• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 23:55:58
Алматы
+35°

03 Қазан, 2018 NEWS

Әсет Нұржаубай: Әблязовқа сеніп қалдым

Қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязов пен оның қозғалысына қатысы бар деп айыпталған белсенді Әсет Нұржаубайға қатысты сот аяқталды.

Қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязов пен оның қозғалысына қатысы бар деп айыпталған белсенді Әсет Нұржаубайға қатысты сот аяқталды. Нұржаубай соңғы сөзінде "Әблязовтың сөздеріне алданғанын", өз ісіне "өкінетінін" айтқан деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттыққа сілтеме жасай отырып. 

Қазанның 2-сі күні Алматының Медеу аудандық сотында судья Ұлан Кішібай Әсет Нұржаубайға қатысты сот үкімін оқыды.

Әсет Нұржаубаев

30 жастағы Әсет Нұржаубайға Қылмыстық кодекстің "экстремистік ұйым құру және оның қызметіне қатысу", “экстремистік ұйымның әрекетіне қатысу” және “алаяқтық” баптары бойынша айып тағылған еді.

Судья аталған үш бап бойынша айыпталушыны кінәлі деп тауып, шартты түрде төрт жыл жаза кесті. Бұған қоса, судья жәбірленушілердің бірі - Әсет Нұржаубаймен бірге тұрған әйелдің шағымын қанағаттандырып, оған 3,6 миллион теңге көлемінде ақша беруге міндеттеген.

Полицияда құжаттар толтырғаннан кейін Әсет Нұржаубай сот залынан босатылады.

Прокурор сот үкіміне қатысты еш комментарий бермеді. Ал айыпталушы тараптың адвокаттары сот үкімімен келісіп, тек "алаяқтық" бабы бойынша Нұржаубайдың "кінәлі" деп танылғанына қарсы екендерін айтты.

"Әсет Нұржаубаймен ақылдасып, егер қажет деп тапса, үкімнің осы бөлігіне қатысты қайта шағым түсіреміз" деді адвокат Камила Толыбаева.

"ӘБЛЯЗОВТЫҢ АРЗАН УӘДЕЛЕРІНЕ СЕНІП ҚАЛДЫМ"

2 қазанда өткен сотта Әсет Нұржаубай соңғы сөзін айтып, "Әблязовтың сөздеріне алданып қалғанын", "ісіне өкінетінін" мәлімдеген.

Әрекеттерімнің барлығы ақымақтығымнан және тәжірибесіздігімнен болды. Әблязовтың арзан уәделеріне сеніп қалдым. Осында отырғанда ешқандай бағдарлама мен стратегияның жоқтығын түсіндім. Мұның барлығы өтірік, ал ең негізгі өтірікші - Әблязов. Одан арғысын айтайын, ол тек өтірікші ғана емес - ұры. Өзінің лас ойындарына анамды да араластырды. Анама Жанар Ахметова хабарласып, "адвокатқа ақша салып жіберемін" деді. Тек менің көпшілік көзіне азапталып жатқан саяси тұтқын ретінде көрінуім қажет екенін талап еткен. Нәтижесінде бізге ешкім көмектескен жоқ, - деді Әсет Нұржаубай.

Ол үйінде тінту болған кезде Мұхтар Әблязовтан көмек сұрағанын айтқанмен, қандай жауап алғанын айтпады.

- Ол (Әблязов - ред.) бізді алдап келді. Қазақстанда саяси қуғын жоқ. Әркім өз ісіне лайық жазасын алып жатыр. Менің құқық қорғау қызметкерлеріне шағымым жоқ. Барлық қазақстандықтарға "Әблязовтың жалған уәделеріне сенбеңдер" дегім келеді. Ол Қазақстанның ақшасын ұрлап, шетелге қашып кетті. Енді еуропалық қауымдастық алдында өзін ақтап алғысы келеді. Мен өз ісіме өкінемін. Соттан мені қатал жазаламауын сұраймын және түзелуге уәде беремін, - деді Әсет Нұржаубай.

Айыпталушы қағазға жазылған соңғы сөзін бір жарым минутта оқып шықты.

ӘБЛЯЗОВ НЕ ДЕЙДІ?

Сот шешіміне және Нұржаубайдың соңғы сөзіне қатысты Мұхтар Әблязов Азаттық тілшісіне пікірін білдірді.

- Ол (Нұржаубай - ред.) бүгінгі сөздерінің барлығын бостандыққа шығу үшін айтты. Бұл Қайрат Садықовтың ісіне ұқсас болды. Садықовқа 15 жыл түрме жазасын берді. Кейін апелляциялық сотта ол кінәсін мойындап, барлығына мені кінәлады. Сот оны босаттып, бес жыл шартты түрде жаза берді, - дейді Әблязов.

Ал Нұржаубайдың айыптауына қатысты Киевте тұратын қазақстандық блогер Жанар Ахметова: "Біз ешкімге "ақша береміз" деп уәде бермейміз. Бұл тақырыпта біз көп эфир ұйымдастырып жүрміз. Мұндай спекуляциялардың жолын кесеміз" деді.

ЖАРЫССӨЗДЕГІ ТАРТЫС

Бұған дейін прокурор Жәнібек Мамытов тергеу мен сотта Нұржаубайдың кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеген. Айыптау тарабының пікірінше, Нұржаубай "ақпараттық және басқа да қызмет түрлерін көрсету кезінде" өзінің "ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа" қызмет етіп жатқанын білген.

Прокурор іс материалдары Әсет Нұржаубайдың сотпен тыйым салынған ұйым қызметіне араласқанын және аса ірі көлемде алаяқтық жасағанын дәлелдейтінін айтты. Прокурор осыған байланысты Нұржаубайды алты жылға соттауды сұраған.

Ал адвокат Камила Толыбаева прокурормен келіспейтінін айтып, "саяси" айыптаулар бойынша Нұржаубайға ең көп дегенде әкімшілік жаза ғана беруге болады деген.

"Алаяқтық" айыбы бойынша негізгі куәгер ретінде Нұржаубаймен бұрын тұрған әйел белгіленген. Ал қалған екі бап бойынша негізгі куәгер Ләззат Бақбергенова сотқа келмеді. Судья мен адвокат оны процесс барысында сотқа шақырып, жауап алуға тырысқанымен, нәтиже шықпады. Адвокат Камила Толыбаеваның пікірінше, Бақбергеновадан сотта жауап алмай айыпталушының кінәсін анықтау мүмкін емес.

Адвокаттың пікірінше, Нұржаубайдың әрекеттерін алаяқтық деуге келмейді. Ол бұрын өзімен бірге тұрған әйелдің ақшасын иемденбеген, "кейін қайтарып берем" деп қарызға алған. Бірақ қарызын қайтаруға түрлі жағдайлар кедергі келтірген.

Жарыссөзде сөйлеген жәбірленуші - Әсет Нұржаубаймен бұрын бірге тұрған әйел прокурорды қолдап, соттан Нұржаубайдың үстінен түсірген азаматтық шағымын қанағаттандыруды сұраған. Жәбірленуші шағымында Нұржаубайды "3,6 миллион теңгемді алдап алды" деп айыптап, ақшасын өндіріп беруді талап еткен.

Польшада орналасқан "Ашық диалог" (Open Dialog) құқық қорғау ұйымы Әсет Нұржаубайды "биліктің Астананы сынайтын әрі шетелде тұратын Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-мен күресі науқанына ілігіп кеткендердің бірі" деп санайды. Ал қазақстандық құқық қорғаушылар Әсет Нұржаубайды "саяси тұтқын" деп жариялаған.

Биыл наурызда Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір