• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 08:25:04
Алматы
+35°

15 Ақпан, 2019 Әлеумет

Ауыл молдасы 37 жыл бұрын өзінен бас тартқан анасын іздейді

Мен – молдамын, үйім, балаларым бар, орман шаруашылығында  күзетші болып жұмыс істеймін.

Магомед Оздоев Бесқарағай ауданы Жыланды ауылының тұрғыны. Жасы 37-де. Өзі балалар үйінде өскен, анасы бала күнінде бас тартқан екен.

Ер адам 1982 жылы Алматыдағы Түрксіб ауданында дүниеге келді. Жаркенттегі балалар үйінде тәрбиеленді.

«9 сыныптан кейін мені және тағы бірнеше баланы мүгедектер үйіне апарып тастады. Ол жерде дене бітімінде және миында ауытқушылығы бар мүгедектер тұратын. Ал менің сабақ үлгерімім нашар болды, сыныптан-сыныпқа өте алмай жүргендіктен сондай балалардың арасына түстім», - деді Магомед.

Алайда дәл сол жерден аяғынан тік тұруға көмектескен, демеген жандарды кездестірген екен.

«Балалар үйінде жүргенде біз бөлек әлемде өмір сүретін едік. Ол әлемді өзіміз жасап алғанбыз. Ешкімге керек емес едік, бізді де ойлайтын ешкім жоқ. Ал мүгедектер үйінде өте мейірімді жандарды жолықтырдым. Өздерін «тәтешка» деп атайтынмын. Олар иманды, намаз оқитын отбасылы әйелдер. Әрі маған да қатты қолдау көрсетті. 22 жасында өз қамқорлығына алып, үй сатып алуға, халықтың арасына шығуға көмектесті», - деді ер адам.

Туған туыстары Магомедтің есінде еміс-еміс сақталған.

«Бала күнімде бір әйел мені бассейнге апаратын, жо-жоқ, ол балалар үйінде емес еді. Ол бассейнде бізбен бірге тағы екі бала жүретін. Әлгі әйел қарапайым киінген. Оның үстіне, балалар үйіне бойы ұзын жігіт келіп, менің ағам екенін айтатын. Қиындыққа тап болсам, көмектесуге дайын екенін айтты. Итімен жиі келіп тұратын», - деп ер адам балалық шағын есіне алды.

Ал қазір Магомедтің өз отбасы бар. Әйелі Ақмарал екеуі екі ұлды тәрбиелеп, өсіріп отырған ата-ана. Алайда Магомед үшін бұл жеткіліксіз, туған анасының табылғанын қалайды.

Магомед Оздоев

«Анамды көргім келеді, құшқым келеді. Айтарым да, сұрарым да көп. Мүмкін болса, әкемді де тапсам деймін. Бауырларым да бар шығар, кім біледі?!», - деп болжайды ол.

Магомедке әйелінің ата-анасы өз баласындай қарайды екен. Оларға күйеу баласының алғысы шексіз.

«Өзімнің туған анамды таба алмай жүргенде енемді «ана» дей алмаймын. Мені алқаш немесе аяғын көтеріп қойып, үйінде жататын дивансүйер деп ойлап қалмаңыздар. Мен – молдамын, үйім, балаларым бар, орман шаруашылығында  күзетші болып жұмыс істеймін. Менде бәрі бар, тек анам жанымда болса ғой», - деп сырымен бөлісті.

Магомедті «молда» деп жергілікті тұрғындар айтып кеткен екен. Молда болмаған кезде ауыл жұрты Құран бағыштау үшін Магомедке барады.

«Мен медреседе оқыдым. Араб тілін меңгергенмін, Құранды жатқа білемін. Алайда көру қабілетімде кемістік бар. Мүмкін, анамда да солай болған шығар?», - деп сөзін қорытындылады ауыл молдасы.

Магомед анасын өз бетінше тауып көргісі келген. Алайда нәтиже шықпады. Анасының есімі – Оздоева Зинаида Магомедовна. 1953 жылдың 20 наурызында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Борзова көшесінде тұрыпты.  

NewTimes.kz сайтынан аударған: Гүлім Жақан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір