• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 02:17:29
Алматы
+35°

20 Шілде, 2018 Айтты-ей, бауырың!

Автокөліктің айнасы қанша тұрады?

Пышақ сұқты да жанын үзді де жіберді...

Айна қойдым алдыма,
Көрейін деп өзімді.
Екі құлақ тас бітіп,
Шел басыпты көзімді...-деп келетін Шәкәрім қажының сыр сөзі атақты өреніміз Денис Тенді көліктің айнасына бола пышақтап кетіпті дегенді естігенде есіме түсе кеткені. Неге? Неліктен осы өлең сөздері дейсіз бе, себебі біздің қазіргі қоғамның бет бейнесі әулиенің осы сөзімен бар құпия сырын ашады. Біздің жемқорлық жайлаған, кішкентай сәбиін боққа батырған, жеткіншегін, жасөспірімін айуандықпен арын төгіп, зорлаған, әйелзатын қамап, қорлаған, жер анасын да ауық-ауық сатамын деп заң шығармақшы болып, оған қарсыларды айдап, түрмеге жауып, Қытай сияқты жымысқы саясаты бар ашкөз елден қарыз алып, жұмысшысын, жансызын құрттай қаптатып, киелі топырағымызды таптатып, ал қылмыскерін қамаудан тез босатып, ұлт патриоттарын абақтыға қамап, не керек асты-үстіне төңкерілген қоғамымыз, оның басындағы билік "нұрлы жүзін" сол алақандай айнаға тосса нені көрер еді? Түкті де. Түйенің табанынан да қалың беттен не көруі мүмкін? Бәрі ақшаға сатылған кер уақыт. Сотта турабилер жоқ. Ақша төлесе, кез келген қылмыскерді бостандыққа шығара салады. Көшеге камера қаптатқаны не керек, айдың-күннің аманында қарақшылар адам тонап, пышақтап кете береді. Денис Тен болғасын әшкере болып қалды білем, әйтпесе жай адамның бірі болса, мұндай шу болмас та еді. Көшеде емін-еркін жүре алмайтын болсақ, онда тәртіп сақшылары неге керек? Бүгінгі науқаншыл, сауықшыл, ал ұлт мүддесі мен адамның өміріне келгенде тоң мойын, тас соқыр, тас керең билігі бар болса да туған еліміз жайлы жаман айтқың келмейді-ақ, бірақ Денистің орнында біздің кез-келгеніміз болуымыз мүмкін... Сонда біз тыныштықты, бақуатты өмірді Алладан тілесек те өз елімізде, жерімізде құзыретті орындардан, биліктен сұрамаймыз ба екен? Олар жауапты емес пе екен сонда?
Ындыны таза ешкім жоқ,
Сыртында май, ішінде оқ.
Түп қарыны толған боқ,
Жасырып жүр мұнысын... біздің қоғам осындай болған. Сонымен көліктің алақандай айнасы қанша тұрады? Олимпиаданың қоласы? Әлем чемпионатының күмісі? Әлде алтынға шағамыз ба? Жоқ, алтын мен күміспен, тіпті сол қымбат көлікпен тағы басқасымен өлшенбейді екен оның бағасы. Оның бағасы - АДАМНЫҢ ӨМІРІМЕН өлшенеді екен. Иә, солай. Мұны бүгін тапа-тал түсте білдік. Автокөлік айнасының құны - Сіз бен Біздің ӨМІРІМІЗ екен... Міне, біздің шыбын жанымыздың, өміріміздің құны... Не дейміз? Бақұл бол, жеңімпаз, қазақстандық жас өрен Денис Тен дейміз бе, дейміз... Қазағым оған "иманды болсын" деп те жатыр. Енді қайтсін? Діні басқа болса да ділі қазаққа жақын, атағы шықса да Отанын сатып, басқа жаққа ығыспаған жігіт еді, қыршыннан қиылды. Ұрып-соғып кетсеші? Жоқ, өйтпеді. Пышақ сұқты да жанын үзді де жіберді... Қазақстан басшысы, үкіметі, заң сақшылары, соты барлығы да қымбат көліктеріне отырады. Сонда алақандай айнаға қарайды. Сонда нені, кімді көреді? "Айна қойдым алдыма..."

Мұнайдар Балмолда
19.07. 2018.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір