• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:56:35
Алматы
+35°

04 Желтоқсан, 2018 Дін

"Асыра сілтеуші мұсылман кез-келген қанды әрекетке баруға бейім болады"

Ислам – ортаңғы бағыт діні. Кімде кім ортаңғы бағыттан ауытқитын болса, діннің негізгі жауһарларынан мақұрым қалады.

Өкінішке қарай, қазіргі уақытта экстремизм мен терроризмге жетелейтін теріс пиғылды діни идеологияның салдары жаппай қоғамның, әсіресе, жастардың санасына кері әсерін тигізуі толастамай келеді. Аталмыш идеология бүгінде тек діни бағытта емес, сонымен қатар саяси арена деңгейіне дейін көтеріліп үлгерді. Осылайша сан ғасырдан бері тыныштық пен бейбіт ғұмыр кешіп келе жатқан көптеген елдердің сағын сындырып, қоғамның еңсесін түсіріп үлгерді.

Осыған байланысты экстремизм мен терроризм идеологиясына қарсы қандай жұмыстар атқару керектігі туралы Мысыр Араб Республикасының белгілі ғалымдардың көзқарастарын ортаға салып көрелік.

Әли Жұма

Әли Жұма – Мысырдың экс-мүфтиі

Экстремизм мен терроризмге жетелейтін идеология – Аллаһ тарапынан түскен діннен шығарып жіберетін алғашқы қадам болып табылады. Бұл кез-келген мұсылманды алдымен асыра сілтеуші етіп тәрбиелесе, нәтижесі өкінішті жағдаймен аяқталып жатады.

Ардақты Мұхаммед с.а.у. пайғамбар өз хадисінде: «Расында дін (темір секілді) қатты. Оны әсте-әсте жұмсақтықпен ұстаныңдар...», деген. Бұған қоса пайғамбар с.а.у.: «Мен тыйған нәрседен тыйылыңдар. Ал, бұйырған нәрсені мүмкіндіктеріңе қарай орындаңдар», деген. Демек, дінді қатты ұстану – асыра сілтеушіліктің басты белгісі. Ал, асыра сілтеуші мұсылман кез-келген қанды әрекетке баруға бейім болады. Бұл хадисте асыл ұстазымызға айналған пайғамбар с.а.у. бізді дінде асырасілтемей, ондағы барлық парыздар мен шарттарды жаймен, байсалдылықпен ұстануды үйретіп жатыр.

Сондай-ақ, Аллаһ Тағала бізге 3 нәрсені бұйырады:

1) Өзіне құлшылық етуді. 2) Жер бетінде тыныштықта ғұмыр кешіп, ұрпақ қалдыруды. 3) Жеке тұлғалық қасиеттерді тәрбиелеуді. Ендеше Жаратушының бұйрығына бойсұнып, жерде тыныштық орнатушылардан әрі жеке нәпсінің жетегінде кетпес үшін өзімізді тәрбиелейтін мұсылмандардар болуға тырысайық.

Абид Салих

Профессор Абид ас-Салих – Даманхор университетінің ректоры

Қазіргі Исламды желеу етіп жүрген террористер мен экстремистердің адасуындағы басты қателіктері Құран мәтіндерін дұрыс түсінбеуден туындап отыр. Салдарынан жер бетінде бейбіт ғұмырды қалайтын 1.5 млрд мұсылманның артына күйе жағылып отыр. Ендеше мұсылмандарға кенедей жабысқан дертке қарсы күресте халыққа насихат жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Себебі, теріс идеологияның негізгі мақсатын түсіндіру арқылы ғана халықтың көзін ашуға болады.

Кез-келген адам табиғатынан қылмысқа, қанды әрекетке жақын болып туылмайтыны анық. Сол үшін адамның санасын бірбеткей етіп теріс бағытқа бұрып жіберу үшін де керіағар ағымдар психологиялық жұмыстарды жетік меңгерген. Сондықтан бұл тұрғыда қара халықпен психологиялық түсіндірме жұмыстарын да жетілдіру керек.

Шейх әл-Азһар Ахмет Тайб

Шейх әл-Азһар Ахмет Тайб

Шын мәнінде жас ұрпақ кез-келген мемлекеттің қорған қабырғасы болып табылады. Қандай жағдай болмасын жастардың адасуына жол берілмеуі тиіс. Оларға экстремизм мен терроризм дертінің қаншалықты қауіпті екенін саналарына құю керек. Жастар кәмелетке толған уақытында олармен Ислам мәдениеті, ахлақы тақырыбын қамтитын көптеген кездесулер ұйымдастырыла жақсы болады.

Сонымен қатар жастарға бос уақытта спорт, ұлттық ойындармен шұғылданатын жағдайлар жасау маңызды деп санаймын. Бұған қоса ғаламтор беттерін де дұрыс пайдалану жолдарын үйрететін семинар-тренингтер секілді іс-шараларды қолға алу керек.   

Мұхаммед Шалан

Мұхаммед Шалан – Уақф министрлігінің өкілі

Ислам – ортаңғы бағыт діні. Кімде кім ортаңғы бағыттан ауытқитын болса, діннің негізгі жауһарларынан мақұрым қалады.

Экстремизм мен терроризм әрекеті қай жағынан алсақ та қоғам ағымына қарсы. Бұл теріс идеология адамның санасын арбау арқылы оны қылмыскер етеді. Осылайша мұндай идеологияның дерті жеке адамнан басталып, үлкен ұйымға айналады. Қазіргі таңда «ДАИШ» секілді Ислам дінін қаралайтын террористік ұйымды көріп отырмыз. Ол тек Исламды қаралап қана қоймай, бүкіл мұсылман елінде тыныштықты бұзды және мыңдаған адамның жанын қиды. Ислам тарихында мұндай зұлмат ұйымның орын алуы – мұсылмандар үшін үлкен қасірет. Бұның барлығы негізгі қайнар болған Құран мен сүннетті жансақ түсінуден туындап отыр.

Осындай дерттің кесірінен жастарды сақтау үшін алдымен отбасындағы тәрбиеге мән берген жөн. Жас балаларға ата-аналар Исламның негізгі ұстанымдарын дұрыс бағытта үйретуі керек. Ұядан ұшпай жатып оның қанатын отбасында қатайту маңызды. Себебі, сыртта оның рухани қажеттілігіне жауап беруші түрлі дін ағымдары торлап жүреді. Солардың тұзағына түсіп қалмас үшін бастапқы иммунитетті отбасында күшейтіп алу керек.

Жалғас Асхатұлы, дінтанушы

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір