• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 15:48:20
+35°

10 Сәуір, 2018 Әлеумет

«Арсыз болмай атақ жоқ». Қара пиармен атын шығарғандар (фото, видео)

Тәнін көрсету — хайптың өтімді түрі. Ол жағынан өзіміз жан-жақтан даттап, жаппай жарнамалаған Айжан Байзақова көш бастап тұр.

«Арсыз болмай атақ жоқ» немесе «Атың шықпаса, жер өрте». Қазір оның орнына «хайп» деген терминді қолдана бастадық. Елге танылудың ерсілеу жолын таңдағандар елімізде көп-ақ. Бірі «жезөкшелерге» қамшысын ала жүгірсе, екіншісі мыңдаған көрерменнің көзінше төсек төңірегін шиырлап әлек. Ұлттың қан тазалығын сақтаймын деп, қазақ қыздарының жүріс-тұрысын аңдитындар да пайда болды. Олар кім? Нені мақсат тұтады? Qamshy.kz ақпарат агенттігі даңқ пен дақпырттың ара-жігін ажыратпайтын жұлдыздарды бір тізімдеп көрді.

Жан Ахмадиев. Жуырда «заманауи жырау» көшедегі «жезөкшелерді» қамшымен сабап, хайптың көкесін көрсетті. Әлеуметтік желідегі оқырман пікірі қақ жарылды. Біреулер Жан Ахмадиевтің әрекетін қолдап, «нағыз қазақтың ер азаматы», «неге барлық қазақ жігіттері Ахмадиевтай болмайды екен?» деп жарыса жазса, бұларға қарсы топ барлық адамның құқығы тең екенін алға тартып, рэпердің ісін қылмысқа балады.

«Жезөкшелерді сабағанына неге намыстанасыңдар? Оларға заң жоқ екен, демек өзіміз шара қолдануымыз керек. Ақшаға арын сатқандардың сөзін сөйлегендер ақшаға арын сататындар. Көше кезіп, тәнін сатып ақша табатындарды өз басым адам қатарына жатқыза алмаймын. Қандай жағдай болса да, жезөкешелікпен айналысатындай жағдайға жеткендер адам атынан айырылған», - деген пікір білдірді желі қолданушысы Рысгүл Айдарова.

Ал Жан Ахмадиевтің бұл әрекетін заңға қайшы деп бағалаған Зарина Адасбаева есімді қолданушы: «Жезөкшелік үшін соттамайды, ал сізді адамды сабағаныңыз үшін түрмеге жабу керек. Ұятсыз! Сен сиякты арсыздар қазақ қыздарының намысын қорғамай-ақ қойсыншы!», - деп жазды.

Уақыт оздырмай Жан Ахмадиевтің «көшедегі қыздарды» қамшымен сабаған видеосын тексеруге Алматы қалалық ІІД кірісті. Іс насырға шабады деп қорықты ма, әлде ақиқатын айтып ағынан жарылғысы келді ме – көп ұзамай Жан Ахмадиев бар шындықты мойындады. «Жезөкшелер рөлінде ойнаған менің әйелім мен таныстарым», - деп ат-тонын ала қашты.

Өтірігі шыққан рэпер: «Қамшы – хайп, қамшы – лайк» деп әндетіп жүр. Дегенмен Жан Ахмадиевті қолдайтын халық аз емес көрінеді. Желідегі жарыса жазылған пікірлерге сүйенсек, халыққа Жан Ахмадиев секілді жігіттер керек. Басқалар осыдан кейін аяқтарын аңдап басатын болады.

Былтыр «Темір қатын» деген бейнебаянына сырт келбеті Баян Есентаеваға ұқсас қызды түсіріп, халықтан  мақтау естіген еді. Алайда қарсы пікірлер де айтылды. «Өзгенің басына төнген қара бұлтты қара басының қамы үшін пайдаланып отыр», - деп айыптағандар да табылды.

Рас, Баян Есентаеваның атын аузына алған адамның атағы шарықтап кететін тұста Ахмадиев ақпарат кеңістігінде жарқ ете қалды. Бұл жолы да солай болуын күтті ме екен?! Кім білсін...

Жәнібек Иманмәзір – өзге ұлт өкілдерімен қолтықтасып жүрген қыздарға ескерту жасап, одан қалса балағаттап, қол көтеруге дейін барып жүрген адам. Өзінің әрекеті түсірілген видеоларды желіге салып, халықтың қызу талқысына шығарады.

Интернетте тараған видеоларын Жәнібектің өзі «халықты ояту» деп түсіндіреді. Қолдарындағы неке сақинасына қарамастан, қазақ қызы мен өзге ұлт өкілінің тұрмыс құрғанына сенбей қойғаны бар. 

Желі қолданушылардың арасында: «Жәнібек Иманмәзір қазақ қыздарын құтқарып жүр»,- деп қолдау білдіретіндер бірсыпыра. Олар қазақ қыздарының өзге ұлттың жетегінде кетпегенін қалайтындарын жазып, Жәнібекке жақтасады.

Оның ісін қылмыс деп бағалайтындар да кездеседі. «Қазақ жігіттері қазақ қыздарын өзінің жекеменшік затындай көріп, жабайылық танытуын қою керек», - дейтіндер де бар.

«Қоғамдағы жер мен судың әңгімесі көтерілгенде Жәнібек Иманмәзірдің аты да, тіпті иісі де шықпайды. Бұл ұлтшылдықтың, ұлтжандылықтың қай түрі? -деп жазды Елдар Аймұхамбет атты қолданушы. 

Тәнін көрсету — хайптың өтімді түрі. Ол жағынан өзіміз жан-жақтан даттап, жаппай жарнамалаған Айжан Байзақова көш бастап тұр. Көкірегін ашып, жартылай жалаңаштанған оның суреттері интернетті кезіп кетті. Байзақова түскен кез келген бейнебаян бірден көпшіліктің назарына ілігіп, талқысына түседі. Оған Alem Band тобының соңғы бейнебаяны бірден-бір дәлел.

 

как вам ?? ???

Публикация от Айжан Байзакова (@bayzakava)

 

Қара пиармен танымал болмаққа талпынғандардың қатарына  журналистер де қосылыпты. «Кешкі кездесу» бағдарламасының жүргізушісі Аман Тасыған Youtube желісінде TalkLike видеоблогын жүргізіп, ел аузындағы адамдарға белден төмен сұрақ қояды.

Ол сұхбаттарының бірінде: «Менің белден төмен сұрақ қоятын сұхбатымның өзіндік сыры бар», - деп жауап беріп жүр. Ал оған дейін Аман Тасыған өткір тілді журналист атанған еді. Біреулер мұндай сауалдарды қалыпты қабылдап, «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» дегеннің аясына сыйдырса, енді біреулер «бұл – қазақтың менталитетіне жат нәрсе» деп жерден алып, жерге салады.

Aigerim Taubay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір