• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 08:24:02
Алматы
+35°

27 Наурыз, 2017 NEWS

«АШТЫҚТЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН ҚАЗАҚТАРҒА МЕМЛЕКЕТ БІРДЕ БІР АРНАЙЫ АКТ ҚАБЫЛДАМАДЫ»

Тәуелсіз Қазақстан елдің азаттығымен аумақтық тұтастығы үшін күрескендердің  ерлігін тануға тиіс

Тәуелсіз Қазақстан елдің азаттығымен аумақтық тұтастығы үшін күрескендердің  ерлігін тануға тиіс

Әлемнің барлық дерлік мемлекеттері тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бірінші кезекті мемлекеттік шара ретінде өз халқының азаттығы, өз жерінің біртұтастығы мен бүтіндігі, өз елінің тәуелсіздігі жолында күрескен ұл-қыздарының (қаза тапқан және көзі тірі) тағдыры, көрсеткен ерлігі жөнінде шешім қабылдады. Олар өз Отанын, өз жерін қорғаушыларды ұлттық батыр дәрежесіне көтеріп, ұлықтады.

Барлық уақытта барлық құрлықтағы елдер мен халықтардың көпшілігі: Азия, Еуропа, Америка, Африка елдері жоғары мемлекеттік актілер қабылдаған. Бұл – әлемнің заңдылығы, әлемдік практика, жаңадан құрылған барлық мемлекеттер осы жолды ұстанады. Бірқатар елдерде, тіпті, мемлекеттік саясатты, қоғамдық өмірді және өз азаматтарының санасын отарсыздандыру жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылданды.

Осы табиғи процесс ешбір елде тарихты қайта жазу болып саналмады. Керісінше, бұл ақиқат пен әділдікті қалпына келтіру болып есептелді, өйткені, біріншіден, метрополия-елдер және олардың жылнамашылары мен ғалымдары ешқашан да, ешбір жерде де өздері отарлаған елдің шынайы тарихын жазбай, әрдайым өздерінің өркениет таратушы рөлін асыра көтермелеп, өздері жүргізген зорлық-зомбылықты ақтады, екіншіден, отаршыл-тоталитарлық саясат пен идеология өз боданындағы халықтың азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлерді қылмыскер деп көрсетті, ал отаршыл билік олардың күресін қатыгездікпен басып-жаншып, оларды жүйелі түрде қудалап отырды. Сондықтан да жас мемлекеттер өздерінің азаттығымен тәуелсіздігі үшін күрескен батырларын ақтап, олардың есімін қайта жаңғыртып, сіңірген қызметтерін лайықты түрде тануды өздерінің борышы мен міндеті санады.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қалыптасқан жаңа мемлекеттер мен «социалистік лагерь» елдерінде де осындайпрактика орнықты. Шығыс Еуропа мемлекеттері, бұрынғы КСРО-ның одақтас республикаларының барлығы дерлік, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында, өздерінің  нақты жағдайларын негізге ала отырып, қажетті мемлекеттік шешімдер қабылдады.

Мәселен, Литва Республикасы кеңестік отарлауға қарсы небары 50 жыл күрескен тұлғаларды ақтап алу, олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша 29 жоғары мемлекеттік акт (10 заң, 19 Үкімет қаулысын) қабылдады. Литвада, тіпті, жаңа Мемлекеттік орталық құрылып, ел Сеймінде тұрақты жұмыс істейтін комиссия ұйымдастырылды, олар қабылданған заңнамалық актілерді іске асырып, олардың орындалу барысын бақылап отырды.

Грузин Республикасы Ел тәуелсіздігі жолында күрескен және ұлт-азаттық күреске қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың ерліктеріне қатысты әділеттілікті қалпына келтіру туралы мемлекеттік декрет қабылдады. Тіпті, жаңа, демократиялық Ресейдің өзінде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң, «Негізсіз қуғын-сүргін құрбаны болған діни қызметшілер мен діндарларды ақтау туралы» Президент актісі, «Қаза тапқан отан қорғаушылары туралы», «Қуғын-сүргінге ұшыратылған халықтарды ақтау туралы» заңдар мен басқа да актілер секілді заңнамалық актілер қабылданды. Сол арқылы Ресей Федерациясы КСРО-ның құқықтық мирасқоры ретінде, біріншіден, тіпті, олардың ресейлік Отанының өзінде жүйелі саяси қуғын-сүргін фактілері мен қорғаушылардыңбатырлығын ұмыту орын алғанын, екіншіден, өз аумағында тұтас халықтардың қуғын-сүргінге ұшыратылғанын мойындады.

Ресей Президенті Б. Ельциннің «Ұлы Отан соғысы кезеңінде және соғыстан кейінгі кезеңде қуғын-сүргінге ұшыратылған, бұрын әскери тұтқын және азаматтық тұлға болған Ресей азаматтарының заңды құқықтарын қалпына келтіру туралы» 1995 жылғы 24 қаңтардағы Жарлығын атап өтпеуге болмайды. Бұл Жарлық Ресей аумағында, негізінен алғанда, кеңес қолбасшылығының кінәсінен тұтқынға түскен, тоталитарлық режимнің жүздеген мың және миллиондаған құрбандарын ақтап, олардың ардақты атын қалпына келтіруге жол ашты. Сталиннің өзі Гитлермен Германиядағы сыртқы басқыншылық пен фашизмді жуып-шаятын шарттар жасасса да, бұл адамдардың өмірі қосарлы қасіретпен қоса өрілді: олар тұтқында фашистердің қорлап-кемсітуі мен қуғын-сүргініне душар болса, өз Отанында оларды Сталин сатқын және мемлекеттік қылмыскер деп жариялап, содан туындайтын барлық ащы салдардың азабын тартқызды.  

Қазақстан Республикасында да тәуелсіздік алғаннан кейін бірқатар маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданғанын айту керек. Атап айтқанда, негізінен алғанда, тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруге, қазақ тілін, сәулет құрылыстарын қайта түлетуге бағытталған «Тарихи сананы қалпына келтіру тұжырымдамасы», «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды.

Жекелеген тарихи оқиғалар мен даңқты (негізінен алғанда жоңғарлармен болған соғыстар кезінде) тарихи тұлғаларға арналған ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, ескерткіштер қойылды, олардың аты көшелерге беріліп, мемлекет басшыларының баяндамаларына арқау болды, олар туралы кітаптар шығарылып, мақалалар жазылды, бірқатар көркем және деректі фильмдер түсірілді.

Дегенмен, мұның барлығы академиялық әрі біржолғы сипатта болып, жалпы тәсілдер мен ұсынымдарға, сондай-ақ мерейтойлық даталарға арналып, салтанатты іс-шаралар – тойлар форматында өткізіліп жүр. Осындай іс-шараларға мемлекеттік билік органдары бастамашы болмайды. Олар, әдетте, қоғамдық ұйымдардың, ғалымдардың, сол тұлғалардан тараған ұрпақтардың табанды бастама жасауы арқасында өткізіледі. Орталықтағы, сондай-ақ жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдар бұл мәселелермен арнайы түрде айналыспайды, өйткені олардың алдына мұндай міндет қойылмаған, бұл үшін қажетті заңдар қабылданбаған. Жергілікті билік органдары, негізінен алғанда, әртүрлі деңгейдегі шенеуніктердің корпорациялық, конъюнктуралық, кейде трайбалистік, жершілдік пайымдарына сүйене отырып, мұндай шараларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуіне көңілінің хошына қарай келісім білдіреді немесе одан бас тартады.

Өкінішке орай, біздің елімізде басқа мемлекеттердегідей мемлекеттік деңгейде тұжырымдалған қағидаттар мен саяси-құқықтық стандарттардың жоқтығы салдарынан, кей-кейде отаршыл саясат пен идеологияға қызмет етіп, осындай саясаттың, мысалы, сталинизмнің жаршысы мен таратушысы болған адамдар (жазушылар, ақындар, республикалық және өңірлік деңгейдегі басшылар, ғалымдар) дәріптеліп, мадақталып жатады. Олардың ішінде халық пен ел мүддесін қорғаған патриоттарды өз мансабы үшін, жеке басының игілігі үшін қудалап, қуғын-сүргінге ұшыратқан адамдар да бар. Мұндай практиканың оң тұстарымен қатар, теріс тұстары да көп, ол кейде өскелең ұрпаққа азғындату тұрғысынан да әсер етеді.

Басқа бұрынғы одақтас республикалардан бір ерекшелігі – біз әлі күнге дейін Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескендерге қатысты ешбір арнайы мемлекеттік акт қабылдамадық. Бұл біздің өз тәуелсіздігімізді оншалықты қадірлеп-қастерлей бермейтінімізді, сондай-ақ Отанымызды қорғау жолында ерлік жасаған ата-бабамыз туралы естелікті тиісті түрде бағалап, қайта жаңғыртуды қаламайтынымызды білдіреді.

Қазір тәуелсіздік алған басқа мемлекеттер аумағында қуғын-сүргінге ұшыраса да, Қазақстанға жер аударылған барлық кәрістерді, шешендерді, ингуштер мен басқа да халықтарды ақтап алғанымыз дұрыс болды.

Алайда, бірнеше ғасыр бойы алуан түрлі мемлекеттік қудалауға ұшырап, жазалаушы жасақтар қырып-жойған, атажұрты Қазақстаннан қуылған, тұтас бір халықтың жартысын бір тістем нанға зар қылып, азапты ажал құштырған, қолдан жасалған зұлмат аштықтың құрбаны болған байырғы халық – қазақтардың өкілдеріне (халықтың өзіне де) қатысты бірде бір арнайы мемлекет акт қабылданбады.Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы сыртқы және ішкі жағдай мұндай акт қабылдауға мүмкіндік бергенін атап өту керек. Мен бұған нық сеніммен айғақ бере аламын, себебі кезінде Қазақстандағы осы мәселелермен айналысып, бұрынғы одақтас республикалардағы саяси жағдайды мұқият зерделеп шықтым.

Қазақ халқының тағдыры жөнінде айтқанда, қазақ халқы көршілес мемлекеттердің басқыншыл саясаты салдарынан «бөлшектенген халық» кебін киген халықтар қатарынан орын алғанын айтпай кету мүмкін емес, өйткені қазір халықтың үштен бір бөлігі тарихи Отанынан тысқары жерде өмір сүріп жатыр. Бүгінгі күні, ресми деректер бойынша, жат жерге еріксізқоныс аударған 5 миллионнан астам отандасымыз Қазақстаннан тысқары жерде тұрып жатыр.Бұл, шамамен алғанда, қазақ халқының жалпы санының үштен біріне жуығы.

Қытайдың, Ресей мен Өзбекстанның Қазақстанмен шектес аудандарында қазақтар бұрыннан тұрады. Олар осы жерлердің автохтонды халқы болып табылады. Бірақ кеңес билігі Одақ ішінде әкімшілік шекараларды межелеп, белгілеген кезде, сондай-ақ аумақтарды империялар арасында бөлген тұста қазақ жерінің бір бөлігі сонда тұрып жатқан жергілікті қазақ халқының келісімінсіз, мысалы, Қытайға өтіп кетті. Сол себептіөз ата-бабаларының тарихи атажұртында тұрып жатқан қазақтар бір сәтте-ақ жат елдік болып шыға келді.

Ленин бастаған кеңес билігі бұдан гөрі әділірек әрекет жасады: олар, біріншіден, «Алаш Орда» басшыларының талаптарын қолдап, орталығы Орынбор болған Автономиялық республика түрінде қазақ ұлттық мемлекеттігін ішінара болса да қайта қалпына келтірді, екіншіден, Одақ ішінде әкімшілік шекараларды белгілеген кезде тарихи тұрғыдан қазақтікі болып табылатын жерлердің басым бөлігі «алашордалықтардың» табанды түрде талап етіп, дәлелдеуі арқасында Қазақстанға қайтарып берілді.

Теориялық тұрғыдан алғанда,лениндік ұлттық саясат (автор өмір сүрген кезеңде және практика жүзінде де) Ресей империясының оған дейінгі режимдері жүргізген саясатқа қарағанда анағұрлым прогрессивті болғанын мойындау керек. Сталин мен оның сыбайластары осы саясаттың іске асырылуын біртіндеп және толықтай бұрмалап, «кеңес халқын» қолдан жасамақ болған кеңес мемлекеті ұзақ жылдар бойы КСРО құрамына өз еркімен кірген деп саналатын одақтас республикалардың байырғы халықтарының ұлттық мүдделері мен құқықтарын, сондай-ақ осы республикалардың мәртебесі мен егемендігін аяққа басып, кемітіп-кемсітіп келді.

Лениндік ұлттық саясаттың оң тұстарын айтқан кезде әрбір ұлттың өзін-өзі айқындайтыны және кеңес федерациясын құратыны туралылениндік ілім, түптеп келгенде, КСРО ыдыраған кезде Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік алуын алдын ала айқындап бергенін айту керек. Оны біз есте сақтап қана қоймай, тиісінше бағалай білуге тиіспіз. Мысалы, Финляндия жұрты өз үзеңгілестерінің қарсылығын еңсеріп, фин халқының мемлекеттік тәуелсіздігін алуына көмектескен Ленинге әлі күнге дейін риза.

Архив деректері көрсетіп отырғандай, өткен ғасырдың орта тұсында Н. Хрущев, К. Ворошилов, Қазақстанның басшылары И. Юсупов, Д. Қонаев және бірқатар басқа тұлғалар біздің бірнеше ауданымызды уақытша беру деген желеумен Өзбекстанға өткізіп жіберді. Кейіннен өз жеріміздің бір бөлігін ғана қайтарып ала алдық. Бірақ Қазақстан,осының барлығына қарамастан, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың саясатына сәйкес, халықаралық құқықты құрметтейтін, көршілерімен қарым-қатынасты қадір тұтатын, бейбітшілік сүйгіш ел ретінде ешбір елге аумақтық талап қойған емес және қоймайды да.Белгіленген мемлекеттік шекаралар бұзылмауға тиіс.

Шет елдерде тұратын отандастарымыздың басым бөлігі – Қазақстаннан мәжбүрлітүрде қоныс аударғандар, босқындар (олардың ұрпақтары). Олар отаршыл-тоталитарлық режимнің қудалауы мен қуғын-сүргінінен немесе билік қолдан жасаған, бұрын-сонды болмаған жаппай ашаршылықтан қашып құтылған. Мысалы, архив деректері бойынша, 2017 жылдың қаңтарында патшаның жазалаушылары Жетісудың көтеріліс жасаған ауылдарының 273 мыңнан астам тұрғынын Қытай жеріне қуып жіберген. Әкімшіліктің өзі жүргізген есеп бойынша Жетісу губерниясында Верный қаласынан Қытаймен шекараға дейінгі жерде тұратын 53 мың қазақ қожалығы, ауылдар мен қышлақтар түгі қалдырылмай тоналып, толықтай талқандалған. Халықаралық практикада мұндай жағдайда зардап шеккен адамдарға босқын мәртебесі беріліп, олар халықаралық ұйымдардың қорғауына алынады.

Сондықтан да Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, осы адамдарды өз елін тастап кетуге мәжбүр еткен себептер зерделенгеннен кейін, халықаралық стандарттар мен практикаға сәйкес, жаңа Қазақ мемлекетінің мойнына тарихи Отанына қайта оралып жатқан отандастарымызды қабылдау және жайғастыру бойынша саяси, құқықтық және моральдық жауаптылық жүгі ілінді. Парламент осы адамдардың мәртебесі, олардың Қазақстаннан қуылу себептері, қоныс аударушыларға мемлекеттік көмек көрсету, оларды бейімдеу және жайғастыру мәселелері айқындалатын бірқатар заңнамалық актілер қабылдауға тиіс болды.

Осы халықаралық белгіленген міндеттер мен қағидаттарға сүйене отырып, Республиканың Жоғарғы Кеңесінде (жоғары өкілді және заң шығарушы орган) мұқият дайындалып, қызу талқылаудан өткен, шынайы тарихи сипаты бар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның тағдыршешті 18 бабының 2-уі Қазақстанды мәжбүрлі түрде тастап кеткен және одан тысқары жерге еріксіз қоныс аударған адамдарға арналды. Осы адамдардың ішінде Отанының азаттығы үшін отаршыл-тоталитарлық режиммен күрескен патриоттардың аз болмағанын атап айтқан жөн.

Бүкіл әлемге Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі туралы жар салған, Конституцияны алмастырып, оның орнына қолданылған, біз үшін аса қастерлі әрі киелі болып табылатын Жоғары мемлекеттік актіде: біріншіден, босқындардың өз өмірін, өз жақындарының өмірін қылмыскер биліктің ажал тырнағы мен қудалауынан құтқару үшін Қазақстаннан қашып шыққаны алғаш рет мойындалды, екіншіден, осы адамдарға (олардың ұрпақтарына) Отанына оралып, еліміздің азаматтығын алу құқығы берілді, үшіншіден, тәуелсіз Қазақстан мемлекеті Отанына оралып жатқан отандастырымызды қабылдап, жайғастыру, ал шетелде қалатындарға жан-жақты көмек көрсету міндетін өз мойнына алды. Әрі, ең соңында, жаңа мемлекет қазақ ұлтының қадiр-қасиетiн көтеремін, құқықтарын қалпына келтіремін, тілін, рухани өмірін, мәдениетiн қайта түлетiп, дамытамын деп міндеттенді. Біз сол кезде өз ұсыныстарымыздың осы заңнан өз орнын тапқаны үшін аса бақытты болдық.

Алайда, өкінішке орай,«бөлшектенген халықты» біріктіру (жинақтау) үшін аса қажетті, тағдыршешті ережелер мен қағидаттар уақыт өте келе біртіндеп назардан тыс қалдырыла бастады. Парламент депутаты болып тұрған кезімде менің бастамам бойынша Сенат комиссиясы құрылып, ол саяси қуғын-сүргін құрбандарының басқа санаттарымен қатар босқындардың Қазақстаннан жаппай қашып шығу себептерін де кешенді түрде зерттей бастады және бұл жөнінде тиісті заңнамалық актілер мен ұсыныстар әзірледі. Бірақ депутаттық мерзімім аяқталғаннан, сондай-ақ жаңа мерзімге сайлана алмағанымнан кейін оралмандардың да, отаршыл-тоталитарлық жүйе құрбандарының басқа көптеген санаттарының да құқықтық мәртебесі көптен бері күткен саяси-құқықтық шешімін таппады.

Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстан бір миллион отандасымызды қабылдай алды. Бұл да аз жетістік емес. Өкінішке орай, жергілікті жерлерде тиісті түрде қабылданбауы, біздің нақты жағдайымызға оралмандардың бейімделе алмауы, тілдік проблемалар, сыбайлас жемқорлық салдарынан олардың бір бөлігі кері қайтып кетті немесе Қазақстанға көшіп келгеніне өкініп отыр. Бұл да біздің өмір шындығымыз. Кеңестік кезеңнен бері ұлтаралық мәселелермен айналысып, оның белсенділерімен қоян-қолтық араласқаныма байланысты мемлекеттің бұл проблемаға деген көзқарасын жақсы білемін.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев тоқсаныншы жылдары, елдегі қиындықтарға қарамастан, отандастарымыздың Отанына оралуын белсенді түрде қолдап, саяси тұрғыдан маңызды осы жұмысты Қазақстанның патриоттарына тапсырды. Кейінірек бұл жұмыспен шенеуніктер айналысып, олар мұндай бағдарламаларға білдірмей қасақылық жасады немесе ел болашағынан гөрі, өз қара басының қамын көбірек күйттеп кетті. Бұл жерде де біз ата-бабаларымыздың рухы алдындағы өз міндетімізді, өз парызымызды соңына дейін орындай алмадық, өйткені елге оралып жатқан оралмандар, негізінен алғанда, жоғарыда айтылғандай, кезінде халқымыздың азаттығы үшін күресіп, Қазақстаннан қуылған кісілердің ұрпағы болып табылады. Егер біз шын мәнінде жақсы болғанымызда, бұл проблеманы мемлекеттік тұрғыдан қарап, шешіп, ұлттық қауіпсіздігіміз бен Қазақстанның болашағын нығайтқан болар едік.

Біздің басшыларымыз бен саясаткерлеріміз Қазақстанның болашағы, ұлттық мемлекеттілік пен қауіпсіздікті нығайту, қазақ ұлтының рухани бірлігі, мемлекеттік тілді, мәдениетті, салт-дәстүрлер мен бақ-берекені сақтау және дамыту, сондай-ақ біздің ең басты әрі ұлы қазынамыз – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін қорғау көп жағдайда, қазіршетелде тұратын бес миллион отандасымыздың ресурсын (әсіресе, оның ішінде жастарды, әсіресе болашақта) тарту мен пайдалануға байланысты болатынын түсінуге тиіс.Сондықтан да біздің Республикамыз халықаралық стандарттар мен міндеттемелер негізінде, халқымызды біріктіруге қажетті жоспарларды әзірлеуге және іске асыруға тиіс.

Қазақстан бұрынғы КСРО-ның басқа одақтас республикаларына қарағанда отаршыл басқыншылыққа көбірек ұшырады. Қазақ халқы бұрынғы КСРО-ның басқа халықтарына қарағанда тоталитарлық сталиндік режимнен көбірек зардап шекті. Сондықтан да бізде қуғын-сүргін ауқымы мен құрбандар санатының жан басына шаққандағы саны басқа республикаларға қарағанда көбірек.

Мысалы, өткен 20-шы ғасырды ғана алып қарар болсақ, қазақ жері мен оның көпұлтты халқы бірнеше рет отаршыл-тоталитарлық саясаттың құрбанына айналды. Осы саясаттың кейбір тұстары мен фактілерін келтіре кетейік:

-өткен ғасырдың басында Столыпиннің орталық Ресей аудандарынан жерсіз шаруаларды Қазақстанның құнарлы жайылымы мен егістік жерлеріне қоныс аудартуы және жергілікті халықпен араға от жағып, қолдан өшіктіру туғызу, сондай-ақ әскери-жазалаушы жасақтар мен казактардың қарулы жасақтарын пайдалана отырып, наразылықтарды күшпен басу және байырғы халықты қуғын-сүргінге салу;

- Қазақстанға сырттан әкелінген азаматтық соғыс пен жаппай кеңестендіру, 20-шы жылдардың басындағы аштыққа әкеп соқтырған қазақ халқының дәстүрлі өмір салтын, санасы мен тұрмыс-тіршілігін бұзу;

- бай-кулактарды қудалап, мүлкін тәркілеуге және ұжымдастыруға, сондай-ақ діндарларды қуғын-сүргінгесалуға қарсы Қазақстандағы жүздеген шаруалар көтерілістерін күштеп басып-жаншу, оларға қатысушыларға жазалау шараларын қолдану және қуғындау;

- 30-шы жылдардың басында билік қолдан жасаған, қазақ халқының жартысын жалмаған, бұрын-сонды болмаған аштық;

- Қазақстанның барлық өңірлерінде қанат жайған «Алаш» қозғалысына (партиясына) және «Алаш Орда» Үкіметіне біріккен қазақтың бетке ұстар, жоғары білімді, прогресшіл зиялы қауымын қуғын-сүргінге салып, көзін жою. «Алаш Орда» партиясының қатардағы мүшелері, облыстар мен аудандардағы филиалдарында қызмет еткен адамдар, әскери бөлімдерінің сарбаздары әлі күнге дейін ақталған жоқ.

- Хрущевтің тың жерлерді игеру деген желеумен Қазақстанға Ресейден, Украинадан миллиондаған адамды авантюралық жолмен жаппай қоныс аудартуы қазақтарды өз тарихи Отанында «ұлттық азшылыққа» айналдырып, содан туындайтын салдарларға ұшыратты. Бүгінгі күні біз Еуропаның барлық елдері бар-жоғы 2-3 миллион босқынды қабылдай алмай, қабылдағысы келмей отырғанын және бұл ретте қандай проблемалар туындайтынын байқап отырмыз;

- Қазақстанның орталығында ашық ядролық жарылыстар жасау салдарынан ғасырлар бойы жеріміз бен халқымыз жаппай уланды;

- «халықтар достығының зертханасы» деген желеумен қазақ халқын тарихи мұрасынан, тілінен, мәдени және рухани құндылықтарынан бірте-бірте айыру, қазақ мектептерін жабу және т.б.

–  «тыныш» 60-70-жылдардың өзінде де Махмет Құлмағанбетов, Хасен Қожахмет сотталып, Жұмабек Тәшенов және өзге де әр саладағы және өңірлердегі ұлтжанды азаматтар қудаланды, ұлт-азаттық идеялары репрессияға ұшырап, ел мүддесін көздеген басылымдар жойылды, шығаруға тыйым салынды.

– бұрынғы кеңестік империя кезінде қазақ халқына қарсы жасалынған соңғы жүйелі қылмыстардың соңы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінде айқын көрінді. Желтоқсан оқиғасы аяусыздықпен басып-жаншылып, көтеріліске қатысушыларға жаппай жазалау шаралары қолданылды. Қазақ халқын ұлтшыл деп айыптап, жаппай қазақ халқына қылмыстық іс қозғалды, «қазақ ұлтшылдары» іздестіріліп қудаланды.

Қазақстанға да өз кесірін тигізген «бүкілодақтық» сталиндік қуғын-сүргін мен екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын да осыған қосуға болады.Мысалы, біз әліге дейін кеңес қолбасшылығының кінәсі мен жол берген қателіктері салдарынан тұтқынға түскен ондаған мың қазақстандықтың ардақты аты мен естелігін ақтау және қалпына келтіру ісін қолға алған жоқпыз, өйткені орын алған тарихи мән-жайлар мен құқықтық жағдайларға бұрынғы одақтас республикалар секілді, халықаралық стандарттар бойынша және егеменді Қазақстанның ұстанымы тұрғысынан объективті баға бергіміз келмейді.

Ресейлік және басқа да ғалымдар мен мамандар Сталиннің қарулы күштер басшылығында жол берген саяси және ұйымдастырушылық-тактикалық қателіктері, соғыс алдында нағыз әрі талантты әскери қолбасшыларды көптеп қырып-жойғаныжәне қамауға алғаны, Қызыл Армияның аса мүшкіл жағдайы, жауға қарсы тұруға қажетті әскери техниканың болмағаны, алдыңғы шепте ұйымдастыру ісі толықтай ақсап, моральдық жігерлендіру жасалмағаны, әскерлерді үйлестіру мен тиісінше басқарудың болмағаны жөнінде көп жазды. Бұл жағдайда ондаған және жүздеген мың кеңес жауынгерлерінің жаппай тұтқынға түсуі алдын ала шешілген әрі қашып құтылуға болмайтын жағдай болды.Сталиннің адамгершілікке жат әрі құйтырқы саясатының мәні мынада – ол өзінің осы және басқа да қателіктері мен қылмыстарын жасыру мақсатында барлық тұтқындарды Отанын сатқан, халық жауы деп жариялады. Cөйтіп, бәрі қарапайым жолмен шешіле қойды: егер тұтқындар сатқын әрі жау болса, олардың тұтқынға түсу себебін анықтау да қажет емес.

Олардың арасында, әрине, «Түркістан легионына» өз еркінен тыс тап болған қазақтар мен қазақстандықтардың қасіретті тағдыры да бар. Олартірі қалып, өз өмірін сақтау мақсатында ғана сол жерде уақытша болды. Әрине, бұл қазақстандық әскери тұтқындар Қазақстанның тәуелсіздігі жолында күрескен күрескерлер емес және біз оларды Отанымыздың батырлары деп есептеуге ниетті емеспіз. Бірақ оларды халық жауы және сатқын деп атауға да болмайды. Олар Қазақстанды сатқан жоқ. Іс жүзінде алғанда, кеңес үкіметінің өзі әскери тұтқындардың құқықтарынайқындайтын Гаага (1889, 1907 жж.) және Женева (1929 ж.) конвенцияларын танудан бас тартып, өз әскери тұтқындарына сатқындық жасады.

Түптеп келгенде, жиырмасыншы ғасырда Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен басты күрескерлердің бірі, әйгілі Мұстафа Шоқайдың қоғамдық-саяси және ғылыми қызметіне, жан-жақты зерттегеннен кейін, халықаралық стандарттар бойынша объективті және әділ баға беру керек. Бұл үшін оның барлық еңбектерін жарыққа шығару және зерделеу, оның сталинизммен ұзаққа созылған және жүйелі күресінің барлық мән-жайларын, сондай-ақ оның өмірінің бар-жоғы 5 айы ішінде (1941 жылдың шілде-желтоқсаны аралығында) фашистік Германия басшылығымен «ынтымақтасуы» деп аталатынның мән-жайы мен уәждемесін зерттеу қажет.

Парламент депутаты болған кезімде жұмысын өзім басқарған, жоғарыда аталған Сенат комиссиясында өз халқы мен Қазақстанның мүддесі үшін күрескен әйгілі әрі қағидатшыл күрескер ретіндегі М. Шоқай жиырмасыншы ғасырдағы ең қанқұйлы екі саяси жүйенің: Сталиннің диктаторлық-қуғын-сүргіншіл режимі мен Гитлердің адамға жау, фашистік режимінің бір мезгілде жала жабуы мен айла-шарғы жасауының құрбаны және объектісі болды деп айтуға мүмкіндік беретін материалдар мен дәлелдемелер жиналды.

Фактілерге жасалған объективті талдау оның басты мақсат – қазақстандық әскери тұтқындардың, Түркістаннан шыққан адамдардың, сондай-ақ Кеңес Одағынан шыққан әскери тұтқындардың өмірін сақтап қалу, қамауда ұсталу жағдайларын жеңілтету мақсатында ғана Германия басшылығымен келіссөздерге кіріскенін көрсетеді. М. Шоқайдың әскери тұтқындарға қатысты қызметінің шынайы мән-жайына оның замандастары, сондай-ақ ол іс жүзінде арасында әртүрлі ұлт өкілдері: татарлар, буряттар, грузиндер, қалмақтар болған мыңдаған адамды ажалдан құтқарып қалды деп көрсеткен концлагерьлердің бұрынғы тұтқындары баға берді. Бұл жерде бір мәселе анық: М. Шоқай өз отаны – Қазақстанды, өз туған халқын ешқашан да, ешбір жағдайда да сатпады. Ал қалғанының бәрі – оғанкір келтіру және күйе жағу мақсатында арнайы қызметтердің жала жабуы мен қудалауының және қылмыскер саяси режимдер жүргізген насихаттың тәсілдері.

Шоқайтанушылар оны сатқын және фашистермен «ынтымақтасты» деп негізсіз және дәлелсіз айыптайтын кітаптар мен мақалалардың авторлары КСРО МҚК-ның тапсырыстарын орындаушылар немесе Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігінің қас дұшпаны болып табылады деп түйіндейді. Дүниетанымдық тұрғыдан алғанда, бұл адамдарбіздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының азат әрі тәуелсіз тіршілік құруын қабылдай алмайды, сондықтан да олар әрдайым осы идеалдарды ту тұтқан патриоттарды қаралап, күйе жағуын тоқтатпайды. Олар М. Шоқайды, мысалы, қолына қару алып, кеңес әскеріне қарсы соғысқан генерал Власовпен бір қатарға қойғысы келеді.

 М. Шоқайдың өздерімен ынтымақтасып, берген тапсырмаларын орындамайтынына көзі жеткен фашистік Германия басшылығы құпия түрде оның көзін құрту туралы шешім қабылдағанын айғақтайтын дәлелдемелер бар, өйткені М. Шоқай ұсынған талаптар мен оның әскери тұтқындар мен түркі халықтары арасында әйгілі болуы фашистердің өз жоспарларын іске асыруына кедергі келтірді. Сондықтан да оның өмірлік серігі – зайыбы Мария Горина мен жақын-жуық адамдары көрсеткендей, ол 1941 жылғы 27 желтоқсанда неміс ауруханасында у беріп өлтірілді, ал «Түркістан легионы» болса, 1942 жылдың ақпанында құрылды.Осының барлығы және басқа да мән-жайлар мен фактілер әділ әрі түпкілікті шешім қабылдай отырып, жоғары ғылыми және мемлекеттік деңгейде объективті және кешенді түрде зерттелуге тиіс.

Қазақстан саяси, идеологиялық, ақпараттық және рухани салаларда басқа бұрынғы одақтас республикалармен салыстырғанда сыртқы әсерге, отарландыру мен орыстандыруға барынша көбірек ұшырап, ұлттық құндылықтарынан көбірек айырылды, ұлттық санасы да көбірек өзгертіліп, тілі мен ұлттық бірдейлігін де көбірек жоғалтты. Сондықтан да біз тәуелсіздік алғаннан кейін халқымызды мәңгүрттендіру процесін тоқтату және халықаралық стандарттар мен қағидаттарға сәйкес халықтық-демократиялық құндылықтарды қайта түлетуді бастау үшін отарсыздандыру мен сталинсіздендірудің арнайы мемлекеттік бағдарламасын қабылдауды ұсындық.

Қазақстанда орталық отаршыл-тоталитарлық билік секілді саясатқа, сондай-ақ олардың жергілікті қазақстандық қуыршақ құйыршықтарына қарсы күрескен, бірнеше ғасыр бойы жүйелі түрде қудалауға ұшыраған патриоттар басқа жерлерге қарағанда көбірек. Олар қоғамнан аластатылған адамдарға айналдырылып, ұлттық қана емес, азаматтық құқықтарынан да айырылды. Халқының азаттығы үшін күрескен қайсар жандардың бірнеше ұрпағы «қылмыскер», «бандит», «бандылық құралымға қатысушы», «халықтар достығының жауы», «буржуазиялық ұлтшыл», «кеңеске қарсы шықты», «пантүркист», «шетелдік шпион» деген және т.б. қара күйе жағылып,көз жұмды. Мысалы, 1929 жылы Торғайда орын алған Батбаққара көтерілісіне қатысқан, «бандылық құралымның мүшелері» деп аталып, сотталған 500 адамның бар болғаны 3-уі ғана ақталды.

Осындай жантүршігерлік құрбандарға, мемлекеттік қудалау мен қуғын-сүргінге қарамастан, елімізде жер үшін, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен нағыз күрескерлер болған және бола береді. Қазақ халқының озық өкілдері 5-6 ғасыр бойы өңір, ауыл ауқымында бірігіп, кейде топтасып, кейде жеке жүріп, туған халқының мүддесі мен өз жерін қорғау жолында күресті. 

Өкінішке орай, архивтер мен дамыған жазу-сызудың болмауы, сондай-ақ қуғын-сүргін, саяси режимдер салған тыйым салдарынан олардың ерлігі мен аты-жөні астыртын ғана айтылып, бірте-бірте тарих қойнауына сүңгіп, ұмытыла бастады. Сондықтан да олардың әрбір ерлігін, әрбір наразылығын әрекет немесе сөз арқылы қайта жаңғыртып, объективті түрде бағалау біздің перзенттік, азаматтық және моральдық борышымыз. Біз үшін және кейінгі ұрпақтар үшін баға жетпес ақпаратқа ие адамдар тірі тұрған кезде жоғарыда айтылған күрескерлер туралы мәліметтерді титімдей болса да тірнектеп жинау аса маңызды әрі өте қажет іс.

Мысалы, тарихшылардың деректері бойынша, өткен ғасырдың 20 – 30-шы жылдарының өзінде кеңес билігінің Қазақстанда халыққа қарсы жүргізген саясатына наразы болған халықтың бас көтеруі 350-ден астам көтеріліс ұйымдастыру мен оған қатысудан көрініс тапты. Біздің бұқаралық ақпарат көздерінде олардың кейбірі ғана жазып-көрсетілді, көтерілістерге барлық қатысушылар жазалау шаралары мен қуғын-сүргінге ұшыратылғанына қарамастан, олардың басшылары ғана аталып жүр. Осы көтерілістердің себептерін, құрамын, мақсаттары мен ұрандарын біздің ғылыми мекемелер мен ғалымдарымыздың зерделеп, талдауы көңіл көншітпейді, өйткені мемлекет немесе демеушілер мұндай зерттеулерді қаржыландырмайды. Тек патриот-ғалымдар ғана өз күшіне сүйеніп, өз уақытын, қаражаты мен денсаулығын жұмсап, мемлекеттік идеологиямыздағы осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып жүр.

«Алаш Орда» партиясы мен үкіметінің қызметін неғұрлым тереңірек зерделеу мен талдау біздің осы халықтық қозғалыстың бірнеше ондаған басшыларын ғана ақтап, олардың ардақты атын халыққа қайтарғанымызды көрсетті, ал оның халқымыз бен Отанымыздың мүддесі үшін солар секілді күресіп, саяси қуғын-сүргіннің алуантүрлі нысандарына ұшыраған ондаған мың өңірлік қайраткерлерінің, қатардағы мүшелерінің жеке басы мен ерлік істерін біз әлі күнге дейін ақтап алған жоқпыз. Осы адамдар өмір сүрген және жұмыс істеген жерлердегі жұртшылық, әсіресе олардың ұрпақтары осыны өтініп, осыны асыға күтіп отыр.

Тағы да бір рет назар аудартқым келіп отырған бір мәселе, Қазақстанда орын алған алуан түрлі, заңды және заңсыз операциялар мен қуғын-сүргіндердің салдарларына арнайы жасалған талдау ел өмірінің барлық дерлік салалары мен өңірлерінде Отанымыздың азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендер ғана қырып-жоюға, түрмеге отырғызуға, Қазақстаннан тысқары жерлерге қудалауға басқалардан гөрі көбірек ұшырап, «халық жауы» болып көбірек жарияланғанын, өз жерінде өздері аластатылғанын, мемлекеттік қудалаудың барынша қатал әрі ұзаққа созылатын басқа да нысандары мен тәсілдеріне ұшыратылғанын көрсетті. Осыны біліп қана қоймай, бұл адамдарды ақтап алу жөнінде қажетті шаралар қабылдау қажет. Бұл оларға қажет емес. Бұл тәуелсіздігімізге қандай бағамен қол жеткізілгенін білу үшін бізге қажет әрі біз үшін маңызды.

Сонымен қатар, біз әлі Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарын құқықтық (қылмыстық, азаматтық, әкімшілік) тәртіппен ақтап алған жоқпыз. Кезінде Жоғарғы Кеңес қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» (1993 ж.) заң негізінен алғандаРесейдің осыған ұқсас заңынан көшіріп алынды. Ол Ресейде жүргізілмеген және болуы да мүмкін емес әртүрлі жазалау және қуғын-сүргін науқандарынан Қазақстанда құрбан болғандар мен жапа шеккендердің барлық санаттарын түгелдей қамтымайды және оларға қолданылмайды.

Мысалы, казактар қауымының Қазақстанда не тындырып, не бүлдіргені әлі күнге дейін жан-жақты әрі терең зерделенген жоқ. Мен өзімнің сөздерім мен жарияланымдарымда қазіргі казактар қауымы тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық өміріне толықтай араласып кетсе екен деп айтып та, жазып та жүрмін, олар патша империясы жергілікті қазақ халқына қарсы әскери-отаршыл күш ретінде пайдаланған ата-бабаларының рөлі мен қасіретті мұрасын жариялы түрде айыптап, одан бас тартуға тиіс.

Өкінішке орай, жалпы алғанда, бізде қоғамдық ғылым, оның ішінде тарих ғылымы бодандық сипаттан арылмағанын, бұрынғы доктриналар мен догмалар әлі толықтай еңсерілмегенін атап өтуге тура келеді. Патриоттар мен құқық қорғаушылар теориялық тұрғыдан алғанда өте әлсіз әрі олардың мүмкіндігі де шектеулі. Бұл, әрине, олардың кінәсінен ғана болып отырған жоқ.

Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы мен қоғамдық ғылымы мемлекеттік және қоғамдық патриотизмге берілетін анықтаманың ғылыми дәйектелген ұлттық тұжырымдамасын, моделі мен әмбебап өлшемшарттарын жасап шығаруға тиіс. Мысалы, біз патриот қазақтар жөнінде көп айтамыз, бірақ Қазақстанның басқа ұлттан шыққан патриоттары жөнінде ештеңе айтпаймыз не болмаса аз айтамыз. Бұл бүгінгі таңда мемлекеттің, бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының идеологиялық, ақпараттық-насихат жұмысындағы әлсіз тұс болып отыр.

Біз өз тарихымыз бен көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан халқының жадында басқа мемлекеттер мен халықтардың жаулап алушылары мен тирандарын, діни апостолдарын емес, қазақ халқының ұлт-азаттық күресін түсініп, қолдаған, қудалау мен қуғын-сүргіннің ауыр кезеңінде бізге көмек қолын созған ұлы демократтары мен гуманистерін мәңгі есте қалдыруға тиіспіз. Мысалы, Ресейдің прогресшіл және демократиялық күштері мен адамдары әрдайым өз азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтардың жағында болды. Олар билікке келген кезде Қазақстан өз азаттығын алды.

Орыс халқының көрнекті ұлы Григорий Потанин (Ресейдің Құрылтай жиналысына «Алаш» партиясының атынан сайланған депутат), Тимофей Сидельников (Мемлекеттік Думаның мүшесі), Орест Шкапский (Уақытша Үкіметтің комиссары), Сергей Швецов (Петербургтік профессор-этнограф) және басқа да көптеген адамдар «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының идеяларын қолдап, қазақ халқының мемлекеттік автономиясын жақтап әрекет етті, қазақтардың мүддесі мен өз жерлерін сақтап қалуын қорғады.

Тарихи құжаттар Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы жолында күрескендер арасында, мысалы, орыс ұлтының ғана емес, украин, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, балқар ұлты мен басқа да ұлттардың өкілдері аз болмағанын көрсетеді, олар Қазақстанның мүддесі, біздің ортақ Отанымыз үшін қолына қару алып та, саяси және идеологиялық майданда да күрескен. Бұған жүздеген және мыңдаған мысал келтіруге болады. Қазақстанда осы адамдардың ерлігін қайта жаңғыртып, есімдерін мәңгі есте қалдыру аса маңызды әрі қажетті іс. Бұл Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың «Біз – бір отбасымыз және біздің бір ғана Отанымыз бар. Әрқайсымыздың тағдырымыз – Қазақстан тағдырында» деген сөздерін тағы да бір рет айғақтай түседі.

Мәселен, қазақтардың жоңғар шапқыншылығына қарсы Отан соғысында қырғыздардан, қарақалпақтардан, өзбектер мен башқұрттардан құралған жасақтар аз болмаған.Патша үкіметіне қарсы Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтеріліске орыстар, поляктар, белорусьтар, өзбектер, татарлар, қырғыздар, қарақалпақтар белсене қатысқан. Әрі олардың көбісі қайта шаңырақ көтерген Қазақ хандығында жүзбасы, хатшы, адъютант және ведомство басшысы ретінде басшы және жауапты лауазымдар атқарған.1916 жылғы халық көтерілісі кезінде Ақмоладағы көтеріліс орталығы басшыларының бірі украин Афанасий Латута болды. Оның қол астында 30 мыңға жуық көтерілісші болды. Айтпақшы, ол қысқа уақыт ішінде қазақ тілін үйреніп алған.

Не болмаса, ата-бабаларымыздың патша билігінің отаршыл саясатына қарсы күресін қазақ халқының өз азаттығы мен Қазақстанның егемендігі үшін ұлт-азаттық күресі ретінде тануды табан тіреп қорғаған академик Анна Панкратованың идеологиялық майданда көрсеткен интернационалдық ерлігін қалайша ұмытуға және есте қалдырмауға болады, кейбір мәңгүрт қазақ ғалымдар қарсы шықса да, ол ең көрнекті қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмахановты түрмеден босатуға тікелей атсалысты. Мұндай фактілер, қайталап айтайық, мыңдап саналады, бірақ оны көпшілік біле бермейді.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір