• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 11:33:11
Алматы
+35°

31 Қазан, 2018 Әдебиет

Әуезов ауылына барғанда

Шілденің шіліңгір ыстығында Абайдың денесін жеткізе алмай қалған жер – осы

Ақшоқыда Құнанбай қорымы бар. Шілденің шіліңгір ыстығында Абайдың денесін жеткізе алмай қалған жер – осы. Түркістандағы Қожа-Ахмет Яссауиге бару үшін Шәуілдірдегі Арыстан бабқа соғатыны секілді, Абайға бармай жатып алдымен Құнанбайдың басына құран оқу керек дейді жергілікті халық. Арыстанбаб Яссауидің ұстазы болса, Құнанбай – Абайдың әкесі. Тек сонан соң барып Абай мен Шәкәрімге ат басын бұрса болады. Абай ауданынан шыққан не, Өскеменнен келе жатқан жолаушыға Абайдың қыстауы жол үстінде. Сондықтан келушілер бірінші ақынның қыстауына бас сұғады. Тіпті Құнанбай қорымының бар екенін білмейтіндер де көп. Абай үйіндегі экскурсовод апайлар жол сілтеп жібермесе. Қорымда Құнанбай, өкіл баласы Ызғұтты мен туған ұлы Ысқақ, Абайдың ұлдары Әбдірахман мен Мағауия, Әбіштің әйелі Мағрипа жатыр. Әбіш қайтқанда атасы осы келініне жоқтау шығарып бергені бар. Келесі есігінен кірсеңіз, Абайдың өлеңдерін тұңғыш бастырушы Ысқақтың ұлы Кәкітай жатыр. Бұл екі үлкен зираттан шығып, есігін бекітіп оңға қарай шығыңыз. Абайдың ұрпақтары Мағауияның баласы Жағыпардың зиратын көресіз. Қасында Мұхтар Әуезовтің екінші әйелі болған, жазушы ұзын шашын өріп, таратуды жақсы көрген Кәмила бар. Олардың бір шетінде ақын ұрпақтарының ішінде соғыста жоғарғы шенмен оралған Мағауияның немересі Ишағы Жағыпарқызына орын бұйырыпты. Көзінің тірісінде «Атамұра» корпорациясын басқарып тұрған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қаулысымен сіңлісі Ғазел екеуі өмірбойы арнайы шәкіртақы алып тұрған. Ишағы апай 2014 жылы 92 жасқа келіп дүниеден өткен. Негізі Абайдың ұрпақтары ұзақ жасайтынын байқадық. Оншақтысы соғысқа аттанып, Ишағы апайдан басқасы қайтып оралмаған. Бұл кісі жиырма жасында майданға сұранып, авиация технигі болып жұмыс істеген. Өмір бойы Қазақфильмде істеген Ғазел Жағыпарқызы осы үш кісінің сол жағына жайғасқан. Атақты «Қыз Жібек» фильмінде «Жібек болуға лайық қыз осы» деп Меруерт Өтекешованы тауып берген де Ғазел апай еді. Марқұмдарға құран бағыштап мәшинемізге қарай жылжыдық. Абай мен Ділдәнің үйленген жері де осы маңда екен. Тіпті қыстауларының орны бар көрінеді. Онда тұңғыштары Ақылбай дүниеге келген. Шетелдің музейіне не тарихи орнынан бара қалсаңыз «ақын жолаушылап келе жатып мына жерде ат суытқан» деп те белгі қойып, оны әспеттеп айтып отырады. Ал біздің ұлы ақынның қыстауы барын жергілікті журналистерден естігеніміз болмаса, ескерткіш тұрмақ, бір белгісін байқай алмадық. Шалғай ауылдың аты белден келетін биіктіктегі шынтақ пен саусақтың арасындай ғана ағашқа жазылады. «Ақшоқы» деген жазу да дәл сондай. Көшенің бойында елеусіз ғана тұр. Жолбасшыларымыз болмаса біз де таппас едік.

Әуезов

«…Көп жасамай, көк орған, жарасы ауыр жас өлім»

Құнанбай қорымынан солға бұрылып, 15 шақырым жүрсеңіз, қазақ тарихындағы қос ғашықтың бірі Еңлік – Кебектің ескерткіш-мазарына кезігесіз. Бұл 1785 жылы болған қайғылы оқиға еді. Кебек тобықты руынан болса, Еңлік – найманның қызы. Туыла сала атастырылған аталы батаны бұзып, екі жас бір-бірін ұнатып, елдерінің келісім бермесін біліп жартасқа қашып кетеді. Бұл уақыт тобықты мен найман арасының ушығып, бітпейтін даудан дауға жалғасқан заман еді. Екеуін тауып алған атқамінерлер ақсақалдардың шешімімен әлгі Ақшоқыдан 15 шақырым жерге дейін ат құйрығына байлап өлтіреді. Ол шешім екі жақтың жерінде емес, Шеткі Ақшоқы деп аталатын уақ жерінің төбесінде шығарылған екен. Жіп үзілген тұсқа екі жасты жерлепті. Бұл жерге дейін екеуі де ендігі өлім құшып қойған еді. Абай Шәкәрімге «Еңлік-Кебек» поэмасын жаздырады. Онда Еңліктің өлер алдында үш өтініші айтылып, ақсақалдар оған рұқсат береді. Біріншісі Кебегімен арыздасу болса, екіншісі – екеуін бірге қою.Соңғысы екеуінен туған баланы Кеңгірбай биге тапсыру еді. Алғашқы екі тілегін орындаған жұрт үшіншісін тіпті ұмытып та кетеді. Сәби айдалада шырылдаған күйі шетінеп кеткенге ұқсайды. Достар, бұл поэманы мектептегі әдебиет оқулығынан оқып алсаңдар болады. Сондай-ақ қазақтың ең бірінші театрдағы қойылымы да «Еңлік – Кебектен» басталғанын білетін боларсыңдар. Спектакльді Мұхтар Әуезов 1917 жылы Абайдың екінші әйелі Әйгерімнің отауында тойға келген қауымның назарына ұсынады. Ортаға сандық қойып өзі суфлер, өзі режиссер, өзі драматург болады. Суфлер деп рөлдегілер сөзін ұмытып қалғанда тек соған естілетіндей етіп сыбырлап отыратын адамды айтады. Ол заманда әйел адамдар жұрттың алдына шықпайтын. Сол себепті барлық рөлді жігіттер ойнап шығады. Ғашықтарды өздері ойлап тауып алған заң үшін ғана, екі жақтың жалған намысына бола азапты өлімге қиып, құрбандыққа шалған жалғыз біз емес екенін ұмытпаңдар, балалар. Ұрпағы бабасына налыған ауыр оқиғалар әр елдің де тарихында бар.

Әуезов

Шыңғыстың бауырында

Абайдың жеріне күнде келіп жатқан жоқпыз. Күн батқанша тарихи жерлердің аяғымыз жеткеніне дейін көріп шығуға келіскенбіз. Келесі бағытымыз – Мұхтар Әуезовтің ауылы Бөрілі. Әуезовтің музей-үйіне бармақпыз. Белгілі абайтанушы, шежіреші қарт Бекен Исабаевтың баласы, мұражай жетекшісі Шаһжан Исабаевтың әңгімесін таңдамақпыз. Бөрілі айналасы он үйге де жетпейтін алақандай ғана ауыл екен. Шаһжан аға ә дегеннен Семейден Әуезов музейіне дейінгі жол үстінде тұрған тарихи жерлерді тізіп берді. Шығыста Жидейбайды «Ақындар Меккесі» деп атайды екен. Семейден шығаберістегі жерді Абай заманында Шағыл дейтін. Қымыздың ұясы болған жер. Қалаға алты шақырым. Ата-бабаларымыз әдейі қалаға жақын жерден бие байлап, Семейге барып сатқан. Одан бері қарай Семейден 24 шақырымда орналасқан Балтаорақ деген жер бар. Ол кезінде уақ елінен шыққан Мұратбай есімді байдың егінді жері болыпты. Абайдың шәкірті Көкпайдың Қалжан есімді ақын қызы болған. Абай еркелетіп Қалыш деп атап өткен. Қалжан апа Мұратбайдың немересіне ұзатылған. Қызын бергенде Көкпай құдаларына: «Қызым ақын болса да, сендердің ауылдарыңда келін. Айтысқа, ойын-жырға шығармай, тыйыңдар», – деп өтініш айтқан екен. Уақыт өте келе Қаракесектен ақын келіпті. Қызы осы ауылға тұрмысқа шыққан екен. Бұл елге құда. «Осы ауылға Көкпайдың ақын қызы шықты деп естіп едім. Шақырсаңдаршы, құдашамен айтыса отырайық», – дейді. Барса үйден атасы шығып, Көкпайға серт бергенін, келінін жібере алмайтынын айтып қайтарып жібереді. Кешқұрым келінін жеңгелері ақырын ғана үйінен шығарып жіберген көрінеді. Ақын жатқан үй алдына түсіп жатса, жирен сақалды, елуге келген егде кісі қолына домбырасын ұстап, аттың үстінде отыр екен. Қалыш апа ішінен «үлкен кісі екен, әдепті ақын болар» деп ойлайды. Бұл ойды ақын шал алыстан-ақ оқып қойса керек, домбырасын қағып-қағып жіберіп:

«Мен өзім шал болсам да, қатқан шалмын,

Өлеңнің дәм-тұзын татқан шалмын.

Келінжан-ау, көзіңді неге салдың?

Сендей қарындастың қасына жатқан шалмын», – дейді. Қалжан апа болса «ойбай-ау, мына кісі әдепсіз ақын екен» деп ашуланады да, домбырасын қолға алады:

«Мен өзім ауылыма күнде-күнде келе бердім, келе бердім,

Ақ танаға мініп алып желе бердім, желе бердім.

Келе жатсам алдымда қу бас жатыр,

Қатқан шалдың қу басы деп тебе бердім, тебе бердім», – деген екен. Қазір Қалжан Көкпайқызының қабірі сонда жатыр.

Біз барған Абайдың музей-үйін 95 жылдығында М.Әуезов жөндеткен екен. Ол уақытқа дейін үйдің жағдайы не болғанын жаздық. Абайдың атын өшіру үшін Кеңес өкіметі қабірін қазып, сүйегін оңтүстікке жібермекші болған екен. Абайдың ұрпақтары, ауыл ақсақалдары көтеріліп аман қалған. Ал 1940 жылы ақынның басына Мұхтар Әуезов көктас қойған. Ол қазір Абай мен Шәкәрімнің қабіріне кірген жерде бұрышта тұр. Балтаорақтан бері Күшікбай бұлағы бар. Күшікбай батыр сол жерде 21 жасында қаза тапқан екен. Карта бойынша Кіші Арқалық деп аталады. Тобықты руы Құнанбай кезінде жылқымызды батыста Балқаштан, шығыста Ертістен суарамыз деген екен. Ертіс дегенді уақ елі естіп қойып марқаны сойып, құйрығымен бұлақтарды тығындап тастапты. Тобықтының жылқышылары еліне қайтып, «ойбай, байеке бұл жердің суы арам болып, жылқылар қырылып жатыр» деп шулайды. Содан тобықты жылқыларын кері қайтырып алады да, уақтар Күшікбай асуын сақтап қалады. Қазақтың осы рушылдығы мен бір-бірінен жер мен суды қызғанатын ескілігі қалып бара жатқаны қуантады. Одан бері біз тұрған жерден он бес шақырымда Үштөбе көрінеді. Шәкәрім атамыздың әкесі Құдайбердінің қыстауы болған жер бұл. Үштөбеде 1886 жылы мизам, яғни тамыз айында Құнанбай мырза дүниеден өткен. Бері қарай біраз жүрсек, Бөрілі маңына жетеміз. Мұнда бірнеше Қараған бар. Басқараған, аяққараған, бүйрекқараған, бестамақ, ақтамақ деп бөлінеді. Аяққараған – бұл жерден солтүстікке қарай бір жарым шақырым, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған жер. Әуезовтің «Көксерек» романын оқыдық, осы аттас фильмін көріп, Құрмашты аяп жүрегіміз ауырды. Қайта фильмде Құрмаш жараланса да аман қалады. Кітапта ғой тірі қалмайтыны. Бөрілі атауынан-ақ қасқыр толы аймақ екенін білуге болады. Мұндай ауылдан шыққан жазушының да бөрі жайында жазбауы мүмкін еместей.

Абай билікке қалай келген?

Біз келген жақ – Абайдың ауылы Қасқабұлақ. Қасқабұлақ беске бөлінеді. Ауыл отырған жер Шәкәрім бұлағы, әрі қарай үш шақырым Абай туған Қасқабұлақ, Тәкежан бұлағы, төмен қарай 700 метрде інілері Ысқақ Қасқабұлағы бар. Күнбатысқа қарай соңғысы Шолпан Қасқабұлағы. Шолпан – әнет руынан шыққан жас қыз, шешек ауруынан қайтыс болған. «Абай жолында» жігітектің барымташысы Базаралы Тәкежанның 500 жылқысын айдап кететіні осы Шолпан бұлағында болған оқиға. Бәрі күнге қасқайып қарап тұрғандықтан Қасқабұлақ аталып кеткен. Бұлақтардан жиырма шақырым, ұзындығы 30-40 шақырым болатын жер Ералы әулие жазығы деп аталады. Ералы батыр, би бабамыз Кеңгірбайдың ұлы. Мінезі қатты адам болған. Кеңгірбай өзінен кейін билікке адам қалдырмақшы болғанда бәрі өз балаларыңды неге қоймайсың деседі. «Өз балаларымның қандай екенін көрмей тұрмын ба?» деп билікке екі үміткерді ұсынады. Бірі – Өскенбай, екіншісі – Боранбай би. Екеуін ел аралатып жібереді. Боранбай той тойлатып келсе, Өскенбай іс тындырып жүріпті. Кеңгірбайды бәрі Би ата деп атаған екен. «Би ата, Шыңғысты алдық, найманнан, батайдан босаттық. Енді мына Бауырды уақтардан қашан босатамыз? Бауыр да біздің жер ғой», – дейді. Шаруаға икемділігін сезе қойған Кеңгірбай жиын шақырып, билікті Өскенбайға берген екен. Одан билік Құнанбайға тиіп, әкенің ісін Абай жалғайды. Негізі жазық Көкжайлақ деп аталады. «Абай жолы» романында да Көкжайлақ жері аталатын. Бірақ ол қамбардың Көкжайлағы болса, бұл тобықтының Көкжайлағы екен. Одан Еңлік – Кебек жерленген жер, ары қарай Шаңтимес төбесі тұр. Онда Таймақ көлі бар. Таймақ атақты Мамай батырдың немересінің құрметіне қойылған екен. Келесісі – Ақшоқы. Абай атамыздың Ділдә апамызға арнап салған қыстауы сонда. Құнанбай Абайды, Тәкежанды, Ысқақты бір күнде үйлендіріп, бір жерден жеке қоныс берген. Сонда Тәкежан: «Әкеміз әділ емес. Біз не құмадан тудық па? Бүкіл ұрпақтар Шыңғыстың шойынында отыр», – деп Құнанбайдың бәйбішесі Күңкенің ауылына барып, қора тұрғыза бастайды. Бәйбіше ашуланып отағасына хабаршы жібереді. Құнанбай Тәкежанға қайтсын деген бұйрығын жолдағанда: «Әкеме сәлем айтып бар. Мен бұл жерден қозғалмаймын. Ертең ел басы бұзылып кетеді. Біз де Шыңғыстан жер алуымыз керек», – деп жауап береді. Онысы дұрыс екен деген Құнанбай Күңкеге Жидебайдың жанынан қыстау салып береді. Абай мен Ысқақ әкемізге қарсы келмейміз деп Ақшоқыда қыстау салған. Міне осы жерге дейінгі тұс Шыңғыстың бауыры деп аталады. Абай елі Семейден мың метр жоғарыда тұр. Ысқақтың әйелі Мәніке өте адуынды кісі болыпты. «Еңкейсек Ертісіміз, шалқайсақ Шыңғысымыз» дегенде осыны меңзеген екен.

Әуезовтің нағыз музейін Алматыдан көресіз

Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйі 1990 жылы ашылған. Шыңғыс жерімен танысып болған соң үйдегі үлкен бөлме Әуез атаның бөлмесіне өттік. Осы жерде Мұхтар Омарханұлы тізерлеп отырып атасынан хат таныған. Бөлмеде Абайдың хатшысы Мүрсейіттің дәптерлері тұр. Абайдың ауызша айтқан өлеңдерін көшіріп отырған. Одан үш дәптер сақталған. Екі дәптері Алматыдағы Әдебиет институты қорында болса, біреуі Абай мұражай-қорында сақтаулы. Қабырғадан мынау еңселі үйдің алғаш салынғандағы бейнесін көрдік. Кәдімгі саман қора. Оны алғаш Абай салдырыпты. Әйгерімге арнап салған қыстауы екен. Осында тұрып жатқанында Мұхтардың атасы Әуез қонаққа келеді. Құнанбайдың төртінші әйелі Нұрғанымның інісі ғой. Абайға: «Жиенжан, қалаға жақын жерде тұрып, балаларымды орыс мәдениетімен таныстырғым келеді. Көзін ашсам ба деймін», – дейді. Әуез араб, парсы, шағатай тілін білген адам. Ә дегеннен осы қыстауын босатып беріп, өзі Аралтөбе деген жерден қыстау салады. Мұхтар Әуезов Бөріліде соңғы рет 1943 жылы болған екен.

Мұхтарға көп көмегі тиіп, әке-шешесі қайтыс болып, өзі оқуға кеткенде осы үйге қарап қалған бір адам – Разақ. Қолда бар малды пұлдап Мұхтарға жіберіп отырған да осы кісі. Самарқанның баласы. Әкесі қайтыс болып, Омарханұлы деп жазылған. Қудалауды көрген. Қазір сүйегі Қарағандыда жатыр. Абай мен Мұхтардың арасында тоғыз жұп қыз алып, қыз беріскен. Бұл үйде Нұржамал Омархан, Ғалия Қасымбек, қарындасы Рухия бәрі бірге тұрған. Кімнің қайда тұрғанын М.Әуезов Қайым Мұхаметханға көрсетіп кеткен екен. Жазушының айуы бойынша үй қайта салынып шыққан. Мұхтардың музейі өзі қолданған заттардан гөрі, фотосуреттерге толы екен. Бұл үйге жазушы тұрған үйдің қандай болғанын көру үшін міндетті түрде соғу керек. Ал нағыз музейін Алматыдағы М.Төлебаев көшесіндегі мемориалды музейінен көруге болады көруге болады.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір