• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

08 Мамыр, 13:51:26
Алматы
+35°

22 Тамыз, 2018 Саясат

Астананы су басты, Нұх пайғамбар, қайдасың?

Не де болса Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев ашуға мінді

«Суға жүзіп қайтайық Астанада» дедік. Толассыз жауған жаңбырдың кесірінен су астында қалған байғұс астаналықтардың жағдайын ойлап, Алматыда отырған біз қынжылдық. Бірақ Елорданың әкімдігі қынжылды ма, білмедік. Әзірге темір техника, қара жұмысшылар өз жұмысын атқарып әлек. Бұл туралы қала әкімдігі сан рет баспасөз баяндамасын жасады. Дегенмен мәселенің түйткілі шешілмеген. Ауа райы болжамына сенсек, "ҚазГидромет" қателеспесе, республика көлемінде тағы да жауын-шашын, бұршақ жаумақ. Ал, бас қала болса, Венеция болып қала бермек.

Туған күнге  19 млрд теңгесін аямаған билік арық қаздыруға келгенде неге аянып қалған деген заңды сұрақ туындайды. Не де болса Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев ашуға мініп, «Елбасының қатаң тапсырмасына қарамастан Астана желге төтеп берсе де, суға төтеп бере алмайтын болып шықты. Астаналықтар содан зардап шегуде. Сонымен қатар астанамыздың халықаралық беделіне нұқсан келуде. Бұл мәселені туған күн тойламас бұрын шешуге болатын еді ғой» депті.

Премьер-министр Сағынтаев өз кезегінде әкімдікті кінәлады. «Қаланың жағдайына әкімдік жауап беретінін білеміз. Қайталап айтамын, қалада орын алған кез келген жағдайға әкімият баспен жауап береді.  Тұрғындар мен қоғамдық көлік жапа шекпеуі тиіс. Мәселе тек имиджде емес. Бұл жаман әдетке айналып бара жатыр. Су астында қалып жатқан сол баяғы көшелер, сол баяғы аудандар. Арықтарды уақытында тазалап отыру мақсат» деп жауап қатты Бақытжан мырза.

РМК "ҚазГидрометтің" баспасөз хатшысы Гүлвира Жанбаеваның айтуы бойынша жаңбырдың мөлшерден тыс жауатындығы жайлы ақпарат Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне, әкімиятқа  алдын-ала берілген болатын. "Олар өз кезегінде тұрғындарға смс-хабарлама жіберді. Өз басым әлеуметтік желілерге, жергілікті журналистерге ауа райы болжамы туралы ақпарат тараттым" деді баспасөз хатшысы.

Астананың мына мүшкіл жағдайы «Нұх» киносын еске салды. Жауын-шашынның мөлшерден тыс жауатынын "ҚазГидромет" білсе де (күмәніміз бар-авт.) білмегендей қылды. Дабыл қағатын Нұх пайғамбар (ғ.с.) жоқ. Құтқарамын дейтін де Нұх пайғамбар (ғ.с.) жоқ. Тапсырма беретін, айтуын айтатын Нұрсұлтанымыз бар, оған бірақ құлақ асатын, жауапкершілікті мойынмен көтере алатын әкім жоқ. Не дейміз, астаналықтарға Жаратушы Иеміз сабыр берсін, ауру-сырқаудан қарттар мен балаларды сақтай көрсін!

Назарларыңызға ""ҚазГидрометтің" алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын ұсынамыз: "Салқын және жаңбырлы. 2018 жылғы 23-25 тамызға арналған болжам: Қазақстанның солтүстік бөлігіне Жаңа Жер аймағынан суық ауа массалары түсетін болады. Сондықтан күзгі, бұлтты, жаңбырлы ауа-райы,   24-25 тамызда солтүстік облыстарда қатты жаңбыр және екпінді жел, ауа температурасы түнде 5-13 градусқа дейін, күндіз 10-18 градус жылыға дейін күтіледі. Тек оңтүстік өңірлерде жауын-шашынсыз жылы ауа-райы сақталады.

 

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір