• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 03:36:00
Алматы
+35°

28 Тамыз, 2018 Аймақтар

Атырауда латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыланды

Әліпбиін латын қарпіне ауыстыруды қолға алған Қазақ елі оған көшудің алғышарттарын бастап кетті

Әліпбиін латын қарпіне ауыстыруды қолға алған Қазақ елі оған көшудің алғышарттарын бастап кетті. Бүгінге дейін Елбасы Жарлығымен оның екі нұсқасы бекітіліп, халық арасында кең талқыланған болатын. Әліпби ауыстыру тарихи жауапкершілік болғандықтан, латын графикасын меңгеруде мұқияттылық, бірізділік керек. «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалында «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселелері» тақырыбында семинар ұйымдастырған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма өңірдегі оқыту орталықтары жетекшілерінің басын қосып, бұл маңызды қадамда бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Құнды ой-пікірлер мен ұсыныстар айтылған аталмыш шараға филолог мамандар мен тіл жанашырлары, қалалық, аудандық, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің қызметкерлері қатысты.

Мәншүк Мұханбетқалиева, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы:

– Біздің мақсатымыз – тұрғындарға латын әліпбиін үйретудің тиімді жолын қарастыру. Бүгінге дейінгі басқосуларда әліпбиге қатысты ой-пікірлер айтылса, енді оны талқылап жатудың қажеттілігі жоқ. Алға қарай ұмтылып, сіз бен біз болып бірлесе отырып оқыту мәселесін ұйымдастыруымыз қажет. Бұл тұста аймақтағы оқыту орталықтарының рөлі зор. Олардың басым көпшілігі қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйретеді және олар мемлекеттік емес, жекеменшік орталықтар. Алайда, латын қарпіне көшудің барлығымыз үшін тиімділігін ескере отырып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара», қоян-қолтық жұмыс жасауға тиіспіз. Өйткені, әліпби ауыстыру – маңызды қадам. Оның тиімділігі туралы да аз айтылған жоқ. Сондықтан, бұл бағыттағы салмақты ойларыңыз бен нақты ұсыныстарыңыз ескерілетін болады.

Әбілхан Төлеуішов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы:

– Қазақ тілінің жаңа әліпбиге көшуі – тәуелсіз мемлекет пен қазақ қоғамының жеке дара ісі мен таңдауы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, инновациялық жаңғыру үдерістерімен қатар, ғылым мен білім салаларының алдына да маңызды міндеттерді қойғаны белгілі. Іске асып жатқан «Үш тұғырлы тіл», қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру саясаты – ана тіліміздің өзінің ішкі мүмкіншіліктерін пайдалана отырып өркениетті елдермен, өзге тілдермен қатынасқа түсіп, өрісінің кеңеюіне жасалып жатқан ізгі қадам.

Біздің қазаққа тән тоғыз (ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, і, һ) дыбысымыз бар. Осы дыбыстарымыздың латын әліпбиінде таңбалау қарпін жүйелеп алуымыз керек. Қазір бұл елімізде кең талқыланып жатыр. Биылғы жылдың аяғына дейін латын әріптерінің бір стандарты бекітілуі тиіс.

Исатай Балмағамбетов, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы:

– Рас, латын әліпбиі – халықаралық графика. Демек, латын – технологияның тілі. Жастар жаңа технология тілін жақсы меңгерген. Күнделікті телефон, айпад, ноутбуктардың тілі жастар үшін көмекке келе алады. Жаңа әліпбиді балалар мектептен үйренеді. Ендеше, әліпбиді үйретуде қиындықтарға тап болатын аудитория қандай? Әрине, бұл орта жастан асқан ересектер аудиториясы. Осы ретте мақсатты аудиторияға тіл оқыту орталықтары көмекке келуі тиіс.

Жаңа әліпбиді үйретуге екі апта мен бір ай аралығында курстар ұйымдастырылса және оқыту орталықтарының жұмысы қаламен ғана шектелмей, аудан, ауылдарды да қамтыса, нақты нәтижелерге қол жеткізер едік. Жұмысты жеделдету үшін, жаңа әліпбиді онлайн режимде үйретуге бағытталған ұялы телефонға арнайы қосымшалар жасалып, интернетке енгізілсе, тіптен тиімді болады.

Ал, оқу орталықтарының қызметі ақылы бола ма? Бұл өз алдына бөлек қарастыратын мәселе. Десе де, меніңше оқу орталықтарын ынталандыру мақсатында Үкімет тарапынан арнайы субсидия бөлінетін болса, бұл да нәтижеге жұмыс істеудің бір форматы болар еді.

Әліпби ауыстыру тарихи жауапкершілік болғандықтан, латын графикасын меңгеруде де мұқияттылық керек. Жұмысты бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет кеңістікте насихаттаудан бастағанымыз дұрыс. Бір ақпараттық хабар кириллицамен берілсе, сол нұсқаны жанында латын графикасымен жариялау тәжірибесін енгізуге болады. Яғни, екі ақпаратты салыстыра оқу арқылы оқырманның да көзі жаттыға түседі, әріптер де жадында жаттала бастайды. Наурыз айынан бастап «Атырау» газеті өзінің атауын латын графикасында жаза бастады. Сонымен бірге, газеттің ішкі беттерінің атаулары да латынша жазылуда. Бұл да болса, біздің белгілі бір деңгейде жасаған қадамымыз болып отыр. Әліпби ауыстыру ешбір саланы айналып өтпейтіндіктен, бүгінгі күннен бастап кез келген мекеме атауларын жаңаша жазып, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін үлкен форматта шығарып, насихаттай түскен жөн.

Әйгерім Бердіғалиева, «Несібелі»  оқу орталығының басшысы:

– Осыдан екі ай бұрын Махамбет ауданында оқу орталығын аштық. Тұрғындардың сұранысы бойынша, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқытамыз. Аудандағы жалғыз оқу орталығы болғандықтан, балалар бізге келіп қосымша білім алып, тіл үйренеді. Алдағы уақытта латын әліпбиін оқытуды қолға алатын боламыз. Облыста арнайы курстар жүргізілсе, ең алдымен мұғалімдерді оқытып алуды жоспарлап отырмыз.

Жеміс Тілепқалиева, Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– «Латын әліпбиін қайда барып үйренемін?» деген адамның ойына алдымен оқу орталықтары түседі. Яғни, салмақ та осы орталықтарға түседі. Ол жерде де латын қарпін үйрететін білікті маман болуы керек. Сондықтан, облыстағы мемлекеттік басқару академиясы филиалы мұғалімдерді дайындықтан өткізуі керек деп санаймын. Бұл үшін Исатай Құндызбайұлы айтып өткендей, арнайы субсидиялар қарастырып, оқу орталықтарымен байланыс орнатқан тиімді.

Мүтиғолла Насиханов, Исатай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– Облыстық тіл басқармасы оң бастаманы қолға алып, аудандарда көшпелі семинарлар ұйымдастырылып, түсіндірме, насихаттық жұмыстар жүруде. Бұл шаралардан ауылдық округтер жұртшылығы да тыс қалып жатқан жоқ. Білім беру орындарына баратындар мен өзге де мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын тұрғындар біртіндеп латын тілін үйренеді. Бізді ойландыратыны – зейнеткерлер мен үй шаруашылығындағы әйелдер, жұмыссыздардың жайы. Оқыту орталықтары қоғамның осындай топ өкілдеріне қолдау көрсетулері қажет.

Жұмазия Әбдірахманова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры:

– Қазіргі уақытта латын қарпін қолдану, ең алдымен, заман талабы. Латын әліпбиіне көшетініміз белгілі. Бұл – мемлекетіміз үшін бірден-бір қажетті фактор. «Нені ұтамыз, неден ұтыламыз?» деп ой елегінен өткізіп жатудың енді қажеттілігі жоқ, ол кезеңнен өттік. Сондықтан, алға қарай ұмтылатын боламыз. Конституциямен бекітілген мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ал, оның қолданыс аясын кеңейту, ең бірінші ел азаматтарына байланысты.

Латын әліпбиі жайында бірінші рет естіп отырғанымыз жоқ. 1929-1940 жылдар аралығында бұл тәжірибе біздің жазу тарихымызда болды. Яғни, бұл өткенімізге қайта оралу, қайта жаңғырту болып саналады. Әліпбидің бірінші нұсқасы сәтсіздеу шығып, біраз алаңдатты. Алайда, жыл басында бекітілген 32 әріптен тұратын, апострофты екінші әліпби нұсқасында қазақтың төл дыбыстары толық қамтылғандығы көңілге қонды. Күні бүгінге дейін қолданылып келген басы артық дыбыстар алынып қалды. Бұрынғы 42 әріпке қарағанда 32 әріп жеңілірек болмақ. Десек те, әлі де пікірлер айтылуда. Ол апострофпен беріліп отырған «у», «ж», «ү» дыбыстарына қатысты. Маман ретінде өзім у мен ү дыбысының орнын ауыстырса дұрысырақ бола ма деген пікірдемін. Қай-қай әліпбиде халықаралық стандартпен негізделу керек, олай болатын болса, осы екі әріптің орны ауысып тұрғандай көрінеді. Қазақ тілі заңдылығы бойынша бір дыбыс бір таңба болуы керек. Африкат дыбыс, дауыссыз дыбыстардың тіркесі ежелден бар. Жазба тілінде болмағанмен, сөйлеу тілінде диалектілерде кездеседі. Мәселен, «джоқ» дейтін жамбылдықтардың сөзі. Бұл қазақ тілінде болмағанмен де, түркі тіліне ортақ африкат дыбыстар. Соңғы әліпби нұсқасындағы 31, 32-ші «ш», «ч» екі дыбыстың қосындысымен белгілеп отырған болса, «ж»-ны да мемлекеттік стандарттағы «z» пен «h» белгілесе оның ешқандай артықтығы болмас еді. Себебі, бұл халықаралық негізде қалыптасып қалған стандарт.

2022 жылдан бастап жаңа әліпбиді бірінші сынып оқушылары оқи бастаса, арада үш жыл өткен соң 2025 жылдан бастап жаңа графикаға көшетін боламыз. Ендеше, ол кезге әлі уақыт бар деп арқаны кеңге салмай, осы бастан әліпбиге көз үйретуіміз керек. Бұл жұмысты банктер мен бұқаралық ақпарат құралдары атауларын өзгертуден, кейбір мекемелер мен мейрамханалар, дүкендер де атауын латын қарпімен жазудан бастап кетті. Оны түсінбей, оқи алмай жатқан адамды көрмейміз. Көпшілікке түсінікті. Адамдар бірте-бірте көз үйрете бастауы қажет. Көпшілік жерлердегі жазбаларды көбейтіп, халықаралық терминдерді пайдалану қажет. Бұл оқу орталықтарына да қатысты.

Латын әліпбиін меңгерген соң, дұрыс, таза сөйлеуге де қайтадан келеміз. Бірақ, менің бір нәрсені ашып айтқым келеді, өзгеретін – біздің сөзіміз емес, әліпби мен жазуымыз.

Лаура  Ғазизова, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалы әдіскері:

–Қазақ елі тарихында тұңғыш рет өз әліпбиін мемлекеттік деңгейде таңдап отыр. Бұл аса маңызды оқиға. Сонымен бірге, әртүрлі тарихи, саяси, әлеуметтік себептермен дүниенің түкпір-түкпіріне тараған қандастарымыз үшін де қолайлы. Жалпы, жаңа әліпби тәуелсіз сананың жаңғыруына бастайды, дүниені тануымызды оңайлатады. Кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал, өздеріңіз білетіндей, дүниежүзі халықтарының 80%-ы осы латын әліпбиіне көшкен. Осының есебінен басқа тілдерді үйренуге де мүмкіндігіміз артады.

Облыс деңгейінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі турасында ақпарат беруде, мемлекеттік қызметшілердің тілдік білік-дағдыларын арттыруда өзіндік үлесін қосып келеді. Атап айтсақ, осы жылы филиалда «Ресми жазылым: мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу және латын әліпбиімен танысу» атты біліктілік арттыру семинарларын және аудандағы мемлекеттік органдармен скайп арқылы дәрістер өткізіп, ақпарат беру, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.

Мемлекеттік қызметшілердің үш тілді меңгеру білік-дағдыларын қалыптастыру бағытында жыл сайын «Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту», орыс тілі, ағылшын тілі курстары өтеді. Қазіргі уақытта филиалда аталған курстарды латын графикасына негіздеп оқыту қолға алынған.

Семинар барысында «Dostar EngLish center» оқу орталығының директоры Әнуарбек Өтешқалиев Жастар ресурстық орталығымен бірлескен жоба аясында 14-19 жас аралығындағы жастарға тегін ағылшын тілін оқытатындарын мәлімдеп, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін үйрету де оқу орталықтарының қатысуымен келер жылдың мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асса деген ұсынысын айтты. Осы орайда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қуанышева бұл мәселе келер жылдың жоспарында ескерілгендігін мәлімдеді.

Өңірде тілдер оқытатын мемлекеттік орталықтар жоқ. Ал, жекеменшік оқыту орталықтары қандай мәселені де әлеуметтік тапсырыс шеңберінде, тендер арқылы басқармамен тығыз байланыс жасай отырып жүзеге асыра алады. Демек, бұл орталықтар жекелеген мақсаттар жолында ғана емес, елдік мәселелерге де етене араласқандары жөн. Себебі, бірлескен іс қашан да берекелі болмақ.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір