• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 04:18:21
Алматы
+35°

30 Тамыз, 2018 Аймақтар

Ақтөбеліктердің Елордаға тартуы

Нұрсұлтан Әбішұлының қатысуымен Елорданың 20 жылдығына арналған ақтөбеліктердің «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу салтанаты өтті

Астана қаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының қатысуымен Елорданың 20 жылдығына арналған ақтөбеліктердің «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу салтанаты өтті.

Мемлекет басшысы монументтің ашылу рәсімін Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында өткізудің символдық мәні бар екенін атап өтіп, 29 тамыз Қазақстанның жаңа тарихындағы айрықша күн саналатынын жеткізді.

— 1949 жылы дәл осы күні Семей полигонында ядролық қару алғаш рет сыналған болатын. Қырық жыл бойғы 450-ден астам жарылыстың салдарынан миллиондаған адам зардап шекті. Менің Жарлығыммен 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Бүгін, Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні, біз елордамызда жаңа маңызды нысанды — «Бейбітшілік қабырғасы» монументін ашып отырмыз, — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтай отырып, бейбітшілікті, достықты, өзара құрмет пен мәдениетке негізделген қағидаттарды ұстанатынын айтты, сондай-ақ Қазақстанның бейбіт бастамалары замандастарымыз бен болашақ ұрпағымыз үшін лайықты үлгі болып, бүкіл адамзат жылнамасына енгенін атап өтті.

— Семей ядролық полигонының жабылуы, ядролық қару-жарақтан бас тартуымыз, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру бастамасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, «Әлем. XXI ғасыр» манифесі, Сирия жөніндегі Астана процесі — осының бәрі Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан нақты үлесі, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев халықтар арасында нақты және ментальдық тұрғыдан бөле-жарудың пайда болуына әкеп соқтырған ауқымды қақтығыстарды, нәсілшілдікті, діни төзбеушілікті адамзат баласының ғасырлар бойы басынан көп өткергенін атап өтіп, бүгінде әлемдік қоғамдастықтың халықаралық терроризм мен радикалды идеялар сияқты жаңа сын-қатерлерге тап болғанына тоқталды.

— Астанада монументтің бой көтеруі тарих сабақтарынан тәлім алып, оны ұмытпауға және еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақты бағалауға үндейді. «Бейбітшілік қабырғасы» — бейбіт өмірдің құндылығын дәріптеуді және өткен тарихымыздың қасіретті кезеңдерін қайталамауды замандастарымыздың есіне салып тұратын нысан, — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бұл мемориалдың елорданың тағы да бір көрікті орнына және шаһардың айтулы нысанына айналатынына сенім білдірді.

— Біздің бітімгершілік бастамаларымыз, ең алдымен, болашақ ұрпаққа арналады. Біз барлық тілде ұрпақтарымызға «Бейбітшілікті сақтаңдар!» дейміз. Бұл — жер бетіндегі әрбір адамның бойында болуға тиіс ең басты құндылық, — деді.

Соңында Қазақстан Президенті елорданың 20 жылдығына тарту жасаған Ақтөбе облысына ризашылық білдіріп, Астана тұрғындары мен қала қонақтарына және барша қазақстандықтарға бейбіт өмір, бақ-береке тіледі.

Бас қаладағы Тәуелсіздік алаңының көрнекті тұсына, «Қазақ елі» монументіне жақын жерге орналасқан жобаны жасауда Елбасының «Әлем. ХХI ғасыр» антиядролық манифесінің идеясы басшылыққа алынған. «Бейбітшілік қабырғасының» дәл осы айтулы күні ашылуы сондықтан. Әрі тура 27 жыл бұрын Семей ядролық сынақ алаңы жабылған еді.

Монументтің зәулім жапырақ тәріздес, бұл арқылы сәулетшілер сан ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында біріктірген Қазақстанды бейнелеген. Металл мен табиғи тастан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады: біріншісі — бөлшектеу мен оқшаулауды, екіншісі — үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, ал үшінші бөлігі бейбітшілікті және ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді. Құрылымы жағынан да кешен осал емес: аспалы шатырдың ашық панельдері 2,5 миллион жарық нүктесі бар 616 текше метрді алып жатқан LED-жүйемен қамтылған. Ол — кез келген ірі шараны өз деңгейінде таратуға мүмкіндік бар деген сөз. Ең соңғы үлгідегі бейне, аудио, арт-нысан көп ұзамай түрлі шоу өткізетін орынға айналмақ.

Монументтің авторы Юрий Смирнов. «Бейбітшілік қабырғасының» жалпы ұзындығы — 111 метр, ені — 18,4 метр, биіктігі — 17,5 метр. Оны тұрғызуға жалпы аумағы 6 000 текше метр болатын 1200 тонна гранит пайдаланылған. Тағы бір ерекшелігі — мемориалда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған. Монументті салуға 1,8 миллиард теңге жұмсалғанын айта кету керек. Бұл — ақтөбелік кәсіпкерлердің қаржысы есебінен жүзеге асқан жоба.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір