• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:23:08
Алматы
+35°

07 Қыркүйек, 2018 Саясат

Архимедтің әкесі Нұрсұлтан Назарбаевты қалай қарсы алды

- Маған сол жолы Нұрсұлтан Әбішұлының қауіпсіздігін бақылау тапсырылған еді, - деп, «құпиясын» ашты ақсақал.

Бұл күндері Қостанай облысының әкімі Архимед Бекежанұлы Мұхамбетов Елбасының тарихи және жауапты тапсырмаларын іс жүзіне асырып жүрген ел қалаулыларының ортасында және Президентімізбен әлде неше рет кездесті. Ал осындай ұл тәрбиелеп өсірген Бекежан Мұхамбетов Нұрсұлтан Әбішұлын болашақ Елбасымыздың республикамыздың Премьер-министірі болып тағайындалған соң Ақтөбе өңіріне алғашқы сапары кезінде қарсы алған еді. Сонымен...

Тәуелсіздік арқылы қол жеткен рухани игіліктердің бірі патшалық отарлау саясаты, кеңестік дәуірдегі атаулары орыстанып кеткен жер-су аттарының қайта оралып, олардың кейбіреулеріне еліне еңбегі сіңген қайраткерлердің  есімдері берілгені.

Мысалы, Алға қаласындағы Строительная көшесі – А.Байтұрсынов, Южная – Есет батыр, Калинин – Ізтай Мәмбетов, Спортивная – Желтоқсан, Ордженикидзе – Н.Атаниязов, Чапаев – Д.Қонаев көшелері болып өзгертілді. Ал 2003 жылдың 26 желтоқсан күнгі Алға аудандық маслихаты мен әкімиятының №7 бірлескен шешімімен Орал көшесі Бекежан Мұхамбетов атындағы көше болып қайта аталған.

Аудан тұрғындары кезінде осы өңірге сыйлы болған, аудан экономикасын, әсіресе ауылшаруашылығын дамытуға қомақты үлес қосқан Бекежан Дәулетұлы Мұхамбетовты әрқашан ерекше ықыласпен еске алады. Оның есімі берілген көшені марқұм Бекежанның үлкен ұлы, Қазақстан Кеден Комитетінің төрағасы бастығының орынбасары Мерлан бастаған Архимед және Арслан есімді ұлдары үнемі қамқорлыққа алып тұрады екен. Шындығында, көше атауы мен үй нөмірлерін дайындап ілу, тіпті көшедегі асфальт жолды жөндеуден өткізу, жасыл-желек отырғызу жұмыстарына да өздерінің қомақты үлестерін қосуда.

- Осы көшеге Бекежан Дәулетұлының есімін беруге өзім мұрындық болып, бастама көтердім, - деп есіне алады кезінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Николай Афанасьевич Солдатенко, - Тіпті осы ұсынысты қолдаған азаматтардың қолдары қойылған қағаздар жинап, тиісті құжаттарды толтырып, жоғары орындарға тапсырдық.

Онын да өз мәнісі бар еді. Осында мен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда, Бекежан Дәулетұлы аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Ол елге өте сыйлы болды.

Бекежан Дәулетұлы осы ауданда ширек ғасыр бойы  XX-партсъезд атындағы колхозда инженер, бас инженер болып жұмыс жасап, 1976-1983 жылдары «Қарабұлақ» совхозында директор қызметін атқарды. Еңбегі бағаланып, «Халықтар достығы» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Оның кек сақтамайтын тік мінезділігі, өжеттігі, айтқан сөзіне беріктігі, жеке басы қамынан өзгенің жағдайын жоғары қоятыны, әр адаммен ортақ тіл табысатын ерекше қасиеттері бар еді. Ол қаладан жолдамамен осы қызметке келген соң, маған бағасы жетпес қолғабысын тигізе бастады.

Аудан басшылығына екеуіміз де қатар 1983 жылы келген болатынбыз. Осылайша біз бірнеше жыл қоғам мүддесіне сай қоян-қолтық қызмет атқардық. Бұл жылдар Горбачевтың қайта құру кезеңінің бастау алған шағы болатын. Ел, партия тарихы қайта қаралып, беймәлім деректерге ерекше назар аудару уақыты, қоғамның қалыпты ұстанымы өзгере бастаған осы кезеңде тұрғындардың күш-жігерін бір арнаға бағыттап, ұйымдастыру шараларын жүзеге асыру онайға соққан жоқ. Дегенмен, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, аудан экономикасын дамытып, тұрғындар жағдайын жақсартуды біз үнемі күн тәртібінде ұстайтынбыз. Жұмысымыз нәтижесіз болған жоқ, Алға ауданы облыста үнемі алдыңғы қатардан көрінетін.

 Қонаев

Д.А.Қонаев пен Н.Ә.Назарбаев Еңбек Қызыл Ту орденді «Красный колос» колхозы егінжайында. Д.А.Қонаевтан солға қарай О.А.Қозыбаев – облыстық атқару комитетінің төрағасы, оның сол жағында Б.Д.Мұхамбетов – Алға аудандық комитетінің төрағасы. Д.А.Қонаевтың оң жағында Республика Премьер-министрі – Н.Ә.Назарбаев, колхоз басқармасы П.В.Шерстюк.

 

- Өзіңіз білесіз, егер аудандық партия комитеті саяси басқару шараларын айқындап, бюрода, пленумдарда шешім қабылдаса, сол шешімді жүзеге асыру негізінен аудандық атқару комитетіне жүктелетін, - деп есіне алады ұзақ жыл ауатком хатшысы болып қызмет атқарған, есімі елге аян ардагер-ана Мүнәрия Әліпқызы Орманбекова. Сессия, атқару комитеті отырыстарына қатысып, талай рет өзекті мәселелер көтерген Бекежан Дәулетұлы інімізді әуелден білетінбіз. Той-томалақ, қонақтарда да кездесіп қалатынбыз. Ал атқару комитетінің төрағасы болған кезден бастап, біз қоян-қолтық жұмыс істей бастадық. Мен оның экономикалық мәселелерден толық мағлұматы бар екеніне күмәнданғаным жоқ. Біраз жыл шаруашылық басқарды-ғой. Ал енді әлеуметтік мәселелерді жоғары деңгейде білетінін байқағанда, таң қалғаным рас. Оқу-ағарту ісін де жетік білді. Ал денсаулық саласы мәселелерін он саусағындай таратқанда, оған осы сала қызметкерлері ғана емес, мен де таң қалатынмын! Мектепті күміс медальмен, институтты қызыл дипломмен бітіріп, «Қарабұлақ» совхозын миллионер қатарына қосу-кездейсоқ адамның қолынан келмейтін іс деп ойлаймын мен әлі.

Мен тік мінезді адаммын, оны бәрі біледі. Жолдасым Мұхан-Мәди кете руынан. Бекежанмен бірінші рет кабинетте кездескенімде, ол: «Ал, енді сіз маған жеңге боласыз. Кеңес жұмысын терең білесіз, тәжірибеңіз мол, бірлесіп жұмыс істейік», - дегені бар. Сонда мен: «Сіз тума-туыстығыңызды алға тартып отырсыз ба?» - деп орынсыздау сөйлегенім әлі есімде. Ол: «Аға-жеңгесін сыйлау – ата салтымыз ғой» - деп, қазақ дәстүрін жақсы білетінін танытқан-ды.

Кеңес жұмысында көп уақыт істеп, үйренген, тәжірибе жинаған білікті маман болдым. Түрлі сараптама жинаймыз, баяндама жазамыз. Бекежан қазақ тіліне мығым еді. Сол жылдары баяндаманы қазақша жасау үрдіс алды. Мен басынан: «Бекежан Дәулетұлы, мен анықтаманы орысша дайындап беремін. Жиынға шақыру, қатысуды қамтамасыз ету – менің мойнымда. Қазақша шорқақпын. Ал, баяндаманы қазақша өзіңіз жазасыз» - деп өз міндеттерімнің басын ашып алдым. Солай жұмыс атқардық.

Уәлиханов көшесі, 42 үйде бірге тұрдық. Үш ер баласының бәрі тәрбие көрген жандар. Балалық шақтары көз алдымда өтті. Тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Бекежан әкелік борышын түгел орындады деп ойлаймын. Оның ұлдары Ресейдің жоғары оқу орындарын аяқтады. Бірде тойға бірге баратын болып, үш ұлын біздікіне тастап кеткен. Бізде екі қыз, бір ұл, оларда – үш ұл. Тойдан келсек, үй-іші шашылып жатыр. «Оларға шай бердік» - деп жатыр қыздарымыз.

Аудандық поштаны ҰОС ардагері, сыйлы азамат басқаратын. Келе-келе сол мекемеге В.Ковалев деген жасөспірім жұмысқа орналасты. Оны жақсы білетінмін. Бір күні ардагер – басшы «Мына баланы жұмыстан шығарамын» - деді. Менің азды-көпті беделім бар. «Жастарды жұмыстан шығармау керек, тәрбиелеңіз» - деп тапсырдым. Ол қабыл алған. Енді сол В.Ковалев осы күні аудандық «Қазақтелекомның» бастығы. Осы жазда маған ардагер ретінде Қазақстанның бүкіл арнасын көрсететін «Отау» қондырғысын қойып берді. Ол кенеттен маған: «Сіз көрші тұрдыңыз ғой. Архимедті білемісіз? - деп сұрады. Мен білетінімді айттым. Енді біраз уақыт өткен соң, ол маған қоңырау шалды.

- Апа, Архимед облыс әкімі болып тағайындалды, интернеттен оқыдым – дейді.

Мен де іле-шала Бекежанның үйіндегі келініміз Салтанатқа қоңырау шалып, құттықтап жатырмын.

- Мүнәрия, сен бірінші құттықтап отырсың, пейіліңе рахмет, - деді Салтанат.

Бекежан Дәулетұлы адамгершілігі, азаматтығы мол, есімі үлкен әріппен жазылуы тиіс азамат еді. Осындай азаматтар ел билігіне ескінің құлап, жаңа мемлекеттің ірге тасын қалау секілді тарихи  кезеңде өмір сүрді.

Міне, осы  өзің шай ішіп отырған үлкен шаңырақ - алғашқыда ауатком төрағасына, Бекежан Дәулетұлына арнап салынған еді. Бір күні ол мені кабинетіне шақырып алып, «Мүнәрия, сіз көп жыл басқарушы қызметте болған атамсыз. Ал, тұрғын үй мәселесін шешпегенсіз. Пәтер жалдап тұрасыз. Оның өзі тар. Мына маған салынып жатқан тұрғын үйді сіздерге беремін. Ертең ордер жаздырып аласың» - деді. Міне, жиырма жылдан асты, Бекежан бөлген құтты шаңырақта өмір сүріп жатырмыз. Шын ниетпен істелінген зат қой. Деніміз сау, балалар мен немерелер аман, көңіл-күйіміз шат.

Адамды терең білу үшін оны қайғыда көру де керек шығар?! Бір күні тамақ алайын деп дүкенге барсам, Бекежанды көрдім, жанарында жас, өңінде қайғы-мұң.

- Апа, - деді ол, - ағамыз Бекберліден айырылып қалдық. Тап қазір біздің үйге жүріңіз!

- Әу, мен оны кеше ғана көріп едім-ғой, - деп жатырмын. Бақсақ, жүрегі ұстап қалыпты марқұмның.

Үйге соғып, сөмкемді тастап, көрші Қошқарбаевтың әйелін қасыма еріп алып, қайғыны ортақтасуға Бекежанның үйіне бардық.

Бекежан Дәулетұлы 1993-1995 жылдары Қандыағаштан елге оралып, «Қара Қобда» атындағы колхоздың төрағасы болды.

Бұл уақыт тапшылық кезеңі болатын. Отағасы Мұхан-Мәди қайтыс болған. Үйде өзім, мал ұстаймын. Қыстың аяғы, көктемге шыға тіс шұқыр шөп қалмады. Сонан Бекежаннан мал азығын сұрадым.

- Ертен жіберемін, - деді ол. Екі күн күттім, шөп жоқ. Қайта телефон шалып сұрасам, «жібердім» дейді. Байқасақ, тапшылық кез ғой. Тракторшы шөпті сатып жіберіпті. Ертеңіне Бекежан Дәулетұлы трактор жүргізушінің қасына бригадирін қоса жіберіпті. Шөп бірінші шабылған, көкпеңбек. Қайран азамат, сол шөптің ақысын да алған жоқ. «Мүнәрия, осындай көк шөпті қайдан алдың?» - деп барлық көршілерім сұрайды. Азаматқа кір келмесін деп, шынымды айтпадым, - дейді Мүнәрия апамыз.

- Бекежан Дәулетұлы басшылық жасаған кезде Алға ауданының алдыңғы қатарда болғанының дәлелі – Кеңес кезіндегі республика басшылары ауданға жыл сайын дерлік ат басын тірейтін еді, - дейді қазіргі Қарақұдықтағы «Садик» шаруа қожалығының басшысы Виктор Дмитриевич Караулов.

Сол кездері республика басшылары Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және облыс басшылары В.А.Ливенцов пен О.Ә.Қозыбаев бастаған делегация 1984 жылы «Красный колос» колхоз егінжайына келгенде түсірілген суретті маған кезінде марқұм Тоқмырза Күнбаев ағамыз беріп еді.

- Мына Оразалы Әбішұлының сол жағында тұрған Алға ауаткомының төрағасы Бекежан Мұхамбетов қой, - деді оны айтпай таныған замандасы Виктор Караулов, осы суретті алғаш көргенде.

Осы тарихи суретте артқы қатардағы солдан санағанда үшінші болып тұрған бас агроном Виктор Дмитриевич Караулов өзін бірден танып, жастық шағын еске ала отырып, жүрек толғанысымен кездесу сырын айтып берді:

- Жаңылыспасам, бұл 1984 жылдың тамыз айының орта шені. Аса жоғары мәртебелі қонақтар біздің егінжайға Қобда ауданы Әлия Молдағұлова атындағы арнаулы шаруашылығынан қайтып келе жатып соққан болу керек. Суретте Димаш Ахметұлы, Нұрсұлтан Әбішұлы және ақ кепкадағы бізге сыртымен тұрған Василий Андреевич Ливенцов, оң жақтан шетте тұрған көзілдірікті колхоз басқармасы П.В.Шерстюкпен әңгімелесіп тұр.

Біздің «Красный колос» колхозы озат шаруашылық болатын, 18-20 мың гектар көлеміндей жерге егін егетінбіз. 60-70 комбайнымыз бар. Ойлы-қырлы егіс алқабына оларды бірінен кейін бірін жібергенде – шабуылға шыққан танктерге ұқсайтын.

Димаш Ахметұлы біздің колхозға бірнеше рет келді, ал Кеңес үкіметіндегі ең жас Премьер-министрі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұңғыш келуі. Бұл басшылар қандай да болсын мәселелерді ел пайдасына шешіп беретін.

Келесі 1985 жылы П.В.Шерстюк дүниеден озып, орнына колхозға басқарма болып мен сайландым.

Бірде бізге Д.А.Қонаевтың орнына Орталық Комететтің бірінші хатшысы болып сайланған Г.В.Колбин келді. Бұл жолы күтпеген оқиғаларға тап болдық. Ол өзін танымасын деп «УАЗ» автокөлігімен қасымыздан өте шыққан еді. Ал оның қасына ерушілері артынан келеді екен. Біздер көштің ортасына бағыт алсақ, өтіп кеткен Г.В.Колбин шақырып алды. Біздер оған бұрынғы әдетімізше мұңымызды шаға бастадық.

- Менен қандай шешілмеген сұрағыңыз бар? – деп сұрағанда, колхозда 30-дан астам еңбек озаттары автокөлік сатып алу кезегінде тұрған, кейбіреулері ондаған жыл осы тізімде тұрғанын мәселе етіп көтердім.

- Бәріміз автокөліктерге ие болу үшін аянбай еңбек етуіміз керек – деп екі ұшты жауап берді ол. Енді екінші сұрағымда күн суытып келе жатқанын, ал жағатын көмір жоқ екенін алға тарттым.

- Бәріміз көмірді дер кезінде сатып алуымыз үшін аянбай еңбек етуіміз керек, - деді ол қайтадан. Сөйтіп ешбір мәселені шешпей, қонақтар қалай келсе, солай кетіп қалды. Ал менің есімде қалған осы әңгіме Г.В.Колбиннің уақытша адам болғанын көрсетіп тұрғандай.

Ал, Бекежан Дәулетұлымен біз құрдас болатынбыз. Ол аға маман, шаруашылық басшысы, ауатком төрағасы болып тұрғанда да достық қатынаста болдық. Ол өмірге өз көзқарасы бар, тік мінезді адам еді. Кейбіреуге бұл ұнаған да жоқ. Үнемі естігендерін қойын кітапшасына жазып алатын әдеті бар еді. Өмірінің соңғы жылдары Қандыағаштан елге қайтып келіп, Ильич атындағы колхозда басқарма болғанда да, өзінің шаруа қожалығын ашқанда да қатынасып тұрдық. Ол әркез маған соғып тұратын.

Суретте: артқы қатардағы оң жақтан шетте тұрған аудандық қауіпсіздік комитеті бөлімінің бастығы Назыр Валиұлы Валиев бүгінгі таңда 88 жаста, подполковник шенінде демалысқа шыққан, Қарабұтақтың татары, өмірін осы қызметке арнаған. «Андроповтық» деп аталатын «КГБ-50», «КГБ-60» екі төс белгілерінің иегері.

- Маған сол жолы Нұрсұлтан Әбішұлының қауіпсіздігін бақылау тапсырылған еді, - деп, «құпиясын» ашты ақсақал.

Назырдың қасындағы суретке жартылай түскен автобаза директоры Василий Павлович Долбня. Ол өмірден озған.              

Алғадағы Бекежан Мұхамбетов атындағы көше, оның замандастары осындай сыр сақтауда.

 

 

Балнияз Ажниязов

Қазақстан журналистер Одағының мүшесі

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір