• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 04:08:37
Алматы
+35°

11 Шілде, 2017 Әлеумет

Арыстанбек Мұхамедиұлы Алтын Адамның тұрағын іздеуді Талхизден бастады

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған топ аты аңызға айналған Алтын Адамның тұрағын іздеуге кіріскен, деп хабарлайды 

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған топ аты аңызға айналған Алтын Адамның тұрағын іздеуге кіріскен, деп хабарлайды Қамшы ақпарат агенттігі.

«Демалыс күндері мен Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан еліміздің ірі қорық музейлерінің бірі "Есіктегі" бірқатар байырғы қалашықтарға жұмыс сапарымен барып қайттым.
Бұл ғажайып тарихи кешен өткен күнгі және бүгінгі мәдени мұраның небір құпияларын бүгіп, жұмбақтарын жасырып жатқандай! Елге танымал, атақты ғалым Карл Байпақов жұмысты бір сәтке де тоқтатуға болмайды, сонда нәтижесін көреміз деп тон пішуі бекер емес. Биылғы жылдың мамыр айында "Есік" қорық-музейінің кешенді археологиялық экспедиция қалашықта барлау археологиялық зерттеулерін бастап кеткен, келешекте бұл жұмыстар обьектідегі кең ауқымды қазба жұмыстарының барысын айқындайтын болады»
, - деп жазды Мұхамедиұлы өзінің Фейсбуктегі парақшасында.

Аталмыш сапар Қазақстан, Қырғызстан мен Қытайдың территориясында орналасқан Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық 33 қаланың бірі Талхиз қаласын аралаудан басталды. Халықаралық жол бойындағы негізгі бекеттердің бірі Талхиз қаласы теңге сарайы болған.

Жазба деректерде Талхиз 982 жылы алғаш рет белгісіз автордың "Құдұд әл-ғалам" географиялық трактатында Іле алқабының үлкен ортағасырлық қалаларының бірі ретінде сөз етіледі. 
Археологиялық қазбалар бойынша қаланың VIII-IX ғасырлардың соңында қалыптаса бастағаны, ал оның аса қарқынды дамуы X – XIII ғасырдың басына келетіні анықталды. Талхизде ұста, металл өңдеу, қыш, әйнек, сүйек ою кәсіптері мен құрылыс ісі дамыған еді. Үй-жайларды (усадьбаларды) қазғанда, олардың тұрғын бөліктерден (4-6 және және одан көп үй-жай) құралғаны анықталды. Тұрғын бөлмелерде жылытуға және тағам, оның ішінде нан дайындауға арналған тандырлар болған. Көптеген үйлер ауқымы – 32 бастап 75 шаршы метрге дейін қамтитын астық сақтау орындарымен жабдықталған. 
Талхиз 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының тізіміне енгізілді. Оны пайдалану, қорғау, сақтау және басқаруда 1994 жылы Қазақстан ратификациялаған Бүкіл әлемдік табиғи және мәдени мұраларды қорғау туралы конвенцияның халықаралық шарттарының нормалары мен ережелері пайдаланылады.

Министр ат басын тіреген келесі көне қаланың орны, тау етегінде, Есік қаласынан оңтүстікке қарай 5 шақырым қашықтықта орналасқан Рахат қаласы.

«Ескі қаланың құрамдас бөліктері шығыстан батысқа қарай тау бойын жағалай тұрғызылған. Шұңқырлары, мұнаралы қорғандары анық байқалады. Рахат Сақ хандарының резиденциясы болған және Алтын адамның мәйітін осы жерден шығарған деген болжамдар бар. 2004 жылы Рахат қаласына Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандарымен алдын ала қазба жұмыстары жүргізілді және ол жерден Есік қорымының кезеңіне сәйкес келетін мәдени қабаты анықталды», - деп жазды парақшасына.

Өрнек қаласына келер болсақ ол – ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұраларының тізіміне енген аймақтағы бес тарихи және мәдени ескерткіштің бірі. Оның тарихи және археологиялық тұрғыдағы ерекшелігі Жібек жолының бойында орналасқан және Талас алқабының аумағына кіреді. Таразға бағынышты бола тұра географиялық, экономикалық, стратегиялық ыңғайлы жерде орналасқан Өрнек қаласы Европадан Азияға және кері бағыттағы екі күре жолды бақылауында ұстап, сол арқылы өтетін сауда легін қадағалаған.

Арыстанбек Мұхамедиұлы «Есік» қорық-музейіне де тоқталып өтті:

«Бүгінгі таңда "Есік" қорық-музейінде Оңтүстік Корея және ҚХР-ның ғылыми ұйымдарымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. 7 шілдеде "Есік" қорық-музейі қызметкерлерінің Шанси провинциясы археология институтымен (ҚХР) Рахат қаласының орнындағы бірлескен жұмысының бірінші кезеңі аяқталды.
Археологиялық барлау барысында ерте темір дәуірінен орта ғасырға дейінгі артефакттар табылды.
Барлау жүргізілген шұңқырлардың бірінен табылған керамика күйдіруге арналған пеш аумақтағы төбешіктердің жасандылығы теориясын растады.
Барлау жұмыстары қытай мамандарымен бірлесіп алдағы бес жыл бойы жүргізілді.
Үстіміздегі жылғы мамыр-маусым айларында Өрікті обасында аты аңызға айналған қазақ археологы Бекмұханбет Нұрмұханбетовтің құрметіне Бекен ата қорының ұйымдастырушылары мен әртүрлі елдерден - Қазақстан, Ресей, Украина, Италия, Венгриядан еріктілер қатысқан бірінші ұлттық археологиялық "Нұрмұханбетов экскавейшнс" экспедициясы жұмыс істеді. Экспедиция нәтижесінде б.э.д IV-III ғасырлар тұсындағы сүйектер, үш алтын моншақ, бір темір түйреуіш табылды.

"Есік" қорық-музей, археологтарының бірлескен жұмысының бастамасында корей мамандары Өрнек ауылы маңында былтырғы жылы сақ кезеңіндегі әйелдің жерленуі мен керамикалық ыдыстар және алтын бұйымдардың бөлшектерімен танысты. 
Біздің қорық-музейдің археологтарымен Оңтүстік Кореяның 5 институтының қызметкерлері: Сеул Ұлттық университеті, DONG-SEO мәдени құндылықтар институты, Мәдени-мұра орталық институты, Mahan ғылыми-зерттеу мәдени орталығы мен Daehan мәдени құндылықтар институты ынтымақтастықта жұмыс жасады».

8 шілдеден бастап министр корейлік мамандармен бірлескен зерттеу жұмыстарының екінші кезеңін бастағанын айтып, бұл жолы олар Рахат шатқалында жүргізілмек екенін мәлемдеді.

Шолушы: Гүлім Жақан
 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір