тура сол маман қайта қарауына алған. Майра Ібілжан облыстық ішкі істер департаментін осы істі қадағалауды өтініп отыр.

Төрт жастағы Әбдікерімов Ақжолдың  аяғына оқ атқан 40 жастағы көршісі болып шықты.

Қазір бүлдіршін аяғын сылтып басады. Анасының айтуынша Ақжол сүрініп құлай беретін болған. Фотодан көрініп тұрғандай, портал редакциясына жетем дегенше ол құлап, үстін тағы былғап алды.

«7 қыркүйек күні жұмыстан келсем, баламның үсті су, жылап отыр екен. Балам бұзықтық жасап қойды екен деп ойладым. Одан сәл үлкенірек бірінші сынып оқитын қызымнан сұрасам, көрші балалар ойнайтын жақта атты деді. Бұлар бала емес пе, көрішіміздің бақшасына кіріп кетіпті. Онысы дұрыстап қоршалмаған да. Аяғы қан жоса. Баламды жуындырып, жаңағы  үйдің үлкендеріне бардым. Апасы шықты.  Мен ол кісіге: «Кішкентай балаға ойнауға сондай атылатын мылтық бере ме?», - ұрыстым. Көрші, оның үстіне кішкентай бала ғой деп одан әріге бармадым», - дейді Майра.

Үйге келгенде кішкентай Ақжол мазасы қашып, жылай береді. Есі шыққан анасының ойына ұлының аяғында оқтың бар-жоғы кіріп шықпапты. Көшеден бір таныс жігітті шақырып алып, Ақжолды ауылдық фельдшердің үйіне апарған.

«Ауылдық медбике ұлымның аяғын көріп, оқ тиген жерде бірдеңе болуы мүмкін екенін айтып, басқа үлкен ауылдың ауруханасына баруға кеңес берді. Қайтып келе жатқанда жаңағы ұлымды көтерісіп апарған жігіт аяғынан кім атқанын сұрады. Сонда ғана оған оқ атқан бала емес, ересек адам екенін білдік. «Біздің есіктің алдынан өтетін қызыл машинадағы аға» деген сөзді естігеннен кейінгі менің түрімді елестетіп көріңізші», - дейді келіншек.

Ақжол Әбдікерімов сол күні балабақшада болуы керек еді. Алайда бір себептермен бармай, үйде қалған. Ол бірінші сынып оқитын әпкесі, көршінің екі баласымен аулада қуаласпақ ойнап жүріп, біреудің қоршаусыз ауласына кіріп кеткен.

Майра Ібілжан оқ атқан көршісінің баласын адам түгілі ит құрлы көрмей басынып отырғанын айтады. Ол тіпті қансырап тұрған баланы ауруханаға апаруға жарамаған.

 

Ауылдық ауруханада аяғына тиген оқты таба алмаған дәрігерлер, баланы аудандық ауруханаға жібереді. Ол жерде хирург болмай, Өтеген батыр ауылындағы балалар ауруханасына келген. Ақжолдың аяғына кірген оқ бірнеше сантиметрге төмен түсіп кеткен екен. Дәрігерлер оқты хирургиялық жолмен алған. Үйде қалған балаларын ойлаған келіншек ауруханаға жатудан еріксіз бас тартыпты.

Осы жайт қылмыстық істің жабылып қалуына мұрындық болып отыр деп есептейді жалғызбасты ана.

Өз кезегінде заңгер Асылхан Оташев бұл оқиға бойынша қозғалған қылмыстық істің заңсыз жабылғандығы жөнінде прокуратураға шағым түсіріп, оны қайта көтеруге мүмкіндік алды.

Төрт жасар Ақжолдың аяғынан атқан азаматқа қатысты істі медициналық сараптамаға сілтеме жасай отырып жапқан. Алайда заңгер сараптаманың қылмыстық іс жабылып, 23 күн өткен соң тағайындалғанын, және баланың медициналық картасына ғана негізделіп жасалғанын анықтады.

«Іс қайта қаралып жатыр. Бұл кісінің басты қорқынышы - істі қайта жауып тастамай ма деген күдік. Мұнда келу себебі де - қылмыстық істі жүргізуді облыстық ішкі істер департаменті бақылауына алса деген ой. Еңбекшіқазақ ауданында қыз зорлайды - істі жауып тастайды, жол-көлік оқиғасы болады - істі жауып тастайды. Осындай жағдай орын алмаса екен деп тілейміз», - дейді заңгер.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір