• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 19:43:10
Алматы
+35°

26 Қараша, 2018 NEWS

Әскери қызметші болу арманы «әскери баспанаға» қол жеткізді

Асан мен Шынар Тоимовтардың отбасын құрғандарына биыл он үш жыл

Асан мен Шынар Тоимовтардың отбасын құрғандарына биыл он үш жыл. Қазіргі уақытта олар Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде келісім-шарт бойынша қызмет атқарып келеді. Ал, санаулы ай бұрын ерлі-зайыптылар «әскери баспана» бағдарламасымен осы қаладан үш бөлмелі пәтер алып, бақытқа кенелген болатын.

Әскери қызметші болу- Асан Тоимовтың бала күнгі армандарының бірі болыпты. Біз одан алдымен баспаналы болу мүмкіндігін сыйлаған әскери салаға қалай келгендігі туралы айтып беруін өтіндік.

- Өзім осы Ақтөбе қаласындағы Қобда ауданы, Ә.Молдағұлова атындағы совхозда (қазіргі Әлия ауылы) дүниеге келдім. Осы ауылдағы орта мектепті аяқтағаннан кейін, 2001 жылы әскер қатарына шақырту алдым. Отан алдындағы борышымды Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласындағы 97616 әскери бөлімінде екі жыл өтедім. Елге оралғасын, көлік жүргізушісі, күзетші секілді әртүрлі жұмыстарды жасап жүріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне инженер-техникалық факультеті бойынша «Жол және тасымалдарды техникалық пайдалану» мамандығына оқуға түсіп, оны 2010 жылы аяқтаған соң, сол  оқу орнында бейнебақылау камераларына инженер болып жұмысқа тұрдым. Бір күндері хабарламалардан әскери бөлімге келісім-шартпен қызметке шақырып жатқан жаңалықты естіп, бала күнгі арманымның бір ұшы көрінгендей болды. Еш ойланбастан, бірден келіп, құжаттарымды өткіздім. Мені Мұғалжар ауданы Жем қаласындағы үшінші атқыштар ротасында қорғаныс бекетінің бастығы лауазымына тағайындады.

Бұл 2011 жылдың қараша айы болатын. Осыдан кейін Асанның қызметте жолы болып, 2013 жылы қызметтік өсуіне байланысты Жаңаөзен қаласындағы 5548 әскери бөліміне құпия бөлімінің бастығы лауазымына ұсыныс түсіп, төрт жылын осы лауазымға арнайды. Тек, 2017 жылдың мамыр айынан бері туған жері Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде құпия бөлімшесінің бастығы лауазымын ауысу туралы ұсыныс түскелі, осы лауазымды абыроймен атқарып келеді.

- Негізі мектепте оқып жүрген кезден бастап, әскери адам болып, тәртіпке бағынып, әскери формамен жүруді армандайтынмын.Бірақ, шағын ауылда туылғасын болар, айналамда бағыт көрсететін адам болмағаннан кейін, әскери оқу орындары туралы ақпарат жеткіліксіз болды. Тіпті, білген күнде де алысқа барып оқуға ол кезде шашамыз жетпес еді,-деген Асан сөзін әрі қарай жалғады:

- Отбасы адам болғаннан кейін, қай қалаға барсақ та, үкімет бізді жатақханамен қамтып отырды. Бірақ, балалар өскен сайын бір бөлмелі пәтерде тұру бізге қиыншылықтар туғызып жүрді. Енді міне, осы салаға келгеніме еш өкінбеймін. Себебі, біреулер 30-40 жылдап жүріп алатын баспанаға біз құжат тапсырған берер айда қол жеткіздік. Нақтырақ айтқанда, шілде айында баспана алуға ұсыныс берген болсақ, тамыз айында мақұлданып, қыркүйек айында пәтерге кірдік. Қазір ойлаймын, «егер басқа қызметте жүрсем, баспана алу біз үшін әлі де арман болар ме еді?» деп. Оның үстіне әскерилерге баспананың 20 пайызын ғана төлетіп, қалғанын үкіметтің өзі өтеуі- біз сияқты әскери қызметшілерге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау, көмек деп білемін. Осы орайда, әскери қызметшілер үшін осындай бағдарлама ойлап тауып, сол арқылы баспаналы болу бақытын бұйыртқан Жоғары бас қолбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа,Ұлттық Ұланның бас қолбасшысына үлкен рахмет айтамыз. Үйіміз балалардың мектебіне де, жұмысымызға да жақын. Жылы, тұруға қолайлы,- дейді Асан Тоимов.

Декреттік демалысқа дейін Асанның жұбайы Шынар Тоимова да келісім-шарт бойынша аталған әскери бөлімде тыл қызметінің іс жүргізушісі қызметінде болыпты.

- Бастапқыда бұл бағдарламаның шынайылығына күмәніміз болғаны рас. Қаншама жылдан бері бір бөлмені жалдап келгеннен кейін бе, жолдасым үш бөлмелі пәтерге құжатымыздың өткені туралы хабарлағанда, қуанғаннан жылап жібердім. Өйткені,12 шаршы метр болатын бір бөлмеде тамақ ішіп, сол жерде ұйықтап жүрген күндер де басымыздан өтті ғой. Тіпті, өз баспанамызды алғанымызға да әлі күнге дейін сене алмай келеміз,-дейді қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Шынар.

Келісім-шартпен қызмет етіп келетін ерлі-зайыпты қазіргі уақытта үш бірдей ұл-қыз өсіріп отырған бақытты отбасы. Балаларының үлкені- Айжұлдыз орта мектептің бесінші, Бейбарыс- үшінші сыныбында оқып жатыр. Ал, кенжелері- Кәусарға он ай. Мемлекет сыйлаған ұядай, жып-жылы баспанада олар қаңтардың қаһарлы аязын да сезінбейтіндеріне сенімді.

Гүлфайруз Төремұратова

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір