• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 23:48:15
Алматы
+35°

30 Қыркүйек, 2018 Саясат

Астана процесі әлемнің Қазақстанға сенімін нығайтты

Қазір Құдайға шүкір, Сирияда басталған соғыс бұрынғыдай емес, саябырсып келеді.

Әр елдің өзінің маңдайына біткен басшысы бар. Расы керек, көп жағдайда елдің дамуы мен халықаралық аренадағы абыройы сол мемлекетті басқарып отырған президентіне де қатысты болары сөзсіз. Бір елдің басшылары ішкі түйткілді шешуге ниетті болса, ал екіншілері бүкіл мемлекеттің дамуын ғаламдық проблемалармен  қатар алып жүреді. Мұны неге айтып отырмыз? Біз Қазақстанның жаһандық бастамалары туралы сөз еткенде, оны ең алдымен ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен де тікелей байланыстыратынымыз ақаиқат. Рас, әлем мойындайтын ғаламдық мәселені көтеру үшін де алдымен адам соған сай болуы керек. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан ғаламдық өркениеттен тыс қала алмайды. Бүгінгі таңда халықаралық жағдай шиеленісіп, ел мен ел арасында дүрдараздық өршіп тұрған шақта арағайындық жасап, дауласушы жақты бітістіріп жатқан тұлғалар өте аз. Бір ғана мысал, Сирияда соңғы төрт-бес жылдан бері созылып келе жатқан жанжалды тоқтатуда Қазақстанның орны ерекше болып отыр. АҚШ пен оның Еуропадағы одақтастары  Башар Асадты мемлекет басынан тайдыру үшін араб жерінде ылаң салды, соғыс ашты, сол елдегі оппозициялық күштерді қолдады, сөйтіп елде азамат соғысы басталып кетті. Таразының  бір жағында Ресей, Иран мен Түркия болса, екінші тарапта Сирияның ішкі топтарын қолдаған АҚШ пен оның жақтастары тұрды. Сирия соғыс алаңына айналды. Әуеден берілген соққының салдарынан елдегі бүкіл ғимарат қирады. Сирия халқы ауа көшті. Еуропадан пана іздеді. «Қарт құрлық» босқындар паналаған елге айналды. Қайтпек керек? Соғысты тоқтатпаса, болмайды. Сирияда сыртқы күштердің мүддесін көздеген оппозициялық өкілдер мен үкімет әскерін бір столдың басына жинау керек болды. Сөйтіп, қазақ президенті Назарбаев ұсынған «Астана процесі» дүниеге келді.

Қазір Құдайға шүкір, Сирияда басталған соғыс бұрынғыдай емес, саябырсып келеді. Демек, болашақта араб елінде тұрақтылық орнауына Қазақстанның үлесі үлкен болары сөзсіз. Бұған  Астанада өткен  халықаралық кездесулер куә. Дәл осы Сирия дағдарысын реттеуге қатысты Астанада әлемнің назарын аударған сегіз кездесу болып өтті. Әрине, жауласушы, бір-біріне қырғи-қабақ болып отырған  жақтарды бір столдың басына отырғызу мүмкін емес. Мұны жаһандық бастамалардың қолдаушысы және ұйымдастырушысы болып жүрген Қазақстан дипломаттары ғана істей алды.

Таяу Шығыстағы дүрбелең бұрынғыдай емес, қазір басылды. Жауласушы тараптар елге бейбітшіліктің керек екенін түсінді және бұл бағыттағы Қазақстанның үлкен үлесін бағалап та отыр. Әлем қарсылас тараптардың келісімге келуге деген ниетін көрді. Мұның барлығы да нақты айтқанда, Астана процесінің барған сайын  оң нәтиже беріп келе жатқанын аңғартады.

Түркия президенті Ердоған Ресей басшысымен кездесу кезінде Астана кездесуінің зор маңызын атап өтті.

–Осы процес­ке қатысушыларға Астана алаңын ұсынғаны үшін Қазақстанға және Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды білдіремін. Қазақстан жай ғана бас қосатын жер емес, ол өте қолайлы алаң. Мен мұнда Қазақстанның бейтарап позициясын, қандай да бір шиеленістерге ешқашан араласпағанын, керісінше, беделді бітімгер болып есептелетінін айтып отырмын. Айта кетейін, Президент Нұрсұлтан Назарбаев барлық шиеленісуші және бітімге келісуші тараптарды келіссөз үстелінің басында ұстап қалу үшін белгілі бір жауапкершілікті өз мойнына алған кездер де болған. Сол үшін алғысымыз шексіз, – деп Владимир Путин  нақты ақиқатты айтты. Демек, Қазақстан қазіргі уақытта әлемдегі жауласушы тараптардың бітімгерлік алаңына айналып отыр.

Осы уақытта дейін «Сирия дағдарысына» қатысты сегізден аса кездесу ұйымдастырған Қазақстан әлі де бұл жолда бейбітсүйгіш ұстанымын жалғастыра береді. Расын айту керек, Сирия мәселесін шешу үшін осыған дейін де Женевада онға жуық басқосулар өткені белгілі. Алайда ол жемісін берген жоқ. Ал «Астана процесінің» нәтижесі көзге көріне бастады. Тағы бір дерек, 2016 жылы  желтоқсан айында  Женевада Сириядағы атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылғаны белгілі. Бірақ ежелгі араб жерінде тыныштық орнаған жоқ. Сондықтан Ресей, Иран, Түркияның араласуымен Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері Астанада тағы да бас қосты. Соның нәтижесінде кепілгер болған мемлекеттер Түркия, Иран, Ресей атысты тоқтатып, бақылауға алу үшін соғыс болған аумақта үшжақты тетік  құруға уағдаласты. Осыған байланысты олар Астана алаңында бұдан кейінгі нақты мәселелер бойынша кездесулер өткізу туралы мәмілеге келді. Жауласушы жақтардың Қазақстанда өткен әрбір кездесуінің маңызы бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, төртінші кездесуде кепілгер мемлекеттер Сирияда қауіпсіздік аймағын құру туралы меморандумды бекітті. Зорлық-зомбылықты тез арада тоқтату, гуманитарлық жағдайды жақсарту және қақтығыстарды саяси реттеуге қолайлы жағдайлар жасау үшін Идлиб, Хомс, шығыс Гута, Дераа және Кунейтра провинцияларында қауіпсіздік аймақтары құрылатыны да осы құжатта қарастырылды. Астана процесінің 5- кезеңі бойынша ұрыс қимылдарын тоқтату туралы  оң нәтижеге қол жетті.

Сириядағы жанжал ауқымы біршама азайды, гуманитарлық көмек жеткізу үшін тиісті жағдайлар жасалынды. Деэс­калация аймақтары бойынша Бірлескен жұмыс тобы құрылды және оның Ережесі бекітілді. 

Астана процесінің 2017 жылдың 14-15 қыркүйегінде және 30-31 қазанда өткен 6-7-кездесуінде де бірлескен мәлімдеме қабылданды. Тұтқындар босатылды, қаза тапқандардың денелерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бо­йынша жұмыс тобы құрылды. Осы басқосулардан кейін Сириядағы жағдай жақсарды. Әрине, мұның барлығы да Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы бейбітсүйгіш ел екендігін және Президент Назарбаевтың бейбітшілікті сақтау жолындағы салмақты саясатын көрсетті. Бұл процесс қазақ президентінің әлемде де ықпалы үлкен екенін дәлелдеді. Сондықтан Астана процесі тарихта Қазақстанның халықаралық аренадағы бітімгергерлік күші мен атқарған шаруаларының ауқымды әрі бірегейі болып қала береді. Ақиқатында,  Астана процесі Қазақстанға сенімді нығайтты.

Еркін Қалдан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір