• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 10:51:29
Алматы
+35°

12 Маусым, 2017 NEWS

Ақтөбелік кәсіпкер Рамазан айында жалғызбасты анаға пәтер сыйлады

Рамазан айында ақтөбелік кәсіпкер Шамиль Каспранов балалар үйінің тәрбиеленушісі Ирина Кудринаға пәтер сыйлады, деп жазады

Рамазан айында ақтөбелік кәсіпкер Шамиль Каспранов балалар үйінің тәрбиеленушісі Ирина Кудринаға пәтер сыйлады, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі. Жалғызбасты ананың ендігі арманы елдің үмітін ақтап, кәсіпкердің сеніміне қаяу түсірмеу. Бұл жайында ҚазАқпарат хабарлайды.

Ирина Кудрина 5 жасында «Алға» балалар үйіне түсіп, сол жерде қазақ тілінде білім алған. 1996 жылы енді-енді ес жиған кішкентай қыз өзімен тағдырлас балалармен қатар тәрбиеленді, өмір үшін күресті. Алғашында балалар үйі деген атауға үйренісіп, оң-солын таныды. Ол ата-анасы туралы мүлде білмейді.

«Балалар үйінде дайындық сабағына бардым. Сол кезде менен «Қазақ тілінді оқығың келе ме?» деп сұрады. Ойланбастан бірден келісімімді бердім. Қазір қазақ және орыс тілінде еркін сөйлеймін. Мектепте, жоғарғы оқу орнында қазақ тілінде білім алдым. «Алға» балалар үйінен соң Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқыдым»,- деді Ирина Кудрина.

Ол үш жастағы баласын жалғыз өзі тәрбиелеп жүр. Жалғызбасты ана 7 жылдан бері пәтер кезегінде тұрады. Қазіргі уақытта қалалық тұрғын үй секторында 300 адам болып тұр.

«Алға» балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазинге, Жасөспірімдер үйінің директоры Жанна Дүйсенбинаға алғыс айтамын. Ол адамдар бізді тәрбиеледі, қиын кезде ақыл-кеңестерін берді, жанымызға жұбаныш болды. Ақылшыларымыз болмағанда біз қайда барып, кімнен пана сұрар едік? Қазір балам үш жаста. Ендігі арманым ұлымды ел азаматы етіп тәрбиелеп, кәсіпкердің үмітін ақтау, жұмыс істеу. Кәсіпкер Шамиль Каспрановты танымайтын едім. Пәтерді сыйға беретін күні балалар үйінің тәрбиеленушілерін түгел шақырып, «Мейірім» әлеуметтік үйі ашылды. Сол кезде мені атып шақырып, кілт бергенде қуанышымда шек болмады. Ол жұмысқа алуға уәде берді. Сол адамның сенімін ақтап, жақсы жұмыс істеуге уәде беремін»,- деді И.Кудрина.

Айта кетейік, Ирина соңғы 7 жылдан бері пәтер жалдап тұрады. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң ол тәрбиеші, сатушы болып жұмыс істеген. Тұрақты табысы жоқ жалғызбасты ана өзін жазғырып, ауыр сөздер айтып, өміріне күдікпен қарайтындардан көңілі қалған.

«Мен туралы түрлі ой айтып, пәтер алғаным үшін жазғырып, ұрысып жатыр. Бірақ олар жетім болудың, ата-анасыз өмір сүрудің, әр күні күресудің, мойымай алға ұмтылудың не екенін білмейтін адамдар деп ойлаймын. Мені ешкім кінәлап, жазғырмаса екен. Шамиль Каспранов екі адамды баспаналы етті. Мен және менің балам бақыттымыз»,- деді ол.

 Қазақ тілін жетік меңгерген Ирина Кудрина жеңіл атлетикамен шұғылданған екен. Жасөспірімдер үйінің директоры Жанна Дүйсенбина адамдармен емін-еркін сөйлесіп, жақсылық жасауға дайын тұратын Иринаның алдағы уақытта елі үшін аянбай еңбектенетініне сенеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір