• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 13:21:00
Алматы
+35°

25 Сәуір, 2016 Саясат

Атырауда халық саяси мәдениеттілік үлгісін көрсетті. Енді биліктің жауабы қандай болмақ?

Кеше Атырау халқы алдында хабарланғандай Үкіметтің жер сату туралы бастамасына наразылық білдіріп алаңға шықты. Заңда көрсетілген талапқа сай белсенділер...

Кеше Атырау халқы алдында хабарланғандай Үкіметтің жер сату туралы бастамасына наразылық білдіріп алаңға шықты. Заңда көрсетілген талапқа сай белсенділер белгіленген уақытта жергілікті әкімдіктен рұқсат сұрады. Билік органдары, өз «заңдарына» сүйеніп, митингке рұқсат беруден бас тартты. Алайда, әкім-қаралардың бұл ұстанымы жерге араша сұраған халық қарсылығына тосқауыл бола алмады.

Сонымен, билікшіл басылымдар қанша кемітіп жазғанымен, Исатай-Махамбет атындағы алаңға жиналған жұртшылықтың саны 4000 адамнан асып кеткені даусыз шындық болып отыр. Алаңға ағылған қалың халық жергілікті басшыларға да психологиялық тұрғыдан аз соққы жасамады. Облыс, қала басшылығы Исатай-Махамбет алаңына екі мәрте барып, халықпен сөйлесті. Белсенділердің талап, тілектерін тыңдады. Ә дегенде облыс басшысы Нұрлан Ноғаев халықтың «Осы митингке қатысты 8 азаматтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылсын!» деген талабын өз өкілеттігінен тыс талап деп жалтарғанымен, кейін бұл мәселені де назарда ұстайтынын айтып, уәде берді. Ешкімді қудалау, қамауға алу, күш қолдану болмайтынын мәлімдеді.

Бұл митингтің бұрындары өтіп келген наразылық шараларынан басты айырмашылығы – алаңда полиция күш көрсетіп, ешкімді сүйремеді. Тұтқындаулар, қамауға алу сынды әрекеттер болмады. Заңға сай рұқсат етілмеген митинг бола тұра, әкімдік пен полицияның мұндай қадамға бармауын түрліше жоруға болады. Саясаткер, ұлтшыл-демократиялық ұстанымдағы белсенді Мұхтар Тайжан Атырауда өткен митинг халықтың саяси мәдениеті өскендігінің белгісі деп отыр.

«Бұл митинг бұған дейінгі осындай наразылық шараларынан өзгеше болды. Ең бірінші, бұл митинг халықтың саяси мәдениетінің, сана-сезімінің өскенін көрсетті. Мен кешелі бері Атыраудағы белсенді азаматтармен сөйлесіп отырмын. Әсел Нұрғазиева, Макс Боқаев, Талғат Аян сынды азаматтар халықтың ұйымшылдығына, жер тағдырына бей-жай қарамағандығына ризашылықтарын білдіруде. Олардың өздері алаңға осынша халық жиналады деп күтпегенін айтуда.

Халық жерге қатысты қойлыған мәселенің маңыздылығын терең түсінді. Арандатуға бой алдырмады, жол бермеді. Кеше алаңда бірде-бір фонарь сынып немесе басқа да тәртіп бұзушылықтардың болмағаны сол жауапкершіліктің көрінісі. Алаңда жиналғандардың ішінде мас жүрген, тәртіп бұзған бір адам болмаған. Осы жерде билікке қатысты да айтатын мәселе бар. Ол – облыс әкімінің, қала басшысының, прокурордың алаңға барып, халықпен бетпе-бет кездесуі. Атырау облысының әкімі Н. Ноғаевтың өзі халық алдына шығып, елдің талаптарымен танысты. Бұны атап өту керек. Яғни, халықтың зор күш екенін билік мойныдады. Онымен келіссөзге келіп отыр. Күш қолданбады. Сондықтан, билік, құқыққорғау органдары өздерін қалай ұстағанына да мән беру керек», - дейді Мұхтар Тайжан.

Саясаткер митинг өтетін күні 8 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалуын уақытша шара деп санайды.

«Қылмыстық іс тоқтатылады деп ойлаймын. Оның үстіне облыс басшысы Н. Ноғаев мырза ешкімнің қудаланбайтынына уәде берді. Сол себепті, белсенділердің үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылуы тиіс», - дейді ол.

Шынымен де, бұл жерде қылмыстық іс қозғауға негіз боларлық жағдай жоқ. Рұқсат берілмеген митинг, шеру ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жаза қолдануға, оның өзінде ескерту немесе айыппұл салумен шектелуге болатын еді. Істің митинг басталар алдында қозғалғанын ескерсек, билік органдары осындай іс қозғау арқылы белсенділерді қорқытып, шеруге шығамыз деген халықты райынан қайтарамыз деп ойласа керек. Алайда, халық оған қарап жатпады. Уәдесінде тұрып алаңға шықты. Енді, облыс басшысы да уәдесінде тұрып, өз тұрғындарының қылмыстық қудалауға түспеуін қамтамасыз етуі керек. Ал, жердің сатылымға шығарылуын тоқтату облыс басшылығы деңгейінде реттелетін іс емес. Өңір халқының нарызылығына орталық билік үн қатуы керек.

PS.: Жер сатуға, жалға беру бастамасына қарсы наразылық шаралары Астана, Алматы, Орал қалаларында да өтті. Астанада қарағандылық Ғалымбек Ақылбеков есімді азамат, Алматыда Асхат Демократ есімді белсенді. Орал қаласында Исатай Өтепов деген азамат жер сатуға қарсы жалғыз өздері пикет ұйымдастырды. Алматыда зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық белсенділер топталып та наразылық шарасын өткізді. Әзірге олардың ешқайсысы әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылмады.

Дархан Мұқантегі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір