• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 14:13:44
Алматы
+35°

09 Қаңтар, 2019 Саясат

Ассамблея болмағанда не етер ек, 130 ұлт әбден тозып кетер ек...

ҚР-сының Конституция баптарына, ҚР-ың «Сайлау туралы» баптарына қайшы «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» деген заңнан тыс ұйымның таратылғаны жөн болады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы — 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган.

Ассамблея құрылғанына - 24 жыл. Алайда, осы Ассамблея дегеніміз жойылып кетуге айналған тіліміз бен дініміздің, салтымыз бен дәстүріміздің қалпына келтірілуіне «тырнақтай да» үлес қосқан жоқ. Айшықтап айтқанда, қазақ ұлтының буыны бекіп, қалыптасуына қолдау білдірмеді. Керісінше, шетінен «үй ішінен үй тігуге» талпынуда. Мысалы, орыстілді билік кезінде арнайы заңдастырылған ұйғыр ауданы, орыс-казактардың үй ішінен үй тігіп, әскери киім киіп, көшеміз де қылыш асынып жүруі, өзбектердің Шымкент облысы жерінен бөлек әкімшілік аудан құруға талпынуы осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ. Міне, солардың бірде-бірі мемлекеттік тілімізді меңгермеді.

ҚР «Тілдер туралы» заңының 4 бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi» деп айқын көрсетіліп, онда «Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» делінген. Ассамблея «Тіл туралы» заңға бағынбады, яғни мемлекетқұрушы қазақ халқы алдындағы парызын орындай алмай отыр.

Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деген сөзін басшылыққа алсақ, еліміздегі Ата заңымызға қайшы құрылған әскери (форма киіп, қылыш асынады, атаманы бар, бас атаманы Ресейде. Қазаққа қарсы қолданылуға дайын тұрған ішіміздегі Ресейдің әскери күші) Казак ұйымдары кезінде «Өлкеде әкімшілік реформаларды жүзеге асыруда, жергілікті халықтың көтерілістерін басуда казак әскерлері елеулі рөл атқарды. Олар Қазақстанмен шекаралас жерлерде де, оның тікелей ішкі аумақтарына да орналастырылды.

Қазақстанда және онымен шектес аумақтарда төрт казак әскері болды. Олар Жайық, Сібір, Орынбор және Жетісу казак әскерлері еді.

Ресей империясындағы казак әскери бөлімдерінің негізгі қызмет түрлері, біріншіден, Ресейге жаңа жерлерді қосып алуға белсене қатысу; екіншіден, көрші мемлекет әскерлерінің шекараға басып кіруінен қорғау; үшіншіден, Ресей империясы құрамындағы бұратана халықтардың ұлт-азаттық қозғалысын, орыс шаруалары мен жұмысшы табының көтерілістерін аяусыз басуға белсене қатысу болатын. Мәселен, казактар Польшадағы көтерілісшілерді, Кавказ, Орта Азия және Қазақстан халықтарының көтерілістерін аяусыз жазалауға белсене қатысты. Казактар 1905—1907 жылдардағы бірінші орыс революциясын басып-жаншуда да ерекше көзге түсті. Төртіншіден, казактар орыс армиясының XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың бас кезіндегі шетелдерге жасаған жорықтарының барлығына да қатысты (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет). Осы казактардың қолынан қаза тапқан ата-бабаларымыздың санына да жете алмаспыз.

Қазақстандағы казак ұйымдары сол казактардың заңды жалғасы. Демек, Қазақстанның орыстілді билігі баяғы патшалық Ресейдің сол саясатын сол күйінде жалғастырып отыр. Тәуелсіздік алған тұстағы казактардың еліміздің батысы Орал қаласындағы бас көтерулері, одан кейінгі еліміздің түпкір-түпкірінде арнайы формалы, қарулы жасақтар құруы, оларға кейбір облыс әкімдерінің қаржылай көмек көрсетулері, осы айтқанымның айдай айғағы болмақ. .

Ассамблея Атамекен туған жерінің жерінің cаудаға салынбауын талап еткен қазақ халқын қолдамады.

"Енді Ассамблея бізге келешекте не береді?" деген сұраққа жауап іздесек:

Алдағы халық санағында (2020 жылы өтеді деген сыбыс бар) еліміздің азаматтығын алған алғашқы «қытай диаспорасы» да тіркеледі. Қытайларды диаспора ретінде мойындап, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелігіне тіркейтін болсақ, оларға біз өз қолымызбен еліміздің қытайлануына жол ашып беретін боламыз.

Уақыты келгенде оларда өздерін мемлекеттік саяси қатынастардың сүбъектісі ретінде тануды талап етіп, Қазақстандық ұлт деңгейіне көтеріліп, алып күшке айналады.

Біздің орыстілді билік қытай шовинизм идеяларының елімізде таралуына саяси платформаны өз қолымен жасап беріп отыр.

Тарих тағлымы: Қазақ халқы ежелден досқа адалдығы, қонағын Құдайындай сыйлайтын қонақжайлылығы және бауырмалдығымен аты әлемге мәшһүр болған ел. Достық ниеттен айнымаса, қазақ елінде шетелдіктерге ассамблеясыз да ешқандай қиянат жасалмайды. Ассамблея бұл жерде соның бәрін жоққа шығарып тұр. «Үй ішінен үй тігудің» соңы жақсылыққа апармайды.

Өздеріңіз көріп жүргендей, Ассамблея еліміздегі ұлтаралық қатынастардың реттелуіне емес, керісінше өршуіне ықпал жасауда. Осы «Ассамблея» деген  ұйым болмағанда Сарыағашта тәжіктер, Алматыда шешендер, Шелекте ұйғырлар, Ақтоғайда қытайлар, Шымқалада күрдтер, Атырауда түріктер «төбемізде ойнамаған» болар еді.

Диаспоралар өздерінің орнын, жүрер жолын, айтар сөзін, істер ісін білсе, мемлекет құрап, Атамекен туған жерінде отырған қазақ халқын құрметтесе – мынадай ұлтараздық мәселелердің бірде-бірі болмаған болар еді.

ҚР-сының Конституция баптарына, ҚР-ың «Сайлау туралы» баптарына қайшы «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» деген заңнан тыс ұйымның таратылғаны жөн болады.

 

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы, Маңғыстау

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір