• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:39:10
Алматы
+35°

04 Қазан, 2018 Аймақтар

Әскери жүзгіштер жаудың көзін қалай жояды? (фото, видео)

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы барлау бөлімшелерінің күштері және құралдарымен «Іздестіру-2018» бірлескен тактикалық арнайы оқу-жаттығуы өтуде

Қазақстанда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы барлау бөлімшелерінің күштері және құралдарымен «Іздестіру-2018» бірлескен тактикалық арнайы оқу-жаттығуы өтуде.

Тактикалық оқу-жаттығу аясында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің барлау бөлімшелері барлауды жүргізу бойынша жауынгерлік іс-қимылдарды орындауға кірісті. Алматы облысындғы Қапшағай су қоймасында әскери жүзгіштер жаудың қарсы күшіне қалай тойтарыс беріп, олардың көзін қалай жоятынын көрсетіп, шеберліктерімен бөлісті.

МО РК

МО РК

Оқу-жаттығу кезінде жеке ұжым «барлаушылар» және «террористер» болып екі командаға бөлінген. Барлаушылардың екі тобы қайықтан суға сүңгіп, белгілі тереңдікте жағаға дейін 50 метр қашықтықтан жүзіп келіп, «террористерге» шабуыл жасады. Жағаға шыққан бойда автоматтар мен түтін бомбаларын пайдаланып, «террористердің» көзін жойды.

МО РК

МО РК

«Жаттығу барысында бізге заңсыз қарулы топтарды анықтап, олардың көзін жою тапсырылды. Осы орайда, әскерилерді жоғары жылдамдықты қайықтарда белгілі орынға жеткізу, көпіршік шығармайтын тұйықталған аппараттарды қолдану арқылы су астында барлаушылардың қозғалысы, сондай-ақ заңсыз қаруланған лаңкестерді құрықтап, олардың көзін жою және барлаушылар тобын эвакуациялау мәселелері қарастырылды.

Бізге артылған міндеттер толығымен орындалды», - деп атап өтті №35950 әскери бөлімінің басшысы, майор Еркебұлан Кузенов.

МО РК

МО РК

Иә, әскери жүзгіштердің жұмысы оңай емес. Мұндай салада қызмет атқару үшін денсаулығың жақсы болғаны жеткіліксіз, психологиялық тұрғыдан да өте мықты болып, кез келген ситуацияға дайын болып, түрлі оқыс оқиғаларға салқынқандылық таныта білу керек.

Әскери жүзгіштердің қатарына қосылу үшін курсанттар міндетті түрде көптеген сынақтардан өтіп, қажетті ережелерді қабылдайды, сонымен қатар, олар психологиялық және арнайы тексерістен өтулері тиіс. Бұған қоса, әскери жүзгіштер кез келген жағдайда өз бетімен дұрыс шешім қабылдай алуы тиіс. Оқыс оқиға кезінде жоғарыдан бұйрықты күтіп отыруға уақыт жетпей, жылдам әрекет етуі керек болған жағдайда ситуациядан шығу жолдарын өз бетімен қарастыра алуы керек.

МО РК

«Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, бұл мамандықты сүйіп істемеген адам жетістіктерге жете алмайды және бұл салада ұзаққа дейін бармайды. Менің ойымша, әскери күштердің қатарында қызмет ету үшін, ең алдымен, өз еліңнің патриоты болуың керек. Ал, ақша үшін әскери салада жүрген адамға сенім арта алмайсың, ондай адам кез келген уақытта сені сатып кетуі әбден мүмкін.

Әскери жүзгіштердің қатарында болуды бала кезімнен армандаған жоқпын, алғашында құрлық әскерлерінің қатарында қызмет еттім. Кейіннен бұл қызметке келгеннен кейін, өзімнің мамандығымды жақсы көріп кеттім», - дейді сержант Олжас Қасымов.

МО РК

Оның айтуынша, әскери адам өте ақылды болуы тиіс. Ұдайы өзіңді дамыту, шет тілдерін меңгеру – бірінші санаттағы жауынгердің негізгі белгілері.

Оқу-жаттығуда қойылған негізгі міндеттерді аяқтағаннан кейін тілшілерге де әскери жүзгіштермен бірге суға сүңгуге мүмкіндік берілді. Алайда мұндай қадамға баруға барлық тілшінің батылы жетпеді. Бірі судан қорықса, бірі күннің салқындығынан қорықты. Дегенмен әскери жүзгіштермен бірге суға түсіп көргеннен кейін-ақ олардың жұмысының қаншалықты ауыр әрі қауіпті екенін түсінгендейміз. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір