• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 14:04:35
Алматы
+35°

15 Қараша, 2018

Ар немесе мансап: Қайсысын таңдар едіңіз? (видео)

Фильм 22 қарашадан бастап ұлттық прокатқа шығады.

Ар, ұят пен сатқындық арасындағы арпалыста әділдік үнемі жеңіске жете бермейді. Адам ішіндегі толқыныста, мансап, ақша, даңққа деген махаббат, адамның нәпсісі қарапайым адами қасиеттерді жығып, қайта бой көтермейтіндей басып тастайтын жағдайлар жиі кездеседі. Кеше Алматыда өткен «Тренинг личностного роста» фильмінің жабық көрсетілімінде дәл осындай жағдайды бастан өткерген фильм кейіпкерінің арпалысы сипатталады. Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген аталмыш фильмнің режиссері Фархат Шәріпов. Фильмнің жабық көрсетіліміне БАҚ өкілдері, өнертанушы, кино сыншылар қатысты.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша түсірілген «Тренинг личностного роста» фильмінің атауына қарап тренингке қатысып, өмірін жақсы жаққа өзгерте алған адамның өмірі баяндалады деп ойлауың мүмкін. Алайда мұнда мансапқа қол жеткізіп, жылы креслоға отыру үшін адамның қандай қадам жасауына мәжбүр болғаны суреттеледі.  

«Әр адамда таңдау бар» деген сөз жиі айтылады. Адамның таңдауы – оның болмысын, ішкі жан дүниесін дәл сипаттайды. Кейде өмірде екі жолдың бірін таңдау керек болғанда адам өзінен ешқашан күтпеген қадам жасайды.

Фильмде қоғамда бар көптеген мәселелер қамтылған. Онда мансапта өсуде таныс-тамырдың ықпалы, жалғыздық, қыз тәрбиесі, әділдік үшін күресте кейде ақша мен даңқ сот таразысында басым түсетіні, мешітке барып, ораза ұстайтын адамдардың бәрі бірдей иманды, құдайдан қорқады дегенді білдірмейтіні, бәрінен бұрын адамның ұяты алдындағы жауапкершілігі кейде нәпсіден кемшін кететін тұстарын көруге болады.

Фильмде шым-шытырық оқиға баяндалмайды және әдеттегідей фильмде көп кейіпкер де жоқ. Оқиға екі актердің айналасында өрбиді. Қалғандары жанама кейіпкерлер. Кино сыншылар картинада басты рөлді сомдаған Дулыға Ақмолда мен Ержан Түсіповтің дуэтіне оң бағасын берді. Екі актердің сәтті тандемін өздері көп жылдық тәжірибенің арқасы екенін атап өтті.

Фильм орыс тілінде, Алматы қаласында түсірілген. Жабық көрсетілімге келген өнертанушылар фильмде бір ауыз қазақша сөз болмағаны фильм басқа қалада өткендей және фильмнің аяғы жоқ секілді әсер қалдырғанын айтады.

Фильмнің жабық көрсетілімінен кейін фильм режиссері Фархат Шәріпов пен  фильмнің басты кейіпкерлері Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов жабық көрсетілімге келген қонақтардың сұрағына жауап берді.

Дулыға Ақмолда мен Ержан Түсіпов көп жыл М. Әуезов атындағы қазақ драма театрында жұмыс істегенін айта кету керек.

«Тренинг личностного роста» фильмі 23-ші Халықаралық Пусан Кинофестивалінің «Азия киносына назар салу» бағдарламасына қатысқан.

Айта кетейік, фильм 22 қарашадан бастап ұлттық прокатқа шығады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір