• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 16:08:38
Алматы
+35°

21 Қаңтар, 2018 Сұхбат

«Қазақстанның журналистикасы әлемдік журналистикамен салыстырғанда кенжелеп тұр. Тіпті, бүгінгі Қазақстан журналистикасы бұрынғысымен салыстырғанда еркіндік тұрғысынан осал. Мемлекетте қолданылып жатқан кейбір заңдар қынжылтады. Биліктің журналистикаға қатысты ұстанып отырған саясаты атүсті», - дейді Сүлеймен Демирел Университетінің оқытушысы, «Profi Asia» оқу орталығының ағылшын тілі мұғалімі, журналист, TED Translators - Kazakh аудармашылар тобын құрған Асхан Еркімбай.

— Бірнеше тілде шығатын TEDX видеоларын алғаш қазақ тіліне аударып, TED Translators - Kazakh аудармашылар тобын құрдыңыз. Қазір TED-тің қазақша аудармасына сұраныс қалай?

TED басында ағылшын тілінде шыға бастады. TED ұйымдастырушылары ғылым-білімді санаулы адамдар ғана емес, барлығы меңгерсін деген ниетпен ғылым бағытын таңдады. Кез келген қолданушыға қолжетімді болсын деп дәрістерді Интернетте жариялады. Осы мүмкіндікті қосқаннан кейін TED видеолары әлемнің әр тіліне аударыла бастады. Жоба авторлары аударма процесі осынша қарқын алады деп күтпеді.

Маған дейін TED видеоларын аударуға тырысқан адам болды, бірақ жұмыс онша жүрмеген. Мен 2010 жылы тіл үйлестіруші болуға өз ниетімді білдірдім.  Алғашында видеоны өзім аударып, жариялаймын деп ойладым. Ал TED-тің шарты бойынша видеоны бір адам аударады, екінші адам редакциялайды, үшінші адам оны мақұлдап, жариялайды. Кем дегенде үш қолдан өтеді. Қазір бізде TED видеоларын қазақшалауға ниет білдірген 500 адам тіркелген. Алайда оның 10 пайызы ғана видеоны аударған немесе мәтінді терген. Оның ішінде тек оншақтысы ғана 10-нан аса видеоны аударған. Осы уақытқа дейін біз 100-ден астам видеоны қазақ тілінде субтитрледік. TED видеоларын аударып жүргендер – кәсіби аудармашылар емес, еріктілер. Мұның жақсы және жаман тұсы бар.

Жақсы жағы – еріктілер аударма үшін ақша сұрамайды, уақытын арнайды, оның маңызын ұғады. Яғни еріктілерге қазақ тілінде ғылым-білім тезірек өркендесін, әлемдік идеяны кез келген қазақ білсін деген ой түрткі болады.  

Жаман жағы – олар кәсіби аудармашылар емес. Бірінде әдеби қазақ тілі, екіншісінде техникалық қазақ тілі, үшіншісінде ауызекі қазақ тілі басым болады. Сондықтан аудармада ала-құлалық байқалып тұрады. TED мақсатты түрде мұны тегін қылды. Себебі технологияның, жаңа медианың дамуы қызық құбылыс тудырды. Оны ағылшын тілінде Crowdsourcing (Crowd – көпшілік, source – дерек) деп атайды. Яғни негізгі дереккөз көпшіліктен келеді. Бұл Қазақтанда әртүрлі формада жүзеге асып жатыр. Мен тек соның бірін – жаңа медиадағы көрінісін айтып берейін.

Біз 6 жыл бұрын Facebook-ті қазақ тіліне аударуды қолға алдық. Аталмыш компания оған мүмкіндік берді. Мен 2009 жылы Сан-Францискода Facebook кеңсесінде болғанымда осы сұрақты қойғам. Ол уақытта қазіргідей деректерді ашық бермейтін. Үш сағаттың ішінде Facebook француз тіліне аударылып шыққанда Facebook-тің маркетинг-менеджмент бөлімі бұған қатты таң қалды. Басқа тілдерге де мүмкіндік беруге бел буды. Қазақ тіліне бұл мүмкіндік кеш берілді. Интернетке қосылу бізде басқа елдерге қарағанда жылдам болды, бірақ қазақ қолданушылары негізінен орыс тілін қолданады. Көпшілігіміз Microsoft-ты сатып алмаймыз, пираттық орысша нұсқасын орнатып аламыз. Интернет сайттарында, браузерлерде үйреншікті орыс тілін пайдаланамыз. Телефонда қазақ қарпі бар-жоғына бас ауыртпаймыз, орыс қарпі тұрса болды. Осылайша өзіміз қазақ тіліне сұраныс тудырмаймыз. Сол себепті жоба авторлары Қазақстандағы негізгі тіл орыс тілі болар-ау деп топшылап, постсоветтік ел ретінде қарастырады. Бұл түсінікті өзгерту үшін көп жұмыс атқарылды. Бастапқы кезде Bilim Media Group Google translate пен біз сияқты жекелеген адамдар қанша тырысса да, жұмыс жүре қоймады. Мәселен, Bilim Media Group Wikipedia-ны қолға алғаннан кейін қазақ тілінде көп ресурс пайда болды. Тек Google translate қана емес, Google-дың көп құралы қазақ тіліне аударылды. Күні кеше Facebook жұмысқа қазақтілді маман іздеді. Бұл дегеніміз қазақтілді қолданушылардың көбейіп келе жатқанын және төлем қабілеті бар екенін дәлелдейді.

Біз Facebook-ты аудара бастағанда көп адам жұмылды. Аудармашылар құрамында әдебиетшілер мен тілші-ғалымдар болды. Ешкім аударма үшін ақша төлеген жоқ.

Бір жақсысы, оған кез келген адам атсалыса алады. Егер министрлік мұны қолға алса, дұрыс болмайды. Себебі жұмыс сапасы ақшаға тәуелді болып қалады.

Қазақ тілін жетік меңгермеген, бірақ жаны ашитын адам өз аудармасын ұсынады. Тілші-ғалымдар оның кемшіліктерін көрмей қалады немесе уақыты болмайды. Осының салдарынан қазақ тілін жақсы білмейтін, бірақ ниеті дұрыс адамның аудармасы көпшілікке жарияланып кетеді. Осыдан кейін халық министрлікті айыптайды. Ал қоғамда заңдылық бар. Қанша білімді азамат болсаң да, көпшілік жүрген бағытпен кетесің. Мысалы, sozdik.kz жобасы бар. Көбі соның қызметін пайдаланады. Оған кез келген адам сөздердің аудармасын қоса алады. Біреу жаңа сөз ойлап тауып оны аталмыш жобаға енгізіп қойса, басқа адам оны көріп, тілші-ғалымдар құрастырған деген оймен ол сөзді қолданады. Соның нәтижесінде ол сөз қолданысқа енеді.

— Әңгіме тақырыбын Қазақстандағы журналистикаға бұрсақ. Онлайн ақпарат тарататын сайттар бүгінгі қоғам сұранысына жауап бере алып жатыр ма?

Онлайн медиадағы журналистер – дәстүрлі БАҚ-тан келгендер. Олардың көбі онлайн медиада жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін меңгере алды. Журналистер мультимедианың жаңа қыр-сырын игерсе, үнемі зерттеу тәсілін қолданып, ағылшын тілін жетік меңгерсе, жаңа шыққан құралдарды біліп, бірден қолданысқа енгізіп отырса еңбегі нәтижелі болар еді. Нарық тұрғысынан қосымша қаржы көзіне айналар еді. Ал бізде көбі мемлекеттік қаржыға тәуелді болғандықтан халық күткен деректі бере алмай отыр. Ақпарат кешігіп шығады, газеттер, телеарналар мен сайттар бірдей ақпарат таратады. Сапасы ақсап тұр. Бұл – үлкен қауіп. Мен оқытатын университеттің студенттері үш тілді еркін меңгерген. Оларда «қазақ тіліндегі ақпарат сапасыз, қазақ тілінде әрі кетсе тарихи, мәдени ақпарат табуға болады, күнделікті қажеттіні мен орысша іздеуім керек, ал ғылыми жаңалықтарды ағылшын тілінде оқуым керек», - деген бейсаналы түсінік қалыптасқан. Оны өзгерту үшін қазақ тілінде сапалы ақпарат берілуі тиіс. Сондықтан әр онлайн медиа өз бағытын тауып, соған сәйкес ақпарат таратып, аудиториясын қалыптастырғаны абзал. Қанша жыл өтсе де, дәстүрлі медианың ішінде салалық медиа қалыптасқан жоқ. Ол олқылықтың орнын онлайн медиада толтыру өте маңызды.

Қашан онлайн мультимедианы меңгерген менеджерлер пайда болады – сол кезде онлайн медиа жаңа сатыға көтеріледі.

— Журналистерге дәріс беріп жүрген оқытушы ретінде журналистика факультетіне  заман талабына сай қандай пәнді енгізу қажет деп ойлайсыз?

Қазір ҚР Білім және ғылым министрлігі ЖОО-ларға академиялық еркіндік бере бастады. Мен сабақ беретін Сүлейман Демирел атындағы университетте қазақ және ағылшын тілінде мультимедиа журналистикасы, дата журналистика, жаңа медиа пәндері оқытылады. Студенттерім білім алып жатыр, ал бұл біліммен олар қайда жұмыс істейді? Шетелдің құралдарын меңгерген, ағылшын тілінде сайрап тұрған студенттерді іс-тәжірибеден өтуге жіберсе де, редакциядағы басшылық түсінбейінше ол жерде ала қарға болып, өзін таппай жүреді. Сондықтан мен студенттеріме: «Қазақтілді БАҚ-та жұмыс істеймін деп ойламаңдар, одан да өздеріңнің медиа жобаларыңды құрыңдар. Сонда тәуелсіз боласыңдар және білімдеріңді тәжірибе жүзінде іске асырасыңдар. Әзірше мультимедиаланбаған редакцияға барсаңдар олар қаржы көзін бір жерден алып отырғандықтан сендер тәуелсіздіктеріңді, мультимедиялық білімдеріңді жоғалтып аласыңдар», - деп үнемі айтып отырамын. Студенттерім қазір өз алдына жеке жоба жасауға тырысады.

Келесі мәселе біздегі журналистиканың жағдайы. Қазақстанның журналистикасы әлемдік журналистикамен салыстырғанда кенжелеп тұр. Тіпті, бүгінгі Қазақстан журналистикасы бұрынғысымен салыстырғанда еркіндік тұрғысынан осал. Мемлекетте қолданылып жатқан кейбір заңдар қынжылтады. Биліктің журналистикаға қатысты ұстанып отырған саясаты атүсті.

 — Қазақ журналистері дата журналистика, SMM-нің қыр-сырын қаншалықты жетік меңгерген деп ойлайсыз?

Ғалымдардың соңғы зерттеуінің нәтижесіне сүйенсек, барлық саламен салыстырғанда жаңашылдықды жылдам бастан кешіп отырған сала – медиа. Сондықтан медиа соңғы технологиялық өзгерістерге тез бейімделуі тиіс. Мәселен, SMM деген сөздің өзі ескіріп қалды. Қазір SMO деген жаңа сөз шықты. Өйткені, Social Media мен  Social Media Optimization бірігіп отыр. Қазір форма өзгеріп жатқанымен құндылығы өзгермейді. Сауатты сөйлеу, деректі жылдам жеткізу секілді құндылықтар ғасырлар бойы өзгермеген. Біз формасына тез бейімделуіміз керек. Ал егер бұрынғы формада қалсақ, ешкімге қызық болмаймыз.

— Шетелде оқыған журналистер қазақ журналистикасына жаңа леп әкеп жатыр ма?

Бізде бұқаралық ақпарат құралы деген ұғым бар. Яғни белгілі бір қоғамға деректі, мәліметті жеткізудің тәсілі. Бізде БАҚ – белгілі бір тәсіл, құрал. Ал шетелде оқығандар БАҚ-ты емес, медианы оқыды. Шетелде ақпарат алмасатын орта бар, құрал жоқ. Шетелде оқыған білім біздің қоғамға келе бермейді. Бізде құрал туралы заң бар. Халыққа осы құралды қалай қолдану туралы ереже жасаған. Оған бағынбасаң, сотталасың. Мен оқыған АҚШ-та ондай заң жоқ және ешқашан болмайды деп заң шығарып қойған. Ол елде құрал тұрғысынан емес, медиа тұрғысынан қарастырады.

Шетелде оқығандардың жұмыс нәтижесі 1-2 жылдың ішінде шықпайды. Журналистерді «Болашақ» бағдарламасымен оқуға жіберу соңғы 4-5 жылда жүзеге асты. Мен шетелде алған білімімді жеткізу үшін ағылшын тілін үйретуді қолға алдым. Кемінде жүз журналиске ағылшын тілін үйретемін деп алдыма мақсат қойдым. Жүз журналистің өзі ағылшын тілін жетік меңгерсе, қазақ журналистикасында өте үлкен өзгерістерді күтуге болады.

Шетелде оқыған журналистер 4-5 жылда жемісін беруі мүмкін. Сапалық тұрғысыдан өзгерістер біліне бастайды.

— Журналист болу үшін журналистканы оқу керек пе деген сұрақ көп талқыланады. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

Менің түсінігімде журналистика ғылым емес. Ал коммуникация, медиа – ғылымның саласы. Егер медиа саласында боламын десең, міндетті түрде академиялық теориялық білім алу керек. Себебі ғалымдардың біліміне сүйену қажет болады. Ал өмір бойы тек мақала жазып, сұхбат алумен айналысамын десеңіз, жылдап университетте оқудың қажеті жоқ.

«Журналистикалогия» деген ұғым жоқ, бірақ «биология» деген ғылым бар. Сол сияқты Қазақстанда медиа деген ұғым жоқ, құрал деген ұғым бар. Сондықтан елімізде құралды қалай пайдалану керектігін төрт жыл оқытудың қажеті жоқ.  

— Болашақта ЖОО-лардың онлайн жүйеге көшуіне қалай қарайсыз?

 Америкада Massive online courses деген көзқарас болды. Олардың мақсаты – білімге барлығының бірдей мүмкіндігі болу керек. Университетте берілетін лекцияларды интернетте жарияласа, барлығы шетінен білімді болады деп ойлады. Алайда күткендей нәтиже шықпады. Себебі курс – құрал.

Онлайн курстар Қазақстанның жағдайында белгілі деңгейде мәселені шешер. Онлайн курс адамдардың қажеттілігін өтеуі мүмкін. Ал онлайн курс арқылы білім көтеріліп кетеді деген үміт әсте ақталмады. Онлайн курс – әртүрлі маман иелеріне білімін жетпей тұрған тұстарын жетілдіретін құрал ғана бола алады.

 Сұхбаттасқан: Әсем Әлмұханбет

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір