• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 22:17:09
Алматы
+35°

03 Сәуір, 2019 Әдебиет

Ауылдағы тәрбие қаладан еш қалмайды.  Адам құнын білгенге-өмір мәнсіз болмайды...

Бір көрініс жетеді, ұғу үшін адамды,  Бір тәуекел жетеді басу үшін қадамды.

Артқа тастап асқар тауды, таза ауаны, саф желді.

Арман қуып Батыр бала Алматыға да келді.

Зәулім үйлер, таза көше, зуылдаған көліктер,

Қала деген – жұмақтай, әсем, әрі көрікті жер.

«Ақындарға шабыт берген, суретшіге ой салған,

Әнші, биші, күйшісі бар, батырлары да қалған.

Бұл бір қала жастық шақтың, махаббаттың мекені,

Мұнда болған адамның уақыты мәнді өтеді!

 .

Барар жерге шаң қаптырмай, автобуспен зулайсың,

Өз көлігің болса, әрине, көшелермен зырлайсың.

Қарның ашса, кез келген жер сатып тұрар самсасын,

Самсаны асап, қарның тойып, салқын суды аңсайсың.

 .

Оңға бұрыл бір дүңгіршек, солға бұрыл басқасы,

Қалағанын алар сатып, болса егер ақшасы.

Жарнамалар есіңді алып, шақырады өзіне,

Ғажайыпты көрсетеді, сенсең айтқан «сөзіне».

 .

Жан таптырмай арлы-берлі шапшаң басқан қадамын,

Қайда асықты, біле алмадым, қаланың әр адамын.

Жан рахаты мұнда екен ғой, неге ерте келмегем,

Қамсыз өмір қалада екен, мұны-дағы білмегем.»-

 .

деп, Батыр да таңдай қағып, тамсануын қоймады,

Қызыл-жасыл «алдауына» Алматының тоймады.

Көзілдірік тағып алған адамдарға қарап ол,

- «Алдыменен алу керек нәрсем-дағы»,- деді-«сол».

 .

Адамдардың барлығы да көзілдірік тағыпты,

Түрін, түсін үндеместен есіне ол қағытты.

Дұрыс екен көзілдірік таққандары, сәнді-ақ,

Мұндай күннің ыссысынан қорғануы мәнді-ақ.

 .

Тіке тартты, елден сұрап, базар жақтың жолына,

Жалтақ-жалтақ қарап қойып, сол жағына, оңына.

Кербезденіп, келте киген қыздарға ол кенеттен,

Түсіп кетті қос жанары, қатты ұялды, неліктен?!

 .

«Жылдам барып көзілдірік сатып алып, тағайын,

Сәлден кейін мен сіздерге ұқсас болам, ағайын!

Қазаққа жат қыздарға да көзім түспес болады,

Жылдам алсам көзілдірік, көңілім де толады.»

 .

Ұнатқаннын, сәл қымбатын сатып алды, жарасты.

Саудагердің айнасына арлы-берлі қарасты.

Пұлын беріп, ары қарай аралауға қаланы,

Алдыменен парк жақтан бастауды жөн санады.

 . 

Мынау өзі біртүрлі екен, адам – жақын, алыс та,

Күннің көзі қоңыр болып көрінеді алыста.

Адамдар да қоңыр түсті, көшелер де, ағаш та,

Әдеттегі көріністен ерекше де, оғаш та.

 .

Киімі тар, әрі қысқа, шашы келте, жат түсті,

Қас-кірпігі сүрмеленген бір аруға көз түсті.

Қарағаны үшін ұялып Батыр жер боп барады,

Кенет әлгі ару жақын келіп, бұған қарады.

 .

Қарады да, қысқа шашын салалап бір тарады,

Кербездене, наздана бір сұрақ одан сұрады.

Батыр даусын естімеді, құлақ тұсы шуылдап,

Қалмаса етті бас айналып, жүрек айнып, ол құлап.

 .

Ару болса қайталады сол сұрағын бір мәрте,

Әрбір сөзі оқтай тиіп, жанын барады өртеп.

Тауыс құстай киінген бұл қазақ па, әлде орыс па?

«Қоғамда» бұл қалайша жүр, бармай ма екен «қорыққа»?

 .

Ашу кернеп, намыстанып, буы шығып құлақтан,

Арыла алмай әлек болды миын жеген сұрақтан.

«Қалайша бұл? Мынау тұрған қазақ қызы ма, сонда?»

Жарылардай болып жігіт ашуын жиды қолына.

 .

Тілі ғана қазақ, түрі орыс па әлде, кәріс пе?

Студент пе, суретші ме, әлде-дағы әртіс пе?

Түрден түр жоқ опа-далап, суретшінің тақтасы,

Мұндайлардан аулақ кетіп, Алла өзі сақтасын.

 .

Мата жетпей қалғандай кіл, тым қысқа ғой киімі,

Құлақтары тесік-тесік, аруға Батыр күйінді.

Соядайын тырнақтары  - жезтырнақтың тырнағы.

Ұнамады сөйлегені, кербез бұлай тұрғаны.

 .

Не сұрады сол бір ару, есінде жоқ Батырдың,

Арман қуын келген «ісін» әлгі ару «қатырды».

Бірер уақыт бұрын әсем көрінген бұл қалаға,

Өкпелі еді, оралғысы келді байтақ далаға.

 .

Жаңа ғана қызықтырған зәулім үйлер, кенеттен,

Тас бетоннан салынған қорап екен, құр бекер.

Су сормайтын көшесі, асық мұжып тастайтын,

Жол еді ғой сәл бұрын арманына бастайтын.

 .

Жүрек тұсын бірнәрсе шымшып алды, ауырды,

Ауыл жақта қалдырған сағынды ол бауырды!

Мен – ауылдың баласы, қала маған тең емес!

Асыр салып ойнарға қала-дағы кең емес!

 . 

Ауа жетпей тарылып, үйлер басып төбеден,

Ыстығы да тасыды нандай шыққан көмбеден.

Тез-тез қашып қаладан, ауылына асықты,

Сағынды ол ауаны, тауды, қырман-астықты...

 .

Көз алдына елестеп клоундай түрімен,

Әлгі ару маза да бермеді ғой түнімен.

«Қала егер қыздарды осы күйге түсірсе,

Бір қызымды жібермейм(ін), тіптен, бір-ақ күн сүрсе,»-

 .

Құрылмаған отбасын, қыздарын әлі келмеген,

«Қырық үйден тию бар,»- бекер қазақ демеген.

деп, Батыр да болашақ, Алла берсе, қыздарын,

Өсіреді мәпелеп, тәрбиелеп қыз-дарын.

 .

Тау ұшынан қылтиып, таң да атты-ау әреңдеп,

Апасына қоңырау шалды Батыр «келем» деп.

Кеше келген қаладан бүгін кетіп барады,

Батырдың жүрек тұсында бір өкініш қалады...

 .

/P.S. Бір көрініс жетеді, ұғу үшін адамды,

 Бір тәуекел жетеді басу үшін қадамды.

 Бір мүмкіндік берілсе, ауыл жаққа тартып кет,

 Бір жұпары жетеді бағалау үшін ғаламды.

 .

Қоршауларсыз қамалған мынау «азат қалаңнан»,

 Қашып кеткін ауылға, үлгі ал Батыр балаңнан.

 Сезінуге өмірдің бағасын да, байлығын.

 Бір күндік ауыл өмірі жетеді, білсең, бағамын.

 .

 Не пайда егер өсірген еңбек жеміс бермесе,

 Не пайда егер балаңыз қадіріңді білмесе.

 Қалада өсті... ауылда, еш парығы болмайды,

 Ауылдағы тәрбие қаладан еш қалмайды.

 Адам құнын білгенге-өмір мәнсіз болмайды...

 

 Мақпал Сембай 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір